Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)


§3. Жүйке жүйесінің жұқпалы (инфекциялық) аурулары



жүктеу 2.92 Mb.
бет9/13
Дата22.09.2017
өлшемі2.92 Mb.
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
§3. Жүйке жүйесінің жұқпалы (инфекциялық) аурулары
Арнайы мектептерге ауыстыруды қажет ететін оқушылар тобына көбінесе менингитпен, энцефалитпен, менингоэнцефалитпен және нейроинфекцияның басқа да түрлерімен ауырып шыққан балалар жатады. Кейде мерезбен (сифилис), құрт ауруымен (туберкулез), сонымен қатар ревматизммен науқастану нәтижесінде пайда болған жүйке жүйесінің әртүрлі зақымдануы бар балалар кездеседі.

Аурудың қоздырғышы негізінен жүйке жүйесін зақымдайтын микробтар мен вирустар болып табылады. Оларды клиникада нейроинфекциялар деген ортақ атаумен біріктіреді. Кейде жүйке жүйесі екіншілік түрде, яғни бірқатар жалпы инфекциялар әсерінің нәтижесінде, зақымдануы мүмкін.

Атап өтілген аурулармен науқастанып шыққан балаларда көру, есту, сөйлеу, ақыл-ой сияқты әртүрлі нейропсихикалық қызметтердің бұзылуы жиі байқалады. Бұл бұзылыстар кейде тұрақты сипат алып, осындай балалардың қалыпты мектепте оқуына кедергі болады.

Аурудың нәтижесінде дамитын патологиялық симптомдардың ерекшеліктері бірқатар жағдайларға байланысты болады: ауруды шақырушы әсердің күшіне, ауру процесінің орналасуына, организмнің қорғаныс күшінің қандай дәрежеде екендігіне және т.б. Осы орайда баланың бұл сырқатпен қанша жасында науқастанғанының маңызы зор. Бақылаулар көрсеткендей, ерте жаста сырқаттанған жағдайларға аурудың аяғында болатын зардаптардың ауырлығы, әсіресе психикалық қызметтердің дамымай қалуы, тән. Ал кейінгі жаста науқастану кезінде ауру салыстырмалы жеңіл түрде өтеді де, мидың компенсаторлық мүмкіндіктері есебінен оң өзгерістер тезірек байқалады.

Енді аурулардың жеке түрлеріне тоқталайық.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Нейроинфекция дегеніміз не?

  2. Оған қандай аурулар жатады?

  3. Нейроинфекциялардан кейін қандай бұзылыстар байқалуы мүмкін?

  4. Аурудың нәтижесінде дамитын патологиялық симптомдардың ерекшеліктері неге байланысты?



Менингит

Менингит – ми қабықтарының қабынуы. Бұл ауруды әртүрлі бактериялар шақыруы мүмкін, бірақ көбінесе кокктар тобы (менингококктар, стрептококктар, пневмококктар) шақырады. Менингиттің ең жиі кездесетін түрі цереброспиналдық менингит болып табылады, оны менингококктардың ерекше тобы қоздырады. Бұл ауру көбінесе қысқы және көктемгі уақытта эпидемиялық өршу түрінде таралады.

Менингококктық инфекцияның көбею ошағы мен таралу көзі жұқтырылған адам болып табылады. Сыртқы ортада аурудың қоздырғыштары (менингококктар) күн сәулесінің, температураның әсерінен тез жойылады. Сау балалардың мұрнының шырышты қабатында олар біраз уақыт сақтала алады, міне осыған байланысты бацилла тасымалдаушылық кездеседі.

Жұқтыру бацилла тасымалдаушының мұрын шырышы онымен қатынас жасаған басқа балалардың терісіне немесе шырышты қабаттарына түскен кезде болады (ойнау кезінде, сүйіскенде, бацилла тасымалдаушы қолданған ортақ сүлгі, беторамал және т.б. заттар арқылы).

Аурудың жедел кезеңіне өзіндік сипаттағы көрінісі тән болады. Әдетте ауру дене қызуының жоғарылауынан басталады, сонымен қатар құсу, терінің бөртуі, қатты бас ауыру ұстамасы, кейде естен тану байқалады (27-сурет).

Науқас адамның айрықша дене қалпында болуы осы ауруға тән белгі болып табылады (28-сурет): Желке бұлшық еттерінің патологиялық керілуіне байланысты басы артқа қарай шалқаяды (желкенің тартылуы), науқас тізе буындарында жартылай бүгілген қалыптағы аяқтарын ішіне жинап алып жатады (Керниг симптомы), тері сезімталдығы жоғарылаған болады (гиперестезия), жарыққа шыдамсыздық байқалады (29-сурет).

Жедел кезеңнің ұзақтығы, аса жедел және созылмалы түрлерін есепке алмағанда, әдетте 1-2 аптаны құрайды, одан кейін науқастың жазылуы немесе өлуі мүмкін. Бұрынғы кезде менингиттен қайтыс болу көрсеткіші 25%-дан 50%-ға дейін еді. Антибиотиктердің және сульфаниламидтік дәрілердің қолданылуына байланысты аурудың ұзақтығы едәуір азайып, өлім көрсеткіші күрт төмендеді. Енді резидуальдық (қалдықтық) құбылыстардың көрінісі жеңілірек дәрежеде білінетін болды.

Менингитке әртүрлі асқынулардың дамитындығы тән. Ол асқынулар аурудың жедел ағым кезеңінде пайда болуы мүмкін немесе ауру біткеннен кейін қалдықтық құбылыс түрінде анықталуы мүмкін. Мысалы, ауру барысында балаларда тырысу ұстамасы пайда болуы мүмкін, бұл патологиялық процесстің тікелей ми затын зақымдағандығын көрсетеді. Қабыну процесі ми қабықтарынан шеткі нервтерге (есту және көру нервтеріне, сирек жағдайда сыртқа әкеткіш және үштік нервтерге) таралып, сәйкес клиникалық көрініс береді. Өте ерте кезеңде – жедел сипмтоматика шыңында – гидроцефалдық синдром дамиды (30-сурет). Ол кейіннен науқастың жасына және сырқаттың ауырлық деңгейіне қарай әртүрлі дәрежеде сақталып қалады.

Соңғы жылдары цереброспиналдық менингиттен соң ақыл-ойдың төмендеуі сиректеу кездеседі; жиірек көңілкүй-жігер саласының және мінездің бұзылыстары анықталады. Сонда да, ерте жаста болған менингиттен кейін ақыл-ойдың жетіспеушілігі әлі күнге дейін кездеседі, бұл қабыну процесінің мидың дамуын тежеуіне байланысты болады. Көңілкүй-жігер саласы мен мінез тарапынан байқалатын ауыр өзгерістер кейде психопатия тәрізді мінез-құлық сипатын алатын жоғары қозғыштықпен, күйіп-піскіштікпен (аффекттерге, яғни ашуға бейімділік) білінеді. Аталған ерекшеліктер ерте жастағы менингиттің ауыр салдарының бірі – су ми – (гидроцефалия) кезінде әсіресе ауыр түрінде көрінеді.

Одан кейінірек жастағы менингиттен кейін дамитын жоғарғы жүйке қызметінің бұзылыстары да бірқатар патологиялық ерекшеліктермен сипатталады. Алайда олар әлсіздеу білінеді. Бұл уақытша сипаттағы және өзіндік астения түрінде өтетін ақыл-ой бұзылыстары: балалар өте алаңғасар болады, басының ауырғандығына шағым жасайды, тез шаршайды, кейде есте сақтау қабілеті төмендейді.

Менингит құлақтығы іріңді қабыну процесінің нәтижесінде де дамуы мүмкін (отогендік менингит). Менингиттің туберкулездік және мерездік түрлері де кездеседі. Бірқатар жағдайларда менингит тек қана ми қабықтарының қабынуымен шектелмей, ми затына да таралып, ол жерде әртүрлі патологиялық процестерді шақырады (менингоэнцефалит).

Менингиттен кейін есту мен көрудің бұзылыстары түріндегі қалдықты салдар байқалатын балалардың айтарлықтай бөлігі арнайы мектептерде оқуы тиіс (кереңдерге, нашар еститіндерге, соқырларға, нашар көретіндерге арналған). Олардың аздаған бөлігі көмекші мектептерге барады. Ал уақытша және жеңіл ақыл-ой бұзылыстары болған балалар сәйкес шаралар жүргізілген жағдайда қалыпты мектепте қалады.

Менингиттің қоздырғыштарының бірі эпидемиялық паротит вирусы болуы мүмкін. Бұл ауруда құлақ маңы сілекей бездерінің аздаған жергілікті қабынуы немесе айтарлықтай ауқымды қабынуы байқалады. Ауру 5 – 10 жас аралығында жиі кездеседі және онымен көбінесе ер балалар ауырады. Ауру жедел өтеді, барлық менингеалдық симптомдар анықталады. Жұлын сұйықтығын тексергенде оның аздап сұйытылғандығы (формалық элементтер санының азаюы) байқалады, сұйықтық мөлдір болады, үлкен қысыммен ағып шығады. 2 – 3 аптадан кейін смптомдар жойыла бастайды, бірақ гипертензиялық синдром және емдеуді қажет етуші астениялық жағдай әлі де болса сақталады.

Түрлі жұқпалы аурулар жүйке жүйесінің қызмет-құрылымдық жағдайына із қалдырады. Әртүрлі асқынулардың дамуы мүмкін. Олардың дәрежесі себепші фактордың (аурудың қоздырғышының) өсіп келе жатқан организмге әсер ету мерзіміне (құрсақ ішілік кезеңде, әлде туғаннан кейін ауырды ма), диагноздың дер кезінде қойылуына және ем шараларының сәйкестігіне байланысты.

Жүйке ауруларының клиникасында әртүрлі сырқаттардың салдары ретінде микроцефалия мен гидроцефалия, ақыл-ой кемістігі (олигофрения немесе кемақылдылық), көрудің, естудің, сөйлеудің, қимыл-қозғалыстың бұзылыстары және басқа да психопатологиялық бұзылыстар қарастырылады.



Инфекциялық себептерге байланысты кемақылдылық (олигофрения). Кемақылдылықтың мұндай түрі ең жиі кездеседі. Бұл жағдайдағы себеп баланың құрсақішілік кезеңде немесе туғаннан кейін нейроинфекциямен ауыруы болып табылады. Кемақылдылықтың бұл түрі бірқатар жағдайда моториканың (қимыл-қозғалыстың) бұзылуымен және көңіл-күй жағынан байқалатын теріс өзгерістермен қатар өтеді, бұл қыртыс асты түйіндердің зақымдануымен байланысты болса керек. Кейбір жағдайларға жоғары қозғыштық, бейберекет қимыл синдромдары, жағымсыз әуестіктердің айқын білінуі, қатты ашушаңдық тән болады. Ал басқа жағдайларда жалпы тежелгендік, енжарлық орын алады (торпидтік түрлерінде). Салыстырмалы жеңіл жағдайларда, әсіресе қабыну белгілері онша айқын болмаса, ал инфекцияның жағымсыз әсері аса қатты білінбейтін интоксикациямен шектелсе, атап кеткен симптоматика әлсіздеу дәрежеде көрініс алады.

Жоғарғы жүйке қызметінің бұзылуы дамитын жүйке жүйесінің энцефалит, менингоэнцефалит, энцефаломиелит сияқты қабынулық және токсикалық зақымдануын шақыратын инфекциялық аурулардың қоздырғыштарының табиғаты алуан түрлі болуы мүмкін.

Баланың токсоплазмозбен ауыруы нәтижесінде болған кемақылдылық жағдайлары да белгілі. Бұл протозойлық инфекция жүйке жүйесін энцефалит, менингоэнцефалит түрінде зақымдайды. Кейіннен бұл ақыл-естің артта қалуымен, көздің торлы қабығының зақымдануымен сипатталып, соқырлыққа әкеліп соғады.

Гидроцефалия (су ми). Бұл ауру кезінде ми қарыншаларындағы немесе ми қабықтарының астында болатын кеңістіктегі ми сұйықтығы (ликвор) көлемінің патологиялық артуы болады (29-сурет).

Су ми көбінесе құрсақішілік кезеңде немесе өте ерте жаста орын алған ми мен оның қабықтарын зақымдайтын қабынулық немесе улану процестерінен кейін пайда болады. Ең жиі себеп менингит және сифилис болып табылады. Соңғы жылдары туу кезінде болатын жарақаттардың себепшілік маңызы ерекше атап көрсетілуде. Айтып өткен зиянды әсерлер ми қарыншаларында орналасқан, ми сұйықтығын жасап шығаратын тамыр өрімдерін тітіркендіреді, сөйтіп ми сұйықтығының мөлшері артады. Сонымен қатар қабыну нәтижесінде қарыншааралық өзектердің бітелуіне немесе ликворды сіңіруші аппараттардың бітелуіне байланысты сұйықтықтың кері ағуы қиындайды. Осылайша ликвор тұйық кеңістікте жиналады да, шығатын жол таппай, миды қысады, ал ми өз кезегінде бас сүйегіне қысым жасайды. Сәбилерде бас сүйегінің тігістері әлі толығымен сүйектеніп, бітіспегендіктен бас сүйегінің көлемі қатты ұлғаяды. Сұйықтықтың жиналуы, оның қалыпты айналымының бұзылуы ми жасушаларының қызметіне патологиялық әсерін тигізеді.

Гидроцефалияның белгілері бас сүйегінің үдемелі ұлғаюымен және өзіндік нейропсихикалық өзгерістермен білінеді.

Жүйке жүйесінде әдетте бас-ми жүйкелері тарапынан бірқатар патологиялық симптомдар байқалады. Мысалы, көру және есту жүйкелерінің зақымдануына байланысты көру мен есту өткірлігінің төмендеуі мүмкін, парездер мен салданудың дамуы мүмкін. Психика өзгерістерінің де өзіндік ерекшеліктері болады. Мұндай балалар үлкендерге жақсы жағынан қатты еліктейді де, өте дамыған және жетілген бала сияқты әсер қалдырады. Олардың кейбірінде жекелей музыкалық немесе сурет салу қабілеттері дамиды. Сөйлеу тарапынан да өзіндік ерекшеліктер байқалады – айрықша мәнерлеп сөйлеу, сөз ұйқастарын, суыртпа, әзіл сөздерді қосып сөйлеу.



Кейде гидроцефалия онша қатты білінбеген болады, ондай жағдайларды гидроцефалдық синдром деп атайды. Бұл синдром тек нейроинфекциядан кейін емес, сонымен қатар жарақат процесі нәтижесінде де болуы мүмкін (туылу кезіндегі бас-ми жарақаты). Мұндай жағдайларда балаларды тексеру кезінде бас өлшемдерінің ұлғаюы, бастағы тері асты тамырлар торының аса дамығандығы байқалады. Бұл ми қантамырларындағы және ликвор жүйесіндегі іркілу құбылыстарын көрсетеді. Неврологиялық статусында жалпы және артикуляциялық қозғалыстары тарапынан жайылмалы неврологиялық симптоматика анықталады. Балалар оқу жүктемесін атқарған кезінде бас ауыруына, бас айналуына және тез шаршағыштығына шағым жасайды. Гидроцефалия синдромы бар кейбір балалар мазасыз, сабырсыз болады. Белсенді зейінінің тұрақсыздығы, тез сарқылуы байқалады, жадысы механикалық сипат алады. Логикалық ойлауы жеткіліксіз дәрежеде болады да, бұл баланың мектеп бағдарламасы бойынша оқуын қиындатады. Кейбір балалар ақыл-ой жұмысына қатысты жүктемеден соң селқос, салбыр боп қалады, бұл да оқытуды қиындатады. Осындай балалардың барлығы емделуі тиіс және анықталған қиындықтарына сәйкес арнайы оқытуды талап етеді.

Психикалық дамудың тежелуі. Орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылыстарынан кейін ми қыртысының әртүрлі дәрежедегі кемістіктері болатын кемақыл балалардан басқа, мектеп тәжірибесінде дамуы бойынша артта қалған және үлгерімі төмен балалар да кездеседі. Кейде оларды нағыз кемақылдармен қосып, арнайы мектептерге жібереді. Бұл, әрине, дөрекі медициналық және педагогикалық қателік. Педагогтар мен дәрігерлердің бақылаулары көрсеткендей, арнайы мектепке қабылданған мұндай балалардың даму қарқыны әртүрлі уақыт мерзімінде түзеледі де, олар арнайы мектеп оқушыларының негізгі контингентіне тіпті де сәйкес келмей қалады. Осындай, қате түрде арнайы мектептерге қабылданған балаларды клиникалық-педагогикалық тексеру олардың әртүрлі себеппен психикалық дамудың уақытша тежелуімен науқастанғандығын анықтайды. Бұл көбінесе ми ауруларына шалдықпаған немесе өте жеңіл дәрежеде шалдыққан балалар (мысалы, жеңіл бас-ми жарақаттары, интоксикациялар және т.б.). Арнайы мектептердің оқушылар құрамын тексеру дамудың төменде келтірілген мынандай уақытша түрлерін бөліп шығаруға мүмкіндік берді.

  1. Жеңіл түрде өткен орталық жүйке жүйесінің жарақаттық немесе улану нәтижесіндегі зақымданулардың салдарынан болған астениялы балалар. Бұл топқа көбінесе миды зақымдайтын ауру (орталық жүйке жүйесінің жарақаттары, интоксикациялары) әлсіз дәрежеде өткендіктен қыртыс құрылымдарында айтарлықтай бұзылыстар шақырмаған балалар жатқызылады (қыртыстағы ондай әжептеуір бұзылыстар кәдімгі олигофрениялық синдром беретін энцефалиттер мен бас-ми жарақаттарының ауыр түрлеріне тән болады). Алайда нейродинамика, яғни үлкен ми сыңарларының қыртысындағы физиологиялық процестер, белгілі дәрежеде бұзылған болады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл жерде жүйке процестерінің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы, олардың өту жылдамдығының өзгеруі (лабильдік немесе тез аутқушылық және инерттілік, яғни жылжығаннан кейінгі бір бағаттылық) орын алады. Шартты-рефлекторлық қызметтің қалыптасуындағы кейбір өзіндік ерекшеліктер осыдан болады (мысалы, жасап шығарылған стереотиптердің тез сөнуі). Нейродинамиканың аталған өзгерістері, әлбетте, психикаға да әсерін тигізеді. Әдетте мұндай балаларға сабақ кезінде тез шаршау, зейінінің әлсіздігі мен тез сарқылуы, есте сақтауының төмендеуі, ойлаудың баяулығы тән. Мінез-құлық пен көңілкүй, жігер саласы тарапынан да тәртіптің тұрақсыздығы, қимыл-қозғалыстың сабырсыздығы немесе керісінше, енжарлығы, көңіл күйдің құбылмалылығы, қырсығуға, жылаңқылыққа бейімділік және т.с.с. түрдегі ауытқулар байқалады. Барлық осындай өзгерістер, әрине, балалардың бірінші оқу жылдарындағы үлгеріміне әсер етеді де, балалар әдетте созылмалы үлгермеуші оқушыға айналады, ал жеткілікті терең медициналық тексеру өткізілмеген жағдайда олар кемақылдар қатарына жатқызылып, көмекші мектепке ауыстырылуы мүмкін.

Психикалық дамудағы уақытша тежелулердің осы атап көрсетілген түрлері Ресейлік Ғылыми-зерттеу дефектология институтында жан-жақты зерттелген болатын (А. Р. Лурия, С. С. Ляпидевский және басқалар). Клиникалық және физиологиялық зерттеулер осындай қате түрде көмекші мектептерге ауыстырылып жататын балалардың ішінде екі топты ажыратуға мүмкіндік берді.

Бірінші топтағы балалардағы ерекше назар аударарлық жай – олардың көңілкүй тонусының өте өзгергіштігі, қызығуының тұрақсыздығы, назар тоқтатып жұмыс істей алмауы, көп нәрсенің жадысында сақталмауы, ақыл-ой тонусының тез сарқылуы. Оларда қозу процесінің тітіркенулік әлсіздігімен қатар қыртыстық белсенді тежелудің анық жеткіліксіздігі байқалады. Мұндай балалар ұшқалақ, тынымсыз болады, сыныпта тіпті болмашы тітіркендіргіш әсерінен көңілін басқа нәрсеге өте тез аударады. Ұзақ ойлануға тырысқанымен, ол қолынан келе қоймайды. Мұндай балалардың жүйкелік процестері тез сарқылады да, қосымша жаңа тітіркеністі қажет етеді, оларда стереотиптің қалыптасуы өте қиын болады. Кейде олар жұмысқа тіпті көңіл бұрмайды немесе тапсырманың мән-жайын түсінуден қашқақтап, беткейлі орындауға тырысады. Соған қарамастан, олардың кейбіреуі оқыған кітаптардан (беткей оқыған болса да), көрген кинофильмдерден, ересек адамдардың әңгімесінен және т.б. алынған мәліметтердің айтарлықтай үлкен қорын жадында оңай сақтай алады.

Екінші топтағы оқушылар басқаша ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл бұрын өте селқос, баяу, енжар, үлгерімі нашар болған балалар. Олардың дамуындағы оң өзгерістер жүйкелік процестердің инерттілігіне байланысты болған селқостығынан бірте-бірте айрылып, жұмыста белсенділік танытып, сабақта өте ынталанып, қызығушылық көрсетуімен білінеді. Бірақ оларда әлі де бірқатар кемшіліктер қалады, соны өздері жоюға ұмтылғанмен, бұл жерде мұғалімнің белсене араласуы қажет. Бұл кемшіліктер осындай балалардың ойлау жылдамдығы әлі де болса баяу екендігіне сайып келеді, олар қиын тапсырмаларды дұрыс шеше алады, бірақ оны бірден емес, кейде мұғалімнің көмегімен орындайды. Бұл топтағы балалардың сөйлеу мүмкіндіктері де аздап шектелген болады. Түзелуге жақын топтағы балалардың кейбірінде әртүрлі сипаттағы сөйлеу бұзылыстары, көбінесе бұрыс сөйлеу байқалады. Олар әсіресе бейтаныс жағдайларда ұялшақтықтан, өзіне-өзі сенімсіздіктен әлі де болса толық арыла алмайды. Бір кездерде орын алған сырқаттың және мектеп ортасына бейімделу барысында басынан өткерген бірқатар қиындықтардың нәтижесі ретіндегі тұлғаның өзіндік астенизациясы бұл балалардың өзін-өзі ұстауында әлі де біраз із қалдырады. Мұндай балалар өзінің нейропсихикалық күйіндегі кемшіліктерден белсенді арылу жағдайында болатындығы айғақ. Бұл кемшіліктер орталық жүйке жүйесіне белгілі бір әсерлердің болуының нәтижесінде дамығанымен, алайда сапалық тұрғыдан басқаша, кемақылдылықтың тұрақты түрлеріне тән емес бұзылыстар береді.

Бұл балалардың жоғарғы жүйке қызметінің ерекшеліктері, Е. Д. Хомская зерттеуі бойынша, кемақыл балаларды тексергендегі нәтижелерден әлдеқайда өзгеше болады. Олардың сөз түрінде беретін есептері толығымен дұрыс болады. Зерттелген балалар белгілі бір сигнал берілгенде не істеу керектігін жақсы біледі, бірақ тәжірибе қиындатылған жағдайда өздері пайымдаған ережені орындамайды. Әдетте, мұндай балаларда жүйкелік процестердің, әсіресе ішкі тежелудің, әлсіздігі, қозудың, ал сирек жағдайда тежелудің де, кең жайылатын иррадиациясы, жүйкелік процестер механизмдерінің бұзылуы, сонымен қатар іркілу мен инерттілік құбылыстары орын алады. Қарапайым жіктей алу қабілеті, тітіркендіргіштердің реттік орнына беретін реакциясы, сонымен қатар бірінен соң бірі берілген кешенді тітіркендіргіштерге жауап беруі бұл балаларда айтарлықтай жылдам қалыптасады – 2-3 қайталаудан кейін.

Бірақ бұл жағдай сигналдың қарқындылығы мен ұзақтығына қарай дәл жіктей алу қабілетіне қатысты емес, өйткені ол көп мәрте пысықтауды қажет етеді. Зерттелген балалардың бір бөлігінде кең таралатын иррадиация мен ішкі белсенді тежелудің әлсіздігі салдарынан ең алдымен жіктеу қабілеті бейберекетсіздікке ұшырайды. Ал балалардың екінші бөлігінде негізінен тура сондай тәжірибелік жағдайда оң сигналдарға берілетін жауап ретіндегі қимыл реакцияларының тежелуі байқалады, бұл қозу процесінің әлсіздігінің және жүйкелік процестердің қозғалғыштығының бұзылу нәтижесі болып табылады.

Диагноз қою кезінде ақыл-ой кемістігінің түрлерін дұрыс ажырату үшін әртүрлі ақыл-ой кемістігі бар балалардың миындағы электрлік белсенділікті зерттеген кезде қызықтырарлық жай анықталған. Басым көпшілік жағдайда арнайы мектеп оқушыларындағы ақыл-ой кемістігінің түрлерін зерттеу кезінде алынған клиникалық бақылау нәтижелеріне электроэнцефалограмма мәліметтері сәйкес келген. Мысалы, ми зақымдануының ауырлығын (жайылмалы және ошақты түрлері), орналасуының сипатын және т.б. бағалаған кезде кейбір жанама тіркескен байланыс (корреляция) анықталған. Тексерілген кемақыл балалардың көбісінде альфа-ырғағының өзіндік түрі, патологиялық толқындар табылған. Ал көбінесе дамудың тежелуі деп танылатын жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларда негізінен қалыпты жағдайдан айтарлықтай ауытқушылық байқалмаған.

Ал басқа жағдайларда осы топтағы балалардың энцефалограммасы қыртыстың әртүрлі аймақтарындағы жоғары амплитудалы баяу патологиялық толқындарды көрсетті.

Бұл потенциалдар альфа-ырғаққа жақын болады, бірақ нейронның қызметтік қозғалғыштығының әлдеқайда төмен дәрежеде екендігін көрсетеді және әдетте қыртыстағы анық білінетін тежелудің белгісі болып табылады.



Мұндай балаларды клиникалық және педагогикалық тұрғыдан бақылау кезінде психикалық реакциялардың салбырлығы, тез шаршау, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі анықталған, бұл олардың танымдық қызметінің де белсенділігінің төмендеуін шақырады. Жоғарыда айтылғанның барлығы біз осындай балардың бірқатарында ми қыртысындағы жалпы астения жағдайымен кездесеміз деген пікірге итермелейді. Бұл жалпы астения кез келген азғантай күш жұмсағанда қыртыстың шектен тыс тежелу күйіне енуіне әкеп соғады. Бұл жағдай мұндай оқушылардың бүкіл тәртібі мен жүріс-тұрысында сәкес із қалдырады және олардың одан арғы жұмыс қабілеттілігі де осы жағдайға байланысты болады. Осындай балаларда біресе жоғары қозғыштық, жылаңқылық, тітіркенгіштік, қимыл тынымсыздығы байқалса, біресе енжарлық, тежелгендік байқалады. Мектептегі сабақтар кезінде жұмыс қабілетінің нашарлығы мен нәтижелерінің төмендігі әсіресе айқын білінеді. Олар мектеп мағлұматтарын нашар есте сақтайды, әрең жаттайды, ауызша есептеуде қиналады және арифметикалық есептерді шешу олар үшін ауырға түседі. Мұндай балалардың кемақыл балалардан айырмашылығы ең алдымен оларда нашар үлгерім түрінде білінетін психикалық белсенділігінің төмендігі уақытша болатындығында. Біртіндей келе мұндай балалар түзеліп, олардың кейбіреуі қалыпты мектептегі оқуын жалғастырып кетеді.

  1. Қалжырауға әкеп соғатын аурулар нәтижесінде болатын астениялық реакциялы балалар. Оларға, мысалы, анемияны немесе интоксикацияны (айталық, туберкулездік) шақырушы инфекциялармен науқастану салдарынан физикалық әлсіреуге ұшыраған балаларды жатқызуға болады. Әсіресе төменгі сыныптардағы оқушылардың клиникалық-педагогикалық сипаттамасы олардың жүріс-тұрысында нерв процестерінің таусылуы, белсенділігінің, зейінінің төмендеуі, жадысының әлсіреуі негізгі синдром болып табылатындығын көрсететеді. Мұндай оқушылардың үлгерімі жүйелі түрде бұзылып, олар қателікпен кемақылдыларға жатқызылады.

  2. Астениялық реакциялардың өзіндік түрін құлақ, тамақ және мұрын ақаулары бар балаларда байқауға болады. Бұл жерде едәуір білінетін аденоидтары, мұрнының ішінде полиптері бар, нашар еститін ауруларды ереше атап өту керек. Атап кеткен алғашқы екі ауру тыныс алу қызметіне әсер етеді, бұл бас ауыруын, жалпы салбырлықты, тітіркенгіштікті, нашар есте сақтауды шақырады. Кейде мұндай балалардың сыртқы бет-әлпетінде өзіндік тән ерекшеліктері болады – ауызы ашық, бет терісі бозғылт, кейде мұрнынан сөйлейді, түрі абыржыған. Нашар еститін балалардың ерекше невротикалық реакциялары жоғарыда сипатталды. Әдетте мұндай балалардың үлгерімі нашар болады. Кейде соның себептерін дұрыс анықтамау нәтижесінде мұндай оқушылар кемақылдылармен шатастырылып, нашар еститіндерге арналған мектептің орнына көмекші мектепке жіберілген.

  3. Сөйлеу кемістігі бар балалар. Алаликтердің кейбір топтары, сөйлеудің фонетико-фонематикалық жетілмеуі бар балалар (дизартрия) және кекештер мектептегі оқудың бастапқы кезеңдерінде әдетте үлгерімінің нашарлығымен ерекшеленеді. Ойлау мен сөйлеудің арасында тығыз байланыс болғандықтан, сөйлеу кемістіктері бар балалар кейде психикалық дамуында артта қалуы мүмкін. Соның салдарынан мектептегі сабақтардан үлгермейді. Олардың кейбіреуі оқудағы қиындықтар үшін, өзіне деген мұғалімнің және балалар ұжымының қатынасы мен көзқарасы үшін (кемсіту, мазақтау, мұғалімдер мен ата-аналардың жақтырмауы) өте қатты күйзеледі. Мұның барлығы жаралаушы әсер етіп, тұлғаның астенизациялануын тудырады.

Логопедпен сәйкес сабақтар өткеннен кейін мұндай балалар әжептеуір түзеліп, жалпы мектеп жағдайында өзінің құрдастарын қуып жете алады.

Көмекші мектептерде оқу процесі арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ақыл-ой қабілеті төмендеген балаларға қажетті мәліметтерді меңгеруге көмектесетін, педагог-дефектологтар қолданатын бірқатар арнайы тәсілдер мен әдістердің маңызы өте зор. Әсіресе маман-логопед өткізетін, сөйлеу қабілетін дамытуға арналған сабақтардың маңызы аса зор болып табылады.

Қазіргі таңда астено-невротикалық жағдайлардың және ақыл-ой кемістіктерінің алдын-алу мақсатында инфекциялардың, интоксикациялардың, бас жарақаттарының салдарын ерте анықтауға және емдеуге үлкен мән берілуде. Осыған байланысты, балаларды барлық мамандардың диспансерлік бақылауы ұйымдастырылған. Қажеттігіне қарай, стационар жағдайында немесе арнайы мамандандырылған мектепке дейінгі мекемелерде медико-педагогикалық коррекция (түзету) өткізіледі. Ерте жаста әртүрлі сырқатпен науқастанудың және бас жарақаттарының салдарын біле отырып невропатологияның, арнайы педагогика мен психологияның ұсынып отырған міндетті алдын-алу шаралары жүзеге асырылады.

Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Менингит дегеніміз не? Оның қоздырғыштары қандай болуы мүмкін?

  2. Менингококктық инфекция қалай таралады?

  3. Менингококктық инфекцияның жедел кезеңіне сипаттама жасаңыз.

  4. Менингиттің жедел кезеңінде біліне бастайтын асқынуларды атап өтіңіз.

  5. Неліктен менингиттен кейін ақыл-ой кемістігінің дамуы негізінен ерте жастағы балаларда кездеседі?

  6. Менингиттен кейін байқалатын көңіл күй және мінез бұзылыстары қалай білінеді?

  7. Ерте жастан кейінірек мерзімде болған менингиттен соң көбінесе қандай қалдықты өзгерістер дамиды?

  8. Менингиттен кейін қалған әртүрлі салдары бар балалар қандай мектептерде оқиды?

  9. Эпидемиялық паротит вирусы қоздыратын менингит клиникасына сипаттама беріңіз.

  10. Жүйке ауруларының клиникасында әртүрлі сырқаттардың салдары ретінде қандай бұзылыстар қарастырылады?

  11. Микроцефалия деген не? Оған тән клиникалық белгілерді атаңыз.

  12. Инфекциялық себептерге байланысты кемақылдылықты қалай түсіндіңіз? Оның клиникалық көрінісі?

  13. Су ми деген не? Оған клиникалық сипаттама беріңіз.

  14. Гидроцефалиялық синдромның нағыз гидроцефалиядан айырмашылығы неде?

  15. Психикалық дамудың тежелуі ұғымы нені білдіреді?

  16. Психикалық дамудың тежелуінің қандай түрлерін ажыратады? Әрқайсысына жеке сипаттама беріңіз және оларды өзара салыстыра отырып талдау жасаңыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет