Оқу-ағарту министрлігі қысқы демалыста Түркияда демалып, басы дауға қалған екі қызылордалық мұғалім өз еркімен жұмыстан шыққанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алайда ұстаздардың Түркиядағы трансвеститтер клубында демалған видеолары әлеуметтік желілерде тарап кетіп, оған ата-аналар мен мұғалімдер шағымданды. Олар ұстаздардың мектептен кетуін талап еткен.

"Екеуі де – ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, жас мамандар. Біреуінің "магистр" атағы бар. Ұстаздардың әрекетін педагогикалық кеңесте талқылап, жиналысқа әдейілеп тек әйел мұғалімдерді қатыстыруды жөн көрдім. Жиналыстан кейін ұстаздар өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды. Олар – тек ұстаз  емес, сонымен қатар әйел кісілер, бала тәрбиелеп отырған ана. Әріптестеріміздің мұндай әрекетке барғаны өте ұят болды", – деп мәлімдеді мектеп директоры Гүлжахан Нарбаева.

Кейінірек білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов әлеуметтік парақшасында жазба жариялап, бұл іске қатысы бар педагогтерді этика нормаларын бұзды деп мәлімдеді.

"Қысқы демалыс кезінде Түркияның түнгі клубында демалған Қызылорда облысының екі мұғалімінің әлеуметтік желілердегі жарияланған жазбасы ата-аналар қауымының наразылығын тудырды. Ұстаздар қызметінен босатылды", – деп жазды ол.

Бірақ оқу-ағарту министрлігі уақыт өте келе, мұғалімдерді жұмыстан шығару Түркиядағы клубқа барумен байланысты емес екенін түсіндірді. Қызылорда облысының білім басқармасы мұғалімдердің сабаққа қатыспағанын, бұл ретте өз қалауы бойынша жұмыстан шыққанын хабарлады.

"Қызылорда облысы Қармақшы ауданының №250 мектеп-лицейінде жұмыс істеген мұғалімдер, ақысыз демалыс күндерінен басқа, белгісіз себептермен 2-5 жұмыс күні аралығында жұмыс орнында болмаған. ҚР Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес олар өз еркімен жұмыстан босатылғанын хабарлаймыз", – деп мәлімдеді басқарма.

Еске салайық, бұған дейін қысқы демалыста Түркияда демалған қызылордалық мұғалімдер бірнеше мәрте трансвеститтер клубында көңіл көтергені туралы хабарлаған едік. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.