Елнұр мен Балнұр есімді егіздер 7 айдан бері сыныптастарының үйін паналап жүр. Айтуларынша, әкелерінің таяғынан әбден мезі болған балаларда басқа амал қалмаған. Өкініштісі, туған-туыстары бар болғанымен, ұл мен қыздың артынан іздеу салған ешкім жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: видеокадрдан алынған

Бұдан 7 ай бұрын Индира Керімбай әкелерінің таяғынан қорқып, дала кезген егіз баланы өз үйіне кіргізіп, бауырына басады. 

"Екі бала үйге жылап келген. Үстілері шаң-тозаң, кір, қарындары аш. Әбден жылаған. Сөйтіп не болды деп сұрағанда, " әкем аузыма пышақ тықты, бізді аяусыз ұрып-соға береді" деп жыларман болды", – деді Индира Керімбай.

Индираның айтуынша, балаларды іздеп ешкім бас қатырмаған.

"Мұғалімдер хабарласып, екі бала жоғалып кетті деді. Сіздің үйіңізде балаңызбен бірге ойнап жүр екен ғой деді. Содан соң бірден оларды РУВД-ға (аудандық ішкі істер басқармасына) алып бардым. "Бұл балалар міне үйіме келіп тұр. Әкелерінен әбден жәбір көрген" деп полицейлерге түсіндірдім. Тәртіп сақшыларына тастап, кейін жұмысқа асығып кетіп қалдым. Балаларды олар түнімен тергеген. Сағат кешкі 22:00 шамасында жұмысыма әкеліп тастады. Сөйтіп, балалар жұмыс уақытым біткенше таңға дейін менің жанымда болды. Таңертең РУВД-ға қайта бардық. Сол жерде әкесі туралы көп нәрсені естідім. Балалардың өмірі өте қорқынышты, аянышты. Балалар сол тергеуден кейін әлі де біздің үйде тұрып жатыр", – деді Индира Керімбай. 

Индира балаларға 5 жас толғанда туған анасының жоғалып кеткенін естіп, туған әкесіне іздеу салу туралы өтініш білдірген. Алайда ол ешкімнен мардымды жауап ала алмаған көрінеді. 

"Міне, 7 ай болды әлі ешкім іздеп, бір есігімді ашып келген жоқ. Не туысы, не туған бауырлары іздеп келмеді. Әкесі мүлдем келмеді. Әйтпесе, әкесіне бала мен қызды ертіп іздеп бардым.  Балаларға куәлік алу керек болғандықтан, бірге бардық. Колледжге оқуға түсер кезде, стипендияға өтініш қалдырар кезде әбден қиналдық. Әкесі үйінде бола тұра, келіні үйде жоқ деп шығарып жіберді. "Неге сендер іздемейсіңдер? Неге келіп мән-жайды түсіндірмейсіңдер?" деп сұрадым. Сол кезде жеңгесі "Олардың өмірі маған қызық емес" деп шығарып салды", – деді Шымкент тұрғыны Индира.

Дегенмен Индира балалардың мұндай күйге қалай түскенін білгісі келіп, балаларды әкесімен кездестірмек болған. Алайда балалар кездесуге қарсы шыққан.

  • Қарағандыда анасы тастап кеткен сәби балалар үйінде із-түссіз жоғалып кеткен: Прокуратура 13 жылдан кейін тергеу бастады

  • Әке-шешесі ішімдікке үйреткен екі жасар қыз Павлодардағы балалар үйіне берілді

"7 ай бойы сендерді қарап келе жатырмын. Осы уақытқа дейін әкелерің бағып-қақты, өсірді. Олай болуы мүмкін емес. Жүріңдер үйлеріңе сендерді алып барамын. Үйлеріңе барамыз. Солай айта бергенімде, екеуі де жылап жіберді. Кәдімгідей дірілдеп, "әпке апармаңызшы, бармаймыз" деп ойбай салды. Өздері 5 ағайынды. Бұлар үйіндегі кенжелері. 16 жасқа біздің үйде толды. Алғашқы 4 айда ешкімге ештеңе айтпай күттім. Тіпті, туған бауырлары тірі болса да, іздеп келмеді. Шешелерің қайда, қалай жоғалып кетті деп сұрадым. Олар шешелерінің ыдыс жуып жатқанда бәрін тастап кетіп, оралмағанын айтты. Аналары 2013 жылы үшті-күйлі жоғалып кеткен", –деді Индира.

Әкелерінің қорлығына шыдай алмаған Елнұр мен Балнұр адам аяғы баспайтын, елсіз лашықта түнеген. Ары қарай мұндай мекенде қала алмайтындарын білген егіздер сыныптастарының анасы Индира Керімбайдан көмек сұраған.

"Бұған дейін ол кісіні көргенде іштей жылу сезінетінбіз. Бізге жылы қабақ танып, қарсы алатын. Үйден кеткен кезде Индира әпкемізді еске түсіріп, сол кісіден көмек сұрауға бел будық. Индира апай – менің параллель сыныптағы Арман деген досымның анасы. Үйіне барып, көмек сұрадық. Қазір сол кісінің қолындамыз. Біздің барлық жағдайымызды жасады. Үстімізге киімнен бастап телефонға дейін бәрін алып берді. Оқуға да түсірді. Бұл жақта оқып жатқаныма өкінбеймін. Оқу орным өте жақсы", – деді егіздің сыңары Елнұр.

Индира Керімбай балаларды Арыс қаласындағы колледжден алып кетіп, Шымкенттегі кәсіптік беру орнына оқуға түсірген. Балалардың қаладағы колледжге өз күштерімен түсіп, стипендияға оқып жатқанып жеткізді. 

Егіздердің туыс әпкесі Ботакөз Алайдарова жоғалып кеткен балалардың анасы оған қайын әпке болатынын айтты. Оның сөзінше, егіздердің анасы жұмыс істеуге басқа қалаға кеткенін және 2013 жылдан кейін хат-хабар алыспай қалғанын жеткізді. 

Фото: видеокадрдан алынған

"Көңілі аулансын деп отбасымыз жақсы көңілмен шығарып салды. Сыртқы киімдерін алып берген едік. Сол жылдың қаңтар айында Орал қаласына жұмыс істеуге кетті. Алғашқыда хабарласып тұрдық. Құжаттарын, телефонын жоғалтыпты дегенді естідік. Содан бері әлі хабар-ошар жоқ", – деді егіздердің нағашы әпкесі Ботакөз Алайдарова.

Нағашысының айтуынша, қайын әпкесі жұмыс істеуге кетпей тұрғанда да отбасында ұрыс-керіс тоқтамаған.

"Ол отбасыға келін болып түскеннен бері айғай-шудан көз ашпады. Әкелері ішпесе де жанжал шығаруға дайын тұратын. Ал ішкен кезде аналарымен қосып, балаларында сабап, ұратын. Әкесі ол жиендермен аралыстармайтын. Балалар бізбен араласуға қорқатын. Отбасында ұрыс-керіс жанжал көп болған соң, қайып әпкем полицияға арызданған. Қызымды, ұрды соқты деп шағым жазды. Бірақ күйеуі оны алдап-сулап арызын қайтарып алғызған", – деді нағашы әпкесі.

Елнұр ес білгеннен бері әкелері ішіп алып аналарын тепкінің астына алатынын айтты.

"Енді ес біліп келе жатқандым, әкем ішіп алып анамды ұратын. Ұрған кезде де жай ұрмайды. Жерге жатқызып алып, теуіп, басын жарғанын көрдім. Қанатып, жағын сындарғаны әлі есімде. Біздің көзімізше анамды соққының астына алатын. Ағаларым да әкемнен қорқатын. Әкем ашуланса болды, үйдің бәрін қыратын. Анам қалаға кетпей тұрып, оны әкем қатты ұрған. Анамыз сол кезде ауруханаға жатып шыққан. Диагнозы бойынша қабырғасы сынып, бауыры езілген дегенді естідім. Басты мақсатым – анамды тауып, өз қолыма алғып келеді", – деді Елнұр.

Ал Балнұрдың бала кезден бергі арманы аспаз болу екен.

"Менің де анамды тапқым келеді", – деді егіздің сыңары Балнұр.

Егіздер отбасында бес бауыр болғанымен, олардың әрқайсысы жан-жаққа шашырап кеткен. Елнұрдің сөзінше, бауырлар бір-бірімен араласпайды.

"Үйдегі үлкен әпкем 2016 жылы тұрмысқа шығып, өз бетімен өмір сүріп кетті. Одан кейінгі 1998 жылғы ағам Елжан 2017-2018 жылдары жұмыс істеу үшін Астана, Алматыға кетіп қалған. 2003 жылғы Мейіржан деген ағам тура біз секілді 9-сыныпты бітірген кезде, базарда жұмыс істеп жүрген. Ол уақытта да әкем ағамды қатты ұрған. Сол кезде ағам үйден кетіп қалып, жұмыс берген бастығының қол астында жүрді. Сол жерде тұрып жатыр. Әкеміз біз кеткен соң хабарласпады", – деді бала Елнұр.

Елнұр, тіпті қазан айында болған туған күндерінде ешкім іздеп келмегенін және құттықтап хабарласпағанын өкінішпен еске алды.

"Әкем ащы суды көп ішетін. Бір ішкен кезде айлап ішетін. Айлығының бәрін араққа құртатын. Сол уақытта бала болғаннан кейін ойын ойнап, футбол ойнауға сыртқа шығып кететінмін. Футболға барғаным үшін мені ұрсатын. "Неге көшеге шығып кетесің? Үйдің тірлігін істемейсің бе?" деп ұрсатын. Ал үйде болғанда аулады кішкентай шөптің өзін түк қалдырмай шаптырып, жұмысқа жегетін. Мал-қораны өз жалғыз тазалайтын. Біз үйден кетпей тұрған кездін алдында әкем екеумізді қатты ұрды. Үйде мал соятын пышақ бар еді. Сол кезде қолына пышақты алып, "сені мал ұқсатып 12 жілікке бөлемін. Өзім түрмеге түссем де, өлтіріп кетемін" деп айтты", – деп түсіндірді егіздің сыңары Елнұр.

Журналистер егіздердің анасын іздеп тапқан. Белгілі болғандай, аналары қазір Талдықорған қаласына қарасты, Ақсу ауданында тұрып жатыр екен. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.