Облыс әкімі А.Көлгіновтің
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Махамбет сыйлығының лауреаты Рахымжан Отарбаевты
қабылдаудағы сөзі. 23 қараша 2016 жыл, сағат 18.00
Құрметті Рахымжан аға!
Өзіңіздің жастық шағыңыз өткен, қызық дәурендеріңіздің куәсі – қасиетті Орал өңіріне қош келдіңіз!
Қайда жүрсеңіз де біздің өңірге деген ыстық ықыласыңыз бөлек, оны ел түгел біледі.
«Қазақта ұлылардың ізі қалған ерекше екі облыс бар: бірі – Семей болса, екіншісі – Орал» – деп үнемі аузыңыздан тастамай айтып жүресіз.
Жұрт Сізді Махамбет сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов Академиясының академигі ретінде жақсы біледі.
Облысымыздың көзі қарақты оқырмандары Сіздің шығармаларыңызбен жақсы таныс, артынан іздеп жүріп оқиды. Жазушыға осыдан асқан бақыт жоқ шығар деп ойлаймын. Ешқашан оқырманның қатары сиремесін.
Жоғары, арнаулы оқу орындарымен байланыс ұстап, арамызға жиі келіп тұрасыз.
Жақында Иранбек ағамыздың фестиваліне арнайы қатысып, батысқазақстандықтарға жақсы тілек білдірдіңіз.
Орал педагогика институтын бітіргеніңіз, «Орал өңірі» газетінде қызмет атқарғаныңыз – біз үшін үлкен мақтаныш. Драмалық шығармаларыңыз біздің Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып отыр. Қанжығасына бәйге де байлады.
Бұйыртса, ел ертең «Хан Жәңгір» туындыңызды тамашалайды.
Сәттілік тілеймін.
Шығармаларыңыз қазақ, орыс тіліндерінде ғана емес қырғыз, қытай тілдерінде де жарық көріп жатыр.
Бұл Сіздің үлкен кеңістікке көтеріліп, халықаралық деңгейдегі қалам иесіне айналғаныңызды білдіреді.
Алып жатқан халықаралық награда, марапаттарыңыз құтты болсын. Атырауда өткелі отырған халықаралық театр фестивалі алдында шақыруымызды қабыл алып, тағы да Орал жұртшылығымен жүздесіп жатқаныңызға ризашылық білдіремін. Игі ниетіңізге рахмет.
Асқаралы алпыс жасқа келіп жатырсыз, аға.
Қазақтың құрметтеген адамына шапан жабатын ежелгі дәстүрі бар ғой. Біз де жоралғы жасағымыз келеді.
Сый-сыяпатымызды қабыл алыңыз.
Алдағы уақытта деніңіз сау болып, шығармашылық табысқа жете беріңіз.
Ақжайық өңірі Сізді әрдайым құшақ жая қарсы алады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Достарыңызбен бөлісу: |