АлматыЭлектроТранстағы бес автобус паркінде 1300-ден аса қоғамдық көлік бар. Мекемеде таңғы 04:30 болмай жұмыс қыза бастайды. Stan.kz тілшісі Б.Майлин, 79 в көшесінде орналасқан №2 автобус паркіне барып, қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмыс күні қалай өтетінін көріп қайтты. 

Таңғы 05:30-да автобус жүргізуші Арман Қуанышұлы Тлепов күтіп алып, ең әуелі, жұмыс күні тексерістен басталатынын айтты. Автобус жүргізушісінің еңбегі қаншалықты қиын немесе қызық екенін түсіну үшін күні бойы жүргізушінің жанында жүрдік.

"Біріншіден, диспетчерге барып, құжатты көрсетеміз. Себебі жолға шығу талонын алуым керек. Бұдан кейін денсаулық сақтау пунктінде алкоголь деңгейін тексереміз. Алкотестте адамның ішімдік ішкені, ішпегені анық байқалып тұрады. Тестті тапсырмас бұрын экрандағы қазақ тілін немесе орыс тілінің бірін таңдайсыз", – деді Арман Тлепов.

Алкотест – жүргізушінің ішімдік ішпегенін бақылайтын арнайы құрылғы. Міне, осы тексерістен өткендер ғана жолға шығып, жолаушылар тасиды. 

Арман Тлеповтің айтуынша, күніне автобус паркіндегі диспечерлер 1-2 жүргізушіні қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуіне байланысты демалуға жібереді. Алғашқы көмек көрсетіп, жағдайы оңалған соң жұмысқа қосылып кететіндері де болады екен.

Арман Тлепов дәрігердің рұқсатын алғаннан кейін диспетчерге қайта баратынын айтты. 

"Диспетчер қозғалыс кестесі бар қағазды береді. Ол менің маршрутқа шығуыма және автобуспен жүруге болатынын айтады. Осылайша, таң ата диспетчердің кабинетіне жиналамыз", – деді автобус жүргізушісі.

Ол диспетчерге жүргізуші куәлігін көрсетіп, келген уақытын жаздырып алды. Ары қарай терезенің арғы бетіндегі қызметкер оған маршрут куәлігін берді. Арман Тлепов айдайтын автобустың нөмірі – 113.

Автобус жүргізушісі таң атқаннан, кеш батқанға дейін бір орында отырып қоғамдық көлік жүргізгеніне қарамастан, кәсібін жақсы көретінін тілге тиек етті. 

Азамат 10 жылдан бері қоғамдық көліктің тізгінін ұстап келе жатыр екен. Ал Алматыға автобус айдап жүргеніне 2 жыл болыпты. Айтуынша, қазір оған таң атпай оянған қиынға соқпайды.

Кестеге сәйкес ол 06:25-те автотұрақтан шығып кетуі керек. Оған дейін санаулы уақыт қалды. Автотұрақтан кейіпкеріміздің көлігін табу оңай болмады. Кей жүргізушілер тізгінге отырса, енді бірі көліктеріне жаңа кіріп жатыр. Ондаған автобустың ұзын-сонар кезекке тізіліп, тұрақтан шығып жатқан көрінісі көз қуантады. 

Тәжірибелі жүргізушінің сөзінше, күн сайын 280 автобус жүргізуші жұмысқа шығып, қала тұрғындарын тасымалдайды. 

Тізілген көліктер легінен алыстаған соң Арман Тлепов қайта тоқтады. Тұрақтың шыға берісінде техникалық қызмет маманы күтіп алып, автобустың жүруге дайындығын бір тексеріп шықты. Автобустың жолға шығуға дайын екеніне көз жеткізген ол, қағазға қол қойдыртып алды.

"Автобус газбен жүреді. Бір күнге 20 баллон автогаз толтырып шығарады. Өкінішке қарай, газды арнайы компрессор қысып, метан формасында береді. Ол адам ағзасына өте зиян. Жұмыс күнінің соңында қанша газ жұмсалғаны есептеледі. Соған қарай келесі күнге толтырып береді", – деді ол.

