Сборник текстов на казахском, русском, английском языках для формирования навыков по видам речевой деятельности обучающихся уровней среднего образования



жүктеу 7.37 Mb.
бет5/67
Дата13.09.2017
өлшемі7.37 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67

Кино
Бала кезінен Бикен Римова театрды өте ұнатқан. Ол драмалық үйірмелерге қатысып, олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының болашақ әртісіне Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты қазақ драмалық өнерінің шеберлері көп әсерін тигізді. Жас актрисаның сахнаға тұңғыш шығуы – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еңлік рөлі. Онда ол кейіпкердің бүкіл драмалық өмірін көрсете білді. Жиырма жыл бойы Еңлік бейнесі Бикен Римваның орындауымен сахна төрінде жұлдыздай жарқырап жүрді.

Актриса әрбір кейіпкерге тән өз бейнесін дәл сомдай білді. Оның сахна төрінде ойнаған рөлдері – қайталанбас бейнелер. Көпшілігімізге Бикен Римова «Өжет қыздарға» - Баршагүл, «Тақиялы періштедегі» - Жамал, «Менің атым Қожадағы» - ана бейнесі және «Тоғысқан тағдырлар» теленовеелласындағы Гүлбибі апа кейіпкелері арқылы белгілі.


Домбыра
Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыртолғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған Музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар әнжырертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.

Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. 
Қобыз
Қобыз — таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды, бай тембрлі аспап. Қобыз ең көне аспаптардын бірі.

Қобыз екі шекті 40-қа тарта аттың ұзын қылы керілген ысқышы бар аспап. Қылқобыз аталуы да осыдан болар. Қобыз үнінің төмендеп қайта жоғарылап дыбыс шығаруы — шектеріне саусақтың ұшын ғана тигізіп, сәл ғана басып шертіп, керілген қылды ысқышпен үйкеп ысқылап тарту арқылы ысқышты аспапқа «іліп қойғандай» етіп көлденең ұстап ысқылап сүйкеп-сүйкеп көсеп-көсеп жібергенде флажолетті обертонды қою-қошқыл сазды мұңлы болып шығады.

Біреулер оны құс даусына ұқсатады: « — Оның даусы аспаптың шегін аттың жалынан керілген қылдан тартылған еспе ысқышпен үйкелегенде аққудың үніне ұқсас дауыс шығады» — дейді (П. Паллас). Енді біреулер қобыз үнін адам даусына ұқсатады (Б. Сарыбаев) ащы, зарлы, өксікті үн шығарады деген де пікір айтады. Кобыздын 4000 жылдык тарихы бар.

Қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы тар, қиын-қыстау болды. Бұл аспап қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық музыкалық өнерін күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші ұлттық мұра бола тұра, ол өзіне деген кертартпа ескілікті көзқарастан арылмай ақталмай-ақ қойды. Әу бастан-ақ қобыз бақсының, бақсылық жасаудың құралы деген пікір қалыптасқан болатын.
Сыншы бала
Баяғыда бір баланы жат жұрттықтар тұтқындап, еліне алып кетіпті. Еліне әкелген соң, қой бақтырып қойыпты.

Бала қой бағып жүріп, далада қалған қу бастың қасына келіп: «Сенің арғымақтың басы екенінді кім білсін, менің Тортай сыншының баласы екенімді кім білсін?» деп зарлайды екен.

Күндердің күнінде баланың қожасы үш арғымақ әкеліп балаға сынатыпты.

– Бала, мына арғымақтардың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты. Бала:

– Мен білмеймін, әкем білетін еді, - депті.

Мұнан соң бай сәйгүліктерді балаға бақтырып қойыпты. Бала ең тұлпарын танып, жарата беріпті. Бір күні бала тұлпарға мініп, еліне тайып отырыпты. Жат жұрттықтар жабыла қуыпты. Бірақ бала оларға жеткізбей кетіпті. Сөйтіп аман – есен еліне жетіпті.


Еріншек
Ешбір жұмыс тындырмас, шөптің басын сындырмас, еріншек бір етікші болыпты. Еріншек етікшінің үш ешкісі бар екен. Күн суытып, қыс түсіпкележатқанын көре тұра еріншек ешқандай қам жасамапты. Ешкілеріне азықтық жем-шөп жинамапты. Бір түнде боран қар жауады да, жердің бетін ақ көрпе бүркеп қалыпты. Ешкілері енді бұрынғыдай өрістеп жайыла алмай, суық қорада бүрісіп, дірдектеп тұрады.

Етікші, керек десең, сыртқа шығуға да ерініп, әйеліне:

— Барып көріп келші, ешкілерге не болып жатыр екен,— деп жұмсайды.

Әйелі барып көріп келеді де:

— Бір ешкі өліп қалыпты,— дейді. Сонда еріншек:

— Е, мал іші болған соң, өлім-жітімі де болады ғой,— деп жата беріпті.

Ертеңіне еріншек ешкілерді көріп келуге әйелін тағы жұмсайды.

— Тағы бір ешкі өліп жатыр,— деп келеді әйелі. Еріншек келесі жамбасына аунап түсіп:

Мал іші болған сон, өледі де,— дейді де қояды.

Үшінші күні етікші әйелін малды көріп кел деп тағы да жұмсайды. Әйелі жалғыз ешкінің де қатып қалғанын айтып келеді. Сонда етікші жаны жай тапқандай, бір аунап түсіп:

— Бәйбіше, біздің малдың өлімі осымен тыйылған да шығар,— депті.
Жер мен күн
Бірде Күн мен Солтүстіктің үскірік Желі бірінен – бірі күштімін деп, айтысып қалды олар ұзақ айтысты, ақырында, сол мезетте үлкен жолмен келе жатқан жолаушыны көріп қалды да, өз күштерін соған жұмсап, сынаспақ болды.


  • Бері қара, - дейді Жел, - менің күшімді көр, қазір мен анау жолаушының үстіндегі шекпенін кірпік қаққанша ұшырып түсіремін!

Сөйтті де, екілене ышқынды ай келіп. Жел екпіні неғұрлым күшейген сайын, жолаушы да қасарыса ерегіскендей, шекпенін мықтап қымтай түсті де, әрі қарай кете барды. Жел құтырына ызаланып, байғұс жолаушыны жаңбыр мен қарға көмді. Желге зығыры қайнаған жолаушы белін мықтап буынып, шекпенінің етек-жеңін қаусырынып алды. Енді Жел жолаушының шекпенін ұшырып түсіре алмағанына өзі таңданып қалды.

Қарсыласының айласы құрығанына Күн күлді де, бұлт арасынан сығалап, жер бетін қыздыра жалын атты, қатты жаураған байғұс жолаушыға да жылу төкті. Күн сәулесінің ыстығы пысынатқан жолаушы жадырап сала берді де, Күнге алғысын жаудырды. Сонан соң шекпенін шешіп, ерінің артына бөктеріп алды.

- Көрдің бе, - деді сол кезде жайдары Күн ызаға булығып тұрған Желге. – Қаһар төгіп, босқа ашу шақырғаннан гөрі мейірімділік пен қайырымдылық жүз есе артық!
Ағаштар неге ашуланды?
Жадырап көктем туды. Қар тез еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.

Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.

Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады.

Бірақ жұрт бір кісідей кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.

Алмабек осымен істі тыңдыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсынып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.

Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң, тамырланып кете алмай, шөгіп, шала-жансар жұтып тұрды.

Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. Бір күні Алмабек орманға барып еді, оны ағаштар қоршап алып, үйіне қайтармады.

-Сендерге мен не жаздым?.. – деп, Алмабек жылап жіберді. Сол кезде төбесі көк тіреген, көпті көрген, көп жасаған орман атасы – кәрі еменнің гүжілдеген жуан даусы естілді.

-Сенің жазығың сол: біздің бірнеше жас шыбықтарымызды үйіңнің қасына отырғызбақ болып, қазып әкетіп едің, нағыз азап халне салып қойыпсың. Жайқалып өстіп тұрсақ, қыстықтың көркі емеспіз бе? Сен осыны неге түсінбейсің, неге бағаламайсың? – деді қарт емен.

-Кешіріңдер. Мен отырғызған ағаштарымды бүгіннен бастап мәпелеп, күтуге уәде беремін, - деді Алмабек.

-Жарайды, -деді қарт емен, олай болса, бар үйіңе ...
Табиғат тәрбиесі
Біз тау болып үйіліп жатқан құмырсқаның илеуіне келдік. Құмырсқаның бірі кіріп, бірі шығып, сапырылысып, құжынап жүр. Бәрі қимыл әрекет, қауырт іс үстінде.

- Әке, мынау не төбешік?- дедім.

- Бұл – құмырсқаның илеуі.-Илеу деген не?

- Илеу – құмырсқаның үйі, мекені деген сөз.

- Бүкіл құмырсқа бір – ақ үйде тұра ма?- Иә, бір үйде тұрады.

- Олар тату тұра ма?

- Тату болмаса, бір үйде тұра алмаған болар еді ғой ...

Баласы қалың қарағай өскен орманды көріп:

Әке, мына қарағайлар да бір үйде тұра ма? – деп сұрады.

Иә, бұл қарағайлар да қауым болып, бір-біріне жақын өседі.

Сөйтіп, баласы табиғаттың елеусіз тамашаларын біліп, көзімен көріп, қызықтап қайтты.
Астрономия
Ерте заманнан-ақ адам баласы аспанға назар аударып келеді. Күндіз олар көз шағылысқан күнді, түнде жымыңдаған жұлдыздар мен формасы өзгеріп тұратын айды көрді. Келе-келе жұрт аспан туралы тиянақты білім алып, ғылымдардың ішіндегі ең көнесі саналатын – астрономия ғылымы туды.

«Астрономия» гректің екі сөзінен құралады: «астрон» - жұлдыз, «номос» - заң деген сөз.

Аспан әлеміндегі күнді, айды, жұлдыздарды зерттейтін ғылым – астрономия адамдарға өте қажет. Ол уақытты дәлме-дәл білуге жәрдемдеседі, ол географқа, саяхатшыға, теңізшіге, ұшқышқа да керек-ақ. Техника саласындағы тамаша табыстардың нәтижесінде адам Жердің тарту күшінен сытылып шығуға мүмкіндік алды. Бірақ астрономиялық білімі болмаса, адам аспан әлеміне космос корабльдерін ұшыра алмаған болар еді.
Әлем кеңістігі
Әлем кеңістігін орысша «вселенная», грек тілінде «космос» деген сөз көбірек қолданылып жүр.

Ал енді әлем кеңістігі дегеніміз не?

Біздің жеріміз – Күн жүйесінің кішкене бір бөлігі. Күн жүйесінің өзі – Галактикадағы құртымдай арал, ал осы алып Галактика аспан әлеміндегі бір бозғылт дақ сияқты ғана. Мұндай жүздеген миллион галактикалар бар деп есептейді астрономдар.

Әлем кеңістігі шетсіз-шексіз.

Өте зор шапшаңдықпен самғап бара жатқан зымырандағы ер жүрек зерттеушілерді көз алдыңнан өткізші. Тіпті олардың мың, миллион жыл ұшқан екен делік. Сонда олар әлем кеңістігінің шегіне жата алар ма еді? Айта көрмеңіз!... Зерттеушілер қанша ұшса да, әлем кеңістігінің шегіне жете алмайды. әлем кеңістігі шексіз. Адамның әлем кеңістігі жөніндегі білімі қанша артқанмен, оның сырын түгелдей білу мүмкін емес.
Галактика
Ашық түнде далаға шығып, жоғары қараңдаршы. Аспанды белдеулей созылған жарық жолақ бірден көзге түседі. Құс жолы төгілген сүт сияқты. Сондықтан да оны гректер Галактика деп атаған. «Галактикос» грекше сүт деген сөз. Бізде оны Құс жолы дейді.

Жер – біздің үйіміз, Күн жүйесі – туған қаламыз, ал Галактика – көптеген ғажайып күн қалалары бар самсаған жұлдызға толы мемлекетіміз секілді.

Жұлдыз да – Күн. Жұлдыздар бізден тым алыста жатыр. Олардың титтей боп көрінетіні де содан. Ал өте алыстағы жұлдыздарды жай көзбен көру мүмкін емес, олар ұласып, ақ жолақ боп көрінеді. Құс жолы дейтініміз де сондай жұлдыздар.

Галактика үлкен. Бірақ ол да шетсіз-шексіз әлем кеңістігінің болымсыз бір бөлігі ғана.


Болашаққа кім барады?
Мен әрқашан өзiм түсiнбейтiн сөздi көкемнен сұрап алам. Мұндай сұрақтарыма көкем қуанады да, ерiнбей жауап бередi.

Бiр күнi:

– Көке, Болашақ деген кiм? – деп сұрадым. Көкем менiң сөзiмдi естiмеген адамша, газетiн оқып отыра бердi. Тiптi мазасын алып, қыңқылдай берген соң, ол «кiм десем екен?» дегендей, бетiме бiр қарап алды да:

– Болашақ – бiздiң туысқанымыз, – дедi.

– Туысқан болса, үйiне неге қонақка бармаймыз? – Көкем күлдi.

– Барамыз. Ертең түстен кейiн жолдастарынды ертiп кел, мен сендердi Болашақтың ауылына алып барайын, дедi арқамнан қағып.

– Жаяу барамыз ба?

– Жоқ. Болашаққа еш уақытта жаяу баруға болмайды, тек машинамен барамыз.

– О кiсi алыста тұра ма, көке?

– Онша алыс емес, мына таудың iшiнде.

– Ой, ол алыс қой, көке.

– «Көрiнген таудың алыстығы жоқ» деген сөз бар.

– Ол машинаға алыс па?

– Болашақ – әжең сияқты жақсы кiсi. Не сұрасаң да аямайды.



2. Негізгі мектепке арналған қазақ тіліндегі мәтіндер
Оқылым
Отбасындағы дәстүр мен мерекелер
Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар  олардың айтқан сөзін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайтын. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын. Жас адамның үлкен кісінің, әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне, үлкен кісінің сөзін бөлуіне, барып тұрған әдепсіздік ретінде, үзілді-кесілді тыйым салынатын. 
Мектеп өмірі
Назым мен Бейсенгүл – түйдей құрдас, тату дос. Қашан көрсең де, жұбын жазбайды. Ойынды да бірге ойнайды, сыныпта да бір партада отырады. Екеуі қабақ шытысып көрген емес. Сабақты да жақсы оқиды. Оларды мұғалімдер де, балалар да сыйлайды, қадірлейді. Әрі кішіпейіл, әрі достықты қадір тұтатын екеуінің мінезі мен ісі басқаларға ұнайды. Тентек Мәліктің өзі де:

  • Назым мен Бейсенгүл жақсы жолдасымыз,- деп мойындайды.

Оқушылар жиынында бұл екеуін оқушылар кеңесінің мүшелігіне басқалардан бұрын ұсынған да осы Мәлік.
Қазақстандағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі
Қазақстанда өсiмдiктердiң 15 мыңдай түрi бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңдайы — саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы — қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрiздiлер және 6 мыңнан астамы — жоғары сатыдағы түтiктi өсiмдiктер.

Ал жануарлар әлемі тіптен ерекше. Қазақстан жерiнде сүтқоректiлердiң 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекендiлердiң 12, балықтың 104-ке жуық түрi бар. Омыртқасыз жәндiктер шаян тәрiздiлер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндiктер түрлерiнiң өзi-ақ 30 мыңнан асады. Қазақстанның солтүстігіндегi орманды дала белдемiнде бұлан, елiк, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекiлiк, көл айдындарын су құстары — аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Кең байтақ Қазақстан жерiн мекендеген жан-жануарлар мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған.


Ежелгі көшпенділер мәдениеті
«Мәдениет» деген ұғымның аясы өте кең. Адам ой-санасы мен өрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Ол көшпелілердің тіршілік қарекетінің, тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Көшпелілер өз тұрмыс-әрекетіне лайықты мәдениет қалыптастырған. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.

Көшпелілердің рухани мәдениеті тіптен бай. Мал шаруашылығы — егіншілікке карағанда бұқара халықтың барлығы қамтылмайтын, қамтығанның өзінде көшпелі кауымның бос уақыты көбірек болатын шаруашылық түрі. 


Су – өмірдің нәрі
Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Мұхиттар мен теңіздерді, өзен-көлдерді былай қойғанда, жер астында да, топырақта да су бар. Мұздықтар мен айсбергтер де қатып қалған су болып табылады. Су атмосферада да аз емес, онда ол бұлт, тұман, бу және жаңбыр мен қар түрінде болады. Бұл — судың негізгі қасиеті. Ол сұйық, қатты және газ тәрізді үш түрлі күйде кезігеді.Судың көптеген заттарды оңай ерітетін және бір маңызды қасиеті бар. Табиғатта қоспасы жоқ, тап-таза су дегенді таппаймыз. Таза суды тек лабораториялардан ғана алуға болады. Ондай судың ешбір дәмі жоқ, онда тірі организмге қажетті тұздар да болмайды.
Әлемдегі ірі кітапханалар
Мұрағатында 5 000 000 кітабы бар кітапхана бар екенін білесіз бе? Әуесқойлықпен кітап сөресіне бір-бірлеп кітап жинаудан бастаған Джей Уокердің үйі бүгінде әлемдік деңгейдегі ең таңғажайып кітапханалардың бірі. Мұндай кітапханалар әлемде сирек кездеседі деуге болмайды. Солардың қатарында Джей Уокердің Риджфилдегі үйіде орналасқан, адамзат тарихындағы ең үлкен көп деңгейлі лабиринт тәрізді құрылған кітапхана. Онда 50000 кітап және музейлік деңгейдегі артефакттар бар.

Ал Швейцариядағы Сен-Галль аббаттығының кітапханасы — ортағасырлық кітаптарға ең бай кітапхана. 2005 жылы жүргізілген санақ бойынша мұнда 160000 кітап бар.

Сонымен қатар, Дублиннің Тринити-колледжінің кітапханасы — Ирландиядағы ең үлкен ғылыми кітапхана. Мұнда 5000000 кітап бар, соның ішінде манускрипт, карта және ноталар да қамтылған.

Денсаулық – байлықтан қымбат
Денсаулық — табиғаттың ең  қымбат сыйы. Денсаулықты сақтау үшін дұрыс тамақтануға, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарға майлы тамақтарды көп жеуге болмайды. Оның орнына сүт, көкөніс тамақтарын пайдаланған дүрыс. Денсаулық сақтауда дұрыс тамақтаудың маңызы зор. Ал спортпен айналысу — денсаулықты жақсартады. Спорттың ең қарапайым түрі — жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта жарты сағатгай жүгіруе болады. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеуге болады. Әртүрлі жаттығулар жасауға болады.
Менің Тәуелсіз Қазақстаным
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Қазақстанның ең үлкен жетістігі – ұлтаралық келісім мен бейбіт өмір. Оны біздің елге келген Рим Папасы да атап айтқан болатын.

Қазақстан мемлекеті – Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі. Қазақстанның өз армиясы бар. Біздің елімізде Жер шарында кездесетін кен байлықтарының бәрі бар. Қазақстан дамыған елдердің қатарына жатады.

Біздің республикамызды дүние жүзіні көптеген мемлекеттері біледі.
Аспан әлемінің құпиялары
Галактика - бәріне ортақ бір центрден айналатын сансыз мол жұлдыздардың алапат үлкен жүйесі.  Аспандағы жай көзбен көрінетін самсаған 6000 жұлдыз Біздің Галактика деп аталатын бір ғана галактикаға жатады. Кейде «Сүт Жолы» деп те атайтын Біздің галактикада жай көзге көрінбейтін 200 миллиардтай жұлдыз бар. Оған аспан күмбезін белдеулеп жатқан, шашырап төгілген сүтке ұқсас, ақшыл жолақ та кіреді. Бұл жолақты Сүт жолы, ал қазақтар Құс жолы деп атайды.

Күн – Жерден орташа алғанда 150 млн. км  қашықтықта орналасқан. Ол осы Галактиканың кішігірім жұлдызы. Жарық Жер бетіне секундна 300000 км жылдамдықпен 8 минутта жетеді. Жарық бір жылда 9 460 528 405 000км жол жүреді – осы қашықтық астрономияда бір жарық жылы деп аталады.
Компьютердің тілін табу өнер
Қазіргі кезде мемлекетіміз бәсекеге сай 50 елдің қатарына кіруді көздеп отыр. Ол үшін жастар және әрбір қазақ азаматы жаңа ақпараттық-комуникациялық технологияны жетік меңгеруіміз қажет. Қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастырады. Қазіргі күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс бейне монитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады.  Бірақ та, компьютермен жұмыс істеу барысында оқушылар техника қауіпсіздік ережелерін сақтаса,ол біздің ақылды, сүйкімді, қайырымды досымыз бола алады. 
Қазақстандағы ұлттар достастығы
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қиындық атаулыны жеңетін бір – ақ күш бар, ол – бірлік, ендеше жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет. Қазақстанның болашағы тек қана халықтардың ынтымағында» — деген бағдар сілтеді.

Елдегі ұлтаралық келісім мен жарастық мәселелеріне үлкен ықпалын тигізіп келе жатқан ұйымдарының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. Көп жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан осы қоғамдық институт халықтар мен ұлттардың біртұтастығын сақтауды қамтамасыз етудегі басты міндеттерді тиімді түрде шешіп келеді. Бұл ұйымның алдына қойған мақсат-міндеттерінің бірі – нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатысына, қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту мен сақтау болса, бұл міндеттер табысты түрде іске асып келеді.



Ұлы Дала табиғаты
Табиғи-рекреациялық нысандарға Солтүстік Қазақстан аймағындағы - Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы - Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы – Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау және басқа да табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.
Ер есімі - ел есінде
Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов қасиетті, киелі Атбасар өңіріндегі Қосбармақ ауылында 1918 жылдың 15-ші шілдесінде дүниеге келген.

Ақан Құрманов 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Днепр өзенінен өту кезіндегі қиян-кескі шайқаста ерлікпен көз жұмды.

Ақан Құрмановқа 1944 жылдың 15 қаңтарында КСРО жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» деген ең жоғарғы атақ тапсырылды.

«Ер елдің атын шығарар, ел ердің атын шығарар» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Сондықтан да, елдің атын шығарған кешегі Ұлы Отан соғысының батырларын бүгінгі ұрпақтары ұмытуға тиіс емес.

Атбасар шаһарындағы орталық көшелердің бірі Ақан Құрманов есімімен аталады. Туған ауылы Қосбармақта ескерткіш бюсті орнатылды. Артында қалың елі отырғанда, кешегі өткен аруақты батыр бабаларымыздың есімі мәңгі ұмытылмайды.

Отан отбасынан басталады
Көшпелі және рулық-тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды.

Отбасында негізгі туыстық қатынас ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталады. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін түсірмеуге тырысқан.

Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы отбасы саналады.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол: ата, әке, бала. Аталар мен әжелер – ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау – көрегенділік. Дәстүрлі қоғамда ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-әжелер жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.

Қазақтаң ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан, балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-әжесін өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жайт кездеседі.
Қазіргі қазақ ауылы мен қаланың тыныс-тіршілігі
Кез-келген мемлекеттің даму барысында шешуші рөлді қалалар атқарады. Әсіресе ірі қалалар. Қалаларда адамдар көп шоғырланып, өте мықты экономикалық және интеллектуалды әлуетті қалыптастырады. Бұл процесс қалалардың өсуіне және ауыл шаруашылығының дамуына себебін тигізеді. Өнеркөсіп, ғылым, білімнің өркендеуі ірі қалалардың экономикалық есуінің діңгегіне айналды. Қалалар және оларды қосатын жолдар аумақтың сүйенетін қаңқасы тәрізді. Жалпы қалалар мен ауылдардың дамуы бір-бірімен тығыз байланысты.

Ірі қалалар - адамның шығармашылық әлуетін дамытуға мүмкіншілік береді. Қалалықтар қызмет түрінің көптеген түрлерін пайдаланып, жайлы қоныстанған және мәдениеттілігі жоғары болып келеді.


Таулар сыры
Әлем құпия мен тылсым сырға толы. Өз басым осындай кұпиялы мекендерге қатты қызғамын. Мен үшін қызықты тылсымға толы елдің бірі Тибет елі. Әлқисса әңгіме осы өңірдегі адамзат баласын өзіне аударған Кайлас тауы жәйында.

Кайлас — әлемдегі ең көп әрі ең ірі пирамидалар орналасқан өлке. Бұған Мысыр не болмаса Оңтүстік Америкадағы атақты пирамидалардың өзі тең келе қоймайды. Мәселен, бүгінге дейін жалпақ жаһандағы ең биік, алып пирамида Мысырдағы Хеопс деп саналып келді. Оның биіктігі — 146 метр. Ал Кайлас тауындағы пирамидалардың кейбірінің биіктігі — 100 метрден 1800 метрге дейін жетеді. Мәселен, бүгінгі ғылымның есептеуінше, Мысырдағы Ұлы пирамида Хеопстың салмағы 6,5 миллион тонна көрінеді (әрине, барлық құрылыс заттарын қос­қанда). Ықылым заман тұрмақ, мұндай алып құрылысты жүргізуге, жүздеген тонналық тас қа­быр­ғаларды шырқау биікке көтеруге қазіргі жетік техниканың мүмкіндігі келмейді екен.

Қуат көзін үнемдей білеміз бе?
Электр қуатын үнемдеу мәселесі жаһандық деңгейде ерекше маңызға ие. Оның балама көзін қарастыру үшін сарапшылар талай мәрте бас қосты. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатымен Қазақстанға БҰҰ өкілі Гордон Джонсон арнайы ат басын бұрды. Ол еліміздің бірқатар өңірін аралап, желдің соғу бағытына зерттеу жұмысын жүргізген.

Бізде жел қуатын пайдалануға арналған арнайы бағдарлама бар. Алғашқы жоспар негізінде сағатына 1,82 трлн. киловат қуат өндіру көзделген. Ал бағдарламаның екінші бөліміндегі бес мегаваттық жел қуаты бекеті Қытай шекарасына таяу Жоңғар қақпасы маңайынан орын алады.


Астана – мәдениет пен өнер ордасы
Астана қаласы – 1998 жылдан бастап мемлекетіміздің әкімшілік-саяси орталығы. Сонымен қатар мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, озық технологиясы уақыт талабына сай дамыған қала.

Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Президенттік мәдени орталық, Конгресс-холл, «Жастар» сарайы, «Қазақстан» концерт залы, қалалық филармония және баса да бірсыпыра мәдениет ошақтары бар. Елордамызда көптеген жоғары оқу орындары мен колледждер, мектептер мен балабақшалар, балалар қалашықтары бар. Еліміздің бас қаласында спорттың дамуына да үлкен мән берілуде. «Қазақстан», «Алатау», «Астана» сияқты спорт кешендері, велотрек, мұз айдыны мен «Астана-Арена», Қ.Мұңайтпасов атындағы стадиондар соның куәсі.



Қазақстан қорықтары
Қазақстан аумағы қорықтар мен ерекше аймақты табиғатқа бай өлке. Қорық– аумағындағы барлық табиғи кешен толығымен шаруашылыққа пайдаланылудан алынған және үкіметтің қорғауында болатын жер не су кеңістігі, типтік, сирек кездесетін және бірегей табиғи кешендерді бүкіл компоненттерінің жиынтығымен қоса, сол қалпында сақтауға арналған, арнайы қорғау режимі бекітілген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қорық - қорғалатын аумақ қана емес, сонымен қатар табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік ғылыми мекеме болып табылады. Мұнда жабайы хайуанаттарға санақ жүргізу әдістері, оларға әсер ететін факторлар анықталып, саны сиреп бара жатқан жануарлар мен қоры азайып кеткен өсімдік түрлерін қалпына келтіру мәселесі терең зерттеледі. Қорықтағы табиғи ресурстарды сақтаудың жолдары белгіленеді.

Қазақстанда Ақсу-Жабағылы қорығыАлматы қорығыБарсакелмес қорығыҚорғалжын қорығыМарқакөл қорығыНаурызым қорығыҮстірт қорығы, АлакөлБатыс Алтай қорықтары бар.
Болашақ мамандықтары
Мамандық таңдау – маңызды іс. Уақыт өте дәстүрлі мамандықтар сұраныстан айырылып, жаңа маман иелері пайда болады. Fast Future британдық агенттіктің футурологтары 2030 жылы сұранысқа ие болып, кең жайылатын мамандықтардың тізімін болжады.

Сонымен, айналдырған 17 жылдан кейін заманауи инженерлер мен сату бойынша менеджерлердің орнына мынандай маман иелері қажет болады: Наномедицина қызметкері, ғылым жетістіктері этикасының маманы, ғарыш туризм мамандарымен қатар климат өзгерісі бойынша маман болашақта ең жиі кездесетін мамандықтардың қатарында болады. Әрине, бұл мамандықтардың қатарын заманауи дамуға байланысты тағы да көптеген мамандықтар толықтырары анық.
Қазақстан және Ұлы Жібек жол
Ұлы Жібек Жолы – Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы. Бұл жолдың басым бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтті.

Ұлы Жібек Жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдениет және дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан даласын кесіп өтетін. Отырар, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Түркістан (Яссы), Суяб, Баласағұн сынды көне қалалар тек сауда ғана емес, мәдениет және ғылым орталықтары болды.

Ал бүгінгі таңда Жібек жолының тарихы жаңғыртылып, саяси маңызы зор жаңа дәуірі ашылғалы тұр. Қазақстан үшін Ұлы Жібек жолы мақтанышпен айтарлық ерекше жоба.


Жер байлығына аяулы көзқарас
 Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Маңыздылығы жағынан олар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін және экономикалық-саяси мәні бар стратегиялық  кен байлықтары жатады: мұнай, газ, көмір, уран, хромит кен орындары. Екінші топты қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесінің негізі болып табылатын маңызды кен байлықтары құрайды: темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары. Үшінші топқа ішкі және сыртқы рыноктарда жоғары сұранымға ие қалайы, күміс, фосфор, барит кен орындары кіреді. Кен байлықтардың барланған қоры негізінде ондаған мұнай-газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, олар 70-тен аса әртүрлі минералдық шикізат түрлерін өндіреді және өңдейді.
Олимпиада жеңімпаздары – Қазақстан мақтанышы
Жазғы Олимпи́ада ойындары  Халықаралық олимпиада комитетінің эгидасымен, 4 жылда бір рет өтетін жазғы және барлық маусымдық спорт түрлерінен орасан зор халықаралық жарыстар. Ойындар 1896 жылдан бастап өткізледі.

Қазақстан намысын қорғаушы спорт майталмандары да әр төрт жыл сайын осы айтулы додаға аттанады. Еліміздің мақтанышына айналған Олимпиада чемпиондарымыз да бар. Илья Илин, Серік Сапиев, Мая Монеза сынды чемпиондарымыз еліміздің намысын қорғап, көк байрағымызды әлем алдына шығарған.
Абайды оқы, таңырқа!
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақынағартушыжазба қазақ әдебиетініңқазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.


Қазақ ұлттық қолөнері
Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі - қолөнері, оның ішінде ою өрнек болып табылады. Ою-өрнектер әсемдікпен, сәнділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге халықтың арман- ойының, тілек мүддесінің нышаны, осы тұрғыдан алып қарағанда ою-өрнектің мазмұндылық ерекшеліктері сан алуан. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет. Өнер адамға жақсы әсер ететін және оны тәрбиелейтін нәзік дүние.Оның құндылығы орасан зор. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған ерте заманда адам өз ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырған. Қазіргі қолөнер саласындағы «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деген сөздер сол ерте заманда қалыптасқан ұғымдар. Қолөнердің сала-саласында кең қолданылып келген, өнердің өте көне әрі күрделі түрі- ою-өрнек өнері. Қазақтың қол тума сәндік өнерінің барлық түрлеріне де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады.
Саяхат және туризм
Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар ХХ ғасырдың 20-30-жылдары пайда болды. Қазақстанда туризмнің танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу және басқа да түрлері дамып келеді. Бұл үшін Қазақстан аумағы бойынша 700-ден астам саяхаттық маршруттар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды 372 әртүрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін оқып-үйренеміз. Үш тілді білу – үлкен өнер
2007-2008 оқу жылынан бастап Қазақстанда үш тілде оқытуды негізу бойынша жаңа білім жобасы іске асырыла бастады. Бұл жобаға республика бойынша дарынды балаларға арналған 31 мамандандырылған мектеп қатысты. Жобаның мақсаты-әлемдік стандарт деңгейінде сапалы білім берудің негізгі бағыттарын анықтау.

Үштұғырлы тіл тұжырымдамасы-өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, «ақылды» экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білім алып барар жол-ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену.


Уақыт - ұлы күш
Адам өміріндегі теңдессіз, баға жетпес құндылықтарының бірі — уақыт. Өмірдің өзінің басы мен шегі бар, ол уақытпен өлшенеді. Уақыттың қадірін оны жоғалтқан жақсы біледі, өміріндегі ыңғайлы сәттерін қолайлы пайдалана білмей, сан рет санын соққан жақсы ұғынады.

Уақыттың бағасын дұрыс анықтап, байыбын жете түсінген кешегі өткен көп ойшыл, дана, ғалым, кемеліне жеткен қанша жан ол туралы өз өсиеттерін айтып кеткен. Уақытты тиімді пайдалана білу өзгеріс-құбылысы әп сәтте-ақ түрленіп сала беретін осы заманда тіптен маңызы артқан. Өмір ағымынан қалыс қалмай, онымен бірге аяқ алып жүру үшін уақытты бағалай білу керек. Өйткені "әр минут — ақша" немесе «уақыт — ол ақша» деген түсінік бар.
Жердегі климаттық өзгерістер
Белгілі бір жердің климатын толық білу, оның басқа жердің климатымен салыстырғандағы ерекшеліктерін айыру, сонымен қатар берілген жердің климатының өзгеруін байқау тек көп жылдар бойы жүргізілген байқауларды жүйелеу, қорыту негізінде айқындалады. Жер шарының әр нүктесіндегі климаттың әртүрлі болуы — климат құрайтын факторлардың, яғни осы процестерді жасайтын географиялық жағдайлардың айырмашылығынан туады.

Планетаның беткі жазықтығын климаттық өзгешеліктері тұрғысынан бірнеше белдемдерге бөлу ұстанымы. Жер шарын тұтасымен орап өтетін осы белдемдердің жиектері ендік сызықтармен орайлас бағытталған. Әрбір климаттық белдем құрамында бірнеше климаттық атыраптар оқшаулануы мүмкін. Климаттық белдем деген ұғым аймақтық түсінік ретінде де қолданылады. Мысалы, таулы өңірлерге тән түрлі биіктік деңгейлерінің тек өздеріне ғана тән климаттык жағдайлармен сипатталуы осы деңгейлерді дербес климаттық белдемдер ретінде даралауға мүмкіндік береді.


Қазақстанның ежелгі қалалары
Жібек Жолы біздің заманымызға дейін III ғасырда сауда магистралі ретінде пайда болып, XVI ғасырға дейін қызмет етті. Жібек Жолының бойында орналасқан көне қалалар бірталай соғыс, өрт, аштық, апат-ойрандардың куәсі болды.

Ұлы Жібек жолының сан тарау жолдары Сырдария мен Таластың, Арыс пен Ертістің жағасында, тау шатқалдарына кіре берісте, асулар мен өткелдер маңында, таулар мен далаларда қоныс тепкен үлкенді-кішілі қалаларға барып тіреліп жатты. Бұл қалалардың кейбіреулерінің аттары барлық өлкелерге әйгілі болды, олар туралы еңбектерде, сөз болды, аңыздар сыр атқарады. Олар – Отырар мен Тараз, Түркістан мен Баласағұн, Испиджаб пен Суяб. Өзгелері түгелдей сауда-саттық ісіне тәуелді аралық сауда бекеттері ретінде белгілі болды.


Спорт және денсаулық күтімі
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады.

Біздің ата - бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.

Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай - ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ, Президентіміздің қолдауымен 2003 жыл – денсаулық жылы болып жарияланған.
Ұқсатым. Сән. Талғам.
Киім адамзат үшін сыртқы ортаның әсерінен қорғаныш пен жылыну құралы ғана емес. Бұл-адам беделінің, қоғамдағы дәрежесінің бірден-бір көрсеткіші. «Адам көркі-шүберек» демекші ортамыз бізді киген киімімізге қарап бағалайды.

Тігіншілер мен сәнді дизайнерлер жылдан-жылға мыңдаған киім түрлерін ойлап шығарады. Соның арқасында әр адамның өз бейнесін өзгертіп, біркелкі болып қалмауына мүмкіндігі бар. Алайда, әр адам өзіне мтән стиль таңдайды. Бұл біздің мінезіміз бен өміріміздегі қызығушылықтарға байланысты.

Классикалық үлгідегі киімді өзіне сенімді адамдар таңдайды деген пікір қалыптасқан.

Спорттық үлгідегі киімді тек спортшылар ғана емес, көп нәрсеге көңіл бөле бергісі келмейтіндер де сүйіп киеді.

Этно үлгісіне сай киінетін адамдар саяхаттауды жақсы көреді. Осындай ерекшеліктері бар киімді таңдайтын жандар-батыл, ашық, өнерпаз жандар.
Ғаламтормен дұрыс жұмыс жасау-мәдениеті
ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Ел өмірінің барлық салаларында компьютерлендіру процесі жүріп жатыр. Технологияның күн сайын үздіксіз дамып, өзгеріп, жаңарып жатқан ақпарат заманында өмір сүру – күрделі дайындықты талап етеді.

Ақпараттық мәдениет – бұл әңгімелесе білу, теледидар, хабарды талғамды түрде қарау, алған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу.

Ақпараттық мәдениет тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу емес, кез келген ақпаратты дұрыс пайдалана білу деген сөз. Алынған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу. Ақпараттық мәдениет – компьютерлік технологияны пайдалану, ол – Интернет. Интернеттің көмегімен көптеген ақпараттық әрекет жасауға болады.
Музыка. Қазақтың киелі домбырасы
Қазақ халқы әнге бай. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды әнші-композиторлар үкілі домбырасымен серілік құрып, өшпес рухани байлық қалдырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, құлақтан кіріп бойды алатын әсем әндер сыйлаған. Қазақ мерекесі, қазақ мәжілісі, ырымы, дастарқаны мен отырысы ешқашан ән мен күйсіз өткен емес. Ал ән – киелі домбырасыз сәнін тапқан емес. Ән-адамның ой-сезімін білдіретін, тәрбиелейтін өнер жанры. Ал домбыра мен қазақ – егіз ұғым іспеттес. Ән адамды қуантатын, мұнайтатын, жылататын өнер.

Біздер Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Ғазиза Жұбанова, Шәмші Қалдаяқов, Сейдолла Бәйтереков, Әсет Бесеуов, Ескендір Хасанғалиев, және өзге де ерекше тұлғалы композиторлардың тамаша әндерімен сусындап келеміз.


Төрт түлік мал мен егіншілік – ел берекесі
Жазда мен ініммен ауылға бардым. Онда менің атам мен әжем тұрады. Олардың үйлері үлкен, ал үйдің алдындағы аула кең. Үйдің алдында әдемі алма бағы бар. Таңертең мен атама бақтағы ағаштарды суаруға көмектесемін. Үйдің сыртында мал қорасы салынған. Оған қойлар мен сиырларды қамайды. Кешке інім екеуіміз атқа мініп, малды қайырамыз. Атам мен әжем бізді үйдің қасында күтеді. Кешке атам маған: «Қазақ халқы ертеде сиырды, жылқыны, түйені, қойды төрт түлік деп атаған», деді. «Өйткені малдың еті мен сүтінен әртүрлі тағамдар жасаған, ал терісі мен жүнінен киім мен үй жабдықтарын жасаған» деп жалғастырды әжем.
Наурыз мейрамы.
Ежелгі заманнан бері шығыс халықтары Наурыз мерекесін тойлап келеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні, яғни бір тәуліктегі күн мен түннің ұзақтығы бірдей болған күні тойланады. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болады.

Халық наурыз мерекесіне алдын-ала дайындалады. Киіз үйдің іші ескі, қажетсіз заттардан тазартылып, үйге қос шырақ жағылады. Ыдыстардың барлығы ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл-тоқшылықтың белгісі.Мереке сәлемдесуден басталады. Сәлемдескен кезде «Жасың құтты болсын!», «Ұлыс береке берсін!» деген сияқты тілектер мен құттықтаулар айтылады.

Кешке жақын жұрт үлкен айтысқа жиналады. Наурыз айтыс-жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.Мереке қызған кезде, жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Ән айтып, би билейді. Той тойға ұласады.

Міне, Наурыз мерекесі осылай тойланады.


Ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтары
XXI ғасыр техниканың дамуының шарықтау шегіне жеткен, даму, өркендеу, жалпы айтқанда техника ғасыры. Бір кездері адам баласына арман болған, қиял-ғажайып дүниенің барлығы қазір күнделікті тұрмыста қолданыста. Орыс халқында «қазіргі кездегі барлық техника адамның жалқаулығынан пайда болған» деген сөз бар. Шынымен де қарап отырсаң барлығыда адамның жұмысын жеңілдету мақсатында жасалып, күннен-күнге дамып жатқан адам ойының жемісі.

Бұл мәселе ғылымда дәлелденген, әлде де зерттелу үстінде. Қазіргі кезде бұл жөнінде әлем ғалымдарының айтары көп. Кейде дәл осы компьютерді «қауіпті ғасыр ойыншығы» деп те атайды.


Батыр туса - ел ырысы
1925 жылғы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып,кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған.

1943 ж. Мергендер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылғы бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылғы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
Білім. Ғылым. Инновация.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен.

Қазіргі кезде білім – адам өміріне өте қажет. Онсыз адам оқуға түсе алмайды. Ал оқуға түсе алмаса, өзінің мақсатына жете алмай және оны жұмысқа  алмайды. Жұмыс істемесе ол ақша тауып өзін-өзі қамтамасыз етпейді. Қазіргі  заманда білімді болмау мүмкін емес, өйткені ғалымдар әртүрлі техникалық заттар телефон, планшет, компьютерлер ойлап тапты. Егер бұнын бәрін сатып алып және оған ғаламтор қоссақ, мектепте болып жатқан тақырыптарды алдын ала қарастырып, алдын ала есептерін шығарып тастауға болады. Менің ойымша, білімсіз адам болмайды. Әр адамның әртүрлі білімділік қасиеті бар, бірі математикадан шебер, ал келесісі ойына бір оқығаннан-ақ есіне бәрін сақтап қалады. Бірақ адам көбірек оқыса, ол білімді болады, ал білімді болмаса оған өмір сүру қиын болады. Мінекей осыдан


«Оқу – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» - деген мақал шыққан.

Нағыз білім кітапта. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.



Сауда жасай білесің бе?
Көптеген елдерде нақ осы сауда жасау мәдениетіне қатысты арнайы ұстаным да бар екен. Мысалы6 жапон халқы «Кез келген сауда жасап тұрған адам эмоцияға берілмеуі тиіс. Дүкенге барғанда дүкен сатушыларының амал-айласын және маркетингтік жүрістерді бақылап тұру керек. Сондай-ақ сауда жасауға қомақты қаржымен барудың да қажеті жоқ» деген қағиданы ұстанатын көрінеді. Бізде бұл үрдіс керісінше емес пе? Біздің басым бөлігіміз гу-гу ақшаны қалтаға басып алып базар аралауға, дүкенге барса жалақысының кем дегенде 20% сол дүкенге қалдырып кетуге дайынбыз. «Осыдан барып елде айлықтан айлыққа әрең жететіндердің қарасы көбейіп келеді. Біз ақшаны тіршілік етудің бір құралы деп есептер болсақ, қолымыздағы қаржыны үнемдей білуді үйренгеніміз абзал» дейді сарапшылар. Ал оны қалай үнемдейміз? Ол үшін біз ең алдымен бірінші кезекте сауатты сауда жасай алуымыз керек екен...

Сауатты сауда дегеніміз не?

Нақ осы сауатты саудаға қатысты қаржы әлемінде мынадай ұстанымдар да бар:

- Бірінші, жоспарсыз сауда жасаудан сақтану үшін әмиянға көп ақша салып жүрудің қажеті жоқ. Бұл – үнемділікке бастайтын алғашқы жол.

- Екінші, жалақы алған күні дүкендерге әсіресе киім дүкендеріне, базарға барудан бас тарта тұрыңыз. Себебі сіз қолыңызға тиген ақшаның буымен ертеңгі күніңізді ойламай, өзіңізге қажетсіз нәрселерді көптеп алып қоюуыңыз мүмкін.

- Үшінші, қолыңызға қаржы тиген соң алдымен үйіңізге қажетті азық-түліктің легін жазып, тізіп алыңыз. Сосын азық-түлік алуға барғанда әрқайсысының тұсына қанша мөлшерде ақша кеткенін белгілеп қойыңыз. Бұл да кеткен ақшаның есебін шығаруға өте қолайлы дүние. 

- Бұдан соң күнделікті жұмсаған қаржыңызды дәйім белгілі бір дәптерге есептеп жазып отырыңыз. Бұл да шығыс пен кірісті есептеуге, үнемдеуге таптырмайтын – тәсіл. 
Жаһандық энергетикалық дағдарыс

Жаһандық энергетикалық тоқырау алғаш рет ХХ ғасырдың70-жылдарында басталды. Әлемде мұнай бағасының тұңғыш рет күрт көтерілуі энергетикалық дағдарыс туғызып, бүкіл дүниежүзінің экономикасына әсерін тигізді. Көп ұзамай мұнай бағасы тұрақтап, энергетикалық даму қайтадан қарқын алды. Бірақ осы бір оқиға арзан да мол мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқандығын аңғартты. «Жаһандық энергетика дағдарысының болмай қоймайтынын бүгінде барша жұрт толық түсінеді, сондықтан да техника мен ғылым үшін қуат проблемасы алдыңғы қатарға шығып отыр», деп жазды атақты П.Л.Капица 1975 жылы.

Иә, көмір адамзат тарихындағы өнеркәсіптік төңкеріс дәуірін бастады. Ал ХІХ ғасырда адам баласы электр қуатын ойлап тауып, өнеркәсіптік төңкеріс жетістіктерін еселей түсті. Қолжетімді әрі сенімді көмір, мұнай және газ сияқты қазба отын көздерінің арқасында адамзат ХХ ғасырда энергетикалық молшылық дәуірін бастан кешірді. Оның молшылығы соншалық, жер шарын мекендейтін жеті миллиард халық электр қуатынсыз «шырпы басын сындыра алмайтын» халге жетті. Тіпті, жаһандық ауқымда жарты күн электр энергиясы болмай қалса, техногендік дәуір перзенттерінің тіршілігі толық тұралап қалар еді.

Жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиард адамның шексіз энергетикалық сұранысын дәл бүгінгі күні де көмір, мұнай және газ арқылы өндірілетін электр қуаты қамтамасыз етуде. «Судың да сұрауы бар» демекші, қазір адамзат алдында энергетикалық тоқырау атты тығырық тұр. Қазіргі таңда өркениет әлемін энергетикалық шикізат көздерінің жетімсіздігі, олардың бағасының жылдан-жылға көтерілуі ерекше алаңдатып отыр. Бүгінгі энергетикалық тоқырау салқынын сезінген өркениет әлемі ертеңге энергетикалық қатер атты мәселені күн тәртібіне ашық шығаруда. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, алдағы жылдары индустриялық дамыған елдердің электр энергиясын тұтынуы жылына 1,3 пайызға, ал дамушы мемлекеттердің электр энергиясын тұтынуы жылына 4,2 пайызға артады.



Каталог: uploads -> doc -> 0a52
doc -> Пєн атауы: Математика
doc -> Сабаќтыњ тарихы: ХІХ ѓасырдыњ 60-70 жылдарындаѓы ќазаќ халќыныњ отарлыќ езгіге ќарсы азаттыќ к‰ресі
doc -> 1 -сынып, аптасына сағат, барлығы 34 сағат Кіріспе (1 сағат)
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы
0a52 -> Жантақ өсімдігі туралы жалпы сипаттама
0a52 -> Отбасылық ТӘрбие, оның тарихи негіздері
0a52 -> Өз білімін жетілдіру


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет