Түркістан облысы Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлілі қыздарға туған ағасы мен жеңгесі мал бақтырып отырған оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Жыл соңында өмірлері өзгеріп, жаңа өмірге қадам басқан қос бойжеткен бағдарламаның тағы бір мәрте қонағы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Үш жыл бойы төленген жәрдемақы күтушілерінен өндіріледі”

Апалы-сіңлілердің бірі – Назгүл, 1991 жылы, екіншісі – Құндыз, 1996 жылы туған. Бағдарлама басы қыздардың туған ағасы мен жеңгесі жауапқа тартылды ма деген сұрақтан басталды. 

“Қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратураның нұсқамасымен Жоғарғы сотқа іс жіберілді. Сот үкіміне сәйкес екі қыздың қамқоршысына төленген үш жылдың ақшасы мемлекеттік бюджетке қайтарылады. Қазіргі күтушісі арыз жазғаннан кейін, Назгүл мен Құндыздың жеке шотына ақша түседі”, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев. 

Заңгер мен бағдарлама жүргізушісі Руслан Өтепбай Назгүл мен Құндыз ісіне жауапты жергілікті орган өкілдерімен жолыққанын айтты. 

“Түркістан облысы, Отырар ауданы Полиция бөлісшесіне барып, қос бойжеткеннің ағасы мен жеңгесінің ісі қалай жүріп жатқанын білмек болдық. Өйткені бұл елдің аманаты. Көрген жұрт екі қызды сұрайды. Құзырлы орган қыркүйек айынан бері не тындырғанын білгіміз келді. Полиция бастығымен жеке кабинетінде сөйлестік. Олар баспасөз қызметі арқылы ғана жауап береміз. Жеке сұхбат бермейміз деді. 17 жыл құлдықтың қамытында болған қос қарындасымыздың құқығы жоғары түрде қорғалуы тиіс. Бұл істі Бас прокурор Асылов Берік Ноғайұлы өз назарына алар деген сеніміміз мол”, – дейді бағдарлама жүргізушісі. 

                          “Қыздар аз-аздан үздіксіз ем қабылдап жатыр”

Сонымен қатар бағдарламаға қос қызбен үздіксіз жұмыс істеп жүрген психолог Санжар Тұрсынметов те келді. Ол қыздардың қазіргі психикалық жай-күйін баяндады.   

“Қыздардың жағдайы өте жақсы. Әрине қыздар өте ұзақ уақыт қоғамнан оқшауланғандықтан, оңалуға да сонша уақыт керек. Дер кезінде жасалған дүние болғанда, мұндай ұзаққа созылу болмайтын еді. Ақыл-ойдың дамуы үшін бүкіл терапияны алдық. Нәтиже бар, бірақ 3-4 айда құлан-таза айығып кетті деп айта алмаймын. Құндыз бағдарламаға қатыса алмайды. Өйткені ЛФК терапиясы бар. Одан қалуға болмайды. Назгүлден гөрі Құндызға көбірек ем-дом қажет. Оның терапиясы аяқталмады”, – дейді психолог маман. 

                 4 ай бойы аға-жеңгесі ат ізін салмаған

Бағдарламаға қонақ болып келген Назгүл аға-жеңгесінің хабарласпағанын айтты. Жүргізушінің сұрағына “иә” немесе “жоқ” деп қана жауап берді. Тіпті осы күнге дейін жаңа жылды да мүлдем тойламағандарын сөз етті. 

Сондай-ақ, қос бойжеткенге Алматы қаласының іргесіндегі Кемертоған кентінен баспана берілді. Қазақтың “Робин Гуды” атанған Ілияс Сәриев есімді блогер жігіт баспана кілтін табыстаған болатын.

“Екі қызға көмектескіміз келді. Бір ауладан 10 үй салып қойған едік. Соның біреуін қос қарындасымызға береміз. Газ мәселесі де шешілмей қойған болатын. 10 күннің ішінде газ жүргізіледі. Содан кейін қыздар сол жерге орналасады”, – дейді қайырымдылық жетекшісі. 

Еске салайық, қос қыздың құлдықтағы өмірі туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ қыздардың ағасы мен жеңгесінің екі түрлі сөйлегені көптің ашуын туғызып еді. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.