Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары



жүктеу 0.62 Mb.
бет1/5
Дата12.04.2019
өлшемі0.62 Mb.
  1   2   3   4   5

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 30 қарашадағы
№ 750 бұйрығымен
бекітілген

Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жер учаскелерін пайдалану, елді мекендер мен қала маңындағы аймақтар аумағын жобалау мен салу жөніндегі шарттар мен талаптарды айқындайды, жаңа объектілер салуға және орналастыруға, қолданыстағы жылжымайтын мүлік объектілерін өзгертуге (қайта бейімдеу, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау, реконструкциялау, кеңейту), үй-жайлардың функционалдық мақсатын өзгертуге, жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалануға беруге бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алу тәртібін белгілейді, сондай-ақ елді мекендер мен қала маңындағы аймақтар аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асырумен байланысты өзге де қатынастарды реттейді.

      2. Осы Қағидалар жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлердің, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау және қадағалау органдарының, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылым желілерін қоса алғанда, құрылыс салу және/немесе реконструкциялау объектілеріне меншік нысанына қарамастан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің, сондай-ақ, жылжымайтын мүлік объектілері меншік иелерінің оларды пайдалану және ұстау бөлігінде, оның ішінде қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу кезінде қолдануы үшін міндетті.

      3. Жеке және заңды тұлғалар елді мекеннің аумағында құрылыс салуды осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      Құрылыс салу мақсаттары үшін жер учаскелерін беру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексімен айқындалады.

      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бастапқы материалдар – қазіргі ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салу және реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеуге қажетті материалдар;

      2) жеке тұрғын үй құрылысы – белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер учаскелерiнде азаматтардың өз күшiмен, мердiгерлiк немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да әдiспен жеке тұрғын үйлер салуы;

      3) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат – осылардың негізінде жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдарының) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесін иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу балансы;

      4) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат;

      5) қайта жабдықтау – үй-жайдың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатының өзгеруіне, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету, қандай да бір өнімдер шығару, пайдалану, қызметтер көрсету және тағы басқалар үшін қажетті технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты оны (оларды) өзгерту;

      6) қайта жоспарлау – осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгертумен ұштасқан үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту;

      7) құрылыс – жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;

      8) құрылыс алаңы – салынатын объектіні, уақытша құрылғылар мен құрылыстарды, техникаларды, топырақ үйінділерін орналастыру, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен жабдықтарын жинап қою, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін пайдаланылатын аумақ;

      9) "Азаматтар үшін үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының шешімімен құрылған заңды тұлға;

      10) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органы – құрылыс объектілерінің қауіпсіздігіне, сапасына, беріктілігі мен орнықтылығына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      11) мердігер – тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс саласында тапсырыс берушімен немесе инжинирингтік ұйыммен жасалған мердігерлік шарт немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша құрылыс саласында мердігерлік жұмысты орындайтын заңды және жеке тұлға;

      12) объектілер (құрылыс объектілері, олардың кешендері) – ғимараттар, сондай-ақ көлемдік, жазықтық және желілік құрылыстар:

      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы;

      инженерлік желілерді қоса алғанда, коммуналдық мақсаттағы;

      автомобиль мен темір жолдары және олардың инфрақұрылымдары;

      әуе және су көлігі;

      көпірлер, жол құбырлары, тоннельдер, өнім құбырлары және инженерлік құрылыстары бар электр беру желілері;

      телекоммуникациялық және ғарыштық байланыс;

      атом энергетикасына арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, энергетика;

      кен өндіру өнеркәсібіне арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, өнеркәсіп;

      ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы;

      қорықтардағы, қаумалдардағы, балық питомниктеріндегі, орман, аңшылық және басқа да алқаптардағы тұрғын, өндірістік және қосалқы шаруашылық мақсаттағы;

      әскери қалашықтардағы және арнайы әскери технологиялық кешендердегі құрылыстар.

      Қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргізу межеленіп отырған үй-жайлары (жекелеген бөліктері) да объектілерге жатқызылады;

      13) өтініш беруші – жаңа құрылысты жүзеге асыруға не қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын немесе жекелеген бөліктеріне реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргізуге ниеті бар мүдделі жеке немесе заңды тұлға (меншік иесі, тапсырыс беруші, құрылыс салушы);

      14) реконструкциялау – әдетте өзгеретін объектіні жаңарту мен жаңғырту қажеттігіне байланысты жалпы жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе ғимаратты өзгерту;

      15) рұқсат беру құжаттары – өтініш берушіге ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салу немесе қолданыстағыларын өзгерту жөнінде өзінің ойын іске асыруға құқық беретін құжаттар, олар мыналарды қамтиды:

      жерге тиісті құқық беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімі;

      қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларына (жекелеген бөліктеріне) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргізуге арналған тиісті жергілікті атқарушы органның шешімі;

      16) сыртқы инженерлік желілер трассасының схемасы – жобаланатын және қолданыстағы инженерлік желілерде орналасқан, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарға сәйкес әзірленген схема;

      17) тапсырыс беруші (құрылыс салушы) – жеке меншік немесе мемлекеттік мұқтаждар үшін не коммерциялық мақсаттарда кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар салу жөніндегі жобаны іске асыруды жүзеге асыратын инвестор (не өзі инвестор болып табылатын) уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға;

      18) техникалық жоба – қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау мақсатында әзірленетін жобалау алдындағы құжаттама түрі;

      19) топографиялық түсірілім – жергілікті жердің масштабпен, жергілікті координаттар жүйесінде, Балтық биіктік жүйесінде орындалған және қолданыстағы жер үстіндегі және жер астындағы желілер мен құрылыстарды көрсететін электрондық не графикалық моделі;

      20) эскиз (эскиздік жоба) – жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструктивтік, инженерлiк, декоративтік немесе басқа) шешiмнiң, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн оңайлатылған түрi.

2-тарау. Қала құрылысы талаптары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Елді мекендердің аумағында әртүрлі мақсаттағы объектілерді өз бетінше салуға жол берілмейді.

      6. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оларға қала құрылысының бекiтiлген жобалары негiзiнде жүзеге асырылады.

      Елді мекеннің бекітілген бас жоспары елді мекенді дамытуды кешенді жоспарлауды айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты болып табылады.

      7. Жер учаскелері құрылыс жүргізу үшін берілген кезде оларды пайдалануға қойылатын қала құрылысы талаптары бекітілген бас жоспардың, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу, қала құрылысы аймақтарына бөлу жобаларының, сондай-ақ осы Қағидалардың негізінде белгіленеді.

      8. Жеке және заңды тұлғалардың елді мекеннің аумағында жер учаскелерiн құрылыс салу үшін (коммуникациялар жүргізуді, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының негізінде және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлуді, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Жер учаскесіне құқық белгілейтін және (немесе) сәйкестендіру құжаттарында көрсетілген нысаналы мақсатқа қатаң сәйкестікпен жер учаскелерінде құрылыс салуға және оларды пайдалануға жол беріледі.

      10. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстық маңызы бар қалалардың аумағында құрылыс салудың жай-күйі туралы өзекті ақпарат қалыптастыру мақсатында жаңартылуы және өзгертілуі тұрақты негізде жүзеге асырылатын кезекші топографиялық жоспар (коммуникациялар, топографиялық түсірілімдер, үйлер мен ғимараттар) жүргізеді.

      11. Кезекші топографиялық жоспардың ақпараты және (немесе) мәліметтері жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде ұсынылады, не интернет-портал арқылы кезекші топографиялық жоспарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      12. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында белгіленген мемлекеттік нормативтерге сәйкес бау-бақша және саяжай серіктестіктерінің аумақтары резервтік аумақтардың шегінен тыс елді мекендердің және көршілес кәсіпорындардың санитариялық қорғану аймақтарының перспективалық дамуын ескере отырып, қоғамдық көлікпен жететін қашықтықта, сондай-ақ қала құрылысы жобаларына сәйкес орналастырылады.

      13. Қала маңы аймағына кіретін елді мекендердің қала құрылысы жобалары қаланың ЖАО-ымен келісіледі.

      Қала маңындағы аймақтар қала жерінің шекарасымен (шегімен) іргелес, аталған қаланың, қала маңының аумағына кіретін басқа да елді мекендердің аумағын дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғау функцияларын орындауға, халықтың демалыс орындарын, бау-бақша және саяжай серіктестіктерін орналастыруға арналған жерлерді қамтиды.

      14. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасының негiзiнде жүзеге асырылады.

      15. Елді мекендерді жобалау, тұрғын аудандарды қалыптастыру, қайта игерілетін және реконструкцияланатын аумақтарды және елді мекендерді абаттандыру кезінде тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының қол жетікізуі қамтамасыз етіледі.

      Тұрғын және қоғамдық ғимараттардың аумағында орналасатын автомобиль тұрақтарын жобалау кезінде халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының жеке автокөлік құралдары үшін орындар көзделеді.

      16. Сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда (аудандарда) жобалау және құрылыс салу көрсетілген мәселелерді реттейтін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарын ескере отырып, жүзеге асырылады.

      17. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды жобалаған кезде жерасты кеңістігі құрылыстық, экологиялық, санитариялық және өртке қарсы талаптарға сәйкес құрылыс алаңының инженерлік-геологиялық жағдайларын есепке ала отырып, автопаркингтер, гараждар мен инженерлік жабдықтау құрылыстарын орналастыру үшін пайдаланылады.

      18. Объектілерді пайдаланған кезде мыналарға:

      ғимаратты немесе құрылысты күрделі жөндеу мен реконструкциялау жөніндегі іс-шара сәйкестендірілген құрылыс материалдарын қолдана отырып, қасбетті бірыңғай стильде кешендік безендіруді көздейтін жағдайларды қоспағанда, ғимараттың, құрылыс сәулет стилін бұзуға;

      көп пәтерлі тұрғын және қоғамдық ғимараттардың қасбет бөлігінде спутниктік немесе эфирлік сигналын қабылдау үшін Қазақстан Республикасы аумағында телерадиоканалдарды таратуға лицензиясы жоқ, байланыс және (немесе) телерадиохабарларын тарату операторларының спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын орнатуға жол берілмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарда, оның ішінде ұлттық спутниктік телеарналардың немесе сандық эфирлік телерадиохабарлар таратудың кабель желілерін, ұжымдық және жеке қабылдау жүйелерін жобалау және салу сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Уақытша қондырғылар мен құрылыстарды (сауда палаткаларын (павильондарды), киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыру Жер кодексінің 109-бабына және Заңның 21-бабының 4) тармақшасына және 22-бабының 1-1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бекітілетін қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      21. Үйлер мен ғимараттарды бөлшектеу және бұзу (кәдеге жаратудан кейін) әзірленген жобалық (жобалық-сметалық) құжаттама негізінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Жоба алды рәсімдері және жобалау

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.



1-параграф. Жалпы ережелер

      22. Құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру жер учаскесіне тиісті құқығы негізінде және келесі кезеңдерде жүзеге асырылады:

      1) құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу;

      2) эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеу және келісу

      3) жобалау-сметалық құжаттамасын (бұдан әрі – жобалау) әзірлеу және құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешенді сараптамадан (бұдан әрі – сараптама) өткізу;

      4) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру;

      5) салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру.

      Екі қабаттан жоғары емес жеке тұрғын үйлерді және жеке үй жанындағы учаскелерде орналасатын уақытша құрылыстарды (шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар) салу кезінде құрылыс жобаларын жобалау және сараптау талап етілмейді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22-1. Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертуге байланысты қолданыстағы үйлер мен ғимарттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жөніндегі жобаларды іске асыру келесі кезеңдерде жүзеге асырылады:

      1) қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) үшін бастапқы материалдарды алу;

      2) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) үшін жобаларды жобалау және сараптау;

      3) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру;

      4) салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру.

      Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертпей қолданыстағы үйлер мен ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) лицензиясы бар тұлғалар орындаған техникалық жоба негізінде жүзеге асырылады. ЖАО-ның шешімін алу, жобалау және сараптамадан өту талап етілмейді.

      Ескерту. 1-параграф 22-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Тапсырыс беруші (құрылыс салушы) объектілерді салу бойынша өз қызметін (Нормативтік құқықтық актілердің тізілімінде № 10795 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығымен бекітілген Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      24. Құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдар мыналарды қамтиды:

      1) сәулет-жоспарлау тапсырмасы (бұдан әрі – СЖТ);

      2) техникалық шарттар (өтініш берушінің инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылу үшін техникалық шарттарға арналған сауалнама парағын (бұдан әрі – техникалық шарттар);

      3) жолдар мен көшелердің көлденең қималары;

      4) тік жоспарлау белгілері;

      5) түбегейлі жоспарлау жобасынан алынған үзінді көшірме;

      6) сыртқы инженерлік желілер трассасының схемасы.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-1. Қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) үшін бастапқы материалдар мыналарды қамтиды:

      1) тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертуге байланысты қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы ЖАО-ның шешімі;

      2) СЖТ;

      3) сауалнама парағын (сауалнама парағын беру кезінде);

      4) сыртқы инженерлік желілер трассасының схемасы (өтініш берушінің сауалнама парағын беру кезінде).

      Ескерту. 1-параграф 24-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-2. Жобаланып жатқан инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттарды беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 1-параграф 24-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. СЖТ мен техникалық шарттар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының барлық мерзімі ішінде қолданылады.

      Реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) ЖАО-ның шешімі объектіні пайдалануға енгізгенге дейін қолданылады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 09.10.2018 № 701 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуді тиісті жұмыс түрлеріне лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      27. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу тапсырыс беруші берген жобалауға арналған тапсырмаға сәйкес СЖТ-ның негізгі талаптары мен ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 21-1-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын, эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерді салу, реконструкциялау және кеңейту жобаларына, қалалық және ауылдық елді мекендердің құрылыс салу бас жоспарларының, курорттық аймақтар жобаларына және егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарларына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруді жүзеге асырады.

      29. Жол құрылысының жобалары Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10690 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 12 наурыздағы № 208 бұйрығымен бекітілген Жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде оларды басқаруға арналған нормативтік, жобалау және техникалық құжаттаманы келісу және бекіту қағидаларында белгіленген тәртіппен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.

      30. Әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының сараптамасы Заңның 9-1-тарауына және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңаларын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.


Каталог: sites -> saulet.akmo.gov.kz -> uploads
sites -> Шжқ «Павлодар қаласының №5 емханасы» кмк байқау кеңесі отырысының №2 хаттамасы павлодар қ. 2015 жылғы 12 қазан Өткізу формасы
sites -> Заң жобаның ғылыми құқықтық сараптаманың
sites -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
uploads -> «Ақмола облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мм 2017-2019 жылдарға арналған
uploads -> «Ақмола облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» 272 мм-сінің
uploads -> 2016 жылғы 31 желтоқсандағы №922 қаулысымен


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет