Сенат отырысында депутат Алишер Сатвалдиев TikTok желісіне құмартып, деградацияға ұшыраған жастар көбейіп жатқанына алаңдайтынын айтты. Ол батыс елдерінің тәжірибесін пайдаланып, жастарды зиян ақпараттан қорғауды талап ету қажет дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысынан скриншот

Сенатордың сөзінше, күн санап бұл платформаға жастардың қызығушылығы артып келеді.

“Өткен аптада ақтөбелік тұрғын әлі етегін жинап үлгермеген 8-11 жас аралығындағы қаракөздеріміздің жалаңаш фотоларын порно сайтта саудалағаны белгілі болды. Бұл – өрімдей жастарымыздың ғаламтордағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі. Қаскөй өз құрбандарын TikTok әлеуметтік желісінде құрығына түсіріп отыруының басты себебі – бақылаудың әлсіздігі. Статистика желі қолданушыларының 75%-ы 13-24 жас арасындағы азаматтар екенін көрсетті. Тіпті 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті орташа 75 минутын желідегі видеоларды көрумен өткізеді екен”, – деп атап өтті депутат.

Ол бұл мәліметтерге немқұрайлы қарамаған елдер қамын жасап, TikTok синдромының теріс әсеріне қарсы тұру үшін барын салып жатқанын айтты.

“Еуропаның бірқатар мемлекетінде жүргізілген арнайы тексеріс балаларды зиян ақпараттан қорғау тетіктері істемейтінін анықтап, Еуроодақ TikTok-қа 368 млн доллар айыппұл салды. Бұған дейін АҚШ – 5 млн доллар, Нидерланды – 750 мың еуро, Ұлыбритания – 15 млн еуро көлемінде айыппұл салған еді. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан желіні өз аймағында толық бұғаттап тастады”, – деп келтірді Сатвалдиев.

Оның сөзінше, өзгеге деген өшпенділік, қатыгез мінез-құлық, эмоциясы жұтаң жастар көбейді. Жас ұрпақ сауатсыз пікір мен бейәдеп сөйлеуге дағдыланып барады.

“Тікелей трансляциядағы бассыздықтарға қарап еріксіз жағаңды ұстайсың. Стримдердегі әйел киімін киген ерлер, еркектің қылығын жасаған қыз, келіндер, бетін зеленкамен бояған, шашын қиған, бет-әлпетіне ұятсыз сөздер жазған, бір сөзбен айтқанда құбыжық кейіпке енген “жұлдыздар” жастардың көзайымына айналып жатыр. 

Желідегі араздық қантөгіске ұласып отыр. Тікелей эфирде құмар ойындар, жат діни ағымдарға үгіттеу сабақтары еркін ұйымдастырылады”, – деп алаңдайтынын білдірді ол. 

Ол былтыр батыс елдеріндегі қатаң талап нәтижесінде TikTok қолданбасына жаңа қызметтер енгізіп, 18 жасқа дейін қолданушылар үшін күніне 1 сағат, 13 жасқа толмағандарға 30 минуттық меже белгілеуге мәжбүр болғанын тілге тиек етті. Лимиттен тыс пайдалану үшін ата-ана немесе қамқоршының рұқсаты керек.

“Ал аспан асты елінде TikTok-тың өзіндік нұсқасы қолданылады. Яғни жасөспірімдер ұлттық идеологияға сай, тек күндіз 40 минутқа дейін желіні пайданалады. Өкінішке қарай, бізде мұндай шектеу жоқ. 13 жасар қыздың атынан ашылған жаңа аккаунтқа небәрі 2,5 минут ішінде зиян контент келетіні анықталған. 10 жасар балаға аккаунт аша отырып бұл пайымның шын екеніне жеке көз жеткіздік”, – деді Алишер Сатвалдиев.

Ол осы мәселерді ескере отырып бірқатар ұсыныс айтты. 

“TikTok және өзге де желі әкімшілеріне ұлттық заңнамамыздың орындалуын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына мониторинг жүргізуді, анықталған кемшіліктер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйеніп, тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз. Сонымен қатар TikTok платформасының батыстық үлгісіне сай жаңа функциялары мен алгоритмдерін біздің елде енгізілуін, интерфейстегі шағым беру нұсқаларына ұлттық құндылықтарға жат және адами қасиеттердің жоғалуына себеп болатын материал тетіктерін қосу, тікелей трансляцияларға жас ерекшелігін айқындайтын және жас санаттарын көрсететін белгілерді қоюды талап ету қажет. Осы және өзге талапты орындамаған жағдайда ел аумағында платформа жұмысын тоқтату шараларын қарастыру орынды деп білеміз”, – деп сөзін түйіндеді депутат. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.