Антикор бұрынғы мәдениет және спорт министрі, бүгінде сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне қатысты қосымша эпизодтарды атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов Мұхамедиұлы бірнеше іс бойынша сотқа тартылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оның 221 миллион теңге бюджет ақшасын жымқыруына байланысты ісіне үкім шықты.

“Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қазір басқа қосымша эпизодтар бар. Олар да бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру және жоғары шеберліктегі спорт мектебін заңсыз жекешелендіруге қатысты істер. Бұдан бөлек, қонақ үйді рейдерлік жолмен басып алу, пара беруге тырысу сияқты іс тағы бар. Аталған фактілерге қатысты істердің барлығы соттың қарауында”, – деп мәлімдеді Арман Тілеукенов.

Еске салсақ, бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Арыстанбек Мұхамедиұлына Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (заңсыз иелену немесе талан-таражға салу, яғни сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқыру) бойынша айып тағылған.

Бұдан кейін оған "Дипломат" қонақ үйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Куәгерлер экс-шенеуніктің қылмысы туралы сотта түсініктеме бергенімен, Мұхамедиұлының өзі "жала жауып отыр" деген сөзінен танар емес.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.