15 ақпанда сенат отырысында депутат Жанна Асанова пәтер иелері қайта жоспарлауды жиі жасап, салдарынан ғимараттардың құрылымына зақым келіп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысынан скриншот 

Сенатордың айтуынша, адамдардың тұратын немесе жұмыс істейтін жерін өз қажеті мен өмір салтына қарай бейімдеп алуға ұмтылуы түсінікті жағдай. 

“Дегенмен қайта жоспарлау дегеніміз де сәулет нормаларын сақтай отырып істелуі керек. Тірек құрылымдары мен ғимараттың сыртына өзгеріс енгізілсе, үлкен қауіп туындауы мүмкін. Себебі ғимараттың тұтастығы бұзылуы ықтимал. Бұл, әсіресе зілала кезінде оның толықтай немесе ішінара опырылып түсуіне әкеледі”, – дейді ол.

Сонымен қатар Асанова қайта жоспарлау кезінде негізгі жобаға бейімделіп жасалған өрт қауіпсіздігі бұзылып, коммуналдық жүйені пайдалану нашарлайтынын атап өтті.

“Қазіргі заңнама көпқабатты үйлердегі пәтер иелеріне көтеруші қабырғаларды бұзуға тыйым салатынын білеміз. Бірақ коммерциялық құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау көптеген жыл бойы дұрыс жүргізілген жоқ, ал жоспарлы тексеру әлі күнге дейін өткізілмейді. 

Қазақстанда тұрғын үй сапасына қатысты мәселе Түркияға жойқын зілзала мен Алматыдағы жер сілкінісінен кейін көтеріле бастады. Себебі бұл оқиғалар қазақстандықтардың үрейін ұшырып, елдегі құрылыс сапасына назарын аударды”, – деді Жанна Асанова. 

Ол мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатқан жоқ деп айта алмаймыз дейді.

“Жедел әрекет ету жоспарлары жасалып, құрылыс нормаларын қатаңдату мәселелері қарастырылып жатқанын білеміз. Бірақ мұның бәрі жаңадан салынатын үйлерге ғана қатысты. Ал біздегі мәселе адамдар бұрыннан тұрып жатқан, заңсыз қайта жоспарлау жүргізілген пәтерлерге қатысты болып отыр. Бұл тақырыпта мүлдем ақпарат жоқ”, – деп атап өтті депутат. 

Сенатор тиісті министрлік пен ведомстволарға тексеріс жүргізіп, әлсіз ғимараттарға баға беруді сұрап, мынадай ұсыныс айтты: 

  • елдің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде ведомствоаралық жұмыс тобын құру
  • заңсыз қайта жоспарлау жүргізілген факт туралы хабарлау үшін бірыңғай нөмірді іске қосу 
  • талдануы керек ғимараттар пен тұрғын үйлердің тізілімін жасау
  • жұмыс тобы, прокуратура, төтенше жағдайлар департаменті, қоғам белсенділері мен сарапшылармен бірлесіп тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіп, қайта жоспарлау құжаттары бар ма, тиісті нормалар сақтала отырып жасалды ма, тексеру. Сонымен қатар кеткен олқылықтардың орнын толтыру, жөнге келтіру бойынша жоспар дайындау. 
  • заңсыз қайта жоспарлау жасағандарға жазаны қатаңдату. Ғимаратқа айтарлықтай зиян келсе, қылмыстық жауапкершілік жүктеуді қарастыру.
  • бақылау органдарының жұмысын күшейту, тұрақты тексеріс жүргізіп тұру. 

Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.