Сенаттың жалпы отырысында депутаттар экспорттық-кредиттік агенттік құру туралы заңды мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: senate.parlam.kz

Құжаттың толық атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы.

Сенат депутаттары "Қазақэкспорт" АҚ базасында Қазақстан үкіметінің шешімімен белгіленетін арнайы құқықтық мәртебесі бар заңды тұлға ретінде экспорттық-кредиттік агенттік құру ұсынысын бірауыздан қолдады.

"Экспорттық-кредиттік агенттік сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыратын қорғаныс қызметін көрсететін болады. Сақтандырумен қатар мемлекеттік кепілдендіруді және сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, шартты турде салымдар арқылы экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру, сондай-ақ қаржы агенттігінің функцияларын жүзеге асыру көзделеді. "Сақтандыру қызметі туралы" Заң ЭКА-ға қолданылмайды", — деді заңды екінші оқылымда таныстырған сенатор Серік Шайдаров.

Сенатордың сөзінше, заңда экспорттық-кредиттік агенттігімен үлестес тұлғаларға жеңілдіктер беруге тыйым салынған.

"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңға өзгерістерде ЭКА-ны қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу ұсынылады. ЭКА өзі үшін субсидиялау және кепілдік беру сияқты қолдау шараларының жаңа түрлерін жүзеге асыратынын назарға ала отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Сенат отырыстарында ЭКА қызметі мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрлігі мен "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ны жиі тыңдауды, ал осы заңды сәтті іске асыру жөніндегі ақпаратты бір жыл өткен соң тыңдауды ұсынады", — деді сенатор.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.