Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)


§4. Жүйке жүйесінің жарақаттық және



жүктеу 2.92 Mb.
бет11/13
Дата22.09.2017
өлшемі2.92 Mb.
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
§4. Жүйке жүйесінің жарақаттық және

қантамырлық бұзылыстары

Балалық шақтағы орталық жүйке жүйесінің жарақаттық зақымдануы әртүрлі жас кезеңінде болуы мүмкін. Осыған қарай пренаталдық (құрсақішілік), наталдық (босанулық) және постнаталдық (бала туылғаннан кейінгі) жарақаттарды ажыратады.



Құрсақ ішілік жарақаттар анасының жарақаттануы кезінде пайда болуы мүмкін (іш және бел аймақтарының қысылуы немесе жаншылуы кезінде). Ұрықтың жарақаттануы оның кейінгі дамуына әсер етеді: мидың дамуы тежеледі, қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендейді, мерзімінен ерте босануы мүмкін. Кейбір жарақаттан кейінгі симптомдар бала туылғаннан кейін қозғалыс, сөйлеу және ақыл-ес қызметтерінің бұзылуы түрінде білінуі мүмкін.

Босану кезіндегі жарақаттар босанудың қолайсыз өтуімен байланысты. Ұрық үшін әсіресе босанудың күрделі бұзылыстары болғанда және босанудың созылмалы түрі кезінде қолданылған баланың басын қысқыштармен шығару әдісі ең күшті жарақаттаушы әсер ететін. Бұл барлық жағдайда жарақаттушы операция болып есептеледі, өйткені одан кейін субарахноидалдық кеңістікке, ми қыртысына, қыртыс асты құрылымдарына, мидың ақ затына (ішкі капсула) және ми бағанасына майда және ірі қан құйылулар болады. Мұндай жарақаттардың салдарынан ұзақ және терең асфиксия дамуы мүмкін. Мидың осындай ауыр зақымдануынан кейін психоневрологиялық және сөйлеу бұзылыстарының күрделі түрлері қалыптасады. Сондықтан да бұрын бұл операция жиі кездесіп жататын болса, қазіргі кезде оған тыйым салынған.

Бала туылғаннан кейін пайда болатын ми жарақаттары кез келген жаста болуы мүмкін. Бұл жарақаттар әртүрлі дәрежеде білінуі мүмкін: сілкіну, соғылу және жаншылу (мыжылу). Бас-ми сауытының ашық және жабық жарақаттарын ажыратыды.

Ми сілкінісі негізінен жабық ми жарақатында кездеседі. Бұл кезде ми жасушаларының арасындағы өзара байланыстар жоғалады да, нәтижесінде функционалдық бұзылыстар дамиды. Ми сілкінісі әртүрлі ұзақтықтағы естен танумен білінеді. Есін жинағанда бас ауыруы, жүрек айнуы, кейде құсу байқалады. Ми сілкінісінен кейінгі салдар жалпы әлсіздік, бас ауыруы, қантамырлардың өзгергіштігі, көңіл-күй тарапындағы тұрақсыздық (жылауықтық), айтарлықтай астения түрінде көрінуі мүмкін. Мұндай балаларға біраз уақыт жеңілдетілген бағдарламамен оқыту және арнайы мамандардың бақылауы қажет болады.

Мидың соғылуы деп ми затының жергілікті зақымдануы аталады. Аздап соғылу кезінде зақымданған жерде майда қан құйылу ошақтары мен ісіну пайда болады, ал қатты соғылған жерде қантамырлар үзіліп, ми заты бүлінеді. Мидың соғылуы ашық жарақатта да, жабық жарақатта да пайда болуы мүмкін. Клиникалық көрінісі бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін есін жоғалту түрінде білінеді. Мидағы жергілікті зақымданудың белгісі ошақты симптомдар болып табылады: дененің ми соғылған жеріне қарама-қарсы жағындағы қозғалыс пен сезгіштік бұзылыстары, сөйлеу бұзылыстары. Жеңіл соғылу кезінде кейбір симптомдар 2-3 апта ішінде өшуі мүмкін. Соғылудан кейінгі қалдықтық іздер зардап шеккен жақтағы аяқ-қолдың әлсіздігі, сіңір рефлекстерінің бұзылуы, бас ауыруы, анда-санда пайда болатын бас айналу ұстамасы түрінде көрініс табады. Ал одан ауыр соғылудан кейінгі салдар тұрақты болады: парездер мен салданулар, сөйлеу бұзылыстары. Тыртық түзілген жерде жүйке ұлпасының әртүрлі өзгерістері пайда болып, кейіннен едәуір білінетін неврологиялық белгілер дамиды.

Ми затының жаншылуы (мыжылуы) әрқашан да мидың ең ауыр жарақаты болып табылады. Ол ашық жарақатта да, жабық жарақатта да пайда болуы мүмкін. Мидың жаншылуын бас ішіне қан құйылу, бас сүйегі сынғанда сүйектің ішке кіріп, ми затына батуы, ми ісінуі мен ми ісіктері шақыруы мүмкін.

Естен тану кезеңінің ұзақтығы әртүрлі болуы мүмкін және зақымдану ерекшеліктеріне байланысты. Ашық бас-ми жарақаттарының ішінде ең жиі кездесетіні – бас сауытының негізінің сынықтары. Ол кезде мұрыннан, құлақтан қан кету мен ми сұйықтығының ағуы байқалады. Әсіресе ішке енетін, мидың қатты қабығының және ми затының жыртылуымен сипатталатын жарақаттар аса қауіпті болып табылады, өйткені ол кезде міндетті түрде ми мен оның қабықтарының тікелей біріншілік инфекциямен жұқтырылуы болады. Ашық бас-ми жарақатының клиникалық көріністеріне жалпы ми симптомдарынан басқа (есінен тану, бас ауыруы, жүрек айнуы, құсу), айқын білінетін жергілікті ошақты симптомдар жатады. Ошақты симптомдардың сипаты ми жарақаттану аймағының функционалдық ерекшеліктеріне байланысты (парездер, параличтер, сезгіштік бұзылыстары, сөйлеу бұзылыстары және т.б.). Ашық ми жарақатының асқынуларына ми қабықтарының қабынуы (менингиттер), ми затының қабынуы (энцефалиттер), қабыну ошақтары (абсцесстер) және т.с.с. Зардап шеккен адамдар ұзақ уақыт стационар, яғни аурухана жағдайында емделуі тиіс.

Орталық жүйке жүйесінің жарақаттық зақымдануы нәтижесінде негізгі жүйке процестерінің (қозу мен тежелу) өзара қатынасын бұзатын күрделі патофизиологиялық тетіктердің дамуы мүмкін. Бұған ми қанайналымының және ми сұйықтығы айналымының бұзылуы, мидың ісінуі және басқалары септігін тигізеді.

Бірден жарақаттан кейін орталық жүйке жүйесінің жасушаларында жайылмалы қорғаныстық тежелу дамиды, оның ұзақтығы жарақат ауырлығына байланысты бірталай мерзімге созылады. Бұл тежелу ми қыртысында пайда болып, сосын мидың одан төмен орналасқан бөлімдеріне де таралады. Объективті түрде бұл есін жоғалтумен, жүрек және тыныс алу қызметтерінің бұзылыстарымен білінеді.

Әрі қарай қыртыстың жасушалары бүлінбеген аймақтары және қыртыс асты құрылымдары тежелуден айырылады. Қорғаныстық тежелу зақымданған жерге жақынырақ жинақталады. Ауру есін жинайды, жалпы ми симптомдары жоғалады да, сонда ошақты симптомдар біліне бастайды. Аурудың жедел кезеңінен кейін сауығу кезеңі басталады, ол бұзылған қызметтердің қалпына келуімен сипатталады. Балалық шақтағы бас жарақаттары үнемі ауыр нәтижеге әкеп соқпайды, көбінесе қолайлы болжаммен аяқталады. Бұл балалардың орталық жүйке жүйесінің өте икемделгіш екендігіне байланысты, сондықтан компенсаторлық тетіктердің дамуына жағдай жасап, бұзылған қызметтерді қалпына келтіреді. Алайда, кебір жағдайда жарақат салдарынан әртүрлі патологиялық симптомдар дамып, олар бірнеше жылдар бойы сақталуы мүмкін.

Г. Е. Сухарева жарақаттан кейін балаларда ұзақ уақыт сақталатын, медициналық және педагогикалық түзету шараларын талап ететін бес түрлі синдромды бөліп шығарып, сипаттаған.



Энцефалоастения (цереброастения). Бұл синдром ми сілкінісі түріндегі жеңіл ми жарақатынан кейін байқалады. Оған кешкісін, ойлау жүктемесінен кейін пайда болатын бас ауыруы тән. Сабақ кезінде балалар тез шаршайды, белсенді зейінінің тұрақсыздығы анықталады, жазбаша және ауызша жауаптарындағы қателесу саны артады, есте сақтау процесі әлсірейді. Балаларға ақыл-ес дамуының тежелуін болдырмау үшін емдеу шараларын өткізу және педагогикалық көмек көрсету қажет. Бұзылыстар функционалдық сипатта болады.

Энцефалопатия (церебропатия). Ол бастың айтарлықтай жарақатының нәтижесінде (соғылудың) пайда болады. Оған қимыл-қозғалыс бұзылыстары (парездер, салданулар), вестибулярлық (бас айналуы, көлікте жүрген кездегі лоқсу, координация бұзылыстары), сөйлеу (фазиялар, алалиялар, дизартриялар, кекештену) бұзылыстары, гиперкинетикалық және сенсорлық бұзылыстар тән. Барлық бұзылыстар органикалық сипатта болады. Гипертензиялық синдромды тоқтату үшін және парездік құбылыстарды әлсірету үшін балаларға жүйелі емдеу шараларын өткізіп тұру қажет.

Жүріс-тұрыс синдромы. Бұл синдром жүріс-тұрыс пен өзін-өзі ұстау ерекшеліктері түрінде білінеді. Кейбір балалар селқос, адинамиялық, баяу, белсенді емес, енжар болып, балалар ұжымында кедергі келтірмей және өзіне назар аудармай жүретін болады. Мұндай жағдай апатико-адинамиялық синдром деп аталады. Балалар дамуында жиі тежеледі де, бұл мектепке баруға дайындалу кезеңінде білінеді. Ал басқа балалар гипердинамикалық синдроммен ерекшеленеді. Олардың қимыл-қозғалыстары бейберекет болады, жиі тәртіпсіз, жыбырлақ, шулағыш, ашуланшақ, ұстамсыз екендігі білінеді. Көп жағдайда мұндай балалардың өзін-өзі бағалауы жоғары болып, олар өз әрекетіне сын көзбен қарамайды. Зейіні тұрақсыз, жұмысқа қызығушылығы тез тарқайды. Балаларда ақыл-ой қызметінің аздап төмендегендігі байқалады, олар жаңа мәліметтерді нашар меңгереді, мектептегі оқуында қиындықтар пайда болады. Оларға емдік шаралар және мұғалім мен ата-ананың көмегі қажет.

Тырысу синдромы (эписиндром). Ол жарақаттан кейін бірден пайда болады және әжептеуір соғылу немесе ми затына қан құйылу болғандығын көрсетеді. Жарақаттан соң бірнеше айдан кейін пайда болатын тырысулар жарақат орнында дамыған тыртықтық процестің салдары болып табылады. Тырысулар жиілігі мен пайда болу уақытына қарай әртүрлі болады. Жиі күндіз пайда болатын тырысулар тез арада ақыл-ойының төмендеуіне әкеп соғады. Барлық науқастың мінез-құлқы жарақаттық түрде өзгереді: ашуланшақтық, көңіл-күйінің төмендеуі (дисфория), еңбек әрекетінде жұмыстың басқа түріне қиындықпен ауысуы, есте сақтауының нашарлауы. Сырқатты ерте анықтау және жүйелі емдеу тырысу ұстамаларының жиілігін азайтып, баланың қажет білімді меңгеруіне мүмкіндік береді.

Кемақылдылық. Зардап шеккен баланың жасына байланысты ақыл-ой бұзылыстарының әралуан түрі дамуы мүмкін (олигофрения, деменция). Егер жарақат баланың пренаталдық, наталдық және ерте постнаталдық даму кезеңінде болған болса, ол ми заты дамуының бұзылыстарының себебі болуы мүмкін. Сол кезде бүкіл таным процесі әлсіреп, ақыл-ой дамуының едәуір тежелуі – олигофрения қалыптасады.

Егер бас-ми жарақаты үш жастан асқанда болса, ақыл-ес қызметінің ыдырауы орын алады: сезінудің, қабылдаудың, зейіннің, жадының, елестетулердің, түсініктердің, яғни деменцияның психоорганикалық кемістігі болады. Медициналық көмек ми қыртысының жасушаларының қызметін жақсартатын, психика деструкциясы процесін тежейтін емдік шараларды ұйымдастыруға сайып келеді.

Жарақат пен оның салдарының ауырлық дәрежесінің қандай екендігіне қарамастан зардап шеккен балаға арнайы маман-дәрігердің жүйелі түрдегі бақылауы, еңбек пен демалыстың алмасуының дұрыс тәртібін ұйымдастыруы қажет болады. Оқу жүктемесінің мөлшерін дәрігер мен педагог қадағалауы тиіс. Кей жағдайда сабақ жеке дара жоспар бойынша өткізілуі керек. Балаларға арналған санаторийлерге барып тұруды қажет етеді.

Жарақат алған балаларда кешеуілдеген салдар ретінде физикалық және ойлану жүктемесінен кейін күшейетін, гипертензиялық синдромға байланысты бас ауыру ұстамалары байқалуы мүмкін.

Сонымен қатар жарақаттан кейінгі қалдықтық көріністер қатарында есте сақтау қабілетінің күрт төмендеуі білінуі мүмкін. Бұл әрине баланың оқудағы үлгеріміне кері ықпал етеді. Осындай балалардың даму динамикасын тексеру көрсеткендей, жадының мұндай бұзылыстары уақытша сипатта болуы мүмкін және жүйелі педагогикалық жұмыс барысында түзеліп кетеді. Тағы бір жиі кездесетін патологиялық симптом – жазу мен оқу тарапынан болатын бұзылыстар (дисграфия мен дислексия). Көбінесе фонематикалық талдаудың төмендеуіне байланысты акустикалық дисграфия түрлері кездеседі. Бұл балалардың жазған диктантында көптеген қателер, әріптер мен сөздердің орын ауысқандығы, үнсіз және үнді дыбыстардың араласып кетуі анықталады. Оқу қабілеті күрт қиындаған болады, бала әріптерді шатастырып, оларды басқа әріптермен алмастырып, өзінің ойлағаны бойынша өтірік оқи салады.
Өз дайындық сұрақтары:


  1. Балалық шақтағы орталық жүйке жүйесінің жарақаттық зақымдануы әртүрлі жас кезеңіне қарай қалай жіктеледі?

  2. Құрсақ ішілік жарақат дегенді қалай түсіндіңіз?

  3. Наталдық жарақат немен сипатталады?

  4. Постнаталдық ми жарақаттары қай кезде пайда болады? Олар дәрежесіне қарай қалай жіктеледі?

  5. Ми сілкінісіне сипаттама беріңіз.

  6. Мидың соғылуы кезінде қандай өзгерістер дамиды?

  7. Ми заты жаншылуы (мыжылуы) қандай жағдайда дамиды?

  8. Жалпы ми симптомдарын атаңыз.

  9. Ошақты ми симптомдары қалай білінеді?

  10. Ми жарақаты кезіндегі естен танудың патогенезі қандай?

  11. Балалардағы бас-ми жарақаттарының ерекшеліктері неде?

  12. Ми жарақаттарынан кейін ажыратылатын бес патологиялық синдромды атап шығыңыз. Әр түріне жеке сипаттама беріңіз.

  13. Ми жарақатынан кейінгі қалдықтық салдар қатарына қандай симптомдарды жатқызуға болады?


Минимальды ми дисфункциясы

Соңғы бірнеше онжылдық ішінде дүниежүзілік әдебиетте жеңіл органикалық бұзылыстар синдромы туралы көп жазылуда, бұндай бұзылыстарды минимальды ми дисфункциясы деп атайды. Кейбір авторлар мұндай жағдайларды асыра белсенділік, созылмалы ми синдромы, жеңіл балалар энцефалопатиясы және т.б. деп атауды ұсынады (Б. В. Лебедев, Ю. И. Барашнев, Е. М. Мастюкова).

Минимальды ми дисфункциясының этиологиясы пре- және интранаталдық кезеңдерде әсер еткен әртүрлі зиянды ықпалдармен, соның ішінде ең жиі кездесетін – ұрық гипоксиясымен байланысты болады.

Минимальды ми дисфункциясының клиникалық көрінісі әралуан және науқастың жасына қарай өзгереді. Минимальды ми дисфункциясының негізгі белгілері балалық шақтан-ақ біліне бастайды және әртүрлі дисплазиялық көріністермен сипатталады: бас сауытының және бет сүйектерінің деформациясы, құлақ қалқандарының орналасуы мен пішінінің өзгерістері, биік таңдайлық (күмбез тәрізді таңдай), тістерінің дұрыс емес өсуі және т.б.

Ерте жаста вегетативтік бұзылыстар болуы мүмкін: тершеңдік, терісінің кей жері бозарған, кей жері қызғылт түсті болуы, тамыр соғу жылдамдығының тез өзгеруі, асқазан-ішек жолдары және жүрек-қантамыр жүйесі қызметінің тұрақсыздығы.

Сонымен қатар тұрақсыз қылилық, конвергенцияның жеткіліксіздігі, бет және тіл бұлшық еттерінің аздаған әлсіздігі (парезденуі), дисфония, фонастения элементтері, сөйлеу кезіндегі тыныс бұзылыстары анықталады. Бұлшық еттер дистониясы, бұлшық ет тонусы мен сіңірлік рефлекстердің асимметриясы, майда, нәзік әрі күрделі қимылдардың жеткіліксіздігі түрінде білінетін көптеген қозғалыс бұзылыстары болады. Балалар өте жиі икемсіз, дөрекілеу болады. Әсіресе майда моторикасы қиындаған. Бала аяқ киімінің бауларын, киімінің түймелерін әрең-әрең тағады. Кейіннен қайшымен, қарындашпен, ал одан кейін қаламсаппен жұмыс істеуі қиын түседі. Балалар дене шынықтыру жаттығуларын орындағанда қиналады: секіргенде, бір сызықпен жүргенде, допты ұстауда, велосипедпен жүргенде, біріккен қимыл орындағанда. Негізгі үйреншікті қолының қимыл үйлесімділігі толық қалыптаспағандығы жиі анықталады.

Жүріс-тұрыс ерекшеліктері де көзге түседі. Балалардың көбісі жоғарылаған қимыл белсенділігімен ерекшеленеді. Тынымсыз, кез-келген тітіркендіргішке көңілі тез ауып кетеді, тапсырманы мұқият зейін қойып орындай алмайды. Көңіл-күйі тұрақсыз және құбылмалы, біресе көңілді, біресе күйзелген болады. Ми қыртысынң жасушаларының тез шаршағыштығы мен сарқылуы байқалады. Бұл жадысының төмендеуіне және жалпы түсініктер қорының шектелуіне әкеп соғады, ал мұның өзі психикалық дамудың тежелуінің себептерінің болып табылады.

Балалардың әлеуметтік пісіп жетілмегендігі олардың өзінен жасы кіші балалармен ойнауға тырысуымен білінеді. Жоғары қозғыштығы, ұрыс-керіске бейімдігі мектепке дейінгі мекемелердегі балалармен қарым-қатынасының нашарлатады. Балалардың ұйықтауы қиын болады, жиі оянып, түсінде айқайлайды, кейде түнгі зәр ұстамауы байқалады.

Балалардың мектепке бара бастағанында ең алдымен моторлық қызметтердің жеткіліксіздігімен, жалпы түсініктер қорының тапшылығымен байланысты қиындықтар білінеді. Бұл оқуды, жазуды, санауды және кеңістікті қабылдауды үйрету кезіндегі қиындықтарға әкеп соғады. Оқуына байланысты пайда болған қиындықтар балаларда екіншілік невротикалық әсерленістерді шақырады.

Балада айқын, нағыз неврологиялық симптомдардың жоқтығына қарамастан, астено-невротикалық синдромның болуы мұғалім мен дәрігерді толғандыруы тиіс. Мұндай балалар невропатологтың бақылауында болуы керек және емдеу шаралары жүйелі түрде, бірнеше бағытта жүргізілуі қажет (дегидратация, қызметтерді жақсарту, дәнекер тінін тарқату терапиясы). Моторлық қызметтерді жетілдіру үшін емдік шаралармен бірге бала емдік дене тәрбиесі сабақтарына қатысуы қажет. Баланың жүріс-тұрысы мен тәртібіне байланысты қиындықтарды жеңіп өту үшін ата-анасының, тәрбиешісінің және дәрігердің бірігіп, өзара байланыстағы жұмысы қажет. Балаға үйінде болсын, бала-бақшада болсын, тыныш және мейірімді жағдай қажет, ұрып-соғу мен дене жазасына жол берілмеуі тиіс. Мектеп жасында балаға ата-анасы тарапынан ерекше көңіл бөлу, түсіну және көмек қажет болады.



Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Минимальды ми дисфункциясы синдромын тағы да қалай атайды? Оның негізінде қандай өзгерістер жатады?

  2. Минимальды ми дисфункциясы синдромының себептері қандай?

  3. Минимальды ми дисфункциясының клиникасындағы дисплазиялық көріністерді атаңыз?

  4. Бұл патологияда кездесетін вегетативтік бұзылыстар қандай?

  5. Осы синдромда байқалатын моторлық қызметтер бұзылыстарына сипаттама жасаңыз.

  6. Минимальды ми дисфункциясында анықталатын жүріс-тұрыс, тәртіп және көңіл-күй бұзылыстары қандай болады?

  7. Бұл синдром кезінде қандай педагогикалық және медициналық шаралар жүргізілуі тиіс?



Мидың қантамырлық бұзылыстары

Ми қантамырлармен – артериялармен және көктамырлармен (веналар) – өте мол қамтамасыз етілген. Әртүрлі себептерден артериялар бұзылған кезде оттегінің жеткіліксіз келіп түсуі жүйке жасушаларының тіршілігіне бірден жағымсыз әсер етеді. Қантамырлар тонусының өзгеруінің ең маңызды себебінің бірі тамыр қабырғаларының склероздық өзгерістері болып табылады. Мұндай өзгерістер кезінде тамыр қабырғасында дәнекер тін өсіп, иілгіш, созылғыш қасиеттері төмендейді. Қантамырлардың патологиялық бұзылыстары нәтижесінде мидағы қан айналым бұзылады.

Ми қанайналымының жедел бұзылыстары (қан құйылу, тромбоз) толық немесе жартылай естен танумен, тыныс алу қызметі мен жүрек-қантамыр қызметінің бұзылуымен сипатталады. Мұндай көріністер тромбозға қарағанда қан құйылу кезінде айқын білінеді. Ми қанайналымының бұзылысы нәтижесінде ми қызметінің бұзылуы қимыл-қозғалысының бұзылыстары (салданулар мен парездер), сөйлеу бұзылыстары (афазия), сана-сезімінің өзгеруі түрінде көрініс табуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдердегі салданумен, афазиямен және басқа да патологиялық симптомдармен өтетін мидың қанмен қамтамасыз етілуінің ауыр бұзылыстары қабыну процесінің нәтижесінде (энцефалит), кейде мерезбен ауырғанда, ауыр бас-ми жарақаттарында дамуы мүмкін. Балалар неврологиясында қантамырлардың ауыр жарақаттық босану кезіндегі қысылуы мен үзілуі нәтижесінде пайда болатын ми қанайналым бұзылыстары жиі кездесетіндігін атап өту керек. Соның салдарынан салданулар, эпилепсия тәрізді ұстамалар дамуы ықтимал. Кейіннен сөйлеу кемістіктері – алалия, дизартрия – байқалады. Қанқұйылу болған бас-ми жарақаттарынан кейін жоғары деңгейдегі қыртыс қызметтерінің бұзылып, кейінірек кемақылдылыққа (олигофрения) әкеп соғуы мүмкін. Кейде миға қан құйылу өліммен аяқталады.

Аурудың резидуальдық кезеңінде қимыл-қозғалыс тарапындағы айтарлықтай кемістіктер және сөйлеу бұзылыстары болған жағдайда емдік-педагогикалық шаралардың маңызы өте зор болады. Массаж және физиотерапиямен бірге емдік гимнастика мен жүйелі түрдегі логопедиялық сабақтар өткізу қажет болады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Мидың қантамырлық бұзылыстары қантамыр қабырғаларындағы қандай өзгерістер нәтижесінде дамиды?

  2. Ми қанайналымының жедел бұзылыстарына не жатады? Олардың нәтижесінде ми қызметінің қандай бұзылыстары дамиды?

  3. Балаларда ми қанайналымының бұзылыстары қандай себептерден жиі дамиды және олардың салдары қандай?

  4. Мидың қантамырлық бұзылыстарынан кейінгі қалдықтық кезеңде қандай емдік-педагогикалық шаралар өткізу қажет?



§. Балалардың церебралдық сал ауруы
§5. Балалардың церебралдық сал аурудың себептері

«Балалардың церебралдық сал ауруы» (БЦСА) (детский церебральный паралич (ДЦП)) терминімен мидың онтогенездің ерте сатыларында зақымдануы салдарынан пайда болатын, денені дұрыс қалпында ұстап тұра алмаумен және ерікті қозғалыстарды орындай алмаумен білінетін синдромдарды атайды. Қимыл-қозғалыс бұзылыстары (салданулар, парездер, координация бұзылыстары, еріксіз зорлық қозғалыстар) ақыл-ес, сөйлеу, есту өзгерістерімен, тырысу ұстамаларымен, сезіну бұзылыстарымен қатар жүруі мүмкін. БЦСА ағымы үдемелі емес, резидуальды (қалдықтық) патологиялық жағдай болып табылады. Жүйке жүйесінің әртүрлі құрылымдарының өзара қарым-қатынасының өзгеруіне байланысты жас ұлғайған сайын неврологиялық симптомдар біршама түзелуі мүмкін.

Церебралдық салдарды зерттеудің негізін қалаушысы ағылшын дәрігері, хирург-ортопед В. Литтл болып саналады. Ол ХІХ ғасырдың аяғында аурудың клиникалық көрінісін сипаттап, оның қолайсыз босанумен, шала туылғандықпен және нәресте асфиксиясымен байланыстырған. Ол аяқтардың бұлшық еттерінің тонусының жоғарылығына көңіл аударып, бұл жағдайды жайылмалы тонус деп атады. Кейіннен қолдардағы бұлшық еттер гипертониясы мен еріксіз зорлық қозғалыстар (гиперкинездер) байқалатын жағдайлар да сипатталды. Церебралдық салдарды зерттеу мен жіктеп ажыратуға З. Фрейд зор үлес қосқан. Ол өзінің жіктеуін ұсынып, гемиплегияны, церебралдық диплегияны, жайылмалы ригидтілікті (бұлшық еттердің тартылуы немесе керілуі) және қос атетозды бөліп шығарған. Кейінгі жылдарда бұл жіктеу өзгертіліп, толықтырылды. Қазіргі кезде 1978 жылы К. А. Семенова ұсынған жіктеу қолданылады. Онда БЦСА мынандай түрлері ажыратылған: спастикалық диплегия, қос гемиплегия, гиперкинетикалық түрі, атониялық-астатикалық түрі және гемиплегиялық түрі.

Жүйке жүйесінің белгілі бір деңгейінің пісіп жетілуі дамудың генетикалық бағдарламасымен белгіленеді және адамның қимыл-қозғалыстары мен дене қалпының белгілі бір ретпен қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бірақ әртүрлі құрылымдардың жетілу мерзімдері мен қарқындылығы сыртқы орта әсеріне де байланысты. Афференттік түрткілер қозғалыс анализаторының дамуын тездетеді. Жүйке жүйесінің дамып жетілуінің мәнісі реттеудің филогенездік ежелгі деңгейлерден эволюция тұрғысынан жасырақ жетілген кейінірек дамыған деңгейлерге біртіндеп көшуінде, осы қимыл-қозғалыстар дамуының негізін құрайды (Л. Т. Журба). Қызметтік жүйелердің біртіндеп күрделенуі организмге дәл осы мезгілде бейімделулік маңызы ең жоғары болып табылатын белгілі бір қызметті жүзеге асыруға қатысатын қандай да бір филогенездік деңгейдің іске қосылуын қамтамасыз етеді. Жүйке жүйесінің белгілі бір деңгейлері қалыптасуының бұзылуы осы аурудың клиникалық көрінісін анықтайды.

Осылайша, БЦСА даму қаупін тудырушы жайттарға мыналар жатады: анасының жасы, жүктілік кезіндегі анасының соматикалық және эндокриндік аурулары, ұрықтың құрсақ ішілік жұқтырылуы (вирустар, саңырауқұлақтар және қарапайымдар тудыратын инфекциялар), ұрықтың жүйке жүйесінің анасының жасушаларының тіршілік өнімдерімен сезгіштендірілуі (сенсибилизациясы), ана мен ұрықтың иммундық сәйкессіздігі, кейбір дәрі-дәрмектер, физикалық және химиялық ықпалдар (ішімдік, никотин), жүктіліктің кеш токсикоздары, мерзімінен асып кеткен немесе көп ұрықты жүктілік.

Интранаталдық қауіп тудырушы әсерлерге босану кезіндегі асфиксия және босану кезінде болған бас-ми жарақатынан кейінгі қан құйылу жатады. Ми затына, ми қабықтарының астындағы кеңістікке, ми қарыншаларына, мишыққа және мидың басқа да бөлімдеріне әртүрлі дәрежедегі (аздаған және көптеген) қан құйылулар болуы мүмкін.
Балалардың церебралдық сал аурудың бұзылыс синдромдар

БЦСА негізгі клиникалық синдромы – бұл қимыл-қозғалыс бұзылыстары. Жүйке жүйесінің зақымдануының ауырлығы мен орналасуына қарай қозғалыс бұзылыстарының әралуан түрлері қалыптасады (34-сурет). Баланың алғашқы айларында денесінің құрсақ ішінде жатқандағыдай қалпы көзге түседі (аяқ-қолдарын денесіне тартып жинап алған), аяқ-қолдарындағы бұлшық ет тонусы жоғарылаған болады. Баланың емуі нашар болады, дене салмағын жоғалтады, мазасыз болады. Өсе келе артикуляциялық және жалпы моторикасындағы қозғалыс бұзылыстарының симптомдары арта түседі: бұлшық ет тонусының жоғарылығы сақталады, бала отыра алмайды, кейде тіпті басын да ұстай алмайды, ерікті қимылдары шектеулі, шайнауы қиындайды, жиі қақалады. Патологиялық рефлекстер (Бабинский, Россолимо және басқа) болады.

БЦСА кезiндегi қозғалыс бұзылыстары келесi патологиялық синдромдар немесе рефлекстер ретiнде байқалады:


  1. Тоникалық лабиринттік рефлекс – баланың басын бiр жаққа бұрғанда шытырманның (лабиринттің) оттолиттік аппаратының қозуы басталады. Осының салдарынан бала арқасын мен жатқанда оның аяқ-қолдары және денесiнiң барлық бұлшық еттерi максимальды түрде жазылады (экстензор бұлшық еттердiң тонусы күшейедi де, флексор бұлшық еттердiң тонусы азаяды), ал бала етпетінен (ішімен) жатқанда оның аяқ-қолдары және денесiнiң барлық бұлшық еттерi максимальды түрде бүгiледi (флексор бұлшық еттердiң тонусы күшейедi де экстензор бұлшық еттердiң тонусы азаяды).

  2. Мойынның тоникалық асимметриялық рефлексi – бұл проприорецептивтік рефлекс омыртқаның мойын бөлiмiнiң буындары мен байламдарының және мойын бұлшық еттерінің созылуымен сипатталады. Басты бiр жаққа бұрғанда басы қарап тұрған жақтың аяқ-қолдары жазылып (“бет мүшелерi”) екiншi жақтың аяқ-қолдары бүгiледi (“желке мүшелерi”); қолдардың реакциясы аяқтарының реакциясына қарағанда күштiрек байқалады.

  3. Мойынның тоникалық симметриялық рефлексi – бұл проприорецептивтіқ рефлекс бала басын ерікті немесе ерiксiз қимылдатқанда анықталады. Басты бүккенде қолдарының бүгiлуi (қолдарының флексор бұлшық еттерiнің тонусы күшейедi) және аяқтарының жазылуы (аяқттардың экстензор бұлшық еттерінiң тонусы күшейедi) байқалады.

  4. Бірлескен синкинезиялар – бұл тоникалық реакциялар қимылға тiкелей қатысы жоқ бұлшық еттердiң спастикалық тонусқа келуiмен сипатталады.

Жүйке жүйесiнiң патологиялық тоникалық әсерлерi бұлшық еттердiң жұмысын бұзып, тiрек-қимыл аппаратының патологиясына әкеледі. Осы себептен неше түрлi контрактуралар мен деформациялар байқалады: жамбастың шығуы, контрактурасы, тiзе буындардың бүгiлу контрактурасы, тiзе буындардың вальгустық деформациясы (тiзелердiң iшке қарап қалуы), “аттың аяғы” тәрiздес контрактура, сколиоз, кифоз, т.с.с.

Қозғалыстар дамуының тежелуі баланың сөйлеуі мен ақыл-есінің кешеуілдеуіне әкеледі.

БЦСА-мен ауыратын балаларда артикуляциялық аппаратының қызметтерi дамымағандықтан сөйлеу тiлiнiң фонетикалық бұзылыстары байқалады. Дыбыстарды дұрыс айтпағандықтан дыбыстардың фонематикалық қабылдауы да бұзылады. Осындай баладағы сөйлеу жетiспеушiлiктерi тіл шығатын кезеңнен әлдеқайда еретерек байқалады. Сөз қоры өте баяу дамиды.

БЦСА кезiндегi сөйлеу бұзылыстары дизартрия, алалия, дислексия және дизграфия ретiнде байқалуы мүмкiн. Одан басқа невроз тәрiздi мутизм және сурдомутизм сияқты сөйлеу бұзылыстары кездеседi.



Ғалымдар БЦСА кезiндегi сөйлеу бұзылыстарының келесі себептерiн қарастырады:

  • артикуляция бұзылыстары

  • ауру балалардың заттық-практикалық iспен айналыспауы

  • адамдармен қарым-қатынасының аздығы

  • ата-анасының аса жоғары қамқорлығы (гиперопека)

  • баланың өз жағдайына деген көз қарасы.



Балалардың церебралдық сал аурудың түрлері

Спастикалық диплегия (Литтл синдромы). Бұл БЦСА ең жиі кездесетін түрі. Оған аяқ пен қолдағы, бірақ соның ішінде көбінесе аяқтарында басым болатын қимыл бұзылыстары тән. Баланың алғашқы айларында анықтала бастайды. Аяқтары созылған, кейде айқасады, сіңір рефлекстері жоғарылаған. Бала кеш отыра және жүре бастайды. Тұрған кезде тізелері жартылай бүгіледі және бір-біріне тиіп тұрады. Қолдарында көбінесе ерікті қимылдарындағы епсіздік байқалады. Кейде ақыл-ес дамуы тежеледі, сөйлеу бұзылыстары болады. Тырысулар БЦСА басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі.

Қос гемиплегия (тетраплегия). Ол БЦСА ең ауыр түрі. Бұл кезде қос аяғы мен қос қолында қимыл бұзылыстары байқалады, бірақ қолдарында олар көбірек білінеді (35-сурет). Бұзылыстар көбінесе асимметриялы түрде болады. Жұтуы мен сөйлеуі бұзалады. Тепе-теңдік және денені тік ұстау рефлекстері дамымайды. Бала отыра да, жүре де алмайды. Әр қимылдаған сайын бұлшық еттер тонусы арта түседі де, бала бір дене қалпын сақтап қалады. Психикалық дамуының тежелуі өзімен жасты балалармен қатынасы болмағандықтан одан сайын күшееді. БЦСА бұл түрінде кейде микроцефалия және дамудың басқа да ақаулары кездеседі.

Гиперкинетикалық түрі. Ол негізінен мидың стриопаллидарлық ядроларының зақымдануымен сипатталады және ана мен ұрық қанының иммундық сәйкессіздігі кезіндегі нәрестенің гемолитикалық ауруына байланысты дамиды. Бұлшық ет тонусы өзгеріп тұрады: гипотониядан соң бірден тонустың жоғарылау ұстамалары пайда болады. Баланың қимылдары епсіз, артық қимыл реакциялары байқалады. Бұлар ұйықтап жатқанда білінбейді, ал ерікті қимыл жасағанда және эмоциялық қозу кезінде күшейеді. Гиперкинездер атетоз, хореоатетоз, хорея және кеуделік дистония түрінде кездеседі. Олар аяқ-қолдың жоғарғы не төменгі бөліктерінде, бет немесе мойын бұлшық еттерінде басымырақ болуы мүмкін. БЦСА бұл түрінде сөйлеу бұзылыстары жиі кездеседі де, психикалық дамуы азырақ зардап шегеді. Сөйлеу бұзылыстары көбінесе экстрапирамидалық дизартрия және есту бұзылысы түрінде болады.

Атониялық-астатикалық түрі. Оны БЦСА «салбыр» түрі деп те атайды. Клиникасында негізінен бұлшық еттер гипотониясы байқалады, бірақ сіңір рефлекстері жоғарылаған болады. Балалар ұзақ уақыт басын ұстай, отыра, тұра және жүре алмайды. Тік тұру және тепе-теңдік рефлекстері 3 жасқа дейін дамымауы мүмкін. Психикалық дамуы мен сөйлеуі қатты тежеледі. Көбінесе мидың маңдай бөлігі мен мишық зардап шегеді.

Гемиплегиялық түрі. Бұл түрі дененің бір жағындағы (оң не сол) қозғалыс бұзылыстарымен сипатталады, соның ішінде аяқтарында азырақ білінеді (36-сурет). Қолы барлық буындарында бүгіліп, денесіне жабысып тұрады. Көбінесе бір жасқа таман білінеді. Ақыл-ойы зардап шекпейді. Бұл БЦСА жеңіл түрі болып табылады.

БЦСА науқас балалардың 65-85%-да сөйлеу бұзылыстары болады. Соның ішінде тіл дамуының тежелуі мен дизартриялар ең жиі кездеседі. Тіл дамуының тежелуі моторлық сөйлеудің кеш қалыптасуымен сипатталады. Алғашқы сөздер кеш пайда болады, белсенді сөз қоры баяу ұлғаяды, сөз тіркестерінің қалыптасуы кешеуілдейді. Дизартрияларда сөйлеу аппаратының иннервациясы бұзылғандықтан дыбыстарды айтуы бұзалады. Көбінесе дизартрияның псевдобульбарлы түрі анықталады.

Қазіргі кезде ерте диагноз қою мен диспансерлік бақылау психомоторлық даму тежелуін дер кезінде анықтап, баланы емдеуге жіберуге мүмкіндік жасайды. Ерте басталған емдеу (дәрі-дәрмекпен, массажбен, гимнастикамен) салдану құбылыстарын азайтып, жалпы моториканы жақсартуға, баланың әрі қарайғы моторлық, сөйлеу және ақыл-ес дамуына жағдай жасайды. БЦСА науқас балалардың реабилитациясы (қалпына-келтіру) бойынша медико-педагогикалық кешендерінің арнайы әдістемелері ойластырып дайындалған.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Балалардың церебралдық сал ауруы дегеніміз не?

  2. Осы ауру туралы түсінікті енгізген және оны дамытуға үлес қосқан мамандарды атаңыз.

  3. Қазіргі кезде балалардың церебралдық сал ауруы қалай жіктеледі?

  4. Балалардың церебралдық сал аурудың клиникалық көріністерінің негізінде жүйке жүйесіндегі қандай бұзылыстар жатыр?

  5. Бұл аурудың даму қаупін тудырушы пренаталдық және интранаталдық жайттар мен әсерлерге не жатады?

  6. Балалардың церебралдық сал аурудың негізгі клиникалық синдромына сипаттама беріңіз.

  7. Балалардың церебралдық сал ауруы кезіндегі сөйлеу тілінің бұзылыстарына сипаттама беріңіз.

  8. Балалардың церебралдық сал аурудың түрлеріне жеке тоқталып, сипаттама беріп шығыңыз.

  9. Осы патология кезіндегі сөйлеу бұзылыстары қандай болады?

  10. Балалардың церебралдық сал ауруы науқасталғандарға қандай медициналық-педагогикалық түзету шаралар қолданылады?






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет