Сборник текстов на казахском, русском, английском языках для формирования навыков по видам речевой деятельности обучающихся уровней среднего образования



жүктеу 7.37 Mb.
бет2/67
Дата13.09.2017
өлшемі7.37 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67

Мөлдір бұлақ
Баяғы өткен заманда бір лашықта жас жігіт өмір сүріпті. Ол жер жыртып, егін салып, соны өсірумен күнін өткізіпті. Ол күндегі әдетінше еңбек етіп жатқанда, күшті дауыл соғып, еккен егінін ұшырып кетеді. Бірақ ол оған өкінбей, тағы еңбектенеді. Дегенімен, оның егіні өспейді. Содан көңілі мұқалып, қайғырып отырып ұйықтап кетеді. Ұйқысында түс көреді. Түсінде бір ақсақал оған: «Қарағым, егінің өсуі үшін суғарып жүрген суыңның басына бар» – дейді. Ол оянғаннан кейін тау жаққа жүреді, судың бастауын табады. Судың бастауында бір үлкен тас тұр екен. Ол жалма-жан тасты аударып, оның астында үйіліп жатқан құмды аршып, суды тазартады. Тазартқаннан кейін, дем алып отырғанда, су атқылап, мөп-мөлдір болып ағады. Жігіт қуанғаннан оның атын «Мөлдір бұлақ» деп қояды. Сол сумен егінін суарып, бақытты өмір сүреді.
Судың пайдасы
Өмірде сусыз тіршілік жоқ. Судың адам ағзасына пайдасын білу – міндет. Адам денесінің 70 пайызы судан тұрады. Кез келген адам күніне 1,5-2 литр таза су ішуі керек

- Судың жетіспеушілігінен дененің кейбір функциялары баяулап, адам ауруға шалдыға бастайды.

- Су – негізгі энергия көзі.

- Су – мидың функциялары үшін күш және электрлік энергия көзі.

- Жасушаларды бір-бірлеріне байланыстыратын желім.

- ДНҚ-ның (генетикалық ақпараттың ұрпақтан- ұрпаққа берілуін, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қышқылының) зақымдануының алдын алады.

- Иммунитет жүйесінің негізін құрайтын жілік майының түрлі ауруларға қарсылығын күшейтеді.

- Су – азық, дәрумен және минералдардың негізгі еріткіші.

- Азық құрамындағы керекті элементтердің ағзаға сіңуін арттырады.

- Азықтарға энергия беріп, құрамындағы элементтердің ағзаға сіңуі кезінде бұл энергияны денеге таратады.

- Сусыз желінген азықтың денеге тигізетін пайдасы өте аз болып табылады.

- Өкпедегі оттегін тасымалдайтын қызыл қан жасушаларының жұмыс өнімділігін арттырады.

- Жасушаларды оттегімен қамтамасыз етіп, қалдық газдарды өкпеге тасымалдайды.

- Улы қалдықтарды жинап, бауыр мен бүйрекке жеткізеді.

- Буын қуыстарын негізгі майлаушы зат болып табылады.

- Омыртқадағы дискілерді жұмсартқыш су көпшіктеріне айналдырады.

- Ішектердің жұмысын реттейді, майлануын қамтамасыз етіп, іш қатудың алдын алады.

- Жүрек ауруы мен сал болу (паралич) ауруынан сақтайды.

- Тері жасушаларын ылғалдандырады және сауықтырады.

- Мидан бөлінетін гормондардың жасалуы үшін қажет.

- Су адам зейінін ашады.

- Жұмыс істеу өнімділігін арттырады.

- Ешқандай жанама әсері жоқ.• Адам денесінде су қоймасы болмағандықтан, суды жиі ішіп тұру керек.
Неге теңіздің түсі көк болады?
Су түссіз емес пе? Алайда неге теңіздің түсі көк болады? Шыны ыдысқа теңіздің суын құятын болсақ, түсі мөлдір, түссіз болып шығады. Сонда теңіздің бетіне аспанның түсі шағылысып түседі ме?

Біздің көзімізге көрінетін теңіздің көк түсі – теңіз суының бетіндегі күн сәулесінің ыдырауынан пайда болатын түс.

Су күн жарығын біркелкі түрде өткізбейді. Теңізде қысқа толқынды жарық сәулесі ұзын толқынды жарық сәулесіне қарағанда тез өтеді. Қысқа толқындар спектрдің көк бөлігіне, ал ұзын толқындар қызыл түсіне сәйкес келеді. Шыны ыдыста судың аз қабаты көретіндіктен сәулелерді өту айырмашылығы байқалмайды. Ал теңізге түскенде жүздеген метр терең судағы күн сәулесінің ыдырауы көрінеді. Суда көк түс аз жұтылатындықтан судың түсі де көк болып көрінеді.

Сонымен қатар, су көк түсті емес сия түсті және ультра күлгінсәулені өте жақсы жұтады. Сондықтан басқа жерлерге қарағанда теңіз жағалауында күнге күю ықтималы басым болады.



Өткелде
Екі бала өзенді жағалап келе жатты. Арғы бетке өтіп, бүлдірген теріп қайтпақ. Таңқы қара Әбік сабырлы болса, сорайған сары Жеңіс - сөзшең. - Біз Оралда тұрғанда, - деді Жеңіс, - ағынды өзеннің жағасындағы лагерьде болдық. Оқытушымыз бір жарым шақырымдық тауға өрлетті. Сонда мен бар баланың алды болып шықтым тау басына. Пионерлердің таңданғанын айт- сайшы. «Альпинист, барып тұрған ержүрек!» деп шуласты. Содан бастап балалар мені «альпинист Жеңіс» деп атап кетті.

- Спортшы екенсің ғой.

- Жүгіруден де, секіруден де бірінші орын алдым. Суға жүзу деген менің ең сүйікті ісім. Жап-жалпақ ағынды өзенді токтаусыз жүзіп өте беруші едім. Ал мына Есіл дегенің жылып жатқан жылға сияқты. Шалқалап та, қырындап та жүзе алам. Жеңіс бір түйір малта тасты алды да, зеңгіл жасылданып үнсіз ағып жатқан суға құлаштай лақтырып жіберді. Су беті шеңберленіп барып тынды. Арғы бетте бозғылт жапырақтарын толқытқан сұр талдар көрінеді. Жасыл нумен көмкерілген өзен аңғарынан салқын жел еседі. Құлама жардан малта тастарды жамырата домалатып, екеуі суға тақау келді.

- Әттең, сен бөгет болып тұрсың. Әйтпесе, анау көпірге бармай-ақ, осы жерден жүзіп өте беретін едім, - деп, Жеңіс опық жегендей басын шайқайды. Әбік үнсіз. Өзен арнасының құмырсқа белденген қысаң тұсында ағаш көпір бар. Күңгірттеніп жатқан судың үстінен екеуі үңіле қарап тұр. Шабақтардың жүйткіп ойнағанын қызықтады. Бір кезде шабақтар тым-тырақай қаша жөнелді. Бір дәу шортан келе жатты. Шортан қара қошқыл арқасын су бетіне шығарып, біраз жылынды да, құйрығымен ағынды жайқап қалып, караңғы тұңғиыққа сүңгіп кетті.

- Ех, шіркін, сүңгіп барып, құйрығынан шап беріп ұстар ма едім! - деді Жеңіс алабұртып. Сөйткенше болған жоқ, көпір ернеуіне атша мініп отырған бір бейтаныс бала суға шолп ете түсті.

- Құтқарыңдар! Бала батып-шығып жүр. Жеңіс сасқалақтап: - Ей, бала, қолың мен аяқтарыңды сермей бер, мен келгенше шыда. Мен ауылға хабарлайын, сені шығарып алады! - деп, жүгіре жөнелді.

Жеңіс жұртты ертіп келгенде, Әбік пен әлгі бала жағада отыр еді. Суға кұлаған балада кескін қалмапты. Анасы қуанғаннан дауыстап жылап жіберді:

- Сен ғой шығарған, айналайын-ай, ажалдан құтқардың-ау құлынымды! Әбік қызарып төмен қарады.


Жекпе-жек
Қыстың жайлы бір жылы күні еді. Қыр үстіндегі ауылға қарай асықпай келе жаттым. Бір кезде сай ішімен бірін-бірі қуалай зытып бара жатқан екі қараны байқап қалдым. Алдыңғысы тушадай ақ қоян да, кейінгісі қырдың қызыл түсті арлан түлкісі екен. Түлкі өкшелей қуып жүр. Қоян да жеткізер емес, аяқтарын аянбай сілтейді. Кенет ол оқ бойы ойқастай берді де, ойламаған жерден бұғып жата қалды. Мұны күтпеген түлкі екпінін баса алмай төне бергенде, ақ қоян артқы аяқтарымен бар пәрменімен оның төсінен салып жіберді. Түлкі шалқалақтап барып, қайта ұмтылды. Ашық алаңдағы ақ қар үстінде қызу айқас осылай басталды. Түлкі өткір тісті азуын қоянның әр жеріне аямай-ақ салып жүр. Бірақ оны елер қоян жоқ, ол да өзінше қару жасап, әлді дұшпанының қимылын аңдып жүріп, оны не тістеп, не теуіп қалады. Айқас біраз уақытқа созылды. Бір кезде қызыл түлкі ұзын құй- рығын бір бұлаң етті де, ақ қар үстіне аунап түсті. Сол сәтте орғып түскен қоян да қалың шіліктің ішіне сүңгіп кетті. Мен тақап келгенде, түлкі ша- лажансар халде екен. Бейшараның ішегі шығып, шұбатылып жатыр. Қоянды қан шашыраған ізіне түсіп, әлгі шілік ішінен таптым. Ер қоян ұзынынан түсіп өліпті. Денесінде жарадан сау жер жоқ, қып-қызыл қанға боялған. Дүниедегі ең қорқақтардың бірі - қырдың ор қояны мұндай ерлік көрсеткеніне қайран қалып, мен сол арада біраз тұрып қалдым.
«Астана-Бәйтерек» сәулет кешені
2002 жылы Еуразияның кіндігі – Астананың төрінде «Астана-Бәйтерек» монументі салынды. Бұл монумент қазақ елі тамырын жеті қабат жер астына жіберген мәуелі бәйтеректей тарихы тереңде жатқан ел екендігінің дәлелі іспеттес.

Бәйтерек Астана төрінде көк тіреп тұр. Биіктігі 97 метр, XX ғасырда дәл осы жылы қазақтың елордасы Ақмолада шаңырақ көтерді. Бәйтеректің сәулеткерлік шешімі үш буыннан тұрады:

-Бірінші бөлік – жер асты бөлігі, ол 4-5 метр тереңге кеткен. Осы

бөлікте балықтар жүзіп жүр, 7 метрлік аквариум су патшалығының кіші моделіндей.

-Екінші бөлік – Бәйтеректің діңгегі, металл конструкциялары.Осы жарты шар арқылы жоғарыға, Бәйтеректің ұшар басына көтеріліссіз. Әуелі 93 метр биіктігі қаланы тамашалу алаңына аялдайсыз. Бұл жерден жаңа әкімшілік орталығы алақанға салғандай анық көрінеді.

-Үшінші бөлік – диаметрі 22 метр алып шар – Самұрықтың алтын жұмыртқасы. Бәйтеректің ең биік тұсы – 97 метрдегі «Аялы алақан» композициясына асықпайтын жан кем де кем, осында келгендердің бәрі оны көргенше құмартады. Онда Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің алақаны таңбаланған. Соған саусағың тисе «Менің елім» әуені шалқи жөнеледі, бүкіл Қазақстан ән салып жатқандай.


Шахмат үйірмесі
Ағам жасынан шахмат ойынына құмар болып өсті. Мектебіміздегі шахмат үйірмесіне қатысып, жарыстарда көзге түсе бастады.Ол күн сайын үш – төрт сағат уақытын шахмат ойнауға арнайды. Оның арманы – болашақта шахмат ойынының шебері болу.

Шахмат адамның ой-өрісін дамытады, сондай-ақ, шыдамдылық, ұстамдылық қасиеттерді талап етеді. Ағам өзінің уақытын босқа өткізбей, өзінің сүйікті ісіне арнады. Ол əрбір жеңісін мақтан тұтады жəне болашақта шахмат шебері болатынына сенімді.


Қазақтың дәстүрлі уақыт өлшемдері
Уақыт өлшемдері. Қас пен көздің арасы-халықтық өлшем. Лезде, тез, жылдам, көзді ашып - жұмғанша деген мағынаны білдіреді. Қас-қағым (көзді ашып-жұмғанша) - жарықтың жылт етуі, көзді ашып-жұмғанша кететін уақыт, шамамен 0,7-1 сек. аралығы.

Сүт пісірім-халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15 минут. Бие сауымдай уақыт-биенің екі сауымының арасы, бір сағат шамасындағы мезгіл.

Таң сәрі-шолпан жұлдызының туған мезгілі. Бозала таң-күн шапағының белгісі, таңның ағара бастауы. Таң ата-күннің ұясынан шығар алдындағы мезгіл. Сәске-күн шығып, арқан бойы көтерілген кез.

Ұлы сәске-тал түске жақындаған мезгіл. Тал түс-күннің тас төбеге келуі, яғни, мысалы, қазақтың көлеңкесі оның дәл түбіне түсуі.

Сәске түс-шаңқай түс мезгілі немесе күннің қиғаш 45 градуспен түсуі, яғни, мысалы, қазақтың өзінің биіктігі мен көлеңкесінің ұзындығы теңескен кез.

Кешқұрым-күн батқан кез.

Түн ортасы- түнгі сағат 12. Түн жарым-түнгі сағат 3. Ат адым-ақпан айындағы күннің ұзаруы, ол 38 минутқа тең.

Елік адым-қаңтардың басынан ақпанның аяғына дейінгі аралықтағы күннің ұзаруы, ол 74 минутқа тең келеді. Қарға адым-қаңтар айындағы күннің ұзаруы, ол 36 минутқа тең.
Қазақтың киелі өнері – күй
Күй өнері – қазақ музыка мәдениетінің ең озық саласы. Күй - халқымыздың сан ғасыр бойыбасынан өткерген тайғақ кешулері мен тарихи тағдырының ең басты куәгері. Күй – жаратушының адамзатқа берген тосын сыйы. Күй – құдірет!.. Күй – ұран!.. Оның түрі өте көп. Күй тілі – тылсым тіл!.. Біз оны ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып келе жатқан домбыра, сыбызғы, қобыз сияқты аспаптарының үнімен ғана сезініп келдік. Осы музыка аспаптарының ішінде халқымыз арасында үнемі қолданыста болып, барынша дамығаны – домбыра. Алдынғы буын ағаларымыздың «Нағыз қазақ –қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы да содан. 
Алтын бесік
Менiң туған жерiм – Көкшетау, шыңын мұз басып қатқан биiк таулар емес, төбесiне оп-оңай шыға беруге болатын аласа таулар...

Мiне, сондай таулардың бiрiнiң етегiндегi көл жағасында менiң туып-өскен ауылым қоныстанған. Таудың аты – «Салпық». Ал оның iргесiндегi айдынның аты – «Шұңқыр көл» деп аталады. Ауылдың аты сол есiмiне қойылған.

Бiз бала кезiмiзде жазда Салпық тауының бауырына шие, бүлдiрген теруге баратын едiк...

Ал көл жағасы қандай тамаша едi. Ыстық күндерi Қасынан шықпайтынбыз. Арқаны күнге қақтап-қақтап алып, жүгiрiп келiп суға қайта-қайта күмп-күмп берiп құлайтынбыз. Бiзден әрiректе тереңдеу жерде мойындары жiп-жiңiшке шүрегей үйректер жүзiп бара жатады. Жақындасаң тереңге қарай ұзай бередi.

Дауылды, желдi күндерi көл бетi бұйраланып, дөңбекшiген толқындары жағаны ұрып, көбiк шашып жатады. Әлденеге ашуланған сияқты мiнез танытады. Туған жер – алтын бесiк. Әлдилейдi, тербетедi. Қиялыңды ұштайды. Мен бесiншi класта оқитын едiм. Туған жерге деген сезiмiмдi дауыстай айтқым келдi. Өзiмiздiң Салпық тауы туралы, оның iргесiндегi кiшкене көл туралы өлең жаздым. Әлемде Салпықтан асқан биiк тау жоқ, әлемде Шұңқыр көлдей үлкен көл жоқ деп ойпаттадым. Олар маған, шынында да, солай көрiнген. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған кезiм, басқа тауды да, басқа көлдi де көрмеген едiм.
Қазақстан территориясынан табылған алғашқы үй
Оңтүстік Қазақстан облысынан табылған Қараүңгір тау үңгірі тарих үшін маңызды болады. Үңгірден тастан, сүйектен және қыштан жасалған бұйымдар, ежелгі құлан, аю, бұғы, жайран, қабан, елік және жылқылардың сүйектері табылды.

Бұл – Қазақстанның тас ғасыры дүниежүзілік мәдениеттің бір бөлігі болатындығына дәлел.

