2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауысады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сағаттың ауысуы адам ағзасына қалай әсер ететінін мамандардан сұрап білді. 
 

Фото: Stan.kz коллажы

Қазір елімізде екі уақыт белдеуі (UTC+5 және UTC+6) бар. (UTC+4+1) Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары 4-сағаттық белдеумен есептеліп жүрсе, Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-сағаттық белдеуімен (UTC+5+1) санап жүр. 

Сомнолог Әділ Бейсенбаев уақыт белдеуінің кері жылжуы адам ұйқысының бұзылуына әсерін тигізетінін айтады. 

"Бірақ Алматы мен Астана тұрғындары үшін аздаған қиындықтар туғызады. Себебі 1 сағат артқа жылжығандықтан, әдеттегі әрекеттерінен бас тартуына тура келеді. Күнделікті өмірді барынша тиімді жалғастыру үшін сапалы ұйқы қажет. Сапалы ұйқы барысында ағзаны келесі күнге дайындау, оны токсиндерден тазарту, эндокриндік жүйені реттеу, иммундық жүйені нығайту реттеледі", – деді Әділ Бейсенбаев.

"Мелатонин адамды ұйқыға дайындайды. Біздің ағзамыз әрі кетсе, екі-үш күн ішінде жаңа режимге бейімделіп алады. Егер біз сағатты 1 сағат кері жылжытсақ, сәйкесінше, біз 1 сағат бұрын оянып, 1 сағат бұрын ерте жатамыз", – деді сомнолог дәрігер.

Ал онколог дәрігер Алтынай Ерікқызы адам ағзасының әр мүшесінің өзіндік ырғағы бар, оның жұмысы тәуліктің белгілі бір бөлігіне сәйкес жұмыс істейді дейді. 

“Оны ағзаның "биологиялық ырғағы" деп атайды. Ал "биологиялық ырғақ" бұзылса, адам ағзасында біршама өзгерістер болуы мүмкін. Мәселен, сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін бүйрек жұмысының белсенділігі артатын кез”, – дейді ол. 

  • Қазақстанда 1 наурызға қараған түні уақытты ауыстыруы мүмкін: Заң жобасы жарияланды
  • Қазақстанда уақыт белдеуі өзгеруі мүмкін

"Бүйректер ағзаға түскен барша сұйықты өңдейді, ағзаға қажет-қажетсізін сұрыптайды, улы заттарды тысқа шығарады. Ал түнгі сағат 01:00 мен 03:00-ге дейін бауыр белсенді жұмыс істесе, ал одан кейін тамақты қорыту уақыты 1 сағатқа өзгереді. Уақыт белдеуінің ауысуынан адам дұрыс ұйықтамаса, бауыр мен бүйрек жұмысына зиян келтіреді", – деді онкология маманы Алтынай Ерікқызы.

Қазақстан ғалымдары еліміздің көп бөлігінің тұрғындары өздерінің табиғи уақыт белдеуінде тұрмайтынына бірнеше рет алаңдаушылық білдірген. Бұл денсаулық сапасына әсер етеді, дейді мамандар. Адам ұйқысы қанбайды және шаршайды, нәтижесінде жалқаулық пен апатия пайда болады. 

"Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Қостанай облысы табиғи уақытынан озып кеткен. Бұл қолайсыздықты тудырады және когнитивті функцияға ғана емес, адамдардың денсаулығына да әсер етеді. Себебі адам, күндізгі тіршілік иесі ретінде, күннің шығуымен оянуы керек. Ал бұл жақта олай емес ", – деді хронобиология маманы Болат Нұрқожаев.

Болат Нұрқожаевтың айтуынша, кейінгі кездегі ғылыми жаңалықтар озық декреттік уақытты қолдану "вероятно канцероген" деген ұғымды анықтап, оның пайдасы мен зияны туралы екіұдай пікір қалыптастырады. Мұны зерттеушілер ғылымда "канцероген" – қатерлі ісік туғызуы мүмкін нәрсе ретінде анықтаған.

Осы тұста Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындары бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқысы келмейтіндерін айтып наразылық танытып жатқанын айта кету керек. Хронобиолог мұндай мәселелер дауыс беруге салынбайтынын, керісінше, тәжірибелі мамандардың зерттеуіне жүгіну керек екенін ескертті. 

"Мысалы, шығыс жақтың уақытын 24 сағаттық белдеуге бөліп есептеп көрейік. Тал түсте яғни UTC+5 сағаттық белдеуі 75 меридианы болса, оның шекарасының екі жағына 7,5 градустан, яғни 67,5 меридианы мен 82,5 меридиан арасында орналасқан облыстардың бәрі UTC+5 сағаттық белдеуінің аумағында орналасады. Жердің өз осінде шығысқа қарай айналуына байланысты күн шығыстан батысқа қарай ататыны белгілі, яғни 1 сағаттық белдеудің шығысында тал түс уақыты 11:30-ға, ортасында 12:00-ге, батысында 12:30-ға сай келеді", – деді Болат Нұрқожаев.

Болат Нұрқожаев айтуынша, ортаңғы ендікте жаз бен қыс мезгілдерінде күн ұзақтығының айырмасы 7 сағаттан асады. Жазда күн ұзақ болса, қыс мезгілінде түн ұзақ болады. 

“Шығыс Қазақстан облысы UTC +5 пен UTC+6 сағаттық белдеуінің шекарасында орналасқандықтан және қазір UTC +6 декреттік уақыты қолданыста болғандықтан, тал түс уақыты 12:30-ға келіп тұр. Анығында, шығыс өңірінің белдеулік уақыты UTC+5. Шығыс Қазақстан облысының шығыс жақ бөлігіндегі бірқатар жер ғана белдеулік уақыт 11:30  болып тұрса, бұл уақыттан 10-15 минуттай ғана қалыс қалып отыр. Яғни оларда тал түс уақыты сағат 11:15-ке жуықтайды. Хронобиологиялық тұрғыдан табиғи уақыттан озықтық қалыптыққа қарағанда ауыр сезілетіні, аурушаңдық тудыратыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген", – деді Болат Нұрқожаев.

Фото хронобиолог Болат Нұрқожаевтың жеке архивінен

"Шығыс Қазақстанда балалар 8-де, жарықта сабақта отырса, бізде тас қараңғы болып тұрады. Өскеменде 08:00-де жұмыс, оқу басталады. Олардың бізден 1 сағат алда екенін байқауымызға болады. Анығын айтқанда, біздің балалар жердің табиғи жергілікті белдеулік уақытымен 07:00-де тұрса, алдағы уақытта 06:00-да тұрады деген сөз. Сондықтан қазақстандық балалардың ұйқы режимі қысқарып, бұзылады. Екінші бір фактор. Ересектер мен балалардың режимі факторы екі бөлек. Жаңа туған балалар 18 сағат ұйықтаса, бастауыш сынып жасындағы балалар 9-10 сағат ұйықтауы қажет. Міне, сол сағаттың бір сағатын қысқартамыз", – деді Болат Нұрқожаев.

Болат Нұрқожаев 2018 жылы Қызылорда облысында 1 сағатты кейін шегергенін еске алды. 

Фото хронобиолог Болат Нұрқожаевтың жеке архивінен

Болат Нұрқожаев табиғи уақытпен (күн уақытымен) ерте жатып, ерте тұрамыз дейді.

“Ал әлеуметтік уақытпен айтсақ, адамдар қазір онсыз да тас қараңғыда ұйқысынан оянып жатыр. Енді одан да қараңғыда тұрамыз деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Әлеуметтік уақыт артқа жылжыса, күн уақыты қозғалыссыз, яғни қазіргі 08:00 қараңғы болса, ертең өзгергесін ол жарық уақыт болады”, – деді хронобиолог.

Хронобиолог әлеуметтік уақыт озық болса, ішкі биологиялық сағаттар, яғни органдар мен жүйелер өзара синхрондығы бұзылғанда “десинхроноз” болатынын айтты.

“Биологиялық ырғақтың бұзылуынан шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қан тамыр аурулары пайда болуы мүмкін. UTC+5 уақыт белдеудің артықшылықтары: созылмалы түрде ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарт­та­рын қалыптасуына жол бермейді”, – дейді ол. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.