Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қарағандыда болған жедел жәрдем қызметкерін соққыға жығу оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ол соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: кадрдан скрин

Депутат айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрғын бассыздық деп бағалады. 

“Құқық бұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік. 1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? Арнайы қызмет өкіліне істеп отырғаны мынау болса, мұндайлар қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбас”,- деді депутат.

Ол мұндай оқиғалар елімізде жетерлік екенін айтты. Бұл бір ғана оқиға емес.

“Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?!”,- деп айтты Елнұр Бейсенбаев.

Ол медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынды.

“Осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамады. Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім”,- деді ол.

Ол бұл жағдай тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанынан екенін тілге тиек етті.

“Көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен хабарсыз”,- деді ол.

Депутаттың сөзінше, ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.