Тас ғасыр деп аталу себебі, ежелгі адамның азық табатын еңбек құралы тас болды. Тас бұйымдар пішіні мен түріне қарай кесетін, тескіш, бұрғылағыш құралдарға, пышақтар, шаппа сияқты тағы басқаларға бөлінеді. Ежелгі адамдар геометриялық пішіндегі кішкентай үшкір бұйымдарды кең пайдаланған.

Тарихтың ежелгі кезеңін полеолит, ежелгі тас ғасыр деп атайды. «Полиос» грек тілінде «ежелгі», ал «лотос» тас деген мағынаны білдіреді. Ол біздің жыл санауымызға дейінгі шамамен 2,5 млн. жылдан 15-10 мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды.


Біздің Қазақстан
Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әртүрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер еңбектенуде.

Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әртүрлі халықтар қоныс тепкеніне жиі ойланамын. Біздің еліміз сияқты менің ағайыным да көп ұлтты. Бірлік, ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық – қазақстандықтардың қалауы. Мен оны білемін. Онда татарлар да, орыстар да, қазақтар да бар. Олардың тағдырын, өмір тарихын тыңдағанда менің елім одан сайын маған жақындай түседі, оны жақсырақ түсіне бастаймын. Біздің отбасы тарихымыз мыңдаған басқа отбасылардың тарихына ұқсас. Өмірдің қиын кездерінде, ауыр жұмыстарда, өтіп жатқан күндер мен мерекелерде әртүрлі ұлт өкілдерінің пікірі қалыптасты.

Адамзат баласының татулығына ұмтылу әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл Қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын Қазақ халқының мінезінен жаралған.Осында тұрушылардың барлығы Қазақ халқының тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білуі келек.

Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.


Алтын жүзік

(Аңыз)
Бiр кедей күнi бойы жұмыс iстеп, қатты шаршайды. Бiр арша ағашын әрең кесiп жерге құлатқанда, жоғарғы жағынан екi жұмыртқа домалап түседi де, жарылып қалады. Бiрiншiсiнен бүркiттiң балапаны шығады да, лезде өсiп, адам бойымен бiрдей болады. Екiншi жұмыртқа жарылып, одан алтын жүзiк шығады.

Бүркiт қанатын қағып-қағып қалады да, кедейге:

- Ей, адам ұлы! Сен менi құтқардың. Мен саған мынау алтын жүзiктi сыйлаймын. Бұл – сиқырлы жүзiк. Бiрақ жүзiктен өмiрiңде бiр-ақ тiлек тiлейсiң. Тiлегiң орындалған соң жүзiгiң сиқырын жоғалтып, жәй жүзiкке айналады. Сондықтан тiлегiңдi айтпастан бұрын жақсылап ойлан. Әйтпесе кейiн өкiнiп жүресiң, -дейдi. Осыны айтып, бүркiт ұшып кетедi. Егiншi қуаныштан жүрегi жарылардай боп үйiне қайтады. Жолда зергердiң дүкенiне соғып, зергерден өз қолындағы жүзiктiң қанша тұратынын сұрайды. Зергер: – Екi алтындай болатын шығар, – дейдi. Кедей қарқылдап күлiп жiберiп, бұл жүзiктiң сиқырлы екенiн, оған ешбiр баға жетпейтiнiн айтады. Зергер қара жүректi, арам адам едi. Ол кедейдi қоярда-қоймай қонаққа шақырады. Үйiнде ұйықтап жатқан жерiнде егiншiнiң жүзiгiн ұрлап алып, соған ұқсас жәй жүзiктi салып қояды. Келесi күнi кедей байғұс жөнiне кетедi, зергер есiк-терезесiн мықтап бекiтiп алып:

- Жүз мың алтыным болса, – деуi мұң екен, үстiне алтындар жауа бастайды. Зергер жанталасып, арлы-берлi қаша бастайды, бiрақ есiктi аша алмайды. Дүниеқоңыз зергер алтынға көмiлiп өледi, алтындарын көршiлерi бөлiсiп алады.
Тәртіпсіз лақ
Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын. Кенет тарс-тұрс дыбыс шығып, басымды көтердiм.

Қарасам, көршiмнiң бiрiншiде оқитын баласы өзiнiң лағын ышқынта қуалап жүр.

