Астанада әйелінің туысын тапсырыспен өлтіруді жоспарлаған ер адамға қатысты іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 3 қарашасында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тапсырыспен адам өлтіру ісі бойынша екі ер адамға үкім шығарды.

"Сотталушы Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіруге дайындықты ұйымдастырғаны үшін 10 жылға, ал Н. көмек көрсеткені 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Белгілі болғандай, сотталушы Ш. айыпталушы Н.-ны әйелінің әпкесін 10 миллион теңгеге өлтіруге жалдаған. Сотталушы Ш.-ның әйелінің әпкесі сақтауға қалдырған ақшаны жұмсап қойғандықтан, қылмысты жасауға түрткі болған-мыс.

"Өз кезегінде сотталушы Н. өзінің досы В.-ға адам өлтіруді ұсынады. Алайда В. бұл туралы полицияға хабарлаған. Полицейлер адам өлтіруге тапсырыс беруші мен сыбайласын ұстау үшін жәбірленушінің жалған өлімін ұйымдастырып, күдіктілерді ұстады", – деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Қорғаушы тарап апелляциялық шағымында үкіммен келіспей, Ш. мен Н. жәбірленушіні өлтіруге емес, оның ақшаны біраз уақытқа ұмытуын көздеп, тек ұрып-соғуға тапсырыс бергенін айтты.

"Алқа сотталғандардың кінәсі куәгердің жалданған кісі өлтіруді орындаушы В.-ның тұрақты айғақтарымен, әңгімелесу стенограммасымен, тәркіленген заттай дәлелдемелермен толық дәлелденген деген қорытындыға келді. Осыған байланысты, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді", – деп жазады баспасөз қызметі.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.