Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты



жүктеу 1.82 Mb.
бет6/11
Дата19.09.2017
өлшемі1.82 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

«Қара сөздер » Абайдың соңғы туындылары қатарына жатады. Себебі 1900-1904 жылдары арасында жүрек ауруының асқынуы салдарынан ұлы ойшыл өндіріп көп еңбек жаза алмаған. Сөйтіп, ол 1904 жылы 23 маусымда 59 жасында дүниеден қайтты.

Бекіту сұрақтары.

  1. Абайдың қара сөздерін тақырыптық тұрғыдан талдаңдар?

  2. Абай осы сөздері арқылы қоғам, адам қандай болу керек ?

  3. Абайдың қара сөзімен тағы қандай ақындар сөзінің арасында үндестік бар?


Пайдаланған әдебиеттер:

«Хакім Абай» - Ғ. Есімов, Алматы

М.Дулатов «Абайдың шығармалар»жинағы Алматы 1991

«Абайдың қара сөздері»



Дәріс № 14 Абайтану ілімінің қалыптасу тарихы
Сабақтың мақсаты: Абай мұрасын тану, бағалау, бүгінге дейінгі зерттеліп келе жатқан мәселелерді жан-жақты қарастырып, қазақ әдебиеті тарихы ғылымының іргелі саласының бірі-абайтанудың қалыптасуын кеңінен тану.

Тірек сөздер: абайтану, өлең, ғылыми мақала,жинақ т.б.

Сабақтың жоспары:

  1. Абайтану пәнінің қалыптасу тарихы

  2. Абайтану пәнінің мақсаты мен міндеті

Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген өнімді саласының бірі.Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ , оның бүгін жүз жылдан астам тарихы бар.Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы ой – пікірлердің жарық көруі де осы ғасырдың бас кезінен басталады.Бірақ Абайды алғашқы зерттеушілердің аты – жөні мен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді.Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайында ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды.

Абайдың екі өлеңі ( «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбайұлы ауылының Бақанас өзенінің бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі » ) («Жаз ») «1888 жылғы май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының чрезвычайный съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің түрі » («Болыс болдым , мінеки» ) деген аттармен 1889 жылы «Дала уалаяты газетінің » 7 , 12 сандарында басылыпты.Одан кейін 1897 жылы Қазанда Бектұрған Сиқымбай ұлы бастырып, Жанұзақ ақын құрастырған «Князь бен Зағифа » атты хиссада Абайдың «Сынағандағы аттың сыны» ( «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» ) , «Бүркітші » («Қан сонарда бүркітші шығады аңға» ) атты өлеңдері жарық көрген.Алдыңғы екі өлең Көкбай ақын атынан жарияланып, соңғы екі өлеңді кітапты құқрастырушы авторын айтпай, айтыс тексіне кіргізіп пайдаланған.Оларда осы күнгі белгілі нұсқалардан ауытқу да байқалады.

Ал, Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші ғылыми ой айтқан адам -Әлихан Бөкейханов.1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақөтың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеуінде ол «Қырғыз ( Қазақ ) поэзиясындағы жаңа бағыттың өкілі есебінде Құнанбаааевты ( Кітапта «Кномбия» болып қате басылған) ( Семей) атауға болады, ол поэтикалық түрі мен мазмұны жағынан көптеген әсем өлеңдердің авторы ( әсіресе, табиғатты суреттеуі) ». «Евгений Онегин» мен Лермонтовтың көп өлеңдерінің жақсы аудармаларын жасаған да сол ( олар қырғыздарға (қазақтарға ) тым түсінікті түрде аударылған) – деп жазған.Ол кейін Тұрағұл мен Кәкітайға Абай өлеңдерін жинап бастыру жөнінде хат жазып, солар арқылы ұлы ақынның шығармаларымен толық танысқан.Соның нәтижесінде 1905 жылы «Абай ( Ибраһим) Құнанбаев » атты азанама – мақала жазған.Мақалада автор Абайдың шыққан тегі, өмірі, шығармашылық жолы жайлы тұңғыш мәліметтер береді.Ақынның шығармашылық ізденісінің негізгі бағыттарына , көркемдік табыстарына тоқталады.Сөйтіп ол : «өлеңдерінен көріп тұрғандай , Абай аса талантты поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы бола білді.Халықтың рухани шығармашылық қасиетін осынша биікке көтерген Абай сияқты қырғыз (қазақ ) ақыны осы кезге шейін болған емес.Жылдың төрт мезгіліне арнаған (Көктем, жаз, күз және қыс ) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қояды » - деген қорытынды жасайды.

Осы шағын пікірлердің өзінен Абайдың ұлылығын, қазақтың жаңа дәуірдегі әдебиетінде алатын орнын, ақынның дүниежүзілік поэзиясының биік деңгейіндегі шығармашылық қызметін дұрыс танығанын көруге болады.Бұл пікірлер Абай туралы соңғы айтылар ойларға мұрындық болды.Оның үстіне , жоғарыдағы мақалаға қарағанда , Әлихан Абай шығармаларын жинатып, өзі басқаруымен Семейде ( орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесі арқылы ) бастырмақ болған сияқты. 1906 жылы Павлодарда ұсталған Әлиханның портфелі ішінде Абайдың қолжазбасы болғаны да мұны растай түседі.Алайда сол кездегі саяси жағдайдың ауырлыгынан ол бұл ойын іске асыра алмаған. Әлиханның үздіксіз қуғындалуынан қауіп қылған Кәкітайдың Семей, Омбы жағынан ештеме тындыра алмай, Петербургке де осымен байланысты болса керек.

Абайдың тұңғыш шыққан өлеңдер жинағы ( 1909 , Петербург ) Абайтануда , ақын атын туған халқына кең жаюда ерекше маңызды қызмет атқарған ұлы уақиғалардың қатарына жатады.Оны бастырушылар – ақынның ұлы Тұрағұл мен інісі Ысқақтың баласы Кәкітай.Абай тәрбиесінде болып, қасында көп жүрген Кәкітай – оның мұрасының да жарық көруіне көп күш салған.Ол жинаққа «Абай Ққнанбайұлының өмірі» атты мақала жазған. Абай кітабының тұңғыш басылымының тарихи маңызына қоса , ақын өмірі мен шығармашылығы жайынжа оқырмандарға тың мәліметтер ұсынған Кәкітай мақаласы да Абайтану тарихында көрнекті орын алады.Онда Кәкітай Абай өлеңдерінің тууына себеп болған тарихи шындық пен ақын бастан кешкен қайғының түп – төркінін жақсы ашып көрсетеді.Оның акындық ізденістерінің шеңберін айқындайды.Абайдың ақындық биікке көтерілуінің негізгі себептерінң орыс және дүниежүзілік әдебиет пен ғылым деңгейінен іздеу Кәкітай мақаласының өміршең, кейінгі зерттеушілерге ой салған ерекше маңызды тезисі болды. «Орыс ғылымын кітапта оқығандық Абайдың көңіліндегі ақындығын қозғағанын » ол орынды айтты.М.Әуезов кезінде бұл мақаланы жоғары бағалап, ақынның өмірбаянын жазуға көмектескенін мойындаған.

Абай жинағы шығып, халық арасына тараған кезде оның ақындық өнерін айрықша сөз етіп, ұлылығын мойындап, алғашқы пікір айтқан адам – А.Байтұрсынов еді.Ол «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев, онан асқан бұрынғы – соңғы заманда қазақ баласындабіз білетін ақын болған жоқ » - деп түйін айтты.Әуелі ( 1903 ) Абай өлеңдерімен қолжазба дәптер күйінде танысып, кейін (1909) ақын кітабын оқығаннан кейінгі әсерін айта келіп, Ахмет Абайдың «Сөзі аз, мағынасы көп, терең » жырларының шығуы жағдайларына, әлеуметтік сырына, көркемдігіне үңіледі.Жеңіл ойлап, ашық айта салатын жадағай халық жырларына Абай сөзін қарсы қоя отырып, ол сөздің ішкі мағынасын түсіне, терең оқудың қиыншылығы Абайдан басталатынын атап көрсетеді.Абай сөзінің жалпы жұрттың ұғымына ауырлығын айта отырып, «Ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік... Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қарамай жазады» , -дейді.Қазақ әдебиетінде Абайдың өзі тұңғыш көтерген айтушы мен тыңдаушының проблемасын Ахмет осылай ақын өлеңін оқу, түсіну тұрғысына талдайды.


Бекіту сұрақтары:

    1. Абайтану саласы қай жылдан бастап зерттеле бастады?

    2. Абайтану пәнінің мақсаты?

    3. Абай мұрасын танытудағы еңбектер?

Әдебиеттер тізімі:

1.М.Мырзахмет «Абайтану тарихы» Алматы – 1994ж.

2. Қ.Мұхаметқанов «Абай мұрагерлері» Алматы-1995 ж.




Дәріс №15 Абайтану ғылымының зерттелуі. Абай және М.Әуезов

Сабақтың мақсаты: Абайтану ғылымын зерттеуді М.Әуезовтың қосқан үлесі жайлы мәлімет беру.

Тірек сөздер: ғылым,заңғар биік,әлем,халық т.б.

Сабақтың жоспары:

  1. М.Әуезов және Абай

  2. Абай мұрасын зерттеуші М.Әуезов

Мұхтар Әуезовтың Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолында жарты ғасырға таяу толассыз ізденіс үстінде туған көп салалы ғылыми зерттеу еңбектері абайтанудың қолы жетпес заңғар биігіне айналып отыр. Бұл еңбектердің нәтижесінде М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихын іргелі де көрнекті саласы абайтанудың негізін салушы әрі ол мұраны ғылыми творчестволық жолмен бүкіл әлем халқына таныту арқылы да әдебиеттану саласында қайталанбас дарынды тұлға ретінде танылып, мойындалды. Абай мұрасын терең бойлай танып білу мен насихаттау жайында атқарған ұлан-ғайыр еңбегі қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ ұлттың рухани қазыналы байлығына айналып та үлгерді.

«Абай» журналының ұлы ақын мұрасын жөнінде мақалалар жазып, Абайдың қайтыс болуына жиырма жыл толуына орай ақын мұрасын жинастырып, өмірі мен творчествасын зерттеуге кіріскен М.Әуезов ғұмырының соңына дейін толассыз іздену үстінде болды. Абай мұрасын зерттеу – автордың дем беру үшін рухани қайнарына айналды. Ол мұра жөнінде жазылған М.Әуезовтың жазылған көп салалы ғылыми зерттеу еңбектері мен көп томды ұлы эпопеясын жазуы- ғылыми творчествалық зор мақсаттың шын мәнінде жүзеге асуын бұлтартпас дәйекті айғағына айналды. Тек қана бір ақынның мұрасы жайында бір ғана зерттеушінің соншалықты зор көлемде зерттеу жұмысын жүргізумен бүкіл әлем оқырманын табындырған көркем шығармалар жазуы әлем әдебиеті тарихында кездесе бермейтін бірегей құбылыс.

М.Әуезовтың ұзақ жылдар бойы жүргізген ізденіс үстінде туған ой-пікірлері түгелге жуық «Әр жылдар ойлары» деген атпен басылым көрген монографиялық еңбегінің желісіне сіңісіп отырған. Бұл еңбек автордың ұлы ақын мұрасына арналған жоғарғы оқу орындарында абайтанудың арнаулы курсынан оқылған дәрістері арқылы жинақталған ой-пікірлері мен танымдары болатын. Өйткені осы монографиялық еңбегіне дейін мұрасының әр түрлі салаларын өз алдына жеке сөз етіп, ізденісте жүргізіп келсе, сол жан-жақты ізденіс үстінде туған ойлары мен танымдарын түгелге жуық қамти отырып, ғылыми негізде хронологиялық желіге түсіріп, баяндап берген. Мұнда көзделген басты міндет – Абай мұрасының сырын, болмысын танып білумен қалың оқырман қауымға таныту болуы себепті де, ол ақын мұрасын тұтас қамтып, көптен бері айтып, жазып келе жатқан ой танымдарын өзі ұстанған хронологиялық желісіне шебер түрде сіңімді өріліп, үйлