Алматыда жер сілкінісінен бірнеше уақыт бұрын Android құрылғысын қолданатын тұрғындардың ұялы телефонына Google ескерту жасаған. Алайда Apple қолданушыларына ешқандай хабарлама келмеген. Тілшіміз не себепті кейбір телефон түріне ғана мұндай ескертпе келетінін анықтап көрді. 

Желіде Google хабарламасы талқыға түсті. Ешқандай ескерту алмағандар не себепті хабарламасыз қалғандарын түсінбей әлек. Оның себебі анықталды.

Google ескертуі тек Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін смартфондарға ғана келеді. Android бола тұра, хабарлама келмесе, демек смартфонның баптаулары арқылы хабарлама алуға рұқсат беруі қажет. Ол үшін геолокация қосулы болуы тиіс. Бұл Google жүйесінің сіздің нақты мекенжайыңызды білуі үшін керек. "Баптау – Қауіпсіздік және төтенше жағдай – Жер сілкінісі туралы хабарлау" командасын орындау арқылы Google жүйесінің сізге ескерту жіберуіне рұқсат бересіз. 

Жер сілкінісін қанша уақыт бұрын ескертеді?

Samsung, Honor сынды Android телефонының қолданушыларына жер асты дүмпуі туралы ескерту әртүрлі уақытта келген, кейбіріне бірер минут, кейбіріне бірнеше секунд бұрын келсе керек. Техноблогер Байғазы Темірбеков Samsung телефонына келген ескерту хабарламасы жер сілкінісінен 1-2 минут бұрын уақытын және магнитудасын алдын ала нақты болжағанын айтады.

Ал блогер Біржан Әшім Android қолданатын жақынына 7 минут бұрын ескерту келгенін айтып, таңданысын жеткізді. Айтуынша, өзі IPhone қолданады, алайда оған хабарлама келмепті. Желі қолданушылары бұған пікір білдіріп, оларға хабарлама қашан келгенін жарыса жазды.

“Енді 7 минут емес, бірақ 2 минут бұрын Android-тан хабарлама келді, шамамен “6,2 баллдық жер дүмпуі болады” деп жазды, керемет”, “Менде Honor, маған 5 минут бұрын ескерту келді, айфон ұстайтын балама келген жоқ”, “ 5-10 секунд бұрын жер сілкінісі туралы хабарлама жетті”, “Телефоныма қызыл ескерту белгісі келді, оқыған сәтте дүмпу де басталып кетті” деп жазды Android қолданушылары желіде. 

  • Жер сілкінісі кезінде "дабыл сөмкесіне" не салу керек?
  • Қазақстанда сейсмолог мамандығы жанданады

Apple не себепті ескертпейді?

Ал басқа желі қолданушылары Apple-да мұның қолжетімсіз екеніне шағымданды. Тиктокер Болат Сырымовтың айтуынша, IPhone қолданушыларының Android телефоны барларға қарағанда тірі қалу мүмкіндігі аз екенін айтты.

“Егер Алматыдағы жер сілкінісі жойқын әрі қауіптірек болғанда, IPhone қолданушыларына қарағанда Android қолданушыларының аман қалу ықтималдылығы көбірек болар еді. Өйткені оларға дүмпуден 30-60 секунд бұрын жер сілкінісінің қаупі туралы шұғыл хабарлама келді. Адамның қауіпсіз жерге қашуына 30 секундтың өзі жеткілікті. Әсіресе, ол екінші, үшінші қабатта тұрса, үлгереді. Apple басшылығынан сұрарым, осы функцияны орнату соншалықты қиын ба?”, – деді ол.

IPhone-ның ресми сайтында зілзала туралы ескертуді жіберу тек бірнеше елде қолжетімді екенін мәлімдеді. Қазақстан ескертпесі қолжетімді елдердің қатарына кірмейді екен.

“Егер сіз Калифорния, Орегон немесе Жапонияда тұрсаңыз, жер сілкінісі туралы ескертулерді қосу мүмкіндігіңіз бар. Жер асты дүмпулері жақындаған кезде сізге хабарлама келеді. Алайда осы аймақтардың бірінде тұрмасаңыз, MyShake тегін қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы біле аласыз”, – делінген сайтта.

Сонымен қатар Apple қолданушыларына My Earthquake Alerts & Feed немесе Earthquake қосымшасы арқылы әлемнің барлық түкпіріндегі жер сілкінісін бақылап отыруға болады.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.