Алматыда жылжымайтын мүлкін сақтандығысы келетіндердің саны артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшылар сұраныстың артуын екі күн бұрын болған жер сілкінісімен байланыстырады. Сақтандыру құны тұрғын үйдің нарықтағы бағасына байланысты. Мысалы, бір бөлмелі пәтерді жер сілкінісінен сақтандыру – жылына 21 мың теңгені құрайды.

“Өтінімдер бұрынғыға қарағанда екі есе артты. Тұрғындар қазір тек жер сілкінісі жиіленгеннен кейін ғана біздің қызметімізге жүгінуде. Жай күндері жұртты мүлікті сақтандыру мәселесі толғандыра бермейді. Тек осындай апатты жағдайларда ғана бізге хабарласады. Ал баға жағына келетін болсақ, бір бөлмелі жер үйді немесе пәтерді сақтандыру құны жылына 21 мың теңге”, – дейді сақтандыру компаниясының PR және жарнама департаментінің директоры Екатерина Абайдельдинова.

Алайда бұл қаражат тек жер сілкінісінен сақтандыру мақсатында төленеді. Қалған апат түрлері үшін бөлек баға бар. Барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бүлінуден, дүлей зілзаладан, өрттен, су басып кетуден, тұрмыстық газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан тіпті есікті бұзып кіруден сақтандыруға болады. Оның құны нарыққа байланысты 42 мың теңгеден басталады.

“Жылжымайтын мүлікті сақтандыру бұл жылжымайтын мүліктің толық немесе ішінара зақымдану тәуекелдерінен кепілдендірілген қорғау. Ол сақтандырудың ерікті түріне жатады және әрбір қазақстандықтың жеке таңдауы болып қала береді. Сақтандыру болса, қолайсыз оқиға орын алған кезде сіз сақтандыру компаниясы арқылы 100 пайыз өтемақы ала аласыз”,  – дейді сақтандыру компаниясының PR және жарнама департаментінің директоры Екатерина Абайдельдинова.

Алайда жұрттың сақтандыру жүйесіне сенімі аз. Өйткені үй-жайы бүлінсе, түрлі сараптама жасатып, сақтандыру компаниясының алдында оны дәлелдеп шығу керек. Осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар Данияр Насыровтың да пікірі осындай. Сарапшының айтуынша, мекемелердің миллиондаған ақшаны бірден бере салуы неғайбыл.

“Өз басым сақтандыру компанияларына мүлдем сенбеймін. Себебі, кез келген мәселеде мұндай мекемелердің шығынды өтеп беруі екіталай. Баспана туралы айтпағанда, сынған көлікті жөндеп, қалпына келтіру оңай жұмыс емес. Алдымен залал шығыны тексерілуі керек, кейін шығын көлемі есептелуі керек. Бірақ сақтандыру компаниясы шығын көлемін үнемі аз береді”, – дейді сарапшы Данияр Насыров.

Сарапшының айтуынша, сақтандырылған көліктің өзін мамандар мұқият тексермейді. Сәйкесінше шығын құнын толық өтемейді. Десе де жер сипап қалғаннан гөрі, аз да болса өтемақы алу дұрыс екенін түсінген жұрт көбейген. Ал егер пәтеріңіз ипотекаға алынған болса, уайымдауға негіз жоқ. Банк атындағы мүлік онсыз да сақтандырылған.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.