Осы аптада әлемдегі саяси аренада көптеген өзгерістер болды. Бүгін Ресейде президент сайлауы басталды. Бұл сайлаудың нәтижесі әлемдегі саясатқа айтарлықтай әсер етпек. Швеция НАТО-ға қосылса, Сотүстік Корея соғысқа қызу дайындық бастаған. Ал Түркия президенті биліктен кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Гаитидегі басссыздықтар өрши түскен. Газа секторында ұшақтан лақтырылған көмекті алмақ болған бес адам қаза тауып, жарақат алғандар бар. Бұл оқиғалардың елімізге әсері қандай? Осы және өзге де әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу. 

Ресейде президент сайлауы басталды

15 наурыз күні таңертең Ресей бойынша сайлау учаскелері ашылды. Дауыс беру үш күнге созылады, аймақтардың үштен бірінде дауыс беру электронды түрде өтеді.

Ресей президенттігіне үміткерлер кім?

Ресей президентіне үміткер ретінде Путинмен қатар РФ Коммунистік партиясынан депутат Николай Харитонов, ЛДПР басшысы Леонид Слуцкий және Думаның "Жаңа адамдардан" вице-спикері Владислав Даванков бақ сынап жатыр. 

Ескере кететіні бұл үміткерлер осыған дейін Путинді немесе Украинаға қатысты соғысты сынамаған. 

Тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысуына рұқсат етілмеді — тіркеу кезінде Орталық сайлау комиссиясы Ржевтен келген журналист Екатерина Дунцовадан да, "Азаматтық бастама" партиясы ұсынған саясаткер Борис Надеждиннен де бас тартты. Екеуі де Украинаға басып кіруді сынап, соғысты тоқтатуды жақтаған.

Бұл Путиннің бесінші сайлауы болмақ. Ақпан және наурыз айларында Путин белсенді түрде ел аралап, әскери қызметкерлермен, жұмысшылармен, ғалымдармен, фермерлермен және жастармен кездесті. Сайлау алды науқан болғанымен, бұл кездесулерде сайлау немесе дауыс беруге қатысты ешқандай ақпарат айтылмады.

“Ресейдегі ең мағынасыз президент сайлауы"

Сайлаушылардың құқықтарын қорғайтын "Голос" қозғалысы сайлау қарсаңында баяндама жасап, қазіргі науқанды Ресейдегі президенттік сайлау тарихындағы "ең мағынасыз" сайлау деп атады. "Голос" сарапшылары сайлауға федералды да, аймақтық БАҚ та қызығушылық танытпаған деген қорытындыға келді.

Кремльдің бұл сайлаудағы басты мақсаты – сайлаушылардың 70-80 пайызының қатысуы екенін айтады сарапшылар. Шамамен сайлаушылардың 80% Владимир Путинге дауыс беруі керек дейді олар. Кремль бюджеттік сала қызметкерлерін дауыс беруге мәжбүрлеу арқылы осындай белсенділік пен нәтижеге қол жеткізбек.

Сайлаудың басты ерекешелігі электронды түрде сайлауға өтініш беру және дауыс беру әдісі қолданылмақ. Апта басында орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға 4,5 миллион адам өтініш бергенін хабарлаған. Бұл Мәскеуді қоспағандағы көрсеткіш. 

Окупацияланған аймақтарда сайлау 

Фото: TASS

2024 жылы алғаш рет Запорожье, Херсон, Донецк және Луганск облыстарында сайлау пунктері ашылды. 

Аннексияланған аумақтарда дауыс беру мерзімінен бұрын басталды. Аймақтрда сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр. Алайда, жауаптылар тұрғындарды үйде дауыс беруге шақырады. Нәтижесінде дауыс беру жәшіктері бар комиссия мүшелері қарулы адамдардың сүйемелдеуімен тұрғылықты жер бойынша барып, сайлау өткізуде. 

Азаматтарға кез келген құжат бойынша дауыс беруге мүмкіндік берілді. Тіпті Украина паспортымен де дауыс беруге болады. 

Путин: Украинаның Ресей аймақтарына шабуылдауының үш себебі бар

Ресей президенті Владимир Путин жақында ғана үлкен сұхбат берген. Сұхбат барысына ол Украинаның Ресейдің кейбір аймақтарына шабуыл жасауының бірнеше себебі бар екенін айтты.

"Ресей Федерациясының аймақтарына шабуыл жасауға әрекеттенген Украина Ресейдегі президенттік сайлауды тоқтатуды мақсат тұтпағанымен, олар азаматтардың еркін дауыс беруіне кедергі жасауды ойлайды.  Екінші себеп – ұрыс даласындағы сәтсіздіктер фонында ақпараттық әсер қалыптастыру, бір нәрсе болсын дәлелдегілері келеді. Үшінші себеп – болашақта келіссөздер жүргізген кезде "біз мынаны қайтарамыз, ал сіз мынаны кері бересіз” деп айта алатындай “козырьге” ие болу”, – дейді Путин. 

Ол Украинамен келіссөз жүргізуге қатысты да пікір білдірді. 

"Олардың қарулары таусылып жатыр екен деп келіссөздер жүргізу біздің тарапымыздан әбестік болады. Бұл жаудың қайта қарулануы үшін берілген үзіліс болмауы керек.  Ресей Федерациясының қауіпсіздігі басты назарда екенін ескеруіміз керек. Мен ешкімге сенбеймін”, – деді Путин. 

Сонымен қатар Путин Ресейдің Ядролық соғысқа дайын екенін мәлімдеді.

“Әскери-техникалық тұрғыдан алғанда Ресей ядролық соғысқа дайын. Ресейдің ядролық үштігі басқа елдердің триадаларына қарағанда әлдеқайда заманауи”, – деді Путин. 

Швеция НАТО-ға ресми түрде қосылды

Фото: pixabay.com

Ресми құжат АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланған. 

"Хаттама 2024 жылдың 7 наурызында күшіне енді", – делінген мемлекеттік департаменттің мәлімдемесінде.

Швеция мен Финляндия 2022 жылдың көктемінде НАТО-ға қосылуға бірлесіп өтініш берген. Финляндия альянсқа Швециядан бұрын, 2023 жылдың көктемінде қосылды. 2024 жылдың басында Швецияның НАТО-ға кіруіне соңғы болып Түркия мен Венгрия рұқсат берді. Осылайша Швеция НАТО-ның отыз екінші елі болып тіркелді. 

Швеция 200 жылдан кейін алғаш рет НАТО-ға қосылуға өтініш берген

Инфографика Stan.kz

Швеция екінші дүниежүзілік соғыста да бейтарап саясат ұстанған. 200 жылдан бері әскери одаққа кірмеген Швеция Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін бірден НАТО-ға кіруге өтініш берген.

НАТО мүшелерінің көпшілігі Швецияның қосылуын тез арада мақұлдаған. Алайда Түркия бұл процесті кейінге қалдырды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Швеция Түркияда террористік топ деп санайтын күрд топтарының мүшелерін өзінде паналатуда деп мәлімдеме жасаған. 

Бұл талаптарға жауап ретінде Швеция лаңкестікке қарсы заңнаманы күшейтіп, Ердоған сұраған басқа да шарттарды орындады.

Әлемдік сарапшылар НАТО мен Ресей арасында қақтығыс болған жағдайда Швеция НАТО-ның логистикалық орталығы болады деп мәлімдеген. Оның альянсқа кіруі Латвиядан 200 шақырым жерде орналасқан Швецияның Готланд аралы арқылы қақтығыс жағдайында Эстония, Латвия және Литваны теңіз жолымен қамтамасыз етуді жақсартатынын айтты сарапшылар. 

"Бұл тарихи күн. Швеция енді НАТО-ның келіссөздер үстелінде өзінің лайықты орнын алады, альянстың саясаты мен шешімдерін қалыптастыруда тең пікірге ие болады", – деп мәлімдеді НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

"Бұл менің соңғы сайлауым": Ердоған президенттіктен кету туралы сөз қозғады

Фото: pixabay.com

Президент Режеп Тайып Ердоған Түркия жастар қорының іс-шарасында сөйлеген сөзінде 31 наурыз күні өтетін жергілікті сайлау өзі үшін ең соңғы сайлау болатынын мәлімдеді.

"Бұл мен үшін – финал. Заңмен бекітілген өкілеттілігім бойынша соңғы сайлау. Сайлау нәтижесі меннен кейін келетін адамға аманат. Бұл сайлауда бүкіл Ислам әлемінің назары Түркияда болады. АКР партияның сайлау нәтижелеріне қатты назар аударылады”, – деді Түркия президенті. 

Биліктегі AKP партиясының басты мәселесі – 2019 жылы оппозицияның қолына өткен және 1990 жылдары Ердоғанның өзі мэр болған Түркияның басты қаласы және экономикалық астанасы Ыстамбұлды бақылауға алу.

Ердоған қайта президент бола ала ма?

Ұзақ уақыт бойы Түркияның ең табысты саясаткері ретінде танылған Ердоған 2002 жылдан бері оннан астам сайлауда жеңіске жетті. Ол 2023 жылдың мамырында бес жылдық мерзімге қайта сайланған.

Түркия TBMM төрағасының орынбасары Бекир Боздаг "Президент қайтадан кандидат бола алады" деген ақпарат берді.

Әлеуметтік медиа платформасында мәлімдеме жасаған бұрынғы әділет министрі Боздаг TBMM  осы бағытта шешім қабылдаса, президент Ердоғанның үшінші рет президенттікке кандидат болу "конституциялық құқығы" екенін айтты.

"Ертеңгі күні не болатыны белгісіз. Мүмкін уақыты келгенде TBMM сайлауды жаңартып, президентіміздің қайтадан кандидат болуына жол ашуы мүмкін”, – деп мәлімдеді Боздаг.  

Ким Чен Ын соғысқа дайындықты тездетуді бұйырды

Фото: Korean Central News Agency 

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын сәрсенбі күні елдің батыс аймағындағы ірі әскери операциялар базасында әскерлердің далалық жаттығуларын тексеріп, соғысқа дайындықты күшейтуді бұйырды.

“Әскерилер қалыптасқан жағдайға сәйкес соғысқа дайындықты күшейтудің жаңа гүлдену кезеңін динамикалық түрде бастауы керек. Біздің армиямыз өзінің жауынгерлік мүмкіндіктерін жылдам жақсартуға бағытталған нақты соғыс жаттығуларын тұрақты түрде күшейтуі керек", – деп келтіреді Кимнің сөзін жергілікті KCNA басылымы.

Сонымен қатар Солтүстік Корея басшысы ядролық қару саласында соғысқа дайындықты жеделдету туралы бұйрық берді.

Оның айтуынша, бұл АҚШ-тың бұрын-соңды болмаған текетірестік қадамдарына қарсы тұру үшін қажет.

2024 жылғы үкімет саясатының бағыттары туралы айта келе, Ким Чен Ын Пхеньян "антиимпериалистік және тәуелсіз елдермен" стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтетінін айтқан.

Солтүстік Корея Ресеймен қарым-қатынасын кеңейтуде. Ал АҚШ Сотүстік Корея Мәскеуге әскери құрал-жабдықтар берді деп айыптаған. 

Қозғалтқышы өртенген: Ресейде Ил-76 әскери ұшағы апатқа ұшырады

Фото: stratnewsglobal.com

Ресейдің Иваново облысында Ил-76 ұшағы жоспарлы рейске көтерілу кезінде апатқа ұшырады.

Бортта 15 адам – сегіз экипаж мүшесі және жеті жолаушы болған.

"12 наурызда сағат 13:00 шамасында Иваново облысында Ил-76 әскери-көлік ұшағы жоспарлы рейске көтерілу кезінде апатқа ұшырады. Апатқа қозғалтқыштардың бірінің өртенуі себеп болған", – деп мәлімдеді Ресейдің қорғаныс министрлігі. 

Куәгерлердің айтуынша, ұшақтың бір қозғалтқышы ауада отқа оранған. Иваново облысында апатқа ұшыраған ұшақ оқу-жаттығуларын өткізу мақсатында Северный аэродромынан көтерілген. Ұшақ көкте бірнеше минут бойы ұшқан. Қозғалтқыш бұрылу кезінде отқа оранған. Ұшақ зират маңындағы орман алқабына құлады.

Ил-76 әскери-көлік ұшағы жеке құрамды, жүктерді және әскери техниканы тасымалдауға арналған. Оның максималды жүк көтергіштігі 48 тонна, ал ұшу қашықтығы бес мың шақырымға дейін жетеді.

Бельгиядағы түрмеде орын жетпеуіне байланысты қылмыскерлерді үй қамаққа шығарып жатыр

Фото: Belga/ Jonas Roosens

Еуропадағы түрмедегі адам саны ең көп мемлекет Бельгия. Қаңтар айының соңында Бельгияда сыйымдылығы 10 700 адам болатын түрмеге 12 000-нан астам тұтқын орналастырылған. Бұл тұтқындарға ғана емес, түрмедегі қызметкерлерге де ауыртпалық тудырғаны белгілі болды. Адам санының артып кетуіне байланысты Хассельт түрмесі сенбі күні жаңа тұтқындарды қабылдауды тоқтатқан. Көп ұзамай Антверпен, Мекелен және Турнхут, Левен мен Брюгге көмекші түрмелері де тұтқын қабылдамайтындарын мәлімдеді.

Кәсіподақ өкілдері билікке тез арада шешім қабылдасын деп талап қойды.

Бельгия билігі тұтқындарды үйлеріне босату туралы шешім қабылдады. Олар бір ай тұрмеде, бір ай үйқамақта принципі бойынша мәселені шешпек. 

Сарапшылар, мұндай жағдай аса ауыр емес қылмыстар үшін қатаң түрме жазасын тағайындау туралы жаңа заңға байланысты орын алғанын айтады. 

Үй жағдайында жаза өтейтін қылмыскерлер тізіміне терроризм немесе сексуалдық қылмыстар үшін сотталғандар, 10 жылдан астам мерзімге сотталғандар кірмейді. Олар толықмерзімді жазаларын өтейтін болады. 

Газада ұшақтан тасталған гуманитарлық көмек палестиналықтардың үстіне құлаған

Фото: Reuters

Газа секторына гуманитарлық көмек ретінде ұшақтардан тасталған қораптардың парашюттері ашылмай жерде көмек күткен адамдардың үстіне құлаған. Салдарынан қаза тапқандар мен ауыр жарақаттанғандар бар. 

Алдын ала мәлімет бойынша оқиға салдарынан бес адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.

Палестина азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің жергілікті жерде керек-жарақтарын қабылдап жатқан өкілінің айтуынша, көмек қораптары бір топ адамның үстіне құлаған.

"Газаның солтүстігіне әуе арқылы көмек жеткізу кезінде бес адам қаза тауып, бірнешеуі жараланған. Гуманитарлық көмек қораптары ұшақтан түсірілген. Қораптар бір топ адамның үстіне құлаған”, – деп мәлімдеді өкіл.

Жаралылар Газа қаласындағы Шифа және Әл-Ахли ауруханаларына жеткізілді.

Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Катар, Оман және Бахрейн соңғы аптада Газа секторында бірлескен әуе көмек операцияларын жүргізуде.

Бұған дейін гуманитарлық көмектің бір бөлігі теңіздің үстіне түскені белгілі болған. Тұрғындар көмекті алу үшін кемемен теңізге шықса, енді бірі жүзіп бармақ болған. 

Гаитиде не болып жатыр?

Фото: Clarens Siffroy/AFP

Гаити астанасы Порт-о-Пренстегі қақтығыстар демалыс күндері одан сайын күшейе түскен. Қатты қаруланған бір топ адам президент резиденциясына шабуыл жасап, ішкі істер министрлігі ғимаратының бір бөлігін молотов коктейьдерін қолдану арқылы  өртеп жіберген.

Гаити премьер-министрі отставкаға кетті

Сонымен қатар халықаралық әуежай көптеген шабуылдар нәтижесінде жұмысын тоқтатты. Әуежай премьер-министр Ариэль Генридің ұшағын қабылдай алмаған.

Өткен аптада үкімет басшысы үйіне қайтпақ болды, бірақ оның ұшағына қонуға рұқсат етілмеді. Премьер-министр көрші Доминикан Республикасына да қона алмады. Нәтижесінде Анри Пуэрто-Рикода қалуға мәжбүр болды. Артынша қарулы банданың талабы бойынша Гаити премьер-министрі отставкаға кетті.

Кариб қауымдастығының мүшелері де оны отставкаға кетуге шақырған. Олардың сөзінше, Анридің билікте қалуы үкіметтің ауысуына кедергі келтіреді.

Сонымен қатар мемлекет аумағына АҚШ-тың бір топ әскери қызметкері кіргізілген. Мемлекеттік департаменттің сұрауын алғаннан кейін Пентагон Гаитиде Порт-о-Пренстегі АҚШ елшілігінде "қауіпсіздікті күшейту" және елшілік қызметкерлерін эвакуациялау үшін операция жүргізіп жатқанын айтты.

Қарулы жасаққа мелекеттік полиция қарсы тұра алмаған. Қазір Гаити халқы үйлерін тастап кетуге мәжбүр. 

Елде медициналық көмек те жеткіліксіз. Порт-о-Пренстің орталығындағы Гаити мемлекеттік университетінің ауруханасында жағдай мүшкіл. Мұнда дәрігерлер де, басқа медицина қызметкерлері де қалмаған. Науқастар қазір көмек күтіп жатыр. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.