Бір апта ішінде жұмыртқа бағасы 100 теңгеге жуық қымбаттады. Мәжіліс кулуарында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен жұмыртқа бағасына болжам жасауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Журналистер бір апта бұрын бірінші сұрыпты он жұмыртқа 566 теңге болса, кеше ғана дәл соны 635 теңгеге сатып алғанын айтты. Олар өнімді бір маркеттен алғанын айтып министрге сұрақ қойды. 

"Баға өсіп жатқанын жасырмаймыз. Қазір маусымдық өсім байқалады. Ресеймен серіктестік аясындағы міндеттерге келер болсақ, оларға миллион данасын жібердік", — деді Шаққалиев. 

Министрдің айтуынша, елде 34 фабрика 5 млрд 100 млн жұмыртқа өндіреді. Елдегі тұтыну көлемі — 5 млрд.

"Фабрикаларға келер болсақ, біз ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Келісім негізінде жасалып отыр. Фабрикаларға қосымша экспорттау мүмкіндігі бар екенін айттық. Сауда мүмкіндігіңді арттыруға жол ашылғаны жақсы емес пе? Қазір олар өз серіктестерімен байланысып, талқылап жатыр. Әзірге нақты келісімшарт орнатылғаны туралы бізде ақпарат жоқ", — деп толықтырды ведомство басшысы. 

Журналистер бір апта ішінде бағаның 100 теңгеге көтеріліп кеткені қалыпты жағдай ма деп сұрады. 

"Өсу динамикасын қараймыз, ол әдетте маусымдық болады және оған үйренісу қажет. Жазда жұмыртқа арзандайды. Бұған сабырмен қарауды сұраймын. Мезгіл сияқты: қар бар, жаңбыр бар, күн бар", — деп түсіндірді Шаққалиев. 

Ол жұмыртқа Пасхадан кейін арзандайды деп уәде берді. Содан кейін оған сұраныс азаяды. 

"Өндіріске қабығын, сарысын қайта өңдеуді ұсынып жатырмыз. Жұмыртқа өндірушілер үнемі құбылып отырады. Оларға баға да осылай құбылып кетпес үшін орташа баға жасайық деп айтамыз. Шартты түрде орташа есеппен бір жылда бір жұмыртқаның өзі бағасы 50 теңге болады. Осылайша қыста 600-700 теңгеге көтеріліп кетпейді, ал жазда 34-40 теңгеге дейін арзандамайды", — деп ұсынысты түсіндірді министр. 

Бұған дейін Ресей Қазақстаннан жұмыртқа мәселесін шешу үшін көмек сұрағанын жазған едік. 

Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желілеріне тауық жұмыртқаларын жеткізуді арттыру туралы өтініш жасады. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырды. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерінде шешім қабылдауда икемділік қажет екенін атап өтті.

Ал оралдықтар тұрақтандыру қорынан келетін жұмыртқаларды сатып алуға қойылған шектеулерге наразы. Жаңа ереже бойынша бір адам тек 10 жұмыртқа ғана сатып ала алады. Жұрт мұны жұмыртқаны басқа елдерге, соның ішінде Ресейге экспорттаумен байланысты деп есептейді.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.