Бітімгерлік миссияны орындау үшін қазақстандық әскери қызметкерлер БҰҰ-ның талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz

"Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарындағы бөлінген жерлерді "БҰҰ-ның бақылау күштері" (SONNR) миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан Республикасының үкіметі мен Біріккен ұлттар ұйымы меморандумға қол қойылды. Алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингенттің құрамында 139 әскери қызметкер бар. Қазақстан бітімгерлері БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайтын болады", – деді қорғаныс министрлінің баспасөз қызметі.

Министрліктің дерегінше, кешенді алты айлық дайындық қорғаныс министрлігінің бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылған.

Сонымен қатар әскери қызметкерлерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты.

"Әскери қызметкерлер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыды. Бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау бойынша міндеттер іс жүзінде пысықталды. Практикалық дағдыларды және контингент штабының офицерлерімен жедел үйлесімділікті арттыру үшін жедел-тактикалық деңгейде әскери шешімдер қабылдау бойынша сабақтар өткізілді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, контингент жеке құрамы жоғары дайындық деңгейін, мықты мотивация көрсеткен", – деді министрліктің баспасөз қызметі.

  •  Қазақстанның БҰҰ бітімгершілік миссиясына қанша қаржы жұмсайтыны және әскерилердің жалақысы белгілі болды
  • "Біз Ресейге емес, ҰҚШҰ ұйымына жүгіндік": Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде ресейлік әскерилерді шақыру қаншалықты дұрыс шешім болғанын түсіндірді

Қорғаныс министрлігі миссияны БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз ету жөнінде ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. 

Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сонымен бірге күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге камаздар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған. 

"Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметкерлеріне ай сайынғы жалақысы үш есе төленетін болады. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алатын болады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметкерлер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады. Тұтастай алғанда, Қазақстанның Қарулы күштері бітімгерлік миссияларға әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде жекелеген әскери қызметкерлерді де, сондай-ақ жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік сияқты неғұрлым талап етілетін мамандандырылған бөлімшелерді де жіберуге дайын", – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігі.

Айта кетейік, он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етті.

Еске салайық, Қазақстан Голан төбелері мен бірқатар басқа аймақтарға 430-ға дейін бітімгершілік күштерін жіберетіні белгілі болған. Мұндай ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың қарауына жолдаған. Парламент депутаттары бітімгершілік күштерді жіберу туралы ұсынысты бір ауыздан қолдады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.