Таяуда Ажар Қабитова Астаның №2 перинаталдық орталығында үшемді дүниеге әкелді. Дәрігерлер 25 жастағы жас анаға кесарь тілігін жасап, босандырып алған. Бүгінде көпбалалы ана жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздарын, 2022 жылы туған егіз балаларын және үш ұлды тәрбиелеп отыр. Көпбалалы ана Stan.kz тілшісіне жүктілік кезеңдері қалай өткенін және балаға күтім жасай жүріп, өзіңді сұлу қалпында сақтау құпиясын бөлісті. 

Фото Ажар Қабитованың жеке архивінен

“Менде онкология деп ойладым”

Күміс алқа иегері Ажар Қабитованың айтуынша, жарымен туысқандарының тойында танысқан. 2019 жылы екі жас үйленіп, отау құрған. Қазір жұптың некелескеніне 5 жыл толып отыр. Басында жас ана көпбалалы ана боламын деп ойламапты.

"Әрдайым бір баланың ғана анасы боламын деп ойлағандықтан, көпбалалы ана болу мың ұйықтасам да түсіме кірмепті. Алайда екінші жүктіліктен сақтансақ та, егіз қыз бен ұлға аяғым ауыр екенін білдік. Мұндай тосын жаңалыққа таңғалдық. Дегенмен егізді асыға-асыға күттік. Жүкті кезімде өзімді жақсы сезіндім. Тіпті жеңіл босандым. Қос сәби 39 аптада өмір есігін ашты. Әрқайсысының салмағы – 4 келі", – деді көпбалалы ана Ажар. 

Оның айтуынша, үлкен қызына қарағанда, егізді өсіріп, оларға күтім жасау қиынға соқпаған. Себебі бірінші балада жас ата-ана тәжірибе жинап, бала күтіміне аса ден қойған көрінеді. Айта кету керек, бала күтіміне Ажардың анасы да қол ұшын беріп жүр екен.

"Жүктіліктің әр кезеңі әртүрлі дамыды. Мысалы, бір баланы көтерген жеңілдеу болды. Ал егізге аяғың ауыр екенін көрген ел-жұрт таңдана әрі қызыға қарады. Оларды бірдей түсте киіндіріп жүргендіктен, жанымыздан өтіп бара жатқан адамдар таңданып, жылы тілегін айтатын", – деді көпбалалы ана.

Ажар Қабитова егізден кейін үшемге жүкті екенін ойламаған жерден біледі. Ортаншылары ол кезде жасқа да толмаған.

"Сол уақытта менде онкология деп ойладым. Дүрбелеңге салынып, көз жасыма ерік бердім. Күйеуіме қоңырау шалып, қорқынышты диагноз болып жатқанын айттым. Себебі шаршау, тітіркену, менструальдық циклдің ауысып кетуі, мұның барлығы бір уақытта болды. Күйеуім бірінші анализ тапсырып, УДЗ-ға (УЗИ) түс деп айтты. Күдігіміз теріске шығып, ультрадыбыстық аппаратта үш эмбрионды көрсетті. Бұл жаңалықты естіген жұбайым екеуміз әбден сасып қалдық”, – дейді Ажар. 

Себебі әйелдің егізді дүниеге әкелгеніне енді ғана бір жыл толған еді. 

“Күйеуім екеуміз тез арада анализ жасайтын емхананы тауып, бірден сол жаққа жол тарттық. Балаларды бесік арбаға салып, қабылдауға кірерде күйеуіме қалдырып кеттім. Дәрігер маған "Құттықтаймыз, аяғыңыз ауыр!" деп хабарлады. Келесі аптада балалардың жүрек қағысын естуге келіңіз деп айтты", – деді Ажар. 

“Сіз түсік жасатуыңыз керек, соғұрлым тезірек болғаны жақсы”

Ажар мен күйеуі қуанышты жаңалықты ести сала, сол күні бірден көрші кабинеттегі гинекологқа кірген.