№113 автобус жолаушыларды тасымас бұрын бірінші Жетісу базарына аялдады. Сол жерден алғашқы рейсті бастап, сағат 06:45-те жүріп кетті. Автобус Халық Аренадан өтіп, айналма жолдағы аялдамаға тоқтады. Сағат 07:00-ге таяды. Әзірше көше де, халық та тыныш. Жолаушылардың жоқтығын пайдаланып, Арман мырзаны әңгімеге тарттық. 

Ол өзінің "Экономист" мамандығын оқи тура, не себепті бұл салаға келгенін айтып берді.

"Бұрынғы Семей облысы (қазір Абай облысы), Мақаншы ауданы, Мақаншы ауылында 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келдім. Сол жерде мектеп бітіріп, Алматыдағы Тұран университетінің экономика факультетіне оқуға түстім. Одан кейін әскерге барып, борышымды өтеп келдім. Қапшағайдағы №35 жеке гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадасында қызмет атқардым. Бұл жұмыстың артықшылығы басқа мекемелерге қарағанда айлықты уақытында төлейді. Үстемақы аламын десең, тағы қосымша жұмыс істеуіңе болады. Өз жұмысыңды тиянақты істесең, ешкім саған қиянат жасамайды. Тиісті жалақыңды аласың. Сондықтан автобус жүргізушісі боламын деп ниет білдірушілерді жұмысқа шақырамыз", – деді автобус жүргізушісі.

Арман Тілепов не себепті қоғамдық көліктердің жүргізушілері болып көбіне-көп 40-тан асқан ер адамдар жұмыс істейтінін айтты.

"Жұмыс өте ауыр болғандықтан жас жігіттер келмейді. Таңғы 04:00/05:00 тұрып, түнгі 12:00 немесе 01:00-ге дейін кім жұмыс істегісі келеді? Мысалы, сіз күнде таңертең 04:00-де тұрып жұмысқа барасыз ба? Кейбіреуі тіпті, 03:00-де тұрады. Сөйтіп үйіне кешкі сағат 01:00 шамасында жетеді. 3 сағат қана ұйықтайды. Дұрыс ұйықтамағандықтан, созылмалы ұйқысыздық пайда болады. Ал біз бұл режімге үйреніп алдық. Демалыс күні де ерте тұрып аламыз. Оған ағзамыз да үйреніп алған. Мұндай жұмысқа келетін адамдардың мақсаты болу керек. Менің мақсатым – отбасымды асырау, балаларымды қатарынан қалдырмай өсіру. Бала-шағасын баққан адам жетістікке жетеді. Жақсы жалақы алып тұрсаң, балаларыңның оқуының ақшасын төлейсің. Әйеліңнің, өзіңнің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етесің. Ер азамат қол қусырып отыруға болмайды. Жұмыс істеу керек", – деп түсіндірді Арман Тілепов.

Ымырт сейіліп, қала анық көрінді. Автобусқа жолаушылар ақырындап міне бастады. Шаһарға көктем келіп, қар еріп жатқанын көруге болады.

Бүгін Арман Тлепов толық жұмыс күніне шықты. Бұл ауысым ол үшін өте ауыр болмақ. Себебі дәл қарбалас уақытта жұмыс қызады. Жүргізуші маршрутта түнгі 22:25-ке дейін болады.

Ол сағат 07:20-да бірінші Aport Mall East ойын-сауық орталығына тоқтап, автобусқа 1-2 жолаушы мінді.

Автобус жүргізушісінің сөзінше, ол ай сайын 350 мыңнан 650 мың теңгеге дейін табыс табатынын айтты.

"Жұмысқа шығуыңа байланысты айлық беріледі. Жүргізушінің жұмысы сағат кестесіне сәйкес есептеледі. Айлық тарифтік (1 сағат) мөлшерлеме – 1 375 теңге. Алайда Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілерің жалақысы, астаналық жүргізушілерден қарағанда әлдеқайда аз. Олар бізден екі есе көп табады. Мысалы, ұстайтын салық және тағы басқаларын қоспағанда, қолына 1 миллион теңге алатындар бар. Алматыда кептеліс пен адам саны көп болғанына қарамастан бізде айлық аз деген сұрақ туындайды. Сондықтан елордалықтарға секілді біздің де табысымызды көтеріп бергенін қалаймыз", – деді Арман Тлепов.

