Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Дохада (Катар) өткен WTA 1000 турнирінде жеңіске жетпеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ktf.kz

Елена Рыбакина халықаралық сынның финалында әлемнің бірінші ракеткасы польшалық Ига Швентекпен сынға түсті. Бірінші сет 7:6 есебімен польшалық теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші сетте де Еленаның қарсыласы дес бермеді – 6:2.

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Елена Рыбакина жарыстың финалисі ретінде 650 рейтингтік ұпай мен 308 320 АҚШ долларын иеленеді. Ал турнирдің жеңімпазы Ига Швентек 1000 рейтингтік ұпай мен 523 485 АҚШ долларын еншілейді.

Енді қазақстандық теннисші 18 ақпанда Дубайда (БАӘ) басталатын жарыста бақ сынамақ.

Еске салайық, Елена Рыбакина қаңтар айында Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде жеңіске жетті. Кейін ол Абу-Дабиде (БАӘ) өткен WTA 500 санатындағы тағы бір жарыста топ жарған еді. Қазір Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде 4-орында тұр.

Бұған дейін Елена Рыбакинаның Дохада өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің финалына шыққанын жазған едік.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.