Жақында ғана UFC тұжырымымен келісімшартқа отырып, дебюттік кездесуінде атақты Хабиб Нұрмағамедовтың інісі Омарға қарсы жұдырықтасатын Бекзат Алмахан алдағы жекпе-жегі жайлы Stan.kz ақпараттық агенттігіне айтып берді. 

Фото: vesti.kz

Әлемнің ең үздік тұжырымындағы алғашқы жекпе-жегінде-ақ азулы қарсыласқа қарсы өнер көрсететін Бекзат Алмахан бұл жекпе-жекті еш ойланбастан қабылдағанын айтты.

"Иә, Омарға қарсы жұдырықтасасың дегенді естігенде, еш ойланбастан бірден қабыл алдым. Оның атақ-даңқынан да, дардай фамилиясынан еш қаймықпаймыз. Психологиялық тұрғыдан да ешқандай қысым көрсетпейді. Шаршы алаңда барымызды да, жанымызды да салып өнер көрсетеміз", – деді аралас жекпе-жек шебері.

UFC рейтингінде 13-орында тұрған Омар Нұрмағамедовке қарсы жекпе-жекті қысқа мерзімде қабылдаған отандасымыз шарасыздықтан емес, өзіне деген сенімділіктен екенін де жасырмады. 

"Сөзсіз, Омар – лигадағы ең мықты жауынгерлердің бірі. Бізге онымен жұдырықтасуға ұсыныс түскеннен кейін мүмкіндікті жібермейік деп шештік. Жекпе-жекті шарасыздықтан емес, өзіме сенімді болғаннан кейін қабылдадық. Қазір оның жекпе-жектерін көріп, зерттеуді бастадық. Әрине мықты тұстары көп, бірақ осал жерлері де жоқ емес. Соған орай, бапкерлеріммен тактика құрып, дайындығымызды арттырып жатырмыз", – деді Бекзат.      

Бір қызығы, Бекзат бұрышында да білікті бапкер Дәнеш Дүнгенбаев болмайды. Бұл фактор да жекпе-жек барысында өз әсерін беруі әбден ықтимал. Тіпті қазір спортшының бұрышында қандай бапкер болатыны да белгісіз. 

Азат Мақсұмның бапкері шәкіртінің UFC-де жеңілуінің басты себебін айтты

"Иә, Дәнеш ағайым визасының жоқ болуына байланысты жанымда бола алмайды. Шыны керек, бұрышымда нақты қандай бапкерлер болатыны әл шешілген жоқ. Өйткені клубымыздағы бапкерлердің бәрінде виза жоқ. Тіпті өзімде әлі виза алған жоқпын. Сондықтан да Америкаға ертерек бара алмай жатырмын. Виза мәселесі тезірек шешілсе, бірден АҚШ-қа ұшып кетуді көздеп отырмыз", – деді спортшы. 

Айта кетейік, Бекзат Алмахан 3 наурыз күні өтетін UFC Vegas 87 турнирінде жеңілістің дәмін татпаған Омар Нұрмағамедовке қарсы жұдырықтасады.  


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.