Шымкентте Үсен есімді алты баланың әкесін бір топ азамат жаппай соққыға жыққаннан кейін ол жұмысқа қабілетсіз болып қалған. Жәбірленуші мен оның әйелі тәртіп сақшыларының әрекетсіз отырғанына да шағымданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото ашық желіден алынды

Оқиға қаңтар айының соңында, жәбірленуші достарымен қаладағы дәмханалардың бірінде отырғанда болған. Үсен темекі шекпек болғанда бұл әрекеті күзетшіге ұнамай қалып, ол мекемеге келген қонақты пышақпен қорқытқан. Шымкенттік тұрғын бірінші болып соққы жасағанын жасырмайды. Алайда оның айтуынша, осыдан кейін бір топ азамат жабылып кеткен.

“Ол пышағын шығарған кезде маған сұғып алады деп қорықтым. Қорыққанымнан мен бірінші болып ұрдым. Ол да кері соққы жасады, осыдан кейін 10-15 адам келді. Мен құлағаннан кейін олар менің бетімнен тебе бастады, ары қарай есімде жоқ. Оянған кезде телефоным мен күртем жоқ болып шықты. Күртемнің қалтасында 160 мың теңге ақша мен көлігімнің кілті болған”, –дейді Үсен.

Ал жәбірленушінің әйелі Жайранның пайымдауынша, шабуыл жасағандар өздерін жазасыз сезінеді. Себебі тәртіп сақшылары ешқандай әрекет жасамаған.

  • Павлодарда кісі өлтіргені үшін 13 жыл іздеуде болған қылмыскер ұсталды
  • Оңтүстік Қазақстанда жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

“Полицейлер мұны ұсақ бұзақылық деп есептеп, учаскелік полиция қызметкеріне тапсырған. Қайда барсам да, іс қозғалған жоқ. Күдіктілерді әлбетте тапты. Содан бірінші күні-ақ қылмысты іздеу бөлімі келді, өзін Сұлтан деп таныстарған қызметкер болды. Келесі күні оларға қоңырау шалғанымда ол енді хабарласпауымды өтініп, бұл іспен айналыспайтынын айтты”, – деп шағымданады ол.

Полицейлер сараптама жүргізу үшін ауруханадан көшірме жасау керектігін айтты. Сараптама қорытындысы бойынша қылмыстың бабы мен ауырлығы анықталады.

“Бұл дерек бойынша Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – дейді полиция.

Жәбірленушілер құқық бұзушылардан өтемақы талап етуді емес әділ тергеу мен әділ сот шешімін қалайтындарын жеткізді.

Бұған дейін Алматыда жол ақысын төлемей такси жүргізушісін аяусыз өлтірген жасөспірімдер сотталғаны жазылған.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.