Пәннің ОҚУ-Әдістемелік кешені «Дүниежүзілік шаруашылық географиясы» 5В011600 – «География» мамандығы үшін ОҚУ-Әдістемелік материалдары



жүктеу 1.25 Mb.
бет2/7
Дата21.12.2017
өлшемі1.25 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, нығайту және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында егемен мемлекеттерді ерікті негізде біріктіретін ең ықпалы халықаралық ұйым. «Біріккен Ұлттар» деген атты АҚШ-тың президенті Франклин Рузвельт екінші дүниежүзілік соғыс уақытында ұсынған болатын. Ал БҰҰ-ның құрылған ресми датасы 1945 жыл болып табылады, сол жылы оның Жарғысына қол қойған мемлекеттердің көпшілігі осы Жарғыны бекіткен болатын. Жарғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы болашақ ұрпақтарды соғыс апаттарынан құтқару үшін, тең құқықтылық пен халықтардың өзін-өзі билеуі принципін құрметтеу негізінде ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту үшін, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық проблемаларды шешуге жәрдемдесу үшін құрылған деп жазылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы оның Жарғысын мойындап, орындауға әзір, бейбітшілік сүйгіш барлық мемлекеттер мүше бола алады. Бүгінде оған дүние жүзінің 185-ке жуық елі мүше. БҰҰ-ның басты-басты органдары мыналар: Бас Ассамблея, Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес, Халықаралық сот және Секретариат. БҰҰ-ның орталық мекемелері Нью-Йорк қаласында.


Халықаралық еңбек ұйым (ХЕҰ) – БҰҰ-ның мамандандырылған ұйымы ХЕҰ Жарғысына сәйкес оның мақсаттары адамдардың тұрмыс және еңбек жағдайларын жақсарту, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа жетуге жәрдемдесу. ХЕҰ-да жалақы, жұмыс күні, жұмысқа жалдануға болатын жас шегі, әлеуметтік сақтандыру, еңбек жағдайлары және т.б. мәселелер бойынша халықаралық конвенциялар талдап белгіленеді.
Штаб-пәтері Женева қаласында.
Еуропалық Одақ (ЕО, Ортақ рынок) – батыс еуропалық 12 елдің экономикалық топтасуы; бұл елдер: Франция, ГДР, Италия, Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Грекия, Испания, Португалия (1992 жылғы қалпы). Одаққа қатысушылардың арасындағы саудада кеден алымдарын жою, үшінші елдерге қатысты келісілген сауда саясатын жүргізу, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік салаларында шараларды бірлесіп өткізу, ортақ экономикалық және әлеуметтік саясатты үйлестіріп отыру арқылы тауарлардың, капиталдар мен жұмыс күшінің ортақ рыногын құру мақсатымен ұйымдастырылған. Көптеген елдердің ЕО-ның ассоциацияланған мүшесі деп аталатын мәртебесі бар. Одақтың шеңберінде оған кіретін елдердің салалық халықаралық ұйымдары: Еуропалық көмір мен болат бірлестігі (ЕКББ) және Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық (Еуратом) жұмыс істейді.
Одақтың штаб-пәтері Брюссельде.
Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы (АСЕАН) – аймақтық ұйым, құрамына Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппин, Бруней кіреді. АСЕАН-ның көздеген мақсаты мүше елдердің экономикалық өсуін, әлеуметтік прогресі мен мәдени дамуын жеделдету және Оңтүстік-Шығыс Азияда бейбітшілік пен тұрақтылық орнату. Таяудағы кезге дейін артта қалып келген, ал қазір қауырт өрлеп келе жатқан бұл елдердің өте маңызды экономикалық серіктері АҚШ пен Жапония болып отыр.
Штаб-пәтерлері Бангкок пен Джакартада.
Американ мемлекеттерінің ұйымы – батыс жарты шардағы мемлекеттердің аса ірі ассоциациясы. Оған Америка континентінің АҚШ-ты қоса 30-ға тарта елі кіреді. Ұйымның мақсаты – аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, алауыздықтарға жол бермей, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, агрессия болғандай жағдайда бірлесіп іс-қимыл жасау, америкалық елдердің саяси, экономикалық және құқықтық проблемаларының шешілуіне жәрдемдесу, ғылыми-техникалық және мәдени прогресс мақсатында күш-жігерді біріктіру.
Штаб-пәтері Вашингтонда.

Аймақ (лат. Regio - облыс) – бұл термин «аудан» түсінігіне синоним ретінде және нақты шекарасы көрсетілмеген аймақты сипаттау үшін пайдаланылады.

Анклав- (француз.enclave) – жан-жағынан басқа мемлекеттің аумағымен қоршалған бір мемлекет аумағының бөлігі.

Ассимилияция – (лат. Assimilatio-бірігу, ұқсастыру)- бір халықтың басқа халықтың тілін, мәдениетін үйреніп, бірлесуі; өзінің тілін, мәдениетін және ұлттық сана- сезімін жоғалтуы. Табиғи ассимилация халықтардың этникалық топтарының аралас үйленуі барысында жүзеге асады; күштеу арқылы жүретін ассимилация-қысым көрсетудің нәтижесінде жүзеге асады. (мысалы, туған тілінде кітап басып шығаруға және білім алуға тыйым салу, т.б)

Аудан (rayon – тікелей аудармасы шырақ, радиус) – экономикалық, әлеуметтік, экологиялық әкімшілік белгілі көрсеткіштері негізінде бөлінетін аумақ.

Әкімшілік – аумақтық бөлінуі (лат.adminstratio – басқару, басқарма) – мемлекеттің аумақтық жүйесінің ұйымдастырылуы, соның негізінде мемлекеттік басшылық пен билік жүйесінің жұмыс атқаруы.

Геосаясат – елдің географиялық жағдайы және басқа физикалық, экономикалық, географиялық факторлармен шартталатын мемлекеттің сыртқы саясаты мен халықаралық қатынасты саяси, әскери-стратегиялық, экологиялық, халықаралық байланыстарға тәуелділігін зерттейтін ғылыми бағыт.

Дезурбанизация – урбандалу процесіне белгілі бір қарама- қарсы жағдай, халықтың қаладан тыс жерге шоғырланбауы және қоныстану процесі.

Демография – (грекше demos-халық және grafo - жазу) – халық санының өсуі және халықтың ұдайы өсуі. Демографиялық жарылыс – туудың жоғары қарқынын сақтау арқылы өлімнің шұғыл төмендеуі нәтижесінде, халық саны өсімінің күрт артуы.

Депопуляция – (depopulation- халықтың азаюы) - халық санының төмендеуі, азаюы.

Еңбек өнімділігі - адамның еңбек әрекетінің жемісі, өнімділігі. Бір жұмысшының белгілі уақытта жасап шығарған өнім мөлшері немесе белгілі өнімді жасауға кеткен уақыт бірлігімен есептеледі.

Еңбек ресурстары- еңбек ету үшін білім, ойлау қабілеті, қажетті физикалық дамуы бар ел халқының бір бөлігі.



Иерархия – (грекше – hierarchia-әулие, arche- билік) – тұтастық элементтері және бөліктерінің жоғарыдан төменге қарай орналасу реті.

Импорт (ағыл. Import - әкелу) - басқа мемлекеттерден елге тауар әкелу, тасу.

Индустриалиизация (лат. Industria – ынта, жігер) – шаруашылықтың барлық салаларында, өнеркәсіпте, әсіресе ірі машиналық өндірісті жасау нәтижесінде елдің аграрлықтан индустриялдық құрылымға өтуі.

Инфрақұрылым (лат.infra – төмен және structura - орналасу)- халықтың күнделікті сұранысын қамтамасыз ету үшін қажетті жүйелер мен қызметтер, құрылыстар, ғимараттар, т.б жиынтығы. Өндірістік инфрақұрылымға: көлік, байланыс, энергетика, сумен қамтамасыз ету; әлеуметтік инфрақұрылымға (қызмет көрсету сферасы)- білім беру, денсаулық сақтау, бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету, т.б жатқызылады.

Кооперациялау- белгілі бір өнімді дайындауды бірлесіп атқаратын дербес кәсіпорындар мен жекелеген шаруашылық салалары арасындағы тығыз өндірістік байланыс. Ол өндірісті мамандандырудың күшеюі және қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуы нәтижесінде өрістеуде. Ол даяр бұйым шығаратын жетекші кәсіпорын тапсырмасымен бірнеше өндіріс орындары бірігіп, оларды түйіндермен тетіктермен, дайындамалармен, сондай-ақ агрегаттармен, шала фабрикаттармен қамтамасыз ету ісін қамтиды. Аумақтық жағынан жақын жатқан кәсіпорындардың өзара байланыс тиімділігінің жетілдіруді ұйымдастыру тұрғысындағы іс- шара.

Мұның да мамандандыру түрлеріне сәйкес 3 түрі бар. Ол аумақтық (аудан іші немесе ауданаралық) немесе салалық (сала ішіндегі немесе салааралық) принцптер бойынша ұйымдастырылады, өнеркәсіптің экономикалық ұтымдылығын арттыруға бағытталған өндірісті ұйымдастырудың аса маңызды формаларының бірі.



Құрамдастыру – бір кәсіпорын аясында әр түрлі өнімдер шығаратын бірнеше өндірісті технологиялық жағынан аумақтық және ұйымдық тұрғыда біріктіретін өндірісті ұйымдастырудың прогресшіл түрі. Ол келесі үш түрде: шикізат өнімдерінсатылап өңдеу; шикізат пен отынды кешенді пайдалану; қалдықтарды қолдану бағытында жүзеге асырылады. Бұл форма-металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп тамақ, ағаш, мұнай өңдеу, т.б. салаларда кеңінен қолданылады. Мысалы: толық циклді металлургия камбинатында бірнеше (шойын, болат, прокат, кокс, химиялық өнім, цемент, т.б.құрылыс материалдарын өндіру)өндіріс түрлері біріктірілген.

Қызметкерлердің тапшылығы (лат. defecit - жетіспеу)-қызметкерлердің жетіспеуі, жұмыс орынының жұмыс істеуге ынталылардан көп болуы.

Мамандану (лат.specialis дара, ерекше)- Ауданның мамандануы-ауданда белгілі өнім өндірісі немесе белгілі қызмет көрсету түрінің шоғырлануы.

Мамандандыру- белгілі бір дайын өнімді, оның жеке бөліктерін даярлау немесе дербес технологиялық операцияларды орындау ісі арнайы бір салаға, оқшауланған кәсіпорныға оның ішіндегі құрылымдарға жүктелуі. Осы тұрғыдағы оның 3 түрі ажыратылады: заттық немесе нақтылы бір дайын өнім шығаруға мамандандыру (станок, автомабиль жасау, аяқкиім, т.б.); тетіктік немесе өнімнің жеке бір тетігін жасауға мамандандыру (поршень, шарик-подшипниктер, реле, т.б.); технологиялық кезеңдерге немесе стадиялық мамандандыру (құрастыру) цех, иіру фабрикасы, құю зауыты, т.б.

Мегалополис (грекше megas-үлкен және polis – қала; бұл атау 35 мекеннің қосылуынан пайда болған ертедегі грек қаласы Мегалоаполь атымен аталған) – бірнеше қала агломерациясының бірігуінің нәтижесінде пайда болған ең ірі қоныстану формасы.

Мигарция (лат. migratio – көшіп - қону)- халықтың аумақтар бойынша көші-қоны (қоныс аудару, мезгілді және тербелмелі көші-қоны).

Миграция сальдосы (итал. saldo өтемақы, есеп, қалдық) – халықтың механикалық өсімі тәріздес белгілі аумаққа қоныс аударып келушілер мен белгілі уақыт аралығында қоныс аударып кетушілер саны (бір жыл ішінде) айырмашылығы.

Нәрестелер өлімі – туған мың нәрестеге шаққандағы бір жасқа дейінгі өлгендердің саны.

Негізгі өндірістік қорлар-материалдық өндірістің машина жасау, құрал-жабдықтар, өндірістік ғимарат, құрылыстар салуда пайдаланылды.

Өнеркәсіп – адамзат қоғамының өндіргіш күштерінің даму денгейіне ықпал етуші шаруашылықтың жетекші саласы. Ол өзі үшін де, шаруашылықтыңбасқа да салалары үшін де әрі адам игілігіне қажетті өзге де материалдық құндылықтарды өндіретін бірегей кешен. Ол шикізат пен материал, отын мен энергия өндірумен бірге өзінің құрамындағы түрлі салалардан алынған немесе ауыл шаруышылығында өндірілген өнімді ары қарай өңдеумен де айналысатын сан мыңдаған арнаулы кәсіпорныдардың жиынтығы. Құрылымы өте күрделі осы кешеннің салаларын атқаратын міндеті мен технологиялық ерекшеліктеріне қарай өндіруші және өнеркәсіп түрлеріне топтастырамыз. Өз кезегінде өндіруші өнеркәсіп өзінің еңбек затын табиғаттан алса, өндіруші өнеркәсіп еңбек өніміне айналған заттарды ғана өңдейді.

Өнеркәсіп орталықтары - өнеркәсіп салаларының шоғырланып орналасуымен ерекшеленетін қала немесе кент аумағы. Өнеркәсіп орталықтары, негізінен, өндірістің ауқымдылығымен және құрамының күрделілігімен ерекшеленеді. Ол индустриялдық мазмұндағы қызметімен қоса әрі көлік қатынасында маңызды рөл атқарады. Әдетте, өндіруші өнеркәсіп орталықтары (шахталар, кеніштер, т.б.) өңдеуші өнеркәсіп орталықтарымен (машина жасау, химия, т.б.) салыстырғанда тар профильді болып келеді. Өйткені өндіруші өнеркәсіп орталықтары белгілі бір шикізат түрін немесе табиғат қорын пайдаға жарату мен ғана шектеледі, ал өндәруші өнеркәсіп орталықтарының өндірістік профилі өзінің жан – жақтылығымен сипатталынады. Өнеркәсіп орталықтары өзі орналасқан аумаққа қатысты үйлесімді ұйымдастырушылық рөл атқара отырып, сол жердегі өндіргіш күштердің қарқынды дамуына да зор ықпал жасайды.

Өнекәсіп торабы – ортақ мүдделі жағдайда бірыңғайлы көліктік географиялық орнымен, өзара өндірістік – технологиялық байланыстармен бірлестірілген өнеркәсіптік кәсіпорындардың серіктесіп орналасқан аумағы. Өнеркәсіп торабы бірнеше қаалар мен олардың маңында орналасқан кенттерді қамтиды, өте сирек жағдайда бір қаланың аумағымен де шектелуі мүмкін. Атқаратын қызметіне қарай өндіруші өнекәсіп торабы және өңдеуші өнеркәсіп торабы болып бөлінеді. Өндіруші өнеркәсіп торабы: көмір, мұнай, қара металлургия, т.б салаларға, ал өңдеуші өнеркәсіп торабы: машина жасау, химия, тоқыма және басқа да тармақтарға бөлінеді.

Өнеркәсіптің кооперациялануы (лат. cooperatio – ынтымақтастық, әріптестік)-белгілі бір өнімді бірлесіп шығаратын маманданған кәсіпорындардың арасындағы өндірістік байланыс.

Өндіруші өнеркәсіп - минералдық ресурстар, кен байыту, құрылыс материалдарын, басқадай шикізат түрлерін өндіру, балық аулау, ағаш дайындау, т.б. салалары жатады.

Өндірістік ұйымдастыру - сапалы өнім шығару, оның түрлерін көбейту, еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту, еңбек жағдайын жақсарту және мамандардың біліктілігін көтеру негізінде өндіріс орынының тиімділігін көтеру мақсатындағы еңбек процесі мен өндіріс заттарын уақыт пен кеңістікте ұтымды ұштастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығы. Ол негізгі, көмекші, қызмет көрсетуші өндірістер мен басқару процестерін қамтиды. Өндірісті ұйымдастыруда түйдекті, дара және партиялық әдістер қолданылады, соңғысында алғашқы екі әдіс ұштастырылады. Өндірісті ұйымдастырудың маңызды формаларына: құрамдастыру, шоғырландыру, мамандандыру, кооперациялау жатады.

Өңдеуші өнеркәсіп – аралық өнімдер мен даяр бұйымдар алумен шұғылданатын: металлургия, химия, машина және құрал-жабдықтар жасау, металл және ағаш өндеу, тоқыма тамақ т.б. өнеркәсіп салаларынан тұрады. Өнеркәсіп өзі шығаратын өнім түрлеріне қарай екі үлкен топқа бөлінеді: 1) «А»тобына немесе ауыр өнеркәсіп бөлігіне өндіріс құрал-жабдықтарын (станок,прокат, минералдық тыңвйтқыш, целлюлоза т.б.) жасап шығаруға; 2) «Б» тобына немесе жеңіл өнеркәсіпке күнделікті тұтыну заттарын (тігін, балық, астық өнімі, тағамдар, үй мүліктері, дәрі-дәрмек, т.б.) жасайтын салалар кіреді. Аталмыш қос салалық топ бірнеше кешенді салаларға бөлінеді, ал олар өз кезегінде тармақталып жекеленген өндіріс түрлеріне жіктеледі. Мысалы, машина жасау өнеркәсіп кешені – ауылшаруашылық, энергетикалық, көліктік машиналар, станок, аспаптар жасау, т.б. салаларға бөлінеді, олардың өзі ары қарай жеке өндіріс түрлеріне (көліктік машина жасау-автомабиль, авиация кеме жасау,т.б.), олар өз кезегінде жеке (автомабиль жасау – автобус, жүк, жеңіл, спорттық,т.б) арнайы бағыттарға тармақталады.

Приватизация (лат. privatus - жеке)- мемлекеттің меншігіне жеке қожайындарға беру, жекешелендіру.

Рекрация (recreatio – қалпына келтіру). Рекрациялық ресурстар – адам денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін, жақсы демалыс үшін жасайтын ресурстар.

Субсидия (лат. subsidium –көмек, қолдау)- мемлекеттен әлдебір аймаққа, әлеуметтік топтарға, салаларға бөлінетін ақша қоры.

Терминал (лат. terminus – шектен шығу, соңы) – көлік торабының жекешеленген, маманданған бөлігі (мысалы, теңіз портындағы мұнай айлағы, т.б.).

Урбанизация (лат. urbanus - қалалық)- қала халқының үлес салмағының өсуі, қалалар рөлінің артуы және қалалық өмір салтының таралуы процесі.

Халықтың аймақтарға шоғырлануы (лат. concentratio – жинақталу, үйірілу)-халықтың жеке, орталық, зона, аудандарға шоғырлануы. Шоғырлану процесі халықтың әркелкі орналасуын күшейтеді.

Халықтың табиғи өсімі – туу мен өлім саны аралығындағы айырмашылық.

Шаруашылықтың салалық құрылымы - өнімнің бағасы, негізгі өндірістік қордың бағасы және жұмыс істейтіндердің саны бойынша әр түрлі өнеркәсіп салаларының арасындағы өзара арақатынасы.

Шоғырландыру - өндірісті ірілендіру мақсатында өндіріс құрал-жабдығының, еңбек қорларының және өндірілетін өнімінің барынша іргелі кәсіпорындарға тоғыстырылып жинақталуы. Осындай кәсіпорын аясында – еңбек құралдарын, т.б. жарақатарды жетілдіріп жаңғыртып отыру еңбек және шикізат ресурстарын үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру, тиімді. Олардың ұсақ немесе орта кәсіпорындарға қарағанда техникалық-экономикалық, т.б. артықшылықтарымен қатар пайдасы да мол, бәсекеге қабілеті де зор.

Экономикалық аудан- экономикалық – географиялық жағдайы, табиғи, еңбек ресурстары мамандануы. Өндірістің өзара байланыстылығы бойынша айырмашылығы бар аумақ.

Экологиялық жағдай – белгілі аумақтағы қоршаған ортаның табиғи жағдайы. Адамның тіршілік әрекеті жағдайларымен бағаланады. Экологиялық жағдайдың нашарлауына қарай қанағаттанарлық, дағдарысты, ауыр, апатты және шиеленіскен экологиялық жағдайлар деп бөлінеді.

Экологиялық белсенді халық – жұмыспен қамтылған халық (жұмыс істейтіндер) пен жұмыссыздарды біріктіреді (белсенді түрде жұмыс іздеушілер және еңбекке даярлау).

Экспорт (ағыл. Export – сыртқа шығару)- басқа елдерге тауар шығару.

Этнос (ағыл.ethnos - халық) – адамдардың – тайпа, халық, ұлыс тарихи қалыптасқан тұрақты топтары.

-Егемендік- мемлекеттің, аймақтың басқа мемлекеттер мен аймақтардан экономикалық және саяси тәуелсіздігі.


-Аудан-экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, әкімшілік белгілі көрсеткіштері негізінде бөлінетін аумақ.
- Мемлекеттік шекара көрші ел мен арадағы құқықтық- заңдық, экономикалық, әлеуметтік функцияларды шектейтін сызық .
-Табиғи қорларды экономикалық тұрғыдан бағалау дегеніміз- бұл ел шаруашылығында нақты бір табиғи қорларды, жағдайларды пайдаланғаннан болатын қаржыдай түрде алынатын тиімділік.
-Еңбек қорлары – бұл еңбек етуге қабілетті адамдардың мөлшері
-Жұмыс күші- бұл жұмыс істеп жүрген және жұмыссыз бірақ еңбекке қабілетті адамдардың жалпы саны.
-Геосаяси жағдай дегеніміз елдің географиялық ағзаларын саяси тұрғыдан зерттеп, әлем елдерінің деңгейлерімен салыстыру.

3.Дәрістердің қысқаша конспектері

1. Тақырыбы: Кіріспе. Дүниежүзілік шарушылықтың қалыптасуы және оның құрылымы

Дәріс мақсаты: Дүниежүзілік шарушылықтың қалыптасуы және оның құрылымы білу.



Негізгі сұрақтар және олардың қысқаша мазмұны:

  1. Курстың мақсаты мен міндеті

  2. Дүниежүзілік шарушылықтың қалыптасу кезеңдері

  3. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шарушылық және оның құрылымы

Дүниежүзілік шаруашылық жүйесі — дүние жүзі елдері ұлттық шаруашылықтарының жиынтығы. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесі сыртқы сауда, капиталды сыртқа шығару, жұмыс күшінің көші-қоны, экономикалық келісімшарттар жасау, халықаралық экономикалық ұйымдарды құру, ғылыми-техникалық ақпарат алмасу сияқты өзара экономикалық байланыстар мен өзара қарым-қатынастардан тұрады.

Дүниежүзілік шаруашылық жүйесі, негізінен, 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында ірі машиналық индустрияның, көліктің және әлемдік рыноктың дамуы нәтижесінде қалыптасты. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінің негізгі саласы — өнеркәсіптердің Дүниежүзілік өнеркәсіпте 20 ғасырдың аяғында шамамен 350 миллионға жуық адам жұмыс істеді. Соңғы жүз жыл ішінде өнеркәсіп өндірісі 50 есе өсті, бұл өсімнің 3/4-і 20 ғасырдың 2-жартысына келеді. Пайда болу уақытына қарай өнеркәсіптің барлық салалары, әдетте, 3 топқа бөлінеді. Бірінші топқа “дәстүрлі” салалар: көмір, тау-кен өндірісі, металлургия, темір жол көлігі, кеме жасау, тоқыма өнеркәсібі; екінші топқа жаңа салалар: автомоб. жасау, алюминий қорыту, пластмасса, химиялық талшықтар өндірісі; үшінші топқа ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет ететін “жоғары технология” салалары: микроэлектроника, есептеуіш техника, робот жасау, информатика индустриясы, атом және аэроғарыш өндірісі, органикалық синтез химиясы, микробиология өнеркәсібі жатады. АҚШ-та, ГФР-де, Ұлыбританияда, Францияда өңдеуші өнеркәсіптің жалпы өнімінің 35 — 40%-і осы 3 топтағы салаларға келеді.

Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінің негізгі салаларының бірі — отын-энергетика кешені. Бастапқы энергетика байлықтарын дүние жүзі бойынша өндіру және тұтыну ұдайы өсіп келеді. Ол 1900 жыл 1 миллиард тонна шартты отыннан 1990 жыл 10 миллиард тоннаға дейін өсті, ал 2000 жыл 14 миллиард тоннаға жетті.

Соңғы 200 жыл ішінде дүниежүзілік отын-энергетика өнеркәсібі өзінің дамуында басты екі кезеңнен өтті. 19 ғасырдың өн бойында және 20 ғасырдың 1-жартысында көмір кезеңі болды, яғни дүниежүзілік отын-энергетика балансының құрылымында көмір отыны басым болды. Одан кейін мұнай-газ кезеңі келді. Бұл — қатты отынмен салыстырғанда неғұрлым тиімді энергия көзі. 20 ғасырдың 80-жылдары дүниежүзілік энергетика өз дамуының 3-кезеңіне өтті, ол бірнеше ондаған жылдарға созылмақ. Бұл уақыт ішінде, негізінен, сарқылатын минералдық отын байлықтарын пайдаланудан гөрі қалпына келетін және сарқылмайтын байлықтарға (Күн, жел, атом энергиясы, т.б.) негізделген энергетикаға біртіндеп көшу жүзеге асуға тиіс.

Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінде мұнай өнеркәсібінің орны ерекше. Мұнайды дүние жүзінің 80 елінде (жылына 3,5 миллиард тонна) өндіреді. 2000 жылғы дерек бойынша ірі мұнай өндіретін елдер (миллион тонна есебімен): Ресей (385), АҚШ (365), Сауд Арабиясы (325), Мексика (145), Ирак (100), Қытай (140), Біріккен Араб Әмірлігі (90), Иран (115), Канада (95), Ұлыбритания (95), Венесуэла (95). Қазақстан мұнай өндірудің көлемі жағынан (35 миллион тонна; 2000) дүние жүзінде 18 орында, ал мұнайдың барланған қоры жағынан 5 орында. Дүние жүзіндегі мұнайдың барланған қорының 65%-і ОПЕК-ке (мұнайды экспорттаушы елдер ұйымы), оның ішінде Парсы шығанағы елдерінің үлесіне тиеді. Дүниежүзілік газ өнеркәсібі 20 ғасырдың 2-жартысында айтарлықтай дамыды. 90-жылдардың ортасында дүние жүзінде орта есеппен 2 триллион тонна газ өндірілді. Ол жақын уақытқа дейін, негізінен, экономикасы дамыған елдерге шоғырланған болатын. Бірақ, соңғы 20 жыл ішінде газ өндіру дамушы елдерде де өсе бастады. Бұл елдер газды сұйытылған күйінде, сондай-ақ, құрлықаралық су асты газ құбырларымен экспортқа шығаруды жолға қойған. Ірі газ өндіретін елдер (миллиард/м3): Ресей (640), АҚШ (500), Канада (120), Нидерланд (75), Ұлыбритания (50). Қазақстан газ қорының көлемі (1,4 триллион/м3) жағынан дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірінде, ал газ өндіруден (10 миллиард/м3) 40 — 45 орындарда.

Көмір өнеркәсібінің (жылына орта есеппен 4,5 миллиард тонна көмір өндіріледі) дамуы мұнайдың арзан кезеңінде баяулады, бірақ одан кейін қайтадан жеделдеді. Көмір дүние жүзінің 60 елінде өндіріледі, әрі, негізінен, сол елдердің өзінде тұтынылады, дүниежүз. рынокқа 1/10 бөлігі ғана түседі. Көмірмен халықар. сауда жасау, негізінен, теңіз жолдарымен іске асырылады. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінің отын-энергетика кешеніндегі негізгі салалардың бірі — электр энергетикасы. Жылына дүние жүзінде 12,0 триллион кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі (1999). Ол, әсіресе, 20 ғасырдың аяғында қарқынды өсті. Электр энергетикасы жылу, су және атом энергетикаларына бөлінеді. Дүние жүзінде минералдық отынмен жұмыс істейтін ЖЭС-тердің жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі 63%. Әдетте, ЖЭС-тер көмір алаптарына немесе энергияны тұтынатын аудандарға жақын орналасады. Су энергетикасының үлесі — 20%. Бірақ, СЭС-тердің үлесі барған сайын кеміп келеді. Энергетиканың тағы бір саласы — атом энергетикасы. Дүние жүзінде 29 елде 50-ге тарта ірі АЭС-тер жұмыс істейді. Оның дүниежүз. энергетикасындағы үлесі — 22%. Электр энергиясын басты экспорттаушы елдер: Ресей, Украина, Венгрия, Франция, Швейцария, Канада; импорттаушы елдер: Италия, Нидерланд, АҚШ. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесін минералдық шикізаттармен қамтамасыз ету тау-кен өнеркәсібінің үлесіне келеді. Ол көптеген елдерде дамыған, алайда оның өнімінің 65%-ін ТМД елдері, АҚШ, Қытай, Австралия, Канада, Оңтүстік Африка республикасы өндіреді. Кейінгі 10 жыл ішінде дүниежүз. кен өнеркәсібінде дамушы елдердің рөлі артып отыр. Кез келген елдің экон. қуатын металлургия өнеркәсібі анықтайды. Оның қара металлургия саласы көп уақыт бойы тас көмір алаптарында ғана дамыды. АҚШ-тағы, шетелдік Еуропадағы, Ресейдегі, Украинадағы, Қытайдағы басты металлургия базалары осылайша пайда болған. Темір кені қазір 50 шақты елде өндіріледі. Дүние жүзіндегі ірі темір кенін өндіретін елдер (млн. т): Қытай (160), Ресей (105), АҚШ (55), Канада (40), Австралия (110), Украина (100), Бразилия (160), Үндістан (55), Қазақстан (18 млн. т). Болат қорытудан (млн. т): Жапония (110), Ресей (90), АҚШ (90), Қытай (60), Украина (50), Германия (50). Қазақстанда жылына ора есеппен 5 млн. т болат қорытылады. Дүние жүзіндегі түсті металлургия өндірісінің көлемі қара металлургиядан 20 есе аз. Мұнда ауыр, түсті, легирленген және асыл металдар металлургиясы, әдетте оларды өндіретін елдер мен аудандарда дамыған. Қазақстан түсті металлургия өндірісі бойынша дүние жүзінде жетекші орын алады. Нақты айтқанда, хром және барит кентастарын өндіруден 1-орынды алса, мыс, хром, қорғасын, мырыш, вольфрам, молибден, тантал, титан, ниобий, цирконий кентастарының қоры жағынан алдыңғы 5 елдің құрамына кіреді. Алтын, күміс кентастарынан 6-орындарды алады. Сонымен қатар, дүние жүзінде өндірілетін 29 металл шикізаттарының 23-і Қазақстанда өндіріледі.



Машина жасау өнеркәсібі осыдан 200 жыл бұрын Англиядағы өнеркәсіп революциясы кезінде пайда болған. Қазіргі кезде жұмыс істейтін адамдардың саны (80 миллионан астам) және өнімнің құны жөнінен ол дүниежүзілік өнеркәсіптің барлық салаларының ішінде 1-орын алады. Дүниежүзілік экономика картадан, жалпы алғанда, машина жасайтын төрт аймақты бөліп көрсетуге болады. Олар — Солтүстік Америка, Батыс Еуропа, Шығыс және Оңттүстік-Шығыс Азия және ТМД елдері. Бұл аймақтарға кіретін елдердің көпшілігі үшін машина жасау — халықар. маманданудың басты саласы болып табылады. Дамушы елдер дүниежүзілік машина жасау өнімдерінің 10%-ін ғана өндіреді. Дүниежүзілік химия өнеркәсібі де төрт аймақта қалыптасты: АҚШ, Бат. Еуропа, ТМД және Жапония. Олардың әр қайсысында кен-химия өнеркәсібі, минералдық тыңайтқыштар, негізгі химия өнімдері өндірісі, әсіресе, органикалық синтез және полимер материалдар өндірісі дамыған. Дамушы елдерде бұл сала таяу уақытқа дейін, негізінен, шикізат көзі ретінде ғана қалыптасты. Алайда 1970 жылғы энергетикалық дағдарыстан кейін химия өнеркәсібі Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде, әсіресе, мұнай мен газ мол өндірілетін елдерде тез өсе бастады. Қазақстанда ағаш және ағаш өңдеу өнеркәсібі, көбінесе, орман байлықтарының таралуына байланысты. Солтүстік орман белдеуі шегінде, негізінен, қылқан жапырақты ағаш сүрегі дайындалады да, ол тілуге дайын ағаш, ағаш тақта, целлюлоза, қағаз, картон болып өндіріледі. Ресей, Канада, Швеция, Финляндия үшін ағаш және ағаш өңдеу өнеркәсібі — халықаралық маманданудың маңызды салалары. Канада ағаш өнімдерін сыртқа шығару жөнінен дүние жүзінде 1-орынды алады. Оңтүстік орман белдеуі шегінде жапырақты ағаш сүрегі дайындалады. Мұнда ағаш өнеркәсібінің басты үш ареалы қалыптасқан. Олар: Бразилия, Тропиктік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия. Дайындалатын ағаш сүрегі теңіз жолымен Жапонияға, Батыс Еуропаға шығарылады, ал қалған бөлігі, негізінен, отынға пайдаланылады. Жеңіл өнеркәсіптің негізгі және жетекші саласы — тоқыма өнеркәсібі. 20 ғасырдың 90-жылдарының басында дүние жүзінде табиғи және химиялық талшықтардан 115 миллиард/м2 шамасында мата өндірілді. Егер қолөнер өндірісін есепке алса, бұл сала дүние жүзінің барлық елдерінде дамыған. Дүниежүзілік тоқыма өнеркәсібінде басты бес аймақ қалыптасқан. Олар: Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, ТМД, Еуропа және АҚШ. 1950 жылдардан бастап экономикасы дамыған батыс елдерінің дүниежүзілік мата және киім өндірісіндегі үлесі барған сайын кеміп келеді. Бұрын мата өндіруден дүние жүзінде 1-орын алатын Ұлыбритания енді 20-орынға түсті. Бұл сала, әсіресе, Қытайда жақсы дамып келеді, өйткені тоқыма және тігін өнеркәсібі ең алдымен арзан жұмыс күшіне бағдарланған. Мұнда өндірілетін матаның едәуір бөлігі сыртқа шығарылады. Ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің ежелгі әрі кең тараған саласы. Дүние жүзінде ауыл шаруашылығымен және оған шектес орман шаруашылығымен, аңшылықпен, балық аулаумен айналысатын салаларда 1,1 миллиард адам еңбек етеді. Ауыл шаруашылығының барлық жерде таралуы оның алуан түрлілігіне байланысты. Олар үлкен екі топқа біріктіріледі. Біріншісі — дамыған тауарлы ауыл шаруашылығы. Оған ауыспалы егістігі бар интенсивті егіншілік, мал азығын дайындау қоса жүргізілетін интенсивті мал шаруашылығы, сондай-ақ, тыңайған жері және жайылымдық мал шаруашылығы бар экстенсивті егіншілік жатады. Екіншісі — дәстүрлі тұтынушы ауыл шаруашылығы. Ол артта қалған соқалы-теселі егіншілікті, жайылымдық мал шаруашылығын, көшпелі және жартылай көшпелі мал өсіруді, сондай-ақ, бұдан да қарапайым терімшілікті, аңшылық пен балық аулауды қамтиды.

Ауыл шаруашылығының басты саласы — өсімдік шаруашылығы. Оның ішінде дәнді дақылдар — дүниежүзілік ауыл шаруашылының негізі, дүние жүзінде өңделетін бүкіл жер аумағының 50%-інен астамын қамтиды. Дәнді дақылдардың дүниежүз. өндірісі бірте-бірте өсіп келеді. Жылына 1,9 миллиард. тоннаға дейін астық жиналады. Дәнді дақылдар, яғни астық шаруашылығын құрайтын үш дақыл — бидай, күріш және жүгері жалпы түсімнің 80%-ін береді және адамдардың бүкіл тамақ энергиясының 50%-ке жуығын қамтамасыз етеді. Бидай — дәнді дақылдардың ең негізгісі және дүние жүзіндегі адам баласының жартысының басты азығы. Ол 70-ке тарта елде өсіріледі. Бірақ жалпы өнімнің басым бөлігі (миллион тонна есебімен): АҚШ (75), Канада (30), Австралия (16), Ресей (45), Қазақстан (17), Украина (20), Қытай (95), Үндістан (50), Франция (32) елдерінің үлесіне тиеді. Күріш — адамзат баласының бидайдан кейінгі негізгі тағамы. 20 ғасырдың аяғында күріш өсірумен жүзге жуық ел айналысқанымен, оның дүниежүзілік түсімінің 90%-ін Азияның “күрішті” елдері береді. Ірі күріш өндіретін елдер (миллион тонна есебімен): Қытай (180), Үндістан (110), Бангладеш (20), Таиланд (21), Индонезия (45). Дүние жүзіндегі суармалы жерлердің 60 — 65%-іне күріш егіледі. Жүгері өндіру Мексикада басталып, кейін дүние жүзінің басқа аудандарына да тарады. Қазіргі кезде жүгеріні негізгі өндіруші елдер — АҚШ, Қытай және Бразилия. Әлемдік рынокқа дүние жүзінде өндірілетін астықтың, негізінен, бидай мен жүгерінің 10 — 15%-і түседі.



Майлы дақылдар астық дақылдарынан кейінгі 2-орында. Дүние жүзінде соя жинаудан 1-орынды АҚШ (50%-тен астамы), жер жаңғағы жөнінен — Үндістан, зәйтүннен — Италия алады. Дүние жүзінде жыл сайын 100 миллион тоннадан астам қант өндіріледі. Оның 60%-і қант құрағынан (Бразилия, Үндістан, Қытай, Куба), 40%-і қант қызылшасынан алынады. Қант құрағы Америкада, тропиктік және субтропиктік аудандарда көп өсіріледі. Қант қызылшасы — қоңыржай белдеудің дақылы. Оның басты өндірушілері — Ресей, Украина, Бат. Еуропа мен Солт. Америка елдері. Сергітпе дақылдардың (шай, кофе және какао) барлығы дерлік тропиктік елдерде өсіріледі. Өсімдік шаруашылығындағы талшықты дақылдардың ең маңыздысы — мақта. Мақта талшығының дүниежүзілік өндірісі — 20 миллион тонна Егісінің аумағы және жинау жөнінен мақта өсірудің негізгі ауданы — Азия. Басқа талшықтардан — зығырдың, әсіресе, сизаль мен джуттың таралу ареалы анағұрлым шектелген. Дүние жүзі бойынша зығыр өндірудің 75%-і Ресей мен Беларуське, джут өндіруден Бангладешке тиеді. Табиғи каучуктің 85%-і — Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, әсіресе, Малайзия, Индонезия және Таиландта өндіріледі. Ауыл шаруашылығының негізгі саласының бірі — мал шаруашылығы. Мал шаруашылығынан алынатын өнімдердің негізгі бөлігін қоңыржай белдеудің елдері береді. Дүние жүзінде мал басының жалпы саны 4 миллардтан асады. Балық аулау адамзаттың ең ежелгі кәсіптерінің бірі. Қазіргі кезде ол — кемінде 15 миллион адамның күнкөрісін қамтамасыз етіп отыр. Дүние жүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 миллион тоннадан алады (2000). Оның шамамен 90%-ін теңіздер мен мұхиттардан, 10%-ін тұщы судан ауланатын балық құрайды. Балық аулау барлық жерде таралғанымен, бүкіл дүние жүзінде ауланатын балықтың 50%-тен астамы 6 елдің — Жапонияның, Қытайдың, Ресейдің, АҚШ-тың, Чили мен Перудің үлесіне тиеді. Көлік Дүниежүзілік шаруашылық жүйесіндегі материалдық өндірістің үшінші бір жетекші саласы. Бүкіл қатынас жолдары, көлік кәсіпорындары мен көлік құралдары қосылып, дүниежүзілік көлік жүйесін құрайды. Дүниежүзілік көлік саласында 100 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Көлік желісінің жалпы ұзындығы (теңіз жолын қоспағанда) 35 миллион км-ден асады. Жыл сайын дүние жүзінде көліктің барлық түрлерімен 100 миллиардтан астам жүк және 1 триллионнан астам жолаушы тасылынады. Бұл тасымалға бірнеше миллиондаған көлік құралдары қатынасады. Дүниежүзілік көлік желісі жалпы ұзындығының және дүниежүзілік жүк және жолаушылар айналымының 75 — 80%-і экономикасы дамыған елдердің үлесіне тиеді. Автомобиль жолдарының ұзындығы ұдайы өсуде, ол 20 ғасырдың соңында 25 миллион км-ге жетті. Оның шамамен 50%-і АҚШ, Үндістан, Ресей, Жапония, Қытайға тиесілі. Елді автомобильдендіру жөнінен АҚШ ең жоғарғы деңгейге жетті. Мұнда 1000 тұрғынға орта есеппен 600 автомобильден келеді. Темір жол көлігі тасымалдау үлесінің кемігеніне қарамастан, құрлықтағы көліктің маңызды түрі болып отыр. Дүниежүзілік темір жол желісі, негізінен алғанда, 20 ғасырдың басында қалыптасқан. Оның жалпы ұзындығы 1,3 миллион км. Темір жол 140 елде болғанымен, оның жалпы ұзындығының 50%-тен астамы АҚШ, Ресей, Канада, Үндістан, Қытай, Австралия, Аргентина, Франция, Германия және Бразилия елдері үлесіне тиеді. Темір жол желісінің жиілігі жөнінен Еуропа алда келеді. Құбыр тасымалы ең алдымен мұнай мен табиғи газ өндірудің тез өсуі, оларды өндіретін және тұтынатын басты аудандар арасын байланыстыру нәтижесінде дамыды. Ұзындығы ондаған мың км-ге жететін құбырлар ТМД елдерінде, Канадада, АҚШ-та, Таяу Шығыс елдерінде салынған. Теңіз көлігі — дүниежүзілік көлік жүйесінің өте маңызды құрамдас бөлігі. Бүкіл халықаралық сауданың шамамен 80%-ін қамтамасыз етеді. Теңіз сауда флотының жалпы тоннажы (сыйымдылығы) 420 миллион тоннадан асады. 1970 жыл бұл тоннаждың 50%-ке жуығын танкерлер құраған. Кейінгі жылдары олардың үлесі айтарлықтай азайды. Кеме қатынасы 160-қа жуық елдерде бар. Әуе көлігі — көліктің ең жас түрі. Әуе көлігімен 1948 жыл бүкіл дүние жүзінде 20 миллионға жуық адам тасымалданған болса, 1990 жылы 1,2 миллиардтан астам тасылды. Тұрақты әуе жолдары желісі миллиондаған километрге созылған. Дүние жүзінде 5 мың әуежай бар. АҚШ, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Франция, Канада, Германия — дүние жүзіндегі ең басты әуе державалары. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінде халықаралық экономикалық қатынастардың рөлі ерекше. Ешқандай тұйық құрылымдардың, аймақтық интеграциялық топтардың халықаралық экономикалық қатынастарды алмастыра алмайтынын тәжірибе көрсетті. Мұны батыстың экономикасы дамыған елдері өзгелерден ерте түсінді. Олар халықаралық экономикалық байланыстарда жетекші орын алып отыр. Мұндай байланыстардың барлық түрлерінің 60 — 75%-і осылардың үлесіне тиеді. Халықаралық сауда — Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінің негізгі бөлігі болып табылады. Халықаралық сауданың 70%-тен астамы Батыстың экономикасы дамыған елдерінің, оның ішінде 45%-тен астамы Батыс Еуропаның үлесіне тиеді. Қару-жарақпен халықаралық сауда жасау дүниежүзілік саясат пен экономикада үлкен рөл атқарады. 20 ғасырдың 90-жылдары АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Ресей қару-жарақты экспорттаушы елдер, ал әскери техника мен жабдықтардың бүкіл дүниежүзілік импортының шамамен 60%-ін иеленіп отырған дамушы елдер — импорттаушылар болды. Дүниежүзілік “қара” рынок та үлкен қаржы айналымын жасап отыр. Онда есірткі заттар, қолдан жасалған валюталар, жасырын өндірілетін алтын мен алмас, порнографиялық бұйымдар, т.б. тыйым салынған тауарлар сатылады. Халықар. экон. қатынастардың бір түрі — халықар. несие-қаржы қатынастары, яғни заемдер мен несие беру, капиталды экспорттау мен импорттау. Оның маңызды алғы шарты — еркін айырбасталатын валютаның болуы. Капиталды басты экспорттаушы елдер: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Жапония, т.б. Бұл экспорттың шамамен 80%-і осы топтағы басқа елдерге, 20%-і дамушы елдерге жіберіледі. Халықар. еркін экономикалық аймақтар деп аталатын немесе 20 ғ-дың 70 — 90 жылдары бүкіл дүние жүзінде кең таралған еркін кәсіпкерлік аймақтардың құрылуы — ашық экономиканың жарқын көріністерінің бірі. Дүние жүзінде олардың жалпы саны 500-ден асады (1995). Жаҝандану процесі Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінде әлемдік қаржы қорлары мен өндірістік қуаттың жеке қаржылық-өндірістік топтар мен трансұлттық компанияларға шоғырлануына ықпал етуде. Осыған байланысты трансұлттық компаниялардың Дүниежүзілік шаруашылық жүйесіндегі рөлі арта түсуде.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет