Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Алматының құны қанша екенін мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Бүгін үкіметте өткен брифингте Нұрлан Байбазаровтан келешекте жер сілкінісі болған жағдайда Алматыда қираған нысандарды қалпына келтіруге қанша қаражат қарастырылғанын сұрады. 

"Әрине, Алматыдағы қазіргі жағдайды үкімет бақылауда ұстап отыр. Бүгін бұл мәселені естідіңіздер. Төтенше жағдайлар министрі ағымдағы жағдай туралы баяндады. Әрине, үкіметтің резерві бар. Ол жыл сайын бөлініп отырады. Ол бірінші кезекте техногендік авариялар мен туындауы мүмкін өзге де апаттардың салдарын еңсеруге бағытталатын болады. Алматыда мұндай жағдай болмайды деп үміттенеміз. Әкімдік аудит жүргізіп, онда қаншасы бүлінгенін анықтайды", – деді Нұрлан Байбазаров.

Ұлттық экономика министрі аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша егер республикалық бюджетте қаражат жеткіліксіз болса, үкімет резервінен бөлінетінін атап өтті.

  • Жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қандай көмек көрсетілді – Алматы әкімі баяндады

  • Жер сілкінісінің алдын алу мүмкін емес – Төтенше жағдайлар министрі

Бұдан бөлек, журналистер брифинг барысында министрден Алматының қанша тұратынын нақтылады.

"Алматы – еліміздің ең ірі экономикасы. Алматы – республикалық бюджеттің доноры, еліміздің қаржы орталығы. Қазір Алматының қанша тұратынын бағалау қиын. Әрине, Алматы – біздің мемлекетіміздің маңызды активі", – деп жауап берді үкімет басшысының орынбасары Нұрлан Байбазаров.

Айта кетейік, бүгін үкімет отырысы барысында әкім Ерболат Досаев Алматыда жер сілкінісі кезінде хабарлаудың жаңа жүйесі енгізілетінін хабарлады.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.