"Гинеколог біздің тәуекелге бармауымызды және жүктілікті тоқтатуымды сұрады. Ол "сіз түсік жасатуыңыз керек, соғұрлым тезірек болғаны жақсы" деп кесіп айтты. Дәрігердің қарсылығына қарамастан, анализ нәтижелерінің бәрі жақсы шықты. Сөйтіп жұбайым екеуміз әрі қарай жақсы болатынына сендік", – деді көпбалалы ана.

Дегенмен Ажар егізді, одан кейін үшемді көтергенде туыстарының таңырқай қарағанын жасырмады. 

"Үшемде жүктіліктің үш кезеңі де өте қиын өтті. Жүктіліктің бірінші триместрінде жүрегім жиі айнып, токсикоз болды. Екінші триместрде ішім әжептәуір үлкейді. Ал үшінші триместр адам төзгісіз болғандықтан, кейде босана алмаймын деген үрейге берілдім", – деді жас ана Ажар.

Астаналық арудың сөзінше, жүктіліктің 30-аптасына дейін өзін жеңіл сезінген. Бірақ әрі қарай оған қозғалу қиынға соққан. 

"Орнымнан тұрғанда ішімді қолыммен ұстап жүрдім. Ішімнің салмағы – 22 келі еді. Жүктіліктің 34-аптасында, яғни 18 қаңтарда жоспарлы кесарь тілігі жасалды. Акушерлік блокта бір топ дәрігер маған ерекше күтім жасап, қамқорлық танытты. Ота жоспар бойынша өтті. Балалар бірден айғайлап, дем алды", – деді Ажар.

Фото Ажар Қабитованың Instagram желісінен алынған

Жаңа босанған астаналық келіншектің сәбилерінің бәрі – ұл. Балалардың салмағы 3 000 грамм, 2 300 грамм және 2 500 грамм болып туған. Үлкен қыздарының аты-жөні Амаль, ал ортаншылары – Алиша мен Алан, ал кенжелері – Әмірхан, Әлихан және Әмре.

Ең қызығы, ерлі-зайыптыларда трихориальды триамниотикалық үшем дүниеге келді. Трихориальды триамниотикалық үшем (ТХТАТ) – ұрықтардың әрқайсысының өзіндік плацентасы және амниотикалық қуысы бар. Жалпақ тілмен айтқанда, балалар бір-біріне ұқсамайды және әрқайсысының өз ұрық көпіршігі бар. Бұған қоса жаңа туған үшемнің әрқайсысы үлкен әпкесі мен егіздің сыңарына ұқсайды.

"Балалар бір-біріне ұқсайды, бірақ сіз ойлағандай емес. Егіз бен үшемнің әрқайсысы әртүрлі. Оларды шатастыруға болмайды. Алан (егіздің сыңары) мен Әмірхан (үшемнің бір сыңары) үлкен қызым Амальға ұқсайды. Ал егіздің сыңары Айша үшем болып туған Әлихан мен Әміреден аумай қалған", – деп күлді көпбалалы ана Ажар.

Фото Ажар Қабитованың жеке архивінен алынған

“Қызымыз 3 жасында күйзелісте болды”

Ажар өзін жақсы сезінетінін, тіпті, бірінші кесарь тілігіне қарағанда, бұл жолы тез қалпына келгенін айтты. 

"Жаңа туған балаларыма емшек сүтін беріп жүрмін. Әрине, оларды кезек-кезек тамақтандырамын. Егіздерге сүт бергенде қиналған сәтімді еске алып, қазір үшемге жеке-жеке көңіл бөлуді жөн көрдім. Бәрі тәжірибемен келеді екен. Сонымен қатар үш ұлдың бәрін бірден қолыма алуға батылым бармайды. Перзентханадан шыққан соң мүлде басқаша сезім болды. Балаларымыздың керемет екеніне және мазасыз болмағанына қуанамын. Балалар дүниеге келген сайын оларға күтім жасау да оңайға соғатын секілді. Егіздерде түнде 1 сағат қана ұйықтау әдеті қалыпты. Содан бері түнде тек 3 сағат ұйықтаймын. Қалған уақытта оларға тамақ беріп, күтім жасаймын", – деп түсіндірді жас ана.

Елорда тұрғыны Ажар Қабитова кез келген әйелде жүктіліктен кейін күйзелістің болатынын жеткізді.

"Кез келген аналар секілді мен де белгілі бір уақыт аралығында іштей толқып, өзімді жалғыз сезіндім. Өмір қас-қағым сәтте өтіп кеткендей тіпті, өзіме уақыт таба алмайтынымды көріп, іштей тынып, күйіп-пісетінмін. Уақыттың артқа айналып кетпейтінін біліп, налыдым. Мұны күйзеліс деп атауға бола ма? Білмеймін. Бірақ мұндай ойлар көкейімде жүргенін жасырмаймын. Десе де күйзеліске түсуге уақытым жоқ. Себебі ана ретінде иығымда үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр", – деді көпбалалы ана Ажар Қабитова.

Ажардың айтуынша, үлкен бауырлары үшемнің перзентханадан шығуын асыға күткен. 

"Бүгінде үлкен қызым Амаль балабақшаға барып жүр. Егіздерді де балабақшаға беру ойда бар. Алайда қызымыз 3 жасында күйзелістен өтті. Себебі егіздер бір орында отыра алмады. Өте белсенді болғандықтан, бар уақытымызды соларға жұмсадық. Қызымызға аса көңіл бөле алмадық. Жолдасым екеумізге демалуға мүмкіндік бермейтін", – деді елордалық ана.

Фото Ажар Қабитованың жеке архивінен алынған

“Екі әулетте де егіз де, үшем де болмаған”

Бүгінде ерлі-зайыптыларды үшемнің дүниеге келуімен әлеуметтік желіде және қоғамдық орындарда жиі құттықтайды. Ажар желідегі парақшасына құттықтаулар жазып, жүктіліктің егжей-тегжейін сұрап жатқандардың көп екенін айтты.

"Көбі бізді экстракорпоральды ұрықтандырудың (ЭКҰ) нәтижесінде егіздер мен үшемді босанды деп ойлайды. Әрине, жоқ. Менің және күйеуімнің әулетінде егіз де, үшем де болмаған. Мұндай кездейсоқтық бізде болғанына әлі күнге дейін таңғаламыз. Қазақстандықтардың көбі мемлекет тарапынан тұрғын үй берілмегенін айтып, біз туралы уайымдайтындарын жазды. Уайымдап, қолдау берген жандарға көп рахмет. Қазіргі таңда меншігімізде үш бөлмелі пәтер бар. Үшемге жүкті кезде пәтерге қайта жөндеу жұмыстарын жасадық. Біз ешкімнен ешнәрсе сұрамаймыз. Аллаға шүкір, балаларымызды қамтамасыз ете аламыз. Ең бастысы, олардың және біздің деніміз сау болғанын қалаймыз", – деп атап өтті Ажар.

Ажар екі жүктілігі жоспардан тыс болғанын еске алып, мәселені түбегейлі шешкісі келген. Алайда дәрігерлер үшем туғаннан кейін жатыр түтіктерін бекітуге болмайтынын айтып, мақұлдамаған. 

"Бәрі келесі жүктілікте енді төртем босанатынымды айтып, әзілдейді. Бізде, қазақтарда ырым бар емес пе?! Егер босанған перзентханада бір затыңызды ұмытып кетсеңіз немесе әдейі қалдырып кетсеңіз сол жерге қайтып барасыз. Қызығы, сол перинаталдық орталықта үлкен балаларымды дүниеге әкелдім. Сонымен қатар барлық жүктілікте бір "207 б" палатасы берілді. Перзентханадан шыққан күні туыстарым тамақ салған банкаларды ұмытып кеткен едім. Енді ешнәрсені ұмытпай, сөмкеге банкаларды салып шықтым", – деп күлді Ажар.

Фото Ажар Қабитованың жеке архивінен алынған

Ажардың айтуынша, ол мұндай кездейсоқтықты тек АҚШ блогерінен көрген екен. Ол отбасында да жалғыз және бірнеше жүктіліктің болғанын айтып берді. Америкалық әйелдің бұл әрекеті Ажарды Instagram парақшасын ашуға және қызықты оқиғаларын жариялауға шабыттандырған.

"Алты баламен күнделікті өмірім қалай өтетінін айтып бергім келеді. Көпшілікті біздің қазіргі өміріміз қызықтырады. Бала күтімінде жақындарымның, әсіресе, анам мен күйеуімнің жанашырлығына алғысым шексіз. Себебі күнде 3-4 сағат ұйықтағандықтан, өзіме қарауға уақыт табылмай жатады. Мұндайда сіңлілерім мен анам келіп, балаларды қарап тұрады. Сол уақытта сыртқа шығып, кофе ішіп келемін. Салонға барып, бет күтімін жасаймын. Әйел өзіне күтім жасауды қай уақытта болсын ұмытпау керек деп ойлаймын. Бұл кезең де тез өтіп кететіне сенемін. Сондықтан әлі де жас көрінуге, өзіме қарауға уақыт табамын.

Фото Ажар Қабитованың жеке архивінен алынған

“Таңертең үш ер адаммен оянамын. Олар менің – ұлдарым. Жалпы бір күнім үшемге күтім жасаумен өтеді. Күйеуім үйде болғанда үлкен балаларға қарап, оларды тамақтандырып, жуындырып, киімін ауыстырады. Таңғы, түскі және кешкі асты күйеуіммен бірге әзірлейміз. Ал бәріне қалай үлгереді деп ойлайтын шығарсыздар. Мұның бар құпиясы – жан жарымның махаббаты мен қамқорлығы", – деді жас ана Ажар.

“Балалардың бәрі сіздікі ме?”

Астаналық көпбалалы ана серуендеуге шыққанда басқалардың таңданып әрі қызыға қарайтынын айтты. 

"Барлық баламен физикалық тұрғыдан серуендеуге шығу мүмкін емес. Мысалы, былтыр жазда үлкен қызым мен егізді алып сыртқа шықтық. Жанымыздан өткен тұрғындар қызушылық танытып, "бұл балалардың бәрі сіздікі ме?", "олар егіз бе?" деп сұрайтын. Әрине, оларға қызық екенін түсінемін. Себебі егіздер тіпті, үшемдер қоғамда сирек кездеседі", – деді Ажар Қабитова.

Көп балалы ана Ажар егіздер мен үшемнің болуын бақыт деп санайды. Сонымен бірге мұндай ерлі-зайыптыларға үлкен жауапкершілік артылатынын айтты.

"Егіздер мен үшемдердің дүниеге келуі қызықты және ерекше тәжірибе болуы мүмкін. Бауырлар арасындағы қарым-қатынасты байқауға мүмкіндік беріледі. Бұл ата-аналар үшін екі есе және үш есе жүктемені білдіретінін есте ұстаған жөн. Әр балаға ерекше қарап, олардың жеке дағдыларын дамытуға назар аудару қажет. Сонымен қатар егіздер мен үшемдердің болуы тек қуаныш емес, шыдамдылық пен үлкен сүйіспеншілікті қажет етеді. Балаларымның әрқайсысы мен үшін ерекше және өте қадірлі. Үшемнің анасы болу – бұл үздіксіз сынақ және шексіз бақыт. Мен олармен болған әрбір сәтке ризамын және ұлдарым бақытты, сау және энергияға толы болады деп үміттенемін", – деп сөзін түйіндеді көпбалалы ана Ажар Қабитова.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.