Бiр кезде жеттi-ау лаққа. Мүйiзiнен ұстап алып, бас-көз демей төпеп жатыр. Осы кезде үйден әжесi шығып, оның қылығын көрдi де:

– Әй, Төлтай, ұрма лақты! – деп айқайлады. Күтпеген жерден шыққан дауыстан селк ете түскен Төлтай лақтан айырылып қалды. Төнiп келген әжесiнен қашпай тымырайып тұр. – Неге ұрасың? Өй, тәртiпсiз!

– Лақ тәртiптi ме? Неге еккен ағашымды құлатады?.. – деп ренжiсiн ұқтырды Төлтай.

Қараймын, әлгiнде ғана құнжыңдап терезе түбiнде отырғызып жатқан жас ағашы құлап қалыпты, мұны көрген әжесi:

– Жә, екеуiң де оңып тұрған жоқсыңдар... – дедi, қолын сiлтеп жөнiне кеттi.

– Маған ұрсады, лақтың қылығын көрмейдi, – бұртыңдаған Төлтай құлап жатқан ағашты қайта тұрғызып жатты.


Мейiрiмдi бала
Қытай жұртында ескi заң бар, бiреудi алдағандығы мойнына түскен кiсiнiң қолын кесе-тұғын. Бiр төре осындай iспен күнәлi болып, әлгi айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлi төренiң жас қыз баласы әкем үшiн жауап беремiн деп, мәлiм болды. Қызды патшаға алып келiстi.

– Тақсыр, патшам, – дедi қыз, – менiң әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшiн қолынан айрылуы керек болды, мiнекей, тақсыр, әкемнiң қолы, – деп өзiнiң қолын көтердi. – Бұл қол да менiң жазықты болған атамның қолы, бiрақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейдi. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесiп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.

Патша баланың мұнша атасына мейiрiмдiлiгiне рақымы келiп, төренiң күнәсiн кештi дейдi.
Жаман жолдас
Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырапты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен, екiншiсi мықты, жас жiгiт, аюды көрген соң бұл жiгiт ауру жолдасын тастап, өзi бiр үлкен ағаштың басына шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты: есiтуi бар едi, аю өлген кiсiге тимейдi деп. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:

– Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кеттi? Ауру айтты дейдi:

– Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма дедi, – дейдi.


Отырар кітапханасы
Ежелгі Отырар қаласы Сырдарияның Арыс өзеніне құяр жеріне Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Айналасы - ат шаптырым терең ор, биік қорған. Төбе басында хан сарайы, жан-жағында тасболат тамдар және қару-жарақ, теңге соғатын ұстаханалары, шәкірттер дәріс алатын бірнеше медресе болған.

Тырнаша тізілген, иір мойын түйелер күндіз-түні қалаға еніп жататын.

Батыс жағындағы қақпа арқылы орыс көпестері, шығыстан – моңғол, қытай кезбелері кіретін. Түстіктен – Шаш, Бұқара қалаларынан шыққан араб саудагерін, терістіктен – башқұр, саха ханзадалары жіберген керуен тізбегін көруге болар еді. Сол керуендер арқылы қалаға әртүрлі әшекей бұйымдар, маталар, тең-тең кітаптар келеді екен.

Отырар кітапханасының сөресінде ақ теріге жазылған, алтын жалатылған қаншама кітап көз жауын алатын болған. Мұның үстіне күйген қышқа түсірілген, ыдысқа ойған, тасқа, ағашқа қашап келтірген бабалар қолтаңбасы мол-ақ.


Ұлы жібек жолы
Байырғы заманда жердің түпкір-түпкірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында ол зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы асыл тастар, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер мен хош иіс сулары. Мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен ақшаға сауда-саттық басталып, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылды. Жолдар бір-бірімен ұласып, шығыс пен батысқа, оңтүстік пен солтүстікке қарай жалғасып, көптеген жаңа аймақтарды қосты.

Осылай ІІ ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды. Оған «лазурит», «нефит» және «құндыз» жолдары кірді. «Лазурит жолы» - Мысыр, Иран, Вавилон елдеріне лазурит (ляпис-лазурь) тасы тасымалданатын жол. Лазурит бұл елдерде өте кәдімгі саналып, аса жоғары бағаланған.

Ұлы Жібек жолы бүкіл адам ағзасын қоректендіруші қан жүйесіне ұқсас. Себебі ол бүкіл Еуропа мен Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызып, ондағы халықтарды біріктіреді.
Киіз үй
Киіз үй – Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы; Орталық және Орта Азия халықтарының көшпелі тұрғын үйі.

