Ақтөбенің шетінде еріген қардан кейін жан түршігерлік көрініс пайда болды. Онда жануарлардың өлексесі мен қоқыс тау болып жиналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе тұрғыны облыс орталығының санитарлық жағдайына ашуланды. Қала іргесіндегі Бауырластар ауылының кіре берісін ер адам видеоға түсіріп алған. Жол бойында пластик бөтелкелер, сөмкелер, киімдер шашылып, жылқының өлексесі жатыр.

Видео авторы жануардың иесі кім және ол неге оны тас жолдың бойына лақтырады деген сұрақ қояды.

"Адамдар мүлде қорықпайтын болған. Малдың өлексесі, құрылыс қалдықтарын тастаған. Бақылау жоқ. Учаскелік полиция қызметкері тым болмаса бір-екі адамға айыппұл салса, адамдар қоқыс тастаудан қорқатын еді. Мұны істегендерді жауапқа тарту керек. Алаңды тазалау тиіс. Әйтпесе иіс қаланың өзіне жетеді. Бұл да жұқпалы аурулардың көзі", — деді видео авторы.

 

Полицейлер сынға жауап беріп, қоқысты тастағандарды табуға уәде берді.

"Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы (Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қаладағы және елді мекендердегі инфрақұрылымды бұзу, жасыл желектерді жою және бүлдіру) бойынша жауапкершілікке тартылады. Оның ішінде жалпы пайдаланатын аумақтардың қоқыспен ластануы да бар", – деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Полицейлер құқық бұзушыларды анықтаса, оларға 20-дан 100 АЕК-ке дейін (73 840 теңгеден 369 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.