Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев халық арасында "базар мафиясы" деген түсінікке қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат кулуарында журналистер министрге базарларда сауда жасауға мүмкіндік ала алмай жүрген шаруалардың шағымын жеткізді. Алып-сатарлар тауарларға жоғары баға қояды, нәтижесінде халық зардап шегеді. 

Министрдің айтуынша, халық арасында "базар мафиясы бар" деген пікір бұрыннан қалыптасқан. Бірақ қазіргі кезде ондай топтар жоқ. Шаққалиев бұл түсініктің қалай пайда болғанын түсіндіріп берді. 

"Мысалы, біз Астанада базарларды аралап, сатушылармен де, тауар жеткізушілермен де кездесіп тұрамыз. Негізі адам базарда көбіне бұрыннан білетін сатушыға барады ғой. Себебі тауардың бағасын да, сапасын да біледі. Сол сатушының қызмет көрсетуі ұнайтын шығар. Сол сияқты сатушылар да бұрыннан бері білетін тауар жеткізушілермен жұмыс істейді. Содан қате пікір қалыптасады", – деді министр.

Министр егер сауда орындарында қандай да бір тәртіп бұзушы топтар анықталса, оған қарсы күрес жүргізілетінін атап өтті.

"Ондай фактілер анықталса, кез келген топты жылдам тәртіпке саламыз. Ішкі істер органдары бар. Бұдан бөлек, өзіміздің құзыретімізді қолданамыз. Негізі ондай фактілер жоқ емес. Бірақ белгілі бір топтардың әрекеті емес, жосықсыз бәсекелестіктің көрінісі – біреулер тауар жеткізуші ретінде өз орнын сақтап қалуға тырысады. Жәрмеңкелерде шаруалар орындарына кіре алмайтыны туралы сигналдар түскен кезде аумақтық департаменттер жедел әрекет етеді. Біз оған қарсы шара қолдана аламыз", – деді Шаққалиев.

Сондай-ақ журналистер Астанадағы "Әлем" базарында шаруалар жылқы етінің бір келісін 2000 теңгеден әкелсе, сатушылар 3000 теңгеден саудаға шығаратынын  айтты.

"Онымен келіспеймін, егер уақыт тапсам, сізбен бірге сағат 5.00-де барайын, қалай болатынын көреміз. Менің ойымша, ондай нәрсе жоқ екеніне көз жеткізесіз", — деп қосты Арман Шаққалиев.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.