Түркістан облысында тұрғындар қасқыр мен шибөрілердің көбейгенін айтып, шағымданлы. Сөздерінше, ұсақ малды айтпағанда, тоғайға кірген жылқы мен сиыр қайтпайды екен. Жыртқыштардың тым көбейіп кеткенін жұрт аңдарды аулауға тиіс мамандардың сылбыр жұмысымен байланыстырады. Бірақ жауаптылардың өз уәжі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Сырдария өзенінің бойында қасқыр мен шибөрі қаптаған. Басқа жайылым жер жоқ болған соң жұрт амалсыз жібереді. Бірақ кірген мал түгел қайтпайды екен. Жарты жылда 23 жылқысын жыртқыштарға жем қылған Рысбай Әбдіхалықов көктемде төл алуы екіталай деп отыр. 

“Төл ала алмаймыз. Малдың өзін таппай қаламыз. Әр алты айда 23 бастан кетсе, малдың өсіп-өнуіне еш мүмкіндік жоқ. Мал болғанда жылқы ғой. Үлкенді-кішілі, екі жасар мен сегіз айлық арасында”, – дейді ол. 

Тоғайдың іргесіндегі ауылдарда шибөрілер емін-еркін жүреді екен. Жыртқыш аңның басынғаны сондай, ауладағы иттің асын жеп кеткен кездері болған. Сондықтан қас қарая әжетханаға топтанып шығады. Жергілікті тұрғын Нұрман Халықов балаларына алаңдайтынын тілге тиек етті. 

“Бала-шағаны сыртқа шығару мүмкін емес. Шибөрінің адамға шабатыны бар. Кішкентай бала жалғыз жүрсе қауіпті. Өйткені шибөрі жалғыз жүрмейді, топ-топ болып жүр. Ересек адамға да шабады", – деді ол. 

Мәселен, бірер күн бұрын ғана тұрғындар Көкмардан ауылындағы балабақшаның маңынан бір шибөріні жабылып жүріп өлтірген. Тіпті видеоға түсіріп әкімдікке де жолдапты. 

"Балабақша мен мешіттің жанында шибөрілер жүрген. Айналасының бәрі үй", – дейді Нұрман Халықов.

Негізінен малмен күнелтіп отырған Отырар ауданының кей тұрғындары аңға талана берген соң, малының бәрін сатып жіберген. Енді тауық пен иті жем болмас үшін қорасын қымтап әлек. 

“Түнде де, күндіз де шибөрілер торуылдап жүр.Тесік-тесікті қымтап қойдық. Малдан мал қоймайды”, – деді тұрғын.

Малы жыртқыштарға жем боп жатқан жұрт онымен күресе алмайтынын айтады. Себебі некен-саяқ адамға ғана мылтық ұстауға рұқсат берілген. Оның өзінде тек екі-үш аңды атуға болады. Әйтпесе қыруар айыппұл салынады екен. Ит-құстың көзін жоюшылар мемлекеттік сатып алуларға қатыса бастаған соң шибөрі мен қасқыр қаптапты. Жыртқыштармен күресуге тиіс мамандар аң аулаумен емес, есеп жабумен әлек дейді. Ерғали Маханов тендер ұтып алғандар атып алған бір шибөріні бірнеше жерге сүйреп фотоға түсіріп, жалған есеп беріп отырғанын айтады. 

“Үш жыл бұрын көрдім. Бір шибөріні атып алған, 4-5 жерге фотоға түсіріп, кетіп қалды. Біз атайын десек, орман шаруашылығы жағында ұсталсаң, 180 мың айыппұл төлетеді. Жай ғана мылтықты атпай-ақ қабынан шығарсаң, айыппұл төлейсің”,- деді ол. 

Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумағы инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев жыртқыштарды жоюды тендерге салу бірнеше жыл бұрын болған деп отыр. Соңғы бірер жылда мылтық ұстауға рұқсатты автоматтандырылған арнайы база береді. Әуесқойлар болмаса, жыртқыштарды қыратын арнайы кәсіби мамандар жоқ дейді. 

“Биыл 856 шибөрі, 312 бас қасқырды атуға рұқсат берілді. 485 адамда осындай рұқсат бар. Былтырдан аз. Алайда мұндай жұмыс үш-төрт рет ұйымдастырылды,”,- деді ол. 

Орман шаруашылығында жыртқыштардың есебі де бар екен. Сол есеп бойынша оңтүстікте 800-ден астам қасқыр мен 14 мыңға жуық шибөрі бар. Ал оның санын азайтуда бірер күнде рұқсаты бар аңшыларды жұмылдыру жұмысын бастағалы отыр.

Бұған дейін Қарағанды облысында қасқыр үш адамды талап, қойларды қырып кеткенін жазған едік.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.