Ол – көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі.

Көшпенділердің киіз үйі — тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туристер де пайдаланады. Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен елдерге шатырдың орнына киіз үйлер апарып жүр.

Толығырақ... Киіз үй-көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге « желкөз» деп аталады.Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді.Екінші түрі тар көзді кереге – «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен , желге өте төзімді.Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады.Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады.

Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қолайлы, оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, тігіп алуға да болады.
Ғарышкерлерді дайындау
Ғарышкер болу үшін ұзақ уақыт дайындық керек. Оларды мұқият байқау арқылы таңдап алады. Ғарышкерлерге денесін шынықтыру үшін көптеген жаттығулар жасауға тура келеді. Ұшу кезінде ғарышкерлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, Жер серіктерімен жұмыс істеу кезіндегі ақауларды жөндейді, алыс планеталар мен жұлдыздарды суретке түсіреді. Ол үшін ғарышкерге терең білім алу қажет болады. Жаттығу жұмыстары ғарышкерлерге спорттық формасын сақтауға көмектеседі. Су астындағы жаттығулар ғарышкерлерге салмақсыздық жағдайында жұмыс істеуге үйретеді.

Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері. Ол 1991 жылы қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Екінші қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышта 1994, 1998, және 2001 жылдары болып қайтты. Ол алғашқы сапарында «Мир» ғарыш станциясында 126, екінші сапаларында 207 тәулік жұмыс істеді.

Ғарыш кемесі ғарышкерлерді қолайлы жағдаймен қамтамасыз ететіндей құрастырылады. Сондықтан да адамдарға ғарышта бірнеше ай қалуына мүмкіндік бар.
Әнші
Әнші – әнді нақышына келтіріп, шебер орындайтын адам.

Ертеде қазақтар той-томалақтарды әнші-күйшісіз өткізбеген. Сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі неке ғұрпындағы рәсімдерге әншілер арнайы шақырылып, астан кейін әншілерге кезек берілген. Нағыз әншінің әншілік өнерінің танылар тұсы да осы сәт. Мысалы, бірде Семей мен Жетісу өңірінің қазақтары жиналып, сайысқа түскенде, Семейдің әншілері қарсыластарының басымдығын байқап, дереу бір атақты әншіге жаушы жіберіп, оны бірнеше жүз шақырым жерден алдыртуға дейін барған екен. Мұндай шаралар ру, жердің намысы мен беделі үшін жасалған және руаралық қатынастарды реттеуші элемент қана емес, өнер атаулының бағалануы мен алға қарыштауына серпін беретін іс.

Екінші жағынан сол халықтың өнерін паш ету, дәріптеудің нақты бір үлгісі болып табылады. Әнші өнер атадан балаға мирас болып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Байырғы ортада үйге қонақ келсе, адам күтуге байланысты ғұрыптар атқарылып болған соң, ауылдың алты ауызы көбінесе әнмен немесе басқаша бір өнер түрімен орындалатын болған. Кейін қонақтан қонақ кәде сұралып, дәстүрлі ортаға таптаурын болған, ауыларалық, күнделікті әнмен не жай өнер түрімен емес, тосын, естіле бермеген әнмен немесе басқа да онер түрімен атқарылуын күткен. Бұл арада қонақтың қандай адам екендігі сыналып, асқан әнші, топтан озған дарабоз екендігі осы арада нақты танылып, халық бағасына ие болған. Сол сияқты дәстүрліортада ас-той, түрлі жиындар әншісіз өтпеген. Әнші - халық қалаулысы, онсыз ешбір ортаның сәні келмейді.


Каталог: uploads -> doc -> 0a52
doc -> Пєн атауы: Математика
doc -> Сабаќтыњ тарихы: ХІХ ѓасырдыњ 60-70 жылдарындаѓы ќазаќ халќыныњ отарлыќ езгіге ќарсы азаттыќ к‰ресі
doc -> 1 -сынып, аптасына сағат, барлығы 34 сағат Кіріспе (1 сағат)
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы
0a52 -> Жантақ өсімдігі туралы жалпы сипаттама
0a52 -> Отбасылық ТӘрбие, оның тарихи негіздері
0a52 -> Өз білімін жетілдіру


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет