Алматыда дауыл кезінде үстіне ағаш құлап, бір ажалдан қалған жігіт кімді жауапқа тартуды білмейді. Айдын Боранбаевтың бас сүйегіне зақым келіп, бел омыртқасы сынып, қазір жұмысқа жарамай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Мәліметтерге сүйенсек, оқыс жағдай Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аумағында болған. Ер азамат қураған бұтаны кеспеген білім ошағын кіналап отыр. Қолында видеоматериалдар мен басына ағаштың құлағанын көрген куәгерлер бола тұра, іс насырға шапқалы тұр дейді жапа шеккен жігіт.

Былтыр жаз айында күтпеген жерден ағаштың бұтағы сынып, велоспидіне енді отырайын деген ер адамды басып қалады. Видеодан құлаған талдың айналасы қан екенін және ағаш басып қалған Айдын Боранбаев ес-түссіз жатқанын көруге болады.

Зардап шеккен Айдын Боранбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Сол кезде әріптесім екеуіміз жұмыстан шығып, осы жерге тұрып, қоштасып, әріптесім үйге қайтып, мен де велосипедіме енді отырып жүрейін деп бара жатқан кезде сынып жатқан талдың дауысын естіп, қай жаққа қашарымды білмей, жоғары қараған сәтте үстіме ағаш құлады", – деді Айдын Боранбаев.

Ол қатты соққыдан есінен танып, ауруханада бір-ақ оянған. Денсаулығына көп зиян келген. Миы шайқалып, бас сүйегі зақымданған. Иығы мен бел омыртқасы да сыныпты. Сегіз айдай тұра алмай төсек тартып жатып қалған. Өздігінен енді ғана жүре бастаған.

Айдын Боранбаев екі баласы бар екенін және қалада екі бөлмелі пәтер жалдап тұратынын айтып ағынан жарылды.

"Кредиттерім бар еді. Соның кесірінен екі бөлмелі пәтерді төлей алмадым. Бүкіл үйдегі заттарды сатып, әйтеуір күн көріп жүрміз, бірдеңе қылып. 7-8 ай болды, жұмыс істей алмаймын. Ауыр көтеруге болмайды. Емделейін десем, емделуге қаражатым да жоқ", – деді ер адам.

  • Қостанай облысында қатты желден баланың үстіне ағаш құлады

Осы уақытқа дейін құрылыс саласында нәпақа тауып, енді жұмысқа жарамай қалған Айдын Боранбаев өзінің қазіргі халіне тікелей университетті кінәлап отыр. Салбырап түсейін деп тұрған талды уақтылы бұталамаған деп отыр. 

Оқиға куәгері Рамиль Каляшев ағаштың Айдын Боранбаевқа қалай құлағанын айтты.

"Ағаш құлаған кезде мен де болдым. Алғашқы көмекті көрсеттік. Кезінде бұл талдың бұтасы біздің қақпаға дейін салбырап тұрған. Сол күні әкімдіктегілер келді. Келесі күні теректі бұталап тастады", – деді куәгер.

Зардап шеккен Айдын Боранбаев шығынды өндіру үшін заңгер Жандос Ниязаливке жүгінген. 

"Бірінші Бостандық ауданының әкімдігіне бардық. Ол жақтағылар "ТЖМ тергеу жүргізген, тал Аграрлық университеттің аумағында тұрған соң, университет жауапты" деп отыр. Одан басқа учаске полицейі келген сол жерге. Олар да солай айтып отыр, аграрлық университет деп. Ең таңқаларлығы, сол күні адамға тал құлаған, барлық құзырлы орган біледі. Бірақ тек аграрлық университетінің басшы тарабы бұл мәселені білмейді. Ол қалай сонда? Мен соны түсінбей отырмын", – деді заңгер.

Университеттегілердің пікірін біз де түсіне алмадық. Қызметкерлерінің әңгімелері әр түрлі. Бірін-біріне қайшы келеді.  Ал ректордың орынбасары әу баста "мәселені білмеймін" деп, кейін тәптіштеп түсіндірді. 

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басқарма төрағасы ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты.

"Мен ол жағдайды білмеймін. Соттан келген жоқ. Полициядан ешқандай қағаз келген жоқ. Біз қандай жағдайда жауап береміз? Мемлекеттік ұйым болғаннан кейін, 30 күнде жауап беруіміз керек. Солай емес пе? Бізге ондай шағым түскен жоқ. Бірақ осындай болған екен деп айтты. Ол қураған ағаш емес, ол өсіп тұрған ағаш. Біз оларға хабарластық деді. Мен жалпы адамның үстіне ағаш құлағанын білемін", – деді ректордың бірінші орынбасары.

Сайып келгенде білім ордасындағылар мәселенің анық-қанығына 10 күннің ішінде жетеміз деп отыр. Кінә университеттен болса, шығынды өтейміз деп сендірді.

Бірақ зардап шеккен тарап бұған күмәнмен қарайды. Сондықтан олар сотқа жүгініп, ғылым және жоғары білім министрлігіне де шағым түсіруді көздеп отыр.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.