Алматы облысы Жамбыл ауылының тұрғындары ауыз судан қағыламыз ба деген қорқып, наразылыққа шықты. Күн сайын көрші елдімекендерден су алуға арнайы келетін халық та алаңдап отыр. Халықтың айтуынша, жер асты суы тұрған аймақтың жекенің меншігіне өткені аздай, қожайыны қоршау салып, үй тұрғызбақ екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Халыққа тиесілі жер жекенің меншігіне өтті дегенді естігелі, тұрғындар жан-жақтан құжаттар жинап, бұл әрекеттің заңсыз екенін дәлелдеп әлек. 

“Кадастрға жеке өзім барып, планды түсіріп алғанмын. Мінекей мына жерде төрт соттық жер бөлінген. Сол төрт соттық жер ешкімнің жеке меншігіне өтуі мүмкін емес. Халық игілігінде деген. Енді он шақты күн болды сол жерді жеке меншікке сатып жіберіпті. Сонша халық ауыз сусыз қалдық. Енді суды қайдан алып ішеміз біз? Онсыз да сайда тұрамыз”, – деп ашынды Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Алтынай Төремұратқызы. 

Жамбылдықтардан бөлек дәл осы жердің суын көрші елдімекендердің халқы да тасып ішеді екен. 

“Жан-жақтан, Райымбек, Жалпақсай, Ұлан, Киіз ауылдының бүкіл халқы осы суға келеді. Бұл – алтын бұлақ, таза су ішейік дейді халықтың барлығы. Енді соның жан-жағын қоршап алып жатыр. Қайда барсаңдар онда барыңдар дейді сатып алған адам”, – дейді Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Нағжан Байханова. 

Ауыл тұрғындары бұл жердің қалайша сатылып кеткенін білу үшін әкімдіктің де табалдырығын тоздырдық дейді. Алайда, көңілге қонымды жауап ала алмағанын айтады. Халықтың көкейіндегі сауалға жауап алу үшін Жамбыл ауылдық округінің әкімін бұлақ басына шақырдық. 

“Жер қалай берілді, кімге берілді – сол бойынша қазір толық мәлімет жинап жатырмыз. Бүгін-ертең тиісті мемлекеттік мекемеге осы жерді қайтару бойынша хат жолданады. Жалпы су бойынша айтар болсам, қазір "Қаскелең топтық су құбыры" деген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол жоба аясында 2025 жылға дейін Жамбыл ауылы толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі”, – деп түсіндірді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Саматұлы. 

Ал ауыз сусыз қаламыз деп алаңдаған тұрғындар, бұл проблеманы шешпейінше дегенімізден қайтпаймыз дейді. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.