Жүргізуші сағат 12:21-де Жетісу базарына қайта келіп, түскі үзіліске шығады. Үзіліс уақыты небәрі жарты сағатқа созылды. Арман мырза сағат 13:19-да Көк базарда болуы керек.

Ол түскі үзіліске әркім өз қалтасынан шығаратынын және бұған басшылық қаражат қарастырмағанын атап өтті. 

Әңгіме барысында Арман мырза жеңіл автокөліктердің автобус жолағына шығып, кейде аялдамаға белгіленген уақыттан кешігіп жататындарын айтады. Бұдан қалды автокөлік жүргізушілері бір-біріне жол бермей, көлік апатының болуына бірден-бір себепкер болады екен. 

"Автобус келгенде кедергі жоқ. Бірақ көліктер жолмен тура жүргенде, автобус тоқтап тұрғанда, бұрылғанда кедергі жасайды. Екі жолақ бір жолаққа қосылғанда да кедергі жасайды. Мұндай жағдай біздің қаламызда бірнеше жерде бар. Соны дұрыстап тексеріп, мәселені шешу керек. Жаңадан қолданысқа берілген кейбір жолдардың белгісі мен жолақтарды бөлу сызбасы жоқ. Осының кесірінен кейде жол апаты да болып жатады. Мысалы әсіресе, жеңіл автокөліктермен кептеліс кезінде соқтығысып, қарбаласып кетеді", – деді ол. 

Сонымен қатар Арман мырза автобусқа жолаушыларды отырғызып, шығару кезінде мұқият мән беру керектігін айтты.

"Себебі автобусқа егде тартқан адамдар, балалар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқалары мінеді. Мысалы, жолаушы автобустан шығар кезде, есік қысып қалып, тұрған жерінде жүріп кеткен жағдайдар болған. Сондықтан біздің жұмысымыз жауапкершілікті талап етеді. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін автобустың ортаңғы есігінен пандус қарастырылған. Әлбетте мұндай жандарға көмек береміз", – деді алматылық жүргізуші.

Арман Тлепов күнұзаққа тұрғындарды тасымалдайды. Қыс мезгілінде көшеде көктайғақ, аялдамалардың маңы қауіпті екенін айтып ескертті. Автобустар мұзға тайғанап, әрең тоқтайды. 10 жылдық жұмыс өтілі бар қоғамдық көлік жүргізушісі коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына көңілім толмайды дейді.

"Біз аялдамаға әрең тоқтаймыз. Ал тұрғындар автобусқа мінерде аяғы тайып құлап жатады. Кей аялдамалардың жанына құм да сеппейді. Бұл бізді қатты алаңдатады. Өйткені автобустың дөңгелегі тайып кетсе, апатты жағдай болуы әбден ықтимал. Себебі аялдамаға бір емес, бірнеше автобус қатарынан келіп тоқтайды", – деді Арман мырза.

Қоғамдық көлік қызметіне жүгінетін жолаушылар жүргізушілердің қызмет барысындағы өрескел заң бұзушылықтарының да куәсі болатыны жасырын емес. Керек десеңіз, алдын кесе көлденең өткен автокөлік жүргізушілерімен жаға ұстасып қалатын сәттері де болады. 

Арман Тлеповтің айтуынша, мұндай оқиғалар кезінде жолаушылармен сөзге келмеу керек. Ол мұндай өз ісіне есеп бере алмайтын және өте агрессивті адамдардан аулақ болуға шақырады. 

"Себебі жолаушылардың әрқайсысы автобусқа мінгенде әр түрлі эмоциямен кіреді. Мүмкін ол сол кезде ашулы күйінде кіріп немесе көңіл күйі түсіп тұруы мүмкін. Жүргізушіні оның автобустың ішінде өзін қалай ұстап тұрғаны және автобусқа қалай кіріп-шыққан сәті еш алаңдатпауы қажет. Өйткені жолаушыға қандай да бір сын айтып, оған сөйлеуге құқығым жоқ. Жолаушылармен сөзге келгенше, өз жұмысыңды дұрыс атқарған жөн", – деді ол.

Сонымен қатар ол жолаушы жүргізушіге өтініш айтып, жолды немесе мекенжай туралы сұраса, жауап берген абзал екенін айтты.

"Ал егер сұраған мекенжайын білмесеңіз, бірден "кешіріңіз, мен білмеймін. Басқа біреуден сұрап көресіз бе?" деп сыпайы жауап беру керек", – деп жауап берді.

Осы тұста Арман Тлепов "D", "D1” категория бар жүргізушілердің жетіспейтінін атап өтті.

"3 жыл ішінде жеңіл маршруттік көліктерді айдап үйренуі керек. Содан соң барып қана автобус жүргізушісі бола алады. Негізінде бұл заңды дұрыс деп санаймын. Мысалы, қазір мен айдап келе жатқан автобустың салмағы 12 тонна. Ұзындығы – 12 метр. Ойлаңызшы, сіз он екі метрменен көлік жүргізу тәжірибең жоқ болса, онда автобусты қалай айдайсың?! Маневр жасау керексің. Қарапайым жеңіл көлікпен автобусты салыстыруға келмейді. Жеңіл көлік жолдың ортасын  ғана алса, ал мен түгел жолды алып тұрмын", – деді ол.

Қолданыстағы заң талаптарына назар аударсақ, "D" санатындағы жүргізуші куәлігін алуды ойластырғандар "Жол жүрісі туралы" заңның 74-бабы, 2-тармағына сәйкес 25 жасқа толуы шарт. 

"Осы аралықта жүргізушінің кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Әрі оның үш жылында "D1" кіші санатындағы (шағын автобус) көлік құралын басқаруға тиіс. Қысқасы, осы талапты орындамай, "D" санатындағы көлікті тізгіндеу тіптен мүмкін емес. "D1" санатын алған жүргізушіге 16 орынға дейінгі шағын автобустарды басқаруға рұқсат. Жүргізуші сол автобусты 3 жыл тізгіндеп, мықтап тәжірибе жиған соң ғана "D" санатындағы куәлік алады. Алайда қазір жүргізуші "D1" кіші санатын тырмысып жүріп 21 жаста алған күннің өзінде елімізде ондай шағын автобустар жоқтың қасы. Ал 3 жыл шағын автобус жүргізу керек деген талапты орындамаған жүргізуші арада неше жыл өтсе де тәжірибесіз "D" санатын ала алмайды. Міне, жүргізушілер осы тұста шарасыз қалады. Жүргізуші тапшылығы тек бізде емес, республика бойынша байқалды", – деді ол.

Арман Тілепов уақыттың тығыздығына қарамастан отбасына, жан-жарына көңіл бөлетінін айтты.

"Біз енді махаббатымыз жанып тұрған жас бала емеспіз ғой… Бізде бала-шаға бар. Соларды асырап, жеткізуіміз керек. Күннен-күнге бәрі қымбаттап жатыр. Үнемдеп бір жерге баруды үйренбеген. Үйден шықса, қалтасын толтырып шыққысы келеді. Бұған үйреніп алған. Әйелім балалар тәрбиесімен айналысады. Өзінің шағын бизнесі бар. Қолы босағанда интернеттен тапсырыстар қабылдайды", – деді Арман мырза.

Бүгін Арман Тлеповтің жұмыс кестесі кеш аяқталғалы тұр. 

"Кесте бойынша 22:25-те автотұрақта болуым керек еді. Қалада кептеліс болып кешіктім. Соңғы айналым 22:25-те бітуі керек деп, жұмыс күнін аяқтай алмаймын. Кесте бойынша неше айналым жасауым керек болса, сонша уақыт жүріп шығуға тиіспін", — деді Армар мырза.

Сағат 23:30-да автопаркке жеттік. Автобустар тұраққа тізіле кіре бастады. Автотұрақтың техникалық мамандары көліктерді жуып, тиісті орнына қойды. Жұмыс күні аяқталды. Диспетчер бөліміне өтіп, келгеніміз жайлы мәлімет беріп, борт куәлігін өткіздік.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.