Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)



жүктеу 2.92 Mb.
бет2/13
Дата22.09.2017
өлшемі2.92 Mb.
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
§2. Мидың құрылысы және қызметі
Ми құрылысы жағынан да, атқаратын қызметі жағынан да өте күрделі мүше болып табылады. Ол – организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз ететін басты орталық. Миға сыртқы рецепторлар жүйесі арқылы сыртқы ортадан сигналдар келіп түседі. Дыбыстық, жарықтық, иістік, тактильдік, вибрациялық-кинестетикалық тітіркендіргіштердің сыртқы әлемі біздің миымызға, әсіресе, оның жоғарғы бөлімдеріне (қыртысқа) әсер етіп, шынайы болмыстың сипаты жайлы хабардар етеді.

Сыртқы орта тітіркендіргіштерінен басқа, ми организмнің ішкі ортасынан ішкі мүшелердің жағдайы туралы импульстерді қабылдайды. Осылайша, мидың жоғарғы бөлімдерінде сыртқы және ішкі ортадан түсетін тітіркендіргіштердің күрделі анализі мен синтезі өткізіліп, соның нәтижесінде периферия қызметін реттейтін жауаптық бұйрық импульстері түзіледі.

Тірі адам миының консистенциясы қатты емес, қою болады. Ми сауытының ішінде жатып, ми, әрине осы ми сауытының шар тәрізді немесе созылыңқы (эллипс тәрізді) түрін қабылдайды (3-сурет). Өлі адамның миын зерттеген кезде қолайлы болу үшін оны формалинге салып қатырады, сонда ми тығыздалады. Осындай жағдайда ми құрылысының ерекшеліктерін зерттеу үшін тілік жасаған қолайлы. Ересек адамның миының орташа өлшемдері мынандай: ұзындығы 170-180 мм, ені 140 мм, биіктігі 125-135 мм (Бунак бойынша). Ерлерде мидың орташа салмағы 1370-1380 г, әйелдерде 1250-1270 г болады. Мектеп жасындағы балалардың миының салмағы ересектерге жақындайды. Мидың салмағы мен өлшемдерін зерттеген кезде әдетте ми салмағы мен ақылдылықтың, дарындылықтың байланысы туралы сұрақ туады. Арнайы оқулықтарда атақты адамдардың миының салмағын сипаттайтын сандар келтірілген. Осылай, жазушы И. С. Тургеневтің миының салмағы 2012 г, белгілі математик С. Ковалевскаянікі – 2000 г, Д. И. Менделеевтікі – 1800 г, физик Лавуазьенікі – 1700 г болғандығы белгілі. Бірақ, сонымен қатар атағы олардан кем емес кейбір әйгілі адамдардың ми салмағының олардікінен едәуір аз болғаны туралы фактілер де бар. Мысалы, белгілі неміс химигі Либихтің миының салмағы 1350 г болған. Әйелдердің миының салмағы ерлерге қарағанда 120-150 г-ға азырақ болатындығы мәлім. Егер адамның ақылдылығы мидың салмағына байланысты деп есептесе, онда әйелдердің миының толық жетілмегендігі туралы сандырақ қорытындыға келуге болар еді.

Бұл сұрақ бойынша қандай пікірлер айтылуы мүмкін?

Ең алдымен, мидың салмағы мүлдем адамның ақылдылығын бағалауға болатын көрсеткіш емес, адам жан тапсырар кезіндегі жағдайға байланысты (өте ұзақ ауырғанда, қартайып қаусағанда) бүкіл дене салмағын жоғалтқанда мидың салмағы да айтарлықтай дәрежеде азаятындығын айтпағанда. Кейбір адамдарда ақыл қабілеттілігі салыстырмалы төмен бола тұра, ми салмағының жоғары болған жағдайлары да кездеседі. Бұл мидың сұр затының патологиялық ұлғаюымен (мегалоцефалия) білінетін сырқаттық жағдаймен немесе су ми болғанда ми қарыншаларында сұйықтықтың жиналуымен түсіндіріле алады. Сонымен, бұл сұрақты зерттеу мидың абсолютті салмағы да, салыстырмалы салмағы да (ми салмағының дене салмағына қатынасы) интеллектуальдық даму деңгейінің көрсеткіші бола алмайтындығын көрсеткен.

Кейбір халықтардың физикалық конституциясының ерекшеліктерінің де (кез-келген халықтың ішіндегі бойшаңдығы мен ірілігі әртүрлі өкілдері) ми массасының ауытқуында маңызы бар. Осыған жыныстық айырмашылықтың әсерін де жатқызуға болады. Мысалы, әйелдердің ми салмағының салыстырмалы аз болуы олардың интеллектуальдық мүмкіндіктерінің аздығын білдірмейді, қайта заңдылық түрінде олардың қаңқасының, бұлшық еттерінің, ішкі мүшелерінің ерекшелігінен туындайды. Бірақ құрылымдық ерекшеліктерді ғана ескермей, адам миында өтетін жүйке процесстерінің жоғары сапасын, шартты-рефлекторлы қызметтің бүкіл айналымын ескеру маңызды. Одан әрі ақылдылық пен дарын жасырын, табиғаттан аманат етілген механикалық, пассивті қабілеттердің, қайсыбір «алтын қордың» ашылу нәтижесі емес екендігін есте сақтаған жөн. Биологиялық қордағының көбі әлеуметтік әсерлерге байланысты болады. Бұл әсерлердің сипаты, яғни күші, тұрақтылығы өте маңызды. Осының бәрі жүйке жүйесінің түрлерінің қалыптасуына нағыз тікелей қатысты болады және психиканың физиологиялық негізі болып табылатын шартты-рефлекторлық байланыстардың сапасын анықтайды.

Осы мағынада баланы тәрбиелеу мен оқытудың, оны еңбекке баулудың және тәртіпті, жүйелі еңбектің ерекше маңызы бар. Ғылымдағы не өнердегі данышпан туындылар күш салып еңбектенусіз болмайды.

«...Ғылым адамның бүкіл өмірін талап етеді, егер бізге екі рет өмір берілсе, ол да жетпес еді», - деген И. П. Павлов. Ғылым адамнан зор еңбекті, аса жоғары құмарлықты қажет етеді. Біз әдеби классиктердің туындыларын оқып отырғанда олардың табиғаттың жеке құбылыстарына өте әсерлі сипаттама беруіне, жеке кейіпкерлердің күйзелісіне психологиялық талдау жасауының шеберлігіне таң қаламыз. Егер біз ол туындылардың түп нұсқасын көрсек, олардың өте көп түзетулермен, қайта өзгертулермен шұбарланғанын көреміз. Көптеген танымал жазушылар мен суретшілер өз шығармаларының беттері мен суреттерінің эскиздерін бірнеше ондаған рет дұрыстап сызып, жазып, үлкен көркемдік шындыққа жеткілері келген. Мұның бәрі ауыр күш салып еңбектенудің нәтижесі, онсыз не өнер, не ғылым саласында данышпан туындылардың болуы мүмкін емес.

Белгілі бір адамның данышпандығы мен дарындылығында, шамасы, екі қасиет ұйқасады деп санау керек. Бір жағынан – бұл биологиялық қордың (табиғи аманаттың) жоғары сапасы, онсыз аса көрнекті қабілеттердің дамуы мүмкін емес, екінші жағынан – осы адамның алдына қойған мақсатына ұдайы ұмтыла отырып жүргізген өзін-өзі жетілдіру, өзінің қабілеттерін дамыту жұмысының саны мен сапасы.

Адамның миы сұр және ақ заттан тұрады. Сұр заты әртүрлі пішіндегі және өлшемдегі көптеген жасушалардан тұрады. Үлкен жарты шарлар қыртысында 14 миллиардқа дейін жасушалар болады. Мидың ақ заты әртүрлі құрылымдағы талшықтардан тұрады, талшықтардың бір тобы горизантальды, ал кейбір топтары радиальды (сәуле тәрізді) орналасқан.

Ми қанмен молынан қамтамасыз етіледі (4-сурет). Миды қанмен қамтамасыз ету қызметін атқаратын негізгі артериялар болып ішкі ұйқы және омыртқа артериялары табылады. Омыртқа артериялары омыртқаның мойын бөлігінің бойымен көтеріліп, үлкен желке тесігі арқылы бас қуысына кіреді. Оң және сол омыртқа артериялары мидың негізінде бір-бірімен қосылып, жұпсыз ми артериясын құрайды, оның бұтақтары ми жарты шарларының артқы бөлімдерін, мишықты, Варолиев көпірін, сопақша миды қанмен қамтамасыз етеді. Мидың негізінде мидың артқы артериясының бұтақтары мидың ұйқы артериясының алдыңғы бұтақтарымен бірігіп, сақина құрайды (Виллизий шеңбері). Негізгі шеңберден үлкен мидың қалған бөліктерін, қыртыс асты құрылымдарын, мидың тереңдегі қабаттарын қанмен қамтамасыз ететін мидың алдыңғы және ортаңғы артериялары шығады.

Мидың сол жақ жарты шарының қан тамырлар торы көбірек дамыған, демек, ол қанмен жақсырақ қамтамасыз етіледі. Кейбір авторлар бұл жаймен сол жақ жарты шардың салмағының да оң жаққа қарағанда басым екендігін байланыстырады. Ересектерде бұл айырмашылық 12-15 граммға жетеді. Сол жақ жарты шарда ерекше маңызды сенсорлық және моторлық сөйлеу орталықтары орналасқан. Ал оң жақ жарты шарда бұл орталықтар табылмаған (5-сурет). Сондықтан бұрын оң жақ жарты шардың кейбір жерлері мылқау жерлер деп саналды. Қазіргі уақытта дауыс модуляциясының бұзылуы, сөйлеу ырғағының біркелкілігінің, музыкалық қабілеттердің бұзылысы (амузия) мидың оң жақ маңдай бөлімінің зақымдануы кезінде де пайда болуы мүмкін екендігі туралы мәліметтер бар (E. K. Cenn).

Веналық қанның мидан кері шығуы жақсы дамыған веналар жүйесімен қамтамасыз етіледі. Веналық қан ағысының аздаған баяулауы бастың ішкі қысымының жоғарылауына әкеледі. Орталық вена бағанасы Гален венасы деп аталады, ол ішкі веналардан қан жинайды. Мидың көптеген веналары қанды қатты ми қабықшасының жапырақтарының арасында орналасқан вена қойнауларына немесе синустарына алып келеді. Мұндай қойнаулар саны 21, оның 5-еуі – жұпсыз. Синустар қанды мидан ғана жинап қоймай, көз шарасынан, құлақтан, мидың қатты қабықшасынан жинайды. Синустардан веналық қан үлкен мойындырық (яремная) венасына түседі. Артериялар мен веналардан басқа, мида сонымен қатар артериялардың соңғы тарамдалуы болып табылатын өте ұсақ тамырлар – капиллярлар болады. Капиллярлар прекапиллярларға және посткапиллярларға бөлінеді, прекапиллярларда қанның газ алмасуы өтеді, посткапиллярлар веналарға жиналады.

Мида арнайы лимфалық жүйе жоқ. Бұл жүйенің қызметін ми қарыншаларындағы ми сұйықтығы (ликвор) атқарады.

Мидың қарыншалары қуыс болып табылады (6-сурет). Әр ми жарты шарында бір-бір бүйір қарыншадан болады және аралық ми мен артқы мида бір-бір қарыншадан болады (үшінші қарынша және төртінші қарынша, немесе ромб тәрізді ойыс). Бүйір қарыншаларда қан тамыр өрімдері орналасқан, оларға мидың ортаңғы артериясының тармақтары келеді.

Бүйір қарыншалардан жұлын сұйықтығы жіңішке каналдар арқылы үшінші, сосын сильвий су құбыры (водопровод) арқылы төртінші қарыншаға таралады. Жұлын сұйықтығының бір бөлігі орталық арна арқылы төмен қарай таралады. Жұлын сұйықтығының басқа бөлігі мишықтың астындағы тесік арқылы жұмсақ және тор тәрізді қабықша арасындағы кеңістікке, яғни ми мен жұлындағы қабықша асты (субарахноидальды) кеңістігі деп аталатын кеңістікке қарай бағытталады. Жұлын сұйықтығының жиналуы мишық астындағы жоғарғы цистернада және соңғы перифериялық нервтер («ат құйрығы») орналасатын төменгі цистернада болады. Цистерна жұмсақ және тор тәрізді қабықшалардан құралған. Мидың қарыншалары бір-бірімен байланысып қана қоймай, жұлынның орталық арнасымен де қатынасып жатады. Осының бәрі мидың қуыстарында ликвордың еркін айналуына мүмкіндік береді.

Ми сұйықтығы қалыпты жағдайда мөлдір, құрамында мынандай элементтер болады: калий, натрий, кальций, магний, фосфор, азот, оттегі және т.б. Одан басқа оқулу немесе нәрулу, қант, холестерин және аз мөлшерде лейкоциттер кездеседі. Ми сұйықтығының негізгі маңызы жүйке ұлпасындағы тініндегі осмостық тепе-теңдікті ұстап тұруда және жүйке жүйесін секіруге, жүгіруге және тағы сол сияқты кенет қозғалыстарға байланысты сілкінулерден қорғап тұруда болады. Бірқатар авторлар сұйықтықтың қоректік маңызын және мидағы зат алмасудың өнімдерін шығаруға қатысады деп санайды. Патологиялық жағдайда, мысалы қабыну процестерінде қатынасып тұратын тесіктер жабылып, сұйықтық ағып шыға алмай, бітеу қуыста жиналады да, миды қысады, ми өз кезегінде бас сүйегінің қабырғасын керіп, қысым көрсетеді. Егер бұл көрініс бас сүйегінің жеке сүйектері арасындағы жіктері әлі бітіспеген кішкентай балада болса, бас сүйектерінің арасы ажырап, бастың көлемі ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдай су ми (гидроцефалия) деп аталады.

Ми арнайы қабықшалармен қапталған. Үш ми қабықшасын ажыратады – сыртқы қатты қабық, ортаңғы өрмекші ұясы тәрізді торлы қабық және ішкі жұмсақ қабық.

Қатты ми қабығы тығыз дәнекер ұлпадан тұрады, құрылысы талшықты. Оның сыртқы қабаты бас сүйектерінің қабығы қызметін атқарады, ішкі қабаты ерекше бұтақтар құрап, белгілі бір аймақтарда ми затымен бітісіп, бас қуысында мидың дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Мидың қатты қабығының өсінділері веноздық синустарды құрайды.

Торлы қабық ми затын сыртынан жабады және борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, қан тамырларына бай емес.

Жұмсақ ми қабығы жұқалтым дәнекер ұлпадан түзілген, қан тамырымен жақсы жабдықталған, және ми қыртысының жоғарғы бөлімдерімен бітіскен. Жұмсақ ми қабығының қан тамырлары қыртыстың жоғарғы бөлімдеріне енеді. Ми затына жабысып, жұмсақ ми қабығы ми қыртысының суретін қайталайды. Торлы және жұмсақ ми қабықтарының арасында жұлын сұйықтығымен толтырылған қабықша асты кеңістігі түзіледі.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Мидың жалпы қызметі қандай?

  2. Ми салмағы неге байланысты болады?

  3. Мидың салмағы мен адамның қабілеттілігі арасында қандай байланыс бар?

  4. Данышпандық пен дарындылықтың негізі неде?

  5. Мидың ақ және сұр заты неден құралған?

  6. Мидының артериялық қанайналымына шолу жасаңыз?

  7. Сол және оң жарты шарлардың қанмен жабдықталуының айырмашылығы?

  8. Қанның мидан кері шығуы қалай қамтамасыз етіледі?

  9. Мидың қандай қарыншалары болады?

  10. Ми мен жұлын сұйықтығының қызметі?

  11. Ми қабықшаларын атап, оларға сипаттама беріңіз?



Мидың топографиясы
Ми құрылысының ерекшеліктерін жақсырақ зерттеп білу үшін оны құрайтын бөлімдердің бір-біріне қатысты орналасуын, яғни оның топографиясын түсіну керек. Осы мақсатпен алдымен ми жарты шарлары жағынан жалпы ми рельефін шолып шығамыз, онан әрі миды ортаңғы сызықпен, ұзынша саңылау бойымен, вертикальды тіліп, мидың ішкі құрылысының ерекшелігімен танысамыз. Төменгі бетімен (негізімен) танысу үшін мидың негізін жоғары аударып, құрылысының ерекшелігін қараймыз. Ақырында, горизонтальды тілік жасап, мұнда алдыңғы тіліктерде көрінбеген ми бөлімдерін көреміз.

Мидың рельефін шолып қарағанда, әсіресе ішкі беті жағынан (вертикальды тілікте), көңіл аударар нәрсе – жаңа миға (неоэнцефалон) жататын ми жарты шарлары (жабынды) ежелгі құрылымды (палеоэнцефалон) жауып жатады. Жарты шарлардың үсті тереңделген сайлармен (салалармен) жабылған, салалардың арасында ирелеңдеген қыраттар бар, олар қатпар деп аталады. Қатпарлар мен салалардың суреті (архитектоникасы) едәуір күрделі. Егер адамның және жоғарғы омыртқалылардың ми жарты шарлары бетінің құрылысын салыстырса, ми қатпарлары мен салаларының архитектоникасының жануарлармен салыстырғанда адамда күрделіленуі түріндегі үлкен айырмашылық бірден көрінеді. Жарты шарлардың бетінде орналасқан салалардың екі түрі бар. Оның бірі терең және онтогенездік тұрғыда ерте дамыған, ми қабырғасының барлық қабатымен түгел өтіп оны қарыншалар қуысына басып, шығындылар түзеді. Ал басқалары – тек ми қыртысын ғана кесіп өтіп, сонымен шектеледі. Терең салалар өзінше табиғи шекара болып, ми жарты шарларының үстін белгілі бөліктерге бөледі (7-сурет). Осылай, жарты шарлардың жоғарғы қырының ортасынан жоғарыдан төмен қарай бағытталған терең сала созылып жатады, бұл орталық сала, немесе роланд саласы.

Мидың орталық саланың алдында орналасқан аймағы маңдай бөлігі деп аталады. Орталық саладан артқа қарай мидың төбе бөлігі орналасқан, ми жарты шарлары рельефінің желке немесе шүйде бөлігін құрайтын ең артқы бөлігін қоспағанда. Жарты шарлардың бүйір беттерінде алдыңғы-артқы бағытта жүретін басқа терең сала орналасқан – бүйір немесе сильвий саласы. Мидың сильвий саласының астында орналасқан аймағы самай бөлігі деп аталады. Осылайша, әрбір ми жарты шарында, ал олар екеу – оң және сол – төрт бөлікті ажыратады: маңдай, төбе, желке және самай бөліктері. Егер сильвий саласының шеттерін екі жаққа кеңірек ашып қараса, салалармен және қыртыстармен шұбарланған қыратты көруге болады. Бұл аралшық деп аталатын мидың бесінші бөлігін құрайтын сильвий саласының түбі. Үлкен жарты шарлар рельефі атап көрсетілген ең негізгі бағдар-салалармен қатар майдалау салалармен жабылған. Салалар арасында қатпарлар орналасқан. Бұл туралы төменде айтылады.

Мидың медиальды (ішкі) бетінің құрылысымен танысу үшін үлкен ұзынша саңылау бойымен вертикальды тілік жасап, миды екі жарты шарға бөлеміз (8-сурет). Ішкі жақ бетінде қыртысты бөлігін көруге болады, ол да қатпарлармен және салалармен көмкерілген. Үлкен доға түрінде сүйелді денені қоршаған сүйелді сала созылып жатады, сонымен қатар белдеулік сала мен белдеулік қатпар, құс аяқшасының тепкіші атты сала және т.б. жатады. Қыртыс қабатынан төмен жартылай доға пішінді кесілген құрылымды көруге болады. Бұл мидың үлкен дәнекері немесе сүйелді дене. Ол екі жарты шарды біріктіреді. Сүйелді дененің жуандаған жерін, денесін, тізесін, тұмсығын ажыратады. Жарты шардың сүйелді дененің астындағы, доға тәрізді өтетін, жуандаған шеті күмбез құрайды. Күмбездің аяқшалары мидың негізінде самай бөлігіне қарай бүгіліп, сол жерде шашақтармен аяқталады. Сүйелді дене мен күмбездің арасында үшбұрышты табақша жатыр, ол мөлдір қалқа деп аталады. Төменіректе, күмбез бен мөлдір қалқа астында жартылай сопақ пішінді ірі құрылым жатыр. Бұл ол аралық мидың құрамына кіретін көру төмпешігі (таламус). Көру төмпешігінің бетінен кішкене шығыңқы түзілісті байқауға болады, бұл оң және сол жарты шардың көру төмпешіктерін біріктіретін сұр дәнекер. Көру төмпешігінің ішкі беті үшінші ми қарыншасы деп аталатын ерекше қуыстың қабырғасын түзеді, ол осы жерге келетін, сильвий су құбыры деп аталатын, науа немесе арнаның кеңейген жері болып табылады. Бұл арнаның төменгі ұшы төртінші қарыншаның қуысына келіп қосылады. Төртінші қарыншаның түбі болып сопақша мидың артқы бетінің бір бөлігі – ромб тәрізді шұңқыр табылады, ал төбесі болып мишықтан шығатын жұқа қатпарлы жапырақша – ми желкені табылады. Көру төмпешігінен артқа қарай аралық мидың төбесінің өскен жері болып табылатын құрылым орналасады. Бұл бүршік тәрізді без – эпифиз. Көру төмпешігінің астында аралық мидың төмпешік асты (гипоталамус) деп аталатын төменгі бөлігі орналасқан. Төмпешік асты сұр дөңестен және емізік пішіндегі екі құрылым – емізік тәрізді денелерден тұрады тұрады. Сұр дөңес төменгі жағында түтікшеге өтеді, түтікшенің ұшында мидың қосымшасы – гипофиз орналасқан. Эпифиз және гипофиз ішкі секреция бездеріне жатады. Сұр дөңестің алдыңғы жағына көру жүйкесінің айқасуы – хиазма жанасып жатады. Хиазманың алдыңғы және жоғарғы жағында мидың алдыңғы дәнекері орналасады.

Көру төмпешігі мен төмпешік асты – гипоталамикалық аймақ аралық миға жатады. Онымен сагиттальды тілікте көрінетін мидың басқа бір бөлігі тығыз беттесіп жатыр. Бұл ортаңғы ми. Ол төрт қыраттан және ми аяқшаларынан тұрады. Төрт қырат күрделі қабатты құрылымды болып келген төрт сопақ төбешіктен тұрады. Ми аяқшалары осы жерге келетін екі жуан будалардан түзілген, олармен ми қыртысын төмен жатқан аймақтармен байланыстыратын жолдар өтеді. Ортаңғы миға әртүрлі рецепциямен – есту, жалпы сезіну, тепе-теңдікті сақтау және т.б. – байланысты тағы да бірқатар құрылымдар жатады. Сагиттальды тілікте ортаңғы ми кесілген болады да, шолып қарағанда біз тек оның жартысын ғана көреміз – екі қырат пен вертикальды кесілген ми аяқшаларын. Ортаңғы ми сильвий өзегін кесіп өтеді. Ол жоғарғы жағында кеңейіп, үшінші ми қарыншасын түзеді. Ортаңғы мидан төмен бағананың төменгі бөліктері айқын көрінеді, олар вертикальды кесілген созылыңқы қырат немесе конус тәрізді. Бұл Варолиев көпірі және сопақша ми – артқы мидың бөлімдері. Олар негізінен өткізгіш жолдардан және олардың қабатында орналасқан бас-ми жүйкелерінің ядроларынан тұрады. Осы тілікте желке бөлігінің астынан біз сопақша ми мен Варолиев көпіршесінің үстінде орналасқан тағы бір құрылымды көреміз – ол мишық. Мишықтың ішкі құрылымы ағаш бұтақтарын еске түсіреді. Мишықтың құрылысының өзіндік суреті оның құрамына кіретін сұр және ақ заттың айқасып өрімделуінен түзілген. Ішкі тілік жасағанда сильвий өзегімен өзара жалғасқан үшінші және төртінші қарыншалар қуысы қарастыруға қолайлы болады.

Ми жарты шарларының терең қабатында орналасқан бүйір қарыншалар бұл проекцияда көрінбейді, олар үшінші қарыншамен монро тесіктері арқылы жалғасады. Төртінші қарынша Мажанди және Лушка тесіктері көмегімен қабықшалар асты кеңістігімен байланысады. Ми қуыстарының бүкіл жүйесі жұлын қуысымен жалғасады. Осы жүйеде ликвор айналымы жүреді.

Мидың төменгі бетінің құрылыс ерекшелігімен танысу үшін мидың негізін жоғары аударамыз (9-сурет). Бұл жерден де бірқатар құрылымдарды көруге болады, олардың бір бөлігімен біз вертикальды тілікте танысқанбыз. Мидың негізінен маңдай, самай бөліктерінің және желке бөлігінің біршама жерінің төменгі бетін көреміз. Маңдай бөлігінің төменгі бетінде иіс сезу талшықтарының жолын көреміз, ол иіс сезу жуашығы арқылы өтіп, ми қабатына кіреді және жарты шарлардың ішкі бетіндегі ілмек тәрізді қатпарда аяқталады (иіс сезудің қыртыстық аймағы). Біршама төменіректе көру жүйкелерінің айқасы – хиазма көзге түседі. Хиазмадан сыртқа қарай алдыңғы тесілген табақша жатыр – бұл көптеген тамырлармен және жұмсақ қабықшаның өсінділерімен тесіп өтілген сұр масса. Бұл құрылым иіс сезу жүйесіне жатады. Хиазмадан төмен, жарты шарлардың тереңінде Варолиев көпірінің қабатынан шығып, жарты шарлар қыртысына бағытталатын екі жуан будалар байқалады. Бұл ми аяқшалары. Аяқшалардың арасынан аралық мидың төменгі бөліктерін көруге болады – сұр дөңестен, екі емізік тәрізді денеден, ұшында гипофиз орналасқан түтікшеден тұратын төмпешік асты (гипоталамус). Одан төменірек ми бағанасының (діңгегінің) бөліктері көрінеді – Варолиев көпірі және сопақша ми. Бұл жерден Варолиев көпірінің қабатынан шығатын үштік нервтің бағана ядроларынан келетін түбіршектері жақсы көрінеді. Варолиев көпірі мен сопақша мидың шекарасынан есту, бет нервтерінің және сыртқа әкеткіш нервтің түбіршектері шығады. Сопақша ми көлденеңінен Варолиев көпіріне қарағанда әлдеқайда жіңішкерек болады. Сопақша мидың алдыңғы бетінде ұзынынан жатқан талшықтардан тұратын будалар көзге түседі. Бұл қозғалтқыш жолдар өтетін пирамида. Пирамидадан сыртқа қарай жұп сопақ құрылымдар жатыр – оливалар, оның талшықтары басқа жүйелермен бірге мишықтың төменгі аяқшаларын құрауға қатысады. Ми негізінде сопақша мидан шығатын, ядролары ромб тәрізді шұңқырда жататын төрт жұп бас-ми нервтері жақсы көрінеді. Бұл тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша және тіл асты нервтері. Бағана үстінде мидың желке бөлігі жағынан мишық орналасқан. Мишық екі жарты шардан және оларды біріктіретін аралық бөліктен – құрттан тұрады. Мишық мидың әртүрлі бөлімдерімен мишықтың аяқшалары деп аталатын ерекше жолдар арқылы байланысады. Бұл аяқшалардың үш жұбы болады: төменгі аяқшалар (жіп тәрізді денелер), олар олива талшықтарымен және басқа да жолдармен бірге мишықты сопақша мимен және жұлынмен байланыстырады; ортаңғы аяқшалар мишықты Варолиев көпірімен байланыстырады; жоғарғы аяқшалар мишықты ортаңғы мимен байланыстырады.

Миды көлденеңінен әртүрлі деңгейде тілуге болады. Егер тілікті көру төмпешігі арқылы жасаса, басқа құрылымдармен қатар бүйір қарыншаларды байқауға болады, олар жоғарғы және төменгі тармақтары, яғни қарыншаның мүйізшелері бар өзіндік саңылау болып табылады. Қарыншалардың түбінде тамыр өрімі көрінеді, ол ми сұйықтығын жасап шығарады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Ми топографиясын зерттеу үшін қай көріністерін бақылап, қандай жазықтықтардағы тіліктерді қарастырамыз?

  2. Мидың жалпы рельефін жарты шарлар жағынан қарастырғанда неге көңіл аударамыз?

  3. Ми жарты шарларының қандай бөліктері болады және олардың шекараларын қалай ажыратамыз?

  4. Ми қарыншалары қай жерде орналасқан, олар бір-бірімен қалай жалғасады?

  5. Ми сұйықтығын жасап шығаратын қан тамырлар өрімі қай жерде орналасқан?

  6. Вертикальды орталық сызық бойымен жасалынған тілікте мидың қандай құрылымдарымен танысамыз?

  7. Миды астыңғы бетімен аударғанда қай бөліктері көрінеді?

  8. Көлденең тіліктерде қандай ми құрылымдарын ажыратуға болады?



Үлкен ми жарты шарлары
Ақырғы ми онтогенезде алдыңғы ми көпіршігінен дамиды және екі жарты шардан тұрады. Ми жарты шарлары сұр заттан (жасушалардан) және ақ заттан (талшықтар және өткізгіш жолдар) құралады. Ғалымдардың үлкен жарты шарлар қыртысының микроскопиялық зерттелуі нәтижесінде оның құрылысының (архитектоникасы) бірдей еместігі көрсетілді (10-сурет). Қыртысты түзетін жасушалар мен талшықтар әртүрлі аймақтарда ерекше құрылымды болады. Осыған байланысты қыртысты оның қабаттарының қалыңдығымен, тығыздығымен және құрамындағы элементтердің құрылыс ерекшеліктерімен сипатталатын бірқатар аймақтарға (алаңдарға) бөледі. Бірқатар авторлар үлкен жарты шарлар қыртысында әртүрлі алаңдарды ажыратты. Солай, К. Бродман 52 алаңды, К. Экономо – 109, О. Фогт -180, Г. Коскинас – 119 алаңды бөліп шығарды.

Қазіргі нейрогистология үлкен жарты шарлар қыртысының алты қабатты құрылысын мәлімдейді. Қыртыстың келесі қабаттары ажыратылады: бірінші – зоналық құрылымды, жасушаларға бай емес; екінші – сыртқы дәнді қабат (дән тәрізді жасушалар басым); үшінші – пирамидалық жасушалар қабаты; төртінші – ішкі дәнді қабат (майда дән тәрізді жасушалар басым); бесінші қабат – ганглионарлы, онда үлкен пирамидалық жасушалар кездеседі; алтыншы – мультиформдық қабат, ол үшбұрышты және ұршық тәрізді пішіндегі жасушалардан құралған және көбінесе екі қабатшаға бөлінеді. Бірақ алты қабатты құрылыс қыртыстың барлық аймақтарында бірдей болмайды. Мысалы, А. Каперс, И. Н. Филимонов және К. Экономо зерттеулері көрсеткендей, алдыңғы орталық қатпарда дәнді қабат мүлдем жоқ. Керісінше, құс аяқшасының тепкіші атты саланың аймағында ішкі дәнді қабат үш жеке қабаттарға бөлінеді. Сол сияқты, алты қабатты құрылыстың жоқтығы ілмек тәрізді қатпар аймағында да байқалады (иіс сезудің қыртыстық орталығы). Шамамен қыртыстың 1/12 бөлігінде алты қабатты құрылыс қатаң сақталмаған. Қыртыстың бұл аймақтары жоғарғы жануарлардың қыртысынан адамдардың қыртысына өтетін өтпелі формация болып табылатын ескі қыртысқа (аллокортекс) жатады. Жаңа қыртыс (неокортекс) адамдарда үлкен жарты шарлар бетінің 96% құрайды. Оның басым бөлігі алты қабатты құрылыспен сипатталады. Қыртыстағы талшықтар нейрондардың бұтақтары болып табылады. Әдетте оларды екі топқа бөледі. Бір тобы вертикальды (шашыранды) бағытталып, басқа тобы горизонтальды созылып жатады. Горизонтальды талшықтардың ішінде әртүрлісін, яғни түрлі жолақтарды ажыратады. Қыртыстың әртүрлі қабаттарындағы жасушалар мен талшықтар құрылысының ерекшеліктері болады. Жеке қабаттардың қызметтік маңызы әлі толық анықталмаған. Жоғарғы қабаттар ассоциативтік (байланыстырушы) қызметті, төртінші (дәнді) қабат негізінен рецепция, яғни қабылдау қызметін атқарады деп, бесінші және алтыншы қабаттардың қозғалыс актілеріне қатысы бар деп айтуға негіз бар.

Ми қыртысында маңдай, төбе, самай және желке бөліктерін ажыратымыз. Оларға тән ерекшеліктерді қарастырайық.

Маңдай бөлігі ми жарты шарының алдыңғы бетін алып жатады және қыртыстың төбе бөлігінен (артында) роланд саласымен және самай бөлігінен (астында) сильвий саласымен шектелген.

Маңдай бөлігі салалар мен қатпарлармен жабылған, олардың ішінде роланд саласына параллельді жүретін прецентральды сала ажыратылады. Олардың арасында алдыңғы орталық қатпар орналасқан. Маңдай аймағының алдыңғы бөлімінде жоғарғы және төменгі маңдай салалары бөлінеді, олардың арасында жоғарғы, ортаңғы және төменгі маңдай қатпарлары орналасқан. Құрылысы мен қызметіне қарай төменгі маңдай қатпары бірыңғай емес және үш бөлікке бөлінеді: жоғарғы (оперкулярлық), ортаңғы (триангулярлық) және төменгі (орбитальдық). Ми қыртысының бұл аймағы ең үлкен маңызға адамдарда ие болды, өйткені ол сөйлеу қызметімен тығыз байланысты. Маңдайлық конус ең жас аймақ болып табылады.

Маңдай бөлігінің қыртысы ең қалың (2,5-4,5 мм). Оның микроскопиялық құрылысы бірыңғай емес, бұл әртүрлі қызмет атқаратын қыртыс аймақтарын бөліп шығаруға мүмкіндік береді. Біріншілік моторлық алаңнан (4-ші алаң) пирамидалық жол басталады, ол алдыңғы орталық қатпарда орналасқан. Бұл алаңның алдында 6-шы алаң орналасқан (екіншілік моторлық алаң), ол бір қалыптан екінші қалыпқа ауысуды қамтамасыз етеді. Осы екі алаң тығыз байланыста жұмыс істейді. 4-ші және 6-шы алаңдардың төменгі бөліктері бет, артикуляция, жұтқыншақ бұлшық еттерін жүйкелендіреді. Ортаңғы бөліктері қолдың қозғалысын, әсіресе саусақтардың майда моторикасын қамтамасыз етеді. Жоғарғы бөлігі аяқтарды жүйкелендіреді. 4-ші алаң, әсіресе оның төменгі бөлігінде, роланд саласына ығысқандығы, ал сыртқы бетінде ол сөйлеу қызметіне қатысы бар төменгі маңдай қатпары аймағын алып жатады (44-ші және 45-ші алаңдар). Артикуляциялық бұлшық еттерді жүйкелендіретін бөліктердің жанында қолдың жалпы және майда моторикасын қамтамасыз ететін қыртыс аймағы орналасқан. Сөйлеу және еңбек – адам қызметінің негізі, өзара тығыз байланысты. Алдыңғы орталық қатпардың аяқтарға импульс жіберетін жоғарғы бөліктері қыртыстың екі жарты шарлар арасындағы ішкі бетіне өтеді. Ортаңғы маңдай қатпарында (4-ші және 6-шы алаңның бет бұлшық еттерін нервтендіретін аймағына сәйкес) 8-ші алаң орналасады, ол бір жаққа қарай бұрылу кезінде бас пен көздің бірлескен қозғалысын қамтамасыз етеді.

Маңдай конусы (қыртыстың префронтальды аймағы) ең жас құрылым болып табылады, ол тек қана адамдарда болады және қыртыстың, қыртыс астының және ми бағанасының барлық бөлімдерімен тығыз байланысты болады. Маңдай конусы жоғарғы психикалық және эмоциялық-ерік қызметінің барлық түрлері үшін жөнелту механизмі болып табылады. Сөйлеу аймағымен тығыз қатынаста болуына негізделіп, маңдай конусы (10-шы алаң) адамның ерікті қызметін, барлық жоғарғы психикалық функцияларын қалыптастырады.



Төбе бөлігі жарты шарының жоғарғы-бүйір бетін алып жатады. Оның шекаралары: алдында роланд саласы, төменгі жағында сильвий саласы, артқы жағында тұрақсыз алдыңғы желке саласы. Төбе аймағының қыртысы маңдай бөлігімен салыстырғанда жұқарақ болады – 1,5-2,5 мм. Роланд саласына параллель артқы орталық қатпар орналасады, ол төбе бөлігінің біріншілік алаңдары болып табылатын 3-ші, 2-ші, 1-ші алаңдарға бөлінеді; бұл алаңдарда беткей және терең сезгіштіктің жолдары аяқталады. Төбе бөлігінің төменгі шетінде 40-шы үлкен алаң (екіншілік алаң) орналасады, онда беткей және терең сезгіштіктің (кинестезия) қабылдау негізінде үйреншікті қимылдар бекітіледі – праксис. Артикуляциялық бұлшық еттер үшін бұл 40-шы алаңның төменгі бөліктері – оральды праксис. Төбе аймағының үшіншілік алаңы (39-шы алаң) төбе, желке және самай аймақтарының түйіскен жерінде орналасады және көру-кеңістік синтезді қалыптастыру (конструктивті праксис) – кеңістікте және дене жобасында бағдарлану сияқты күрделі қызметті орындайды. Төбе аймағының осы бөлігінің қалыптасуы әлдеқайда кеш және мидың көру, есту бөліктерімен тығыз байланыста өтеді.

Желке немесе шүйде бөлігі ми жарты шарларының артқы жағында орналасады, мидың төбе және самай бөліктерімен тығыз байланыста және айқын шекарасы жоқ. Бұл ең кеш пайда болған құрылым, оның қалыңдығы 1,5-2,5 мм. Қыртыстың микроскопиялық құрылысы бірдей емес, соған байланысты барлығы үш алаңды ажыратады – 17-ші,18-ші,19-ші. Цито- және миелоархитектоника жағынан талшықтардың горизонтальды түрі басым болып келген төртінші (дәнді) қабат әсіресе дамыған.

Желке аймағының біріншілік алаңы 17-ші алаң болып табылады, онда көру жолы аяқталады. Бұл алаң ең ескі құрылым болғандықтан, ол мидың ішкі бетіне толығымен ығысқан. 17-ші алаңда көру анализі мен синтезінің қарапайым емес, кешенді түрлері бекітіледі. Екіншілік 18-ші алаң біріншілік алаңның үстіне орнатылған және басқа бөліктермен бірге көру импульстарын қабылдау қызметін атқарады. Құрылымы жағынан ең күрделі 19-шы үшіншілік алаң болып табылады, ол қыртыстың сыртқы бетінде орналасқан (самай және төбе бөліктерімен қиылысқан аймақтар) және сөйлеумен тығыз байланысты.



Самай бөлігі жарты шарылардың төменгі бүйір бетінде орналасқан. Қыртыстың бұл аймағы маңдай және төбе бөліктерінен сильвий саласымен бөлінген. Желке бөлігімен шекарасы шартты. Самай бөлігінің сыртқы бетінде үш самай салалары орналасқан: жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Олардың арасында сәйкес самай қатпарлары бар. Самай аймағында көлденең Гешль қатпары көзге түседі, онда есту жолы аяқталады. Өте ерте пайда болған Гешль қатпары толығымен сильвий саласына ығысқан. Онда 41-ші және 42-ші алаңдар орналасқан – есту аймағының біріншілік (проекциялық) алаңдары.

Самай бөліктің сыртқы бетінде жоғарғы самай қатпары (22-шы алаң) орналасады, бұл алаңда жасушалардың ассоциативтік қабаты басым болады, олар мидың самай бөлігін қыртыстың басқа бөлімдерімен, атап айтқанда желке, төбе және моторлы (қыртыстың төменгі премоторлық аймақтарымен) аймақтарымен байланыстырады. Самай аймағының ортаңғы бөліктері – 21-ші алаң, ол үшіншілік алаң болып табылады да, тек қана адамдарға тән және сөз тіркестерін (лексика-грамматикалық құрылымдарды) қабылдаумен және есте сақтап қалумен байланысты болады.



Ми қыртысының самай және желке бөліктерінің шекарасында 37-ші алаң пайда болады, онда көру және есту аймақтарына келетін кешенді тітіркенулер бекітіледі. Бұл байланыстар өте ерте (сөйлеуге дейінгі кезеңде) қалыптаса бастайды да, сөйлеуді қабылдау мүмкіндігін және қоршаған заттарды атауды қамтамасыз етеді. Қыртыстың бұл аймағы қыртыстың маңдай аймағының премоторлық бөлімдерімен тығыз байланысты болып, баланың сөйлеуінің даму мүмкіндігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар бас пен көздің дыбысқа бұрылуын (дыбыс шығарушы денеге қарай) қамтамасыз етеді.

Лимбикалық аймақ ми қыртысының ежелгі құрылымы (лимбикалық немесе жиектік қыртыс), жарты шарлардың төменгі және ішкі бетінде орналасқан. Ол қыртыс асты құрылымдары тобына жататын бадам тәрізді ядромен, иіс сезу жүйкесімен, мидың үлкен жарты шарлары қыртысының маңдай, төбе және самай бөліктерінің кей аймақтарымен, сонымен қатар төмпешік асты аймағымен және ретикулярлық формациямен бірігіп лимбико-ретикулярлық жүйе құрайды. Бұл күрделі, көп деңгейлі құрылым қыртыстың тонусынының реттелуін, ішкі мүшелердің әр тарапты күрделі қызметін, мотивациялық-эмоциялық реакциялар мен күрделі инстинкттерді қамтамасыз етеді, сыртқы әлеммен байланыстырады. Филогенездің ерте кезеңдерінде бұл аймақ күрделі қызмет атқарған және тірі организмдердің өмірінде маңызы зор болған иіс сезу жүйкесімен тығыз байланыста қалыптасқан (иіс сезу миы). Адам өмірінде иіс сезу өзінің бастапқы мағынасын жоғалтты, бірақ эмоциялар тарапына, соматикалық және висцералдық қызметтердің жағдайына әсер етуін сақтап қалды.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Ақырғы ми онтогенезде қай ми көпіршігінен дамиды?

  2. Ми қыртысының архитектоникасына сипаттама беріңіз?

  3. Қыртыстың жасушалық қабаттарын атап шығыңыз?

  4. Қыртыстың алаңдарға бөлінуі неге байланысты?

  5. Ми қыртысының қандай бөліктері бар?

  6. Әр бөліктің біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдарының орналасуына және қызметіне тоқталып өтіңіз?

  7. Маңдай конусының ерекшелігі неде?

  8. Лимбикалық аймаққа сипаттама беріңіз?



Ми қыртысындағы қызметтердің орны
Алдыңғы мидың құрылысын зерттеу, әрине, қыртыстың жеке аймақтарының қызметтік маңызын тексеріп білуден бөлек жүрізілуі мүмкін емес еді. Қызметтердің үлкен жарты шарлар қыртысындағы орнының мәселесі ертеден бері ғылыми жаратылыстанудың ең күрделі салаларының бірі болған. ХІХғ. екінші жартысында организмнің жасушалық құрылысы ашылды, Ч. Дарвиннің белгілі еңбектерінде эволюциялық теория толығымен расталды, Д. И. Менделеев химиялық элементтердің периодты кестесін ашты, ал ми туралы ғылым ешбір айтарлықтай алға басқан жоқ. Дәл осы кезеңді сипаттай келе, И. П. Павлов былай деген: «Жаратылыстану ілімінің Галилей заманынан бері келе жатқан қарқынды жүрісі мидың жоғарғы бөлігінің алдында, немесе, жалпы айтқанда, жануарлардың сыртқы ортаға деген күрделі қатынастарының мүшесі алдында едәуір тоқталды». Ми жұмысының ерекшеліктері туралы сұрақ таласты болды. Ми қалай жұмыс істейді? Оның құрылысында жеке қызметтерді таңдап басқаратын бөлек-бөлек орындар, орталықтар бола ма, жоқ әлде әртүрлі, әсіресе психикалық, қызметтерді реттеуге бүкіл ми тұтас қатыса ма?

1825жылдың өзінде француз оқымыстысы Ж. Галль бүкіл ми қыртысы әртүрлі психикалық қабілеттерді басқаратын көптеген орталықтармен жабылғанын болжаған. Жеке қабілеттердің (мысалы, математикалық) жақсы дамуы, Галльдың айтуы бойынша, белгілі бір орталықта қыртыс массасының күшті дамуымен қамтамасыз етіледі. Бұл қыртыстың белгілі бір аймақтары бас сүйегінің ішкі қабырғаларына қысым жасауының арқасында пайда болатын, бас сүйегінің бетіндегі шығыңқы, тегіс емес жерлердің қалыптасуына әкеп соғады («математикалық төмпешіктер» деген атау осыдан қалыптасқан). Галльдың ілімі (френология) сәйкес ғылыми зерттеулермен расталмай, тез арада теріске шығарылды. Қызметтердің орны туралы сұраққа М. Флуранс, Ф. Мажанди және басқалар қарама-қарсы көз қарас білдірді, олар қыртыс әрбір актіде түгел біртұтас құрылым ретінде қызмет жасайды және арнайы жергілікті орталықтар жоқ деп есептеген. Осыған ұқсас, қыртыстың барлық бөлігінің эквипотенциалды (тең мағыналы) маңызын қолдайтын көзқарастар да дұрыс болмады.

Келесі зерттеулер сөйлеудің моторлық орталығының ерекше маңызын анықтап, жергілікті орталықтардың бар екендігіне қарсы пікірлерді теріске шығарды. П. Броктың қорытындылары афазиямен науқастанғандарды клиникалық бақылаудың нәтижелерін ауру өлгеннен кейінгі миды зерттеудің патологоанатомиялық мәліметтерімен салыстыру негізінде жасалды. Бұл жаңалық қызметтердің орны туралы ілімнің дамуының басы болды. Бұдан әрі О. Фрич, Е. Гитциг, одан кешірек Г. Мунк тітіркендіру және экстирпация әдісімен өткізген классикалық тәжірибелер үлкен жарты шарлар қыртысындағы қызметтердің орны туралы ілімге көптеген бағалы үлес қосты. Бұл зерттеушілер қыртыстың белгілі бір аймақтарын электр тоғымен тітіркендіріп, және де алып тастап немесе бұзып, жануарлардың содан кейінгі әрекетінде қандай өзгерістер болатынын бақылады. Осындай тәжірибелер нәтижесінде олар ми қыртысының маңдай бөлігінде қозғалтқыш орталықтардың бар екендігі анықтады. Келесі Г. Мунк, Д. Ферриери, одан кешірек В. М. Бехтерев тәжірибелері ми қыртысында қозғалтқыш орталықтардан басқа жалпы сезімталдықтың есту, көру, иіс сезу, дәм сезу орталықтарының бар екендігін анықтады. Осы кезеңде П. Флексиг маңдай және төменгі төбе бөліктерінің психикалық процестердегі маңызын атап өтті. К. Вернике жоғарғы самай қатпарының артқы бөлігінің сөйлеудің рецептивтік қызметімен байланысын көрсетті (сөйлеудің сенсорлық орталығы). Г. Липман төбе бөлігінің праксис қызметіне қатысын анықтады. Праксис – бұл жеке өмір тәжірибесінде қалыптасатын үйреншікті қозғалыстар.

Осылайша, біртіндеп, жеке қызметтердің орнына қатысты ми қыртысының эквипотенциалды (тең мағыналы) еместігі анықталды. Сол замандағы зерттеулер маңдай бөлікте қаңқа бұлшық еттерінің және сөйлеу мүшелерінің қозғалысын басқаратын қозғалтқыш орталықтың жатқанын, сонымен қатар психикалық процестердің орталықтарының («жоғарғы» орталықтар) орналасқандығын көрсетті. Төбе бөлігі жалпы сезімталдықтың әртүрлі процестерінің реттелуімен тығыз байланыстырылды. Самай бөлігінде есту орталығы және сөйлеуді түсіну орталығы (сенсорлық орталық), желке бөлігінде көру орталығы, ми жарты шарының ішкі бетіндегі ілмек тәрізді қатпарда иіс сезу орталығы анықталды; дәм сезу орталығының орны таласты болды, оның орналасуы маңдай бөлігінің оперкулярлы аймағына жатқызылды.

Қыртыстың жалпы біртұтас қызмет атқаруындағы мидың жеке аймақтарының қызметтік маңызын зерттеуде белгіленген дұрыс тенденцияға қарамастан, сонда да бірқатар қарама-қайшылықтар болып, әртүрлі бағыттар туды. Сөйтіп оқымыстылардың бір тобы локалистикалық бағытты ұстанды да, қыртыстың әртүрлі аймақтарына қатаң белгіленген қызметтік мән берді. Осы мағынада олар психикалық процестердің әртүрлі орталықтарын сипаттап (зейін, жады, ерік, мінез орталықтары және т.с.с.), оларды мидың белгілі бір аймақтарына орайластырды. Осы сияқты қарастыру аспектінде, А. Г. Иванов-Смоленский көрсеткендей, анатомо-психологиялық корреляциялар (ұштастырылу) принципі әрекет еткен, яғни қыртыстың белгілі бір анатомиялық аймағына жеке психикалық қызметтердің орындалуы тіркелініп қойылды, сонда физиологиялық тізбек мүлдем ескерусіз қалды. Әсіресе енсіз локализационизммен неміс ғалымы К. Клейсттің жұмыстары ерекшеленді.

Зерттеушілердің басқа тобы аздап басқаша тұрғыдан қарады, олар қыртыстың біртұтас реакциясына жергілікті белгілерден гөрі үлкен маңыз берді. Кейінірек бұл К. Лешли еңбектерінде көрініс тапты, ол жергілікті белгі екінші кезектегі маңызға ие болады, ал қызметтің бұзылуы мөлшерлік шамаға (зақымданған ми массасының өлшемімен) байланысты деп есептеген. К. Гольдштейн қыртыстың жеке аймағы зақымданғанда қалған қыртыстың барлық жерінде өтетін қайта құрылудың маңыздылығын атап көрсетті, бұл қыртыстық қызметтердің сипатын күрт өзгертеді.

Осылайша, қызметтердің орны туралы ілімді тарихи даму тұрғысынан қарастырғанда бір-біріне қарама-қайшы негізінен екі бағыт болғандығы көрінеді.

Ғылым дамуының өткен кезеңдерінде үлкен жарты шарлар қыртысындағы қызметтердің орны жөніндегі сұрақтың қанағаттанарлық шешімінің болмау себептері неде? Әртүрлі бағытты ұстанушыларда үнемі туындап отырған қарама-қайшылықтардың қайнар көзі қайда? Бұл сұрақтың жалпы өте күрделі екендігін айтпағанда, осы мәселенің сәтті шешілуін тежеген белгілі бір себептер болды.

Ең алдымен, бұрынғы авторлардың жұмыстарында бақыланған фактілерді қатаң ғылыми түрде түсіндіруге негіз болатын белгілі бір методологиялық принцип болған жоқ. Диалектикалық ыңғайдың болмауы, көрсетілген мәселені дұрыс жолға қоймай, шешілмес қарама-қайшылықтарға әкелді. Бұл мәселені организмде өтетін әртүрлі процестердің қарым-қатынасы мен өзара байланыс әрекеті баса атап көрсетілетін диалектикалық әдіс негізінде қарастыру осы жалған қарама-қайшылықтарды түбегейлі жояды. Мидың жеке аймақтарының жергілікті шектелген жұмысы қыртыстың біртұтас реакциясына қарама-қарсы келмеуі керек, бұл ми қызметінің бүтін процесінің тек екі қарама-қарсы жағы ғана. Осы мәселенің шешілуінің қиындауына екінші себеп сол кезеңде ми физиологиясы саласында ғылыми зерттеулердің әлсіз дамуы болды.

Орыс ғалымы И.М.Сеченовтың мидың жұмысындағы рефлекторлық принципті ашқан еңбектері мен И.П.Павловтың қалыпты және патологиялық жағдайда ми жарты шарларының қыртысында жүйке процестерінің белгілі өту заңдылықтарын анықтаған еңбектері аса ерекше маңызға ие болды. Бұл үлкен жаңалықтар орыс ғалымдарын табиғаттану ғылымында әлемдік деңгейге көтерді.

И. П. Павловтың мидың физиологиялық қызметі туралы ілімі клиникада невропатологтар мен психиатрлардың жұмысын тереңдетті. И. П. Павловтың еңбегі арқасында үлкен ми жарты шарлары қыртысындағы қызметтердің орнының мәселелері жаңа түсінікке ие болды. Осы мәселенің даму жолында алға үлкен қадам жасалынды.

Қазіргі уақытта А. Р. Лурия мен оның шәкірттерінің еңбектері мидың қыртысының әрбір аймағы белгілі бір қызмет атқаратынын және анатомиялық құрылысы мен физиологиялық сипатының ерекшеліктері болатындығын дәлелдеді.

Ми қыртысындағы қызметтердің орны жайлы қазіргі заманғы түсінік А. Р. Лурия, Г. И. Поляков пен олардың шәкірттерінің еңбектерімен байланысты.

Ми бөліктерінің және оның аймақтарының маңызы жайлы анатомиялық, физиологиялық және клиникалық зерттеулерді салыстыра отырып, ғылым олардың айырмашылығын дәлелдеп, ерекшеліктерін ашты (11-сурет). Сонымен әрбір бөлікте біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдар бар. Біріншілік алаңдардың ерекшелігі соматотопиялық проекцияның құрылымдық және қызметтік ұйымдастырылуы болып табылады, онда шеттегі жеке нүктелер (тері бетіндегі, қаңқа бұлшық еттеріндегі, көз торшасындағы, есту жасушаларындағы) ми қыртысындағы біріншілік алаңдардың қатаң шектелген сәйкес жерлеріне проекцияланады (көрініс табады), сондықтан біріншілік алаңдарды проекциялық алаңдар деп те атайды. Біріншілік алаңдар шеттегі құрылымдармен тікелей байланысқан, бұл алаңдарда белгілі бір жолдар не басталады (мысалы, пирамидалық жол қыртыстың маңдай бөлігінен басталады), не аяқталады (мысалы, көру жолы мидың желке бөлігінде, есту жолы самай бөлігінде, жалпы және терең сезігіштіктің жолы төбе бөлігінде аяқталады).

Алдыңғы және артқы орталық қатпарда мидың сыртқы бетінде мимикалық және артикуляциялық бұлшық еттерді қамтамасыз ететін үлкен аймақ бар, одан сәл жоғары (қатпардың ортадағы үштен бір бөлігі) ми қыртысының қолдарды және әсіресе саусақтардың қимылын қамтамасыз ететін жерлер орналасқан. Қатпардың ең төбесінде, мидың ішкі бетіне өтетін жерінде аяқтарды қамтамасыз ететін аймақтар жатады. Алдыңғы және артқы орталық қатпарларда қозғалтқыш және сезгіш бөлімдердің орналасуы адам үшін артикуляциялық моториканың және қолдың икемділігінің маңызды екенін көрсетеді. Аяққа жауапты орталықтар, адам үшін маңызы аздап төмен болғандықтан, қыртыстың ішкі бетіне қарай ығысқан.

Екіншілік алаңдар, біріншілік алаңдардың үстіне құрыла орналасып, бас пен көздің бұрылуы, бас пен дененің бұрылуы, қолдың ұстап алу қозғалысы, жалпы және артикуляциялық бұлшық еттердегі ауысулар сияқты қозғалыс актілерін ұйымдастыруда күрделі интегративтік қызмет атқарады.

Сөйлеу қызметінде мидың доминантты жарты шарының үшіншілік алаңдары ең үлкен маңызға ие болады. Қыртыстың барлық бөліктерінен және мидың төменгі бөлімдерінен күшті импульстер алып, қыртыстың үшіншілік алаңдары белсенділік күйлерін ойластырылған мақсаттар мен ниеттермен сәйкестікке келтіре отырып, оларды реттеуде маңызды роль атқарады. Белсенділік күйін реттеумен қатар, мидың префронтальды аймақтары адамның мінез-құлқының қалыптасуына қатысады. Мидың префронтальдық алаңдарының өсу қарқыны 3-4 жаста және 7-8 жаста күшейеді, бұл нерв жүйесі дамуының жауапты сын кезеңдеріне сәйкес келеді.

Маңдай қыртысының төменгі бөлімдері лексикалық және грамматикалық құрылымдардың қалыптасуымен байланысты. Адамның саналы қызметінің реттелуі сөйлеудің қатысуымен іске асырылады. Психикалық процестер сөйлеу қызметінің негізінде қалыптасып, соның негізінде өтеді. Сөйлеу қызметі дамудың ерте сатыларында жайылған сипатта болады, ал кейін бара-бара қысқара отырып, ішкі сөйлеуге ауысады, сондықтан маңдай бөліктерінің бағдарламалаушы, реттеуші және қадағалаушы әсері сөйлеу қызметімен тығыз байланысты. Адам миының маңдай бөліктері кез-келген саналы қызметпен бірге ере жүретін белсенділіктің шұғыл жоғарылауына тікелей қатысады.

Қорытындылай келе, рефлекторлық сақина деп аталатын күрделі өзін-өзі реттейтін жүйенің қалыптасуын қамтамасыз ететін үш қызметтік бірлестіктің тығыз байланысын атап өту керек. Оның әрбір бөлшегінің құрамына афференттік және эфференттік құрамдас бөліктер кіреді және психикалық қызметтің сипатын анықтайды (А. Р. Лурия, А. Н. Леонтьев).


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Қызметтердің үлкен жарты шарлар қыртысындағы орнының мәселесі қай кезден бастап дамыды?

  2. Осы мәселеге деген қандай негізгі көзқарастар болды?

  3. Локалистикалық бағыттың мәнісі неде?

  4. Қыртыстың эквипотенциалды қызметі туралы пікірді қалай түсіндіңіз?

  5. Бұл пікірлер неге негізделді және олардың қарама-қайшылығының шешілмеу себебі неде болды?

  6. И. М. Сеченов пен И. П. Павлов еңбектерінің қыртыстағы қызметтердің орны жайлы мәселенің шешім табуына қосқан үлесі қандай?

  7. Қыртыс құрылысындағы 3 түрлі аймаққа сипаттама беріңіз?

  8. Осы аймақтардың тығыз байланысы нені қалыптастырады?

  9. Жүйке жүйесі дамуының жауапты сын кезеңдері қай жаста болады?

  10. Қыртыстың маңдай бөлігінің негізгі қызметтік маңызы неде?


Қыртыс асты аймағы
Қыртыс асты құрылымдары – бұл ми қыртысына ең жақын орналасқан сұр заттың жинақталуы. Пайда болған кезіне, құрылысына және маңызына қарай қыртыс асты құрылымдары әртүрлі болып келеді. Бұлардың ішінде ажыратылатындары: құйрықты ядро, жасымық дәні тәрізді ядро,қоршау тәрізді ядро және бадам тәрізді ядро. Құйрықты ядро алдыңғы ми көпіршігінен пайда болған, сондықтан ол шығу тегіне қарай ми қыртысына жақынырақ деп саналады. Жасымық дәні тәрізді ядро қабық пен бозғылт шарға бөлінеді. Құрылымдары жағынан бір-бірімен жақын болып келетін, сонымен қатар екеуі де салыстырмалы кеш қалыптасқан қабық пен құйрықты ядро бірігіп, стриатум (жолақ дене) деп аталады. Ал бозғылт шар (паллидум) – бұл ертерек қалыптасқан құрылым, ол жолақ дененің антагонисті. Паллидум қыртыс астының өте ескі құрылымы ретінде қызыл ядролармен тығыз байланысты болады. Олардан импульстарды мидың қыртыстан төмен орналасқан барлық бөлімдерінен жұлынның алдыңғы мүйізіне алып баратын экстрапирамидалық жол (Монаков будасы) басталады. Бұл шартсыз рефлекстердің жолы.

Жолақ дене мен бозғылт шар қосылып, стрио-паллидарлық жүйе құрайды. Бадам тәрізді ядро лимбикалық аймақпен тығыз байланысты. Қоршау тәрізді ядроның маңызы түсініксіз.

Қыртыс асты түйіндерінің құрылысы едәуір күрделі. Осылай, жолақ денеге ірі және ұсақ көп бұрышты жасушалар тән, бұл жасушалар хроматофильді цитоплазмасымен және дендриттерінің көптігімен ерекшеленеді. Бозғылт шардың құрылысында үшбұрышты және ұршық тәрізді жасушалар басым болады, сонымен бірге мұнда талшықты құрылымдар көп болады.

Қыртыс асты түйіндері бір-бірімен, сонымен қатар қыртыспен, аралық және ортаңғы мимен тығыз байланысты. Қыртыс асты түйіндерінің қыртыспен байланысы көру төмпешігі мен оның өткізгіш жолдары арқылы жүзеге асады. Кейбір зерттеушілер қыртыстың қыртыс асты түйіндерімен тікелей байланысы бар деп санайды.

Қыртыс асты түйіндері ақ затпен қоршалған, оның өзіндік дорба деген атауы бар. Ішкі, сыртқы және тысқы дорбалар ажыратылады. Дорбалар арқылы әртүрлі өткізгіш жолдар өтеді, олар қыртысты төмен орналасқан аймақтармен және тікелей қыртыс асты түйіндерімен байланыстырады. Жеке алғанда, қыртыстың ми мен жұлынның әртүрлі қабаттарымен байланысын қамтамасыз ететін пирамидалық жол ішкі дорба арқылы өтеді. Қызметтік жағынан қыртыс асты түйіндері еріксіз қимылдардың негізі болып, күрделі қозғалыс актілеріне қатысады. Олар сонымен қатар жоғарғы нерв қызметінің іргетасын қалайтын күрделі шартсыз рефлекстердің –тамақтану, қорғану, бағдарлау, жыныстық және т.б. – негізгі болып табылады. Бұл рефлекстердің әрқайсысы қаңқа бұлшық еттері арқылы жүзеге асады. Алайда бұл рефлекстердің барлығы тек қыртыс асты түйіндерінде ғана анық орын алады деп ойлау қате болар еді (Е. К. Cenn). Оның орналасуының құрылымы кеңірек болады, өйткені оған аралық және ортаңғы мидың басқа деңгейлері де қосылады. Қыртыс асты құрылымдарының вегетативті орталықтармен тығыз байланысы олардың вегетативтік қызметтердің реттеушісі болып табылатынын, эмоционалдық-көрнектілік, қорғаныш қозғалыстарын және автоматтық қимылдарды орындайтынын, бұлшық ет тонусын реттейтінін, дене қалпының өзгеруі кезінде көмекші қозғалыстарды анықтайтынын көрсетеді.

Қыртыс асты түйіндерінің қызметін зерттеуге И. П. Павлов зор көңіл аударған. Ол қыртыс астын қыртыстың аккумуляторы, қыртысқа нерв энергиясының қуатын беріп отыратын күшті энергетикалық негіз ретінде қарастырды. Сонымен бірге ол қыртыс асты түзілістері тек қана дөрекі нерв қызметін орындай алады және өте сезімтал ажырату мен жіктеуді орындауға қабілетті қыртыс тарапынан ылғи үздіксіз реттелуді қажет етеді деп санады.

Қыртыс пен қыртыс астының қарым-қатынасын сипаттай отырып, И. П. Павлов былай деп жазды: «Менің қыртыс қызметіне қатысты айтқанымның бәрін қорыта келе, айтуға болатын нәрсе, қыртыс асты бүкіл жоғарғы нерв қызметінің энергия көзі болып табылады, ал қыртыс осы соқыр күшке бағыт беріп, тоқтататын реттегіш қызметін атқарады».
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Қыртыс асты құрылымдарын атап өтіңіз?

  2. Қыртыс асты құрылымдарының шығу тегін түсіндіріңіз?

  3. Стрио-паллидарлық жүйені не құрайды?

  4. Қыртыс асты түзілімдерінің қызметі қандай, олардың вегтативтік жүйемен байланысы қандай?

  5. Өзіндік дорба неден құралған, оның жіктелуі мен қызметі?

  6. Қыртыс асты түйіндері мен қыртыстың өзара қарым-қатынасына И. П. Павлов қандай сипаттама берді?



Аралық ми
Аралық ми (12-сурет) екінші ми көпіршігінен пайда болған, жарты шарлардың ішкі бетінде, сүйелді дене мен күмбездің астында орналасады, құрамына екі көру төмпешігі кіреді (әр жарты шарда). Олардың арасында үшінші қарынша деп аталатын жіңішке саңылау сақталған (бұрынғы ми көпіршігінің ізі). Үшінші қарыншаның түбінен төмен төмпешік асты (гипоталамикалық) аймағы орналасқан, ол гипофизбен (ішкі секреция безі) екі жақты байланыстармен тығыз байланысып, нейроэндокринді жүйе түзеді.

Көру төмпешігі (таламус) әр жарты шарда бар. Екі көру төмпешігі бір-бірімен сұр дәнекер арқылы байланысқан. Сұр дәнекерде екі көру төмпешігі ядроларын біріктіретін жолдар өтеді. Көру төмпешігі үш негізгі ядролардан тұрады: алдыңғы, ішкі және сыртқы. Сыртқы және ішкі ядролардың түйіскен жерінде ортаңғы ядро, немесе Льюис денесі, орналасады. Гистологиялық тұрғыдан көру төмпешігі ядролары ганглиозды көпполюсті жасушалардан тұрады. Сыртқы ядролар жасушаларында хроматофильді дәндер болады. Көру төмпешігі жоғарғы жағынан миелинді талшықтар қабатымен жабылған. Көру төмпешігінің ядролары екі жақты кең байланыстары арқылы ми қыртысымен және қыртыс асты құрылымдарымен қатынасып жатады. Көру төмпешігіне төмен жатқан бөліктерден, ортаңғы, артқы мидан және жұлыннан жүйке жолдары келеді; өз кезегінде көру төмпешігінен де сол бөліктерге кері қарай жүйке жолдары кетеді.

Көру төмпешігіне төменгі бөліктерден келетін жүйке талшықтары сезімталдықтың әртүрлі импульстарын әкеледі. Солай көру төмпешігінің сыртқы ядросына ішкі (медиальды) ілмектің және де жұлын-мишық жолының талшықтары, үштік жүйкенің сезімталдық жолы, кезбе және шығыр нервтерінің талшықтары келеді.

Көру төмпешігінің ядролары көптеген байланыстар арқылы аралық мидың басқа да бөліктерімен қосылады. Осылайша, көру төмпешіктерінде барлық түрлі сезімталдық жолдарының аяқталуы шоғырланады.

Көру төмпешігіне ерекше құрылым тығыз жанасып жатады – тізе тәрізді денелер. Әр жарты шарда ішкі және сыртқы тізе тәрізді денені ажыратады. Тізе тәрізді денеде көру сезімталдығының бірінші нейроны мен есту жолдарының екінші нейроны аяқталады, және де есту жолы ішкі, ал көру жолы – сыртқы тізе тәрізді денеге келеді. Тізе тәрізді денелерде осы денелердің ядроларын түзетін сұр заттың жинақталған жерлері болады.

Көру төмпешігінің артында (кішкене төменірек) ерекше құрылым – эпифиз (ішкі секреция безі) орналасқан.

Зерттеулер көрсеткендей, эпифиз организмнің бірқатар маңызды функцияларын басқаруда ерекше роль атқарады. Эпифизден басқа да эндокриндік бездердің қызметін реттеп отыратын гормондық белсенділігі бар заттар бөлінген. Эпифиз организмнің күн мен түннің ауысуына бейімделуі мен бағдарлануына мүмкіндік беретін мүше қызметін атқарады деп болжанған. Оның гормоны организмнің бірқатар жүйесінің жұмыс істеу ырғақтылығына, соның ішінде жыныстық циклға, әсер етеді. Эпифиз қызметінің тежелуі балаларда ерте жыныстық жетілуге әкеледі. Эпифиз функциясының бұзылысы балаларда орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы кезінде жиі байқалады.



Төмпешік асты (гипоталамус) көру төмпешігінің астында орналасқан және үшінші қарыншаның түбі болып табылады. Бұл жерде төбесі төмен қараған сұр дөңес ажыратылады. Сұр дөңес жұқа сұр табақшадан құрылған; ол бірте-бірте жұқарып, ұшында төменгі ми қосындысы – гипофиз – орналасқан түтікшеге ауысады. Сұр дөңес артында екі томпақ құрылымдар – емізік тәрізді денелер орналасқан, олардың иіс сезу жүйесіне қатысы бар. Сұр дөңестің алдында көру нервтерінің қиысуы орналасқан (хиазма). Гипоталамуста сонымен қатар бірнеше ядролар болады. Сұр дөңестің ядролары домалақ және полигональды пішіндегі ұсақ биполярлы жасушалардан құрылған. Көру арқаншасының үстінде супраоптикалық ядро бар, одан жоғарырақ, үшінші қарынша қабырғасының ішінде паравентрикулярық ядро жатады. Гипофиз ішкі секреция безі бола отырып, үш бөлікке бөлінеді – алдыңғы, ортаңғы және артқы. Артқы бөлігі гистологиялық тұрғыдан нейроглиялық құрылымды болады, ал қалған екеуі гормон бөліп шығаратын безді жасушалардан тұрады. Төмпешік астының, әсіресе сұр дөңестің, гипофизді жүйкелендіретін ядролары вегетативті функциялардың қыртыс астылық реттеушісі маңызына ие болады.

Эмбриология мәліметі бойынша, алғашқы алдыңғы ми көпіршігі әрі қарай дами келе ақырғы және аралық болып екіге бөлінеді. Осыдан, қыртыс, қыртыс асты және аралық ми қызметтері тығыз байланысты болады. Бұл құрылымдардың барлығы сыртқы ортаға бейімделудің (адаптация) өте күрделі қызметтерін атқарады. Мұнда басты рольді ми қыртысы және қыртыс асты құрылымдары атқарады.

Аралық ми қызметі мен ортаңғы мидан жоғары орналасқан мидың басқа да бөліктерінің қызметі рефлекстерді түрлендіру мен бірігуге, рефлекторлы қызметтің жаңа түрлерін орнатуға сайып келеді.

Аралық мидың күрделі құрылысы, нерв жүйесінің әртүрлі бөлімдерімен көптеген екі жақты байланыстары оның үлкен жарты шарлар қыртысының жалпы бақылауымен ылғи өзгеріп тұратын сыртқы ортада организмнің бірқалыптылығын сақтауға және организмнің өзінің ішкі қызметін реттеуге бағытталған әр үлгідегі және күрделі функцияларға қатысуын қамтамасыз етеді.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Аралық ми қай жерде орналасқан, оның шығу тегі?

  2. Аралық ми қандай бөліктерден тұрады?

  3. Көру төмпешігінің қызметі қандай?

  4. Тізе тәрізді денелер мен эпифиз қай жерде орналасқан және олардың қызметі?

  5. Гипоталамуста қандай құрылымдар ажыратылады, олардың маңызы неде?

  6. Гипофиз қандай мүшеге жатады және оның құрылысы?



Ортаңғы ми
Ортаңғы ми (12-сурет) екі құрылымнан тұрады – ми аяқшалары және төрт қырат. Ми аяқшалары екі жуан тәж-талшықтардан тұрады, оның негізгі аумағын үлкен жарты шарлар қыртысынан бастап жүріп, миды кесіп өтіп, жұлынның алдыңғы және бүйір бағанасында жалғасып жататын пирамидалық (қозғалтқыш) жолдар құрайды.

Төрт қырат екі алдыңғы және екі артқы қыраттардан тұрады. Төрт қыраттың құрылысы күрделі, онда ядролар түзетін жасушалар жиынтығы болады да, жүйке жолдары сол жерге келеді. Алдыңғы қыраттарға қыртыстың шүйде бөлігіне көру тітіркенісін апара жатқан көру жолдары келеді, олардың кейбірі осы алдыңғы қыраттағы ядроларда үзіліп, әрі қарай жалғасады. Алдыңғы қыраттар жарық тітіркенісіне кеңістіктік-қозғалыс бағдарлануды қамтамасыз ететін рефлекторлық реакцияның орталықтары болып табылады. Артқы қыраттырға есту жолдары келеді, сондықтан олар дыбыстық тітіркеніске рефлекторлық-қозғалыс орталығы қызметін атқарады (басты бұру және т.б.).

Ми аяқшаларында қызыл ядролар орналасқан, олар қантамырларына өте бай болғандықтан қызыл түсті болады. Бұл ядролар ми қыртысымен, қыртыс асты құрылымдарымен, төрт қыратпен және мишықпен байланысты. Қызыл ядролардан жұлынды мидың қыртыстан төмен жатқан барлық бөлімдерімен байланыстыратын, экстрапирамидалық жүйе деп аталатын күшті қозғалтқыш жол (Монаков будасы) кетеді. Экстрапирамидалық жүйе арқылы вестибулярлық аппарат, мишық және қызыл ядролар дененің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.

Қызыл ядролардан сыртқа қарай құрамында пигменті бар нейрондардың жиынтығы, қара субстанция, орналасқан. Ол ми қыртысымен, қыртыс асты құрылымдарымен (бозғылт шармен), қызыл ядролармен байланысты. Қара субстанцияның маңызы – бұлшық ет тонусын реттеу.

Ми аяқшаларының төменгі бөліктерінде ми қыртысын жұлынмен байланыстыратын төмен түсетін және жоғары шығатын жолдар өтеді.

Қызыл ядролардан латеральды көру төмпешігіне бағытталған сезімтал талшықтар шоғыры – медиальды ілмек өтеді. Төменіректе, төрт қыраттың артқы қыраттары деңгейінде мидың самай бөлігіне бағытталған есту өткізгіштерінің шоғыры – бүйір ілмегі өтеді.

Ортаңғы ми арқылы үшінші және төртінші қарыншаны қосатын арна өтеді – сильвий су құбыры. Оның айналасында орталық сұр зат деген атаумен біріктірілген нейрон топтары орналасады. Бұл аймақтың қабыну процесімен зақымдануы ұйқының бұзылуына әкеп соғады. Ортаңғы мидың сұр затында сонымен қатар үшінші және төртінші жұп бас-ми нервтері (көз-қимыл және шығыр нервтері) шығатын ядролар орналасқан, бұл нервтер алтыншы жұппен (сыртқа әкеткіш нерв) бірге көз алмаларының қозғалысын қамтамасыз етеді. Олардың зақымдануы қылилықтың алуан түрлеріне (страбизм), жоғарғы қабақтың түсуіне (птоз), қарашықтың кеңеюіне (мидриаз) әкеліп соғады.

Қызметтік тұрғыдан ортаңғы ми, басқа да қыртыс асты құрылымдары сияқты, өзгеріп отыратын сыртқы орта жағдайларына организмнің бейімделу (адаптациялық) қызметін қамтамасыз ететін күрделі рефлекстердің материалдық негізі болып табылады. Ортаңғы мимен, әсіресе төрт қыратпен, күзеттік деп аталатын күрделі шартсыз рефлекстің құрылуы байланысты. Бұл рефлекстің әсері нәтижесінде қашып кету, айналу, секіру және тағы басқа кенеттен пайда болған қауіптен құтылуға мүмкіндік беретін бірқатар күрделі автоматизмдер пайда болады. Күзеттік рефлекстің механизмі ортаңғы мидың рецепторлық және қозғалыс қызметтерін атқаратын көптеген өткізгіштерінің өзара қатынасы арқылы жүзеге асады. Бұл өзге сапалы, дәл белгілі бір мезетте қажет болатын бейімделу түрлерін түзетін әртүрлі автоматизмдердің жылдам қосылуын шақырады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Ортаңғы мидың негізгі бөлімдерін атаңыз?

  2. Төрт қыраттың құрылысы мен қызметі?

  3. Ми аяқшаларында қандай құрылымдар орналасқан және олардың маңызы?

  4. Ортаңғы мидың қуысымен қандай арна өтеді, оның маңызы?

  5. Қай бас-ми жүйкелерінің ядросы ортаңғы мида орналасқан?

  6. Күзеттік рефлекс қалай жүзеге асырылады?





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет