Japan Airlines әуекомпаниясы алғаш рет президент қызметіне әйелді тағайындады. Бұл әлемдегі ең ірі әуе тасымалдаушыларының бірі үшін күтпеген қадам болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Reuters

Мицуко Тоттори 1985 жылы компаниядағы карьерасын стюардесса қызметінен бастады және кейінгі онжылдықта жоғары мансап жасаған. Тотторидың айтуынша, ол атқарған жоғары лауазым басқа әйелдердің мансапта өсуіне шабыт беруі керек.

Мицуко Тоттори 1 сәуірде компаниядағы ең жоғары лауазым – директорлар кеңесінің төрағасы Юджи Акасаканың орнын басады. Басшылықтың ауысуына Токионың Ханеда әуежайында Airbus A350 ұшағының жағалаудағы күзет ұшағымен соқтығысуы себеп болды. Салдарынан A350 ұшағының барлық 379 жолаушысы мен экипаж мүшелері эвакуацияланды. Ал екінші ұшақта бес адам қаза тапты.

Тоттори алдағы уақытта президент ретінде қауіпсіздікке баса мән беретінін айтты. 

"Мен бортсерік бөлімінің бастығы қызметін атқарғанда жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына мән бердім. Ұшу қауіпсіздігі – авиакомпания қызметінің негізі. Осы қағиданы берік ұстанамын", – деді ол.

FlightGlobal сауалнамасында 2022 жылдың аяғында әлемнің үздік 100 әуе компаниясының тізгінінде 12 әйел болғаны белгілі болды. 

Джоанна Гераги осы айдың басында JetBlue Airways компаниясының бас директоры қызметіне келіп, АҚШ-тың ірі әуе компаниясын басқарған алғашқы әйел ретінде танылды.

Салыстырмалы түрде Жапонияда әйелдер 2021 жылғы жағдай бойынша көшбасшылық лауазымдардың тек 13,2%-ын иеленді. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.