Бұрынғы күйеуінің ұрып-соққанынан шаршаған астаналық келіншек көмек сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі күндіз терезесіне тас лақтырса, түнде оқ атудан тайынбайды екен. 25 рет хаттама толтырылса да, полиция "қылмыс құрамы жоқ" деген сылтаумен жауапқа тартпай отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтыламын деп ажырасып кеткеніне алты жылдың жүзі болса да, Таңшолпан күйеуінің өктемдігін әлі күнге дейін көріп келеді. Тіпті қала ауыстырып жағдайымыз оңалар деп, Тараздан Астанаға қоныс аударған.

“Үйімнен, жұмысымнан шыға алмай қалдым. Мұрнымды сындырғанына байланысты қылмыстық іс көтеріліп, кейін тоқтап қалды. Учаскелік полицей "ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрған жоқпыз" дейді. "Өткенде мұрнымды сындырды ғой" десем, ол өтіп кетті ғой дейді”, – дейді Таңшолпан Керімова. 

Келіншек шаңырақ көтергелі 25 рет ішкі істер органдарына жүгініпті. Айтуынша, түрлі себеппен іс жылы жабылып, құзырлылар хаттама толтырудан әрі аспайды. Тек бірнеше рет қанталап жатқан келіншекті көрген учаскелік полицей күйеуін 10 тәулікке уақытша ұстау абақтысына ғана қамаған.

“Қайтемін, енді?! Өліп қалу керек пе?! Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрғанымымыз жоқ, келсе 102-ге хабарласыңыз дейді. Оның анасы бұрын ІІД-да істеген. Таразда мен ешқандай әділдік таппадым ғой. Таразда барлық неден сол кісі құтқарып отырды. Мамасы сол жақта істегеннен кейін, мен ешқандай әділдік таппадым ғой”, – дейді Таңшолпан Керімова.

Абақтыдан шыққан соң бұрынғы күйеуінің ашуы тіпті үдей түскен. Не жұмысына, не далаға шыға алмай қалған келіншек қазір екі қызымен елордадағы дағдарыс орталықтарының біріне жайғастырылған.

“Жиі келіп түседі, осындай әйелдер. Көбінесе сол күйеулері қол көтереді. Психологиялық жәбір көрсетеді. Бұл орталықтың істегеніне 10 жыл болды ғой. Осы уақыт ішінде 2300-ден астам адам түсті. Бірақ жыл сайын адам саны көбейіп келе жатыр”, – Астана қаласы дағдарыс орталығының психологы Жұлдыз Аймағамбетова. 

Алматы ауданы учаскелік полицейлері соңғы рет келгенде, әдеттегідей тек әкімшілік іс қозғап он тәулікке қамаған. Ал қылмыстық іс ашуға құрам таппайды.

“Аталған факті бойынша құқықбұзушылық анықталып, Алматы ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Бұған дейін қала тұрғыны жүгініп, жанжал шығарып, оны қудалап жатқан бұрынғы жұбайына қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірген болатын. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады”, – деді Астана ПД ресми өкілі Гүлмира Шырахметова.

Батылы жетіп басындағы қайғысын шырылдан айтқан 31 жастағы Таңшолпан Керімова БАҚ арқылы өзін бұрынғы күйеуінен арашалап беруді өтініп сұрайды. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.