Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін үкімет отырысында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы айтты. Ол жобаны тапсыру мерзімі кешіктірілсе қатаң шара қолдануға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Министрлер кабинетінің басшысы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы ел үшін өте маңызды екенін атап өтті. 

“Бұл жоба үш ауысыммен оқитын, апатты жағдайда тұрған мектептердің орын жетіспеушілігі мәселесін шешуі қажет. Сонымен қатар салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажетін, демографиялық жағдайын ескере отырып бекітілген. Олардың бәрі өте қажет өңірде салынуы тиіс. Оған қоса жайлы мектеп шынында жайлы, білім беру дәрежесі де соған лайық болу керек. Бұл – оқу-ағарту министрлігінің ең негізгі міндеттерінің бірі”, – деді Олжас Бектенов. 

Ол жобаны жүзеге асыруда қауіп-қатер де кездесетінін айтты. 

“Мемлекет басшысы ұлттық жобаның жүзеге асу барысын әділ сынға алды, әсіресе жер бөлу мен жоба құжатын дер кезінде дайындауға қатысты бірқатар мәселе болды. Үкіметке тез арада оларды шешу тапсырылды. “Самұрық-Қазына” қоры мердігер компанияны дұрыс бақыламаған. Кей өңірлерде жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселесі әлі де шешілмеген. Өңір әкімдерінің ресмилігінен ұлттық жобаны жүзеге асыру мен мектеп құрылысы созылып кетті”, – деп мәселені тізіп берді Олжас Бектенов. 

Нысандарды мерзімінде тапсыру үшін министр “Самұрық-Қазына” қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті пайдалануға беруді, қалған 119-ын жыл соңына дейін тапсыруды міндеттеді. 

“Мерзімін мүлдем кешіктіруге болмайды. Соған қарамастан жұмыстардың сапасына әсер етпеуі керек. Біз бұл мәселені маусымда қайта талқылаймыз. Сол кезде жұмыс тәсілдері өзгермесе жауапты тұлғаларға қатаң шара қолданылады”, – деді Олжас Бектенов. 

2023 жылғы 29 қарашада Қазақстанда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің саны қысқартылатыны хабарланды. 
 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.