Алматының Медеу ауданында төрт адамның өмірін жалмаған лай көшкіні қоғамда әлі де талқылануда. Аталған жағдайға қатысты қалалық прокуратура Тау-Самалы ықшамауданы тұрғындарының заңсыз құрылысқа қатысты бұған дейін шағымданбағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Қайғылы оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар оқиға орнына келген БАҚ өкілдеріне Медеу ауданында бір қабаттан жоғары тұрғын үйлер заңсыз салынып жатқанын айтқан.

"2023 жылдан бастап ағымдағы жылдың өткен кезеңіне дейін "Тау-Самалы" шағын ауданын заңсыз игеруге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер, сондай-ақ тұрғындардан түскен арыз-шағымдар, тексеру жұмыстары жүргізілмегенін мәлімдейміз. Жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертудің заңдылығына байланысты Медеу аудандық прокуратурасы жер ресурстарын басқару бөліміне тиісті тексеру шараларын жүргізуді тапсырды", — делінген хабарламада. 

  • "Ақша жинап, мотоцикл алуды армандайтын": Алматыда лай көшкінінен қаза болғандардың жақындары тың деректерді айтты
  • Алматыда лай көшкіні болған аудан тұрғындары үйін сатып кетуге дайын

Ал Алматы прокуратурасы Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық істі, кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру, Отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтіру) бабы бойынша тергеп жатқанын хабарлады. 

“Осы бап бойынша жаза екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда лай көшкінінен қаза тапқан отбасының көршілері қайғылы жағдайға еңісте тұратын көршілерін кінәлағаны туралы жазған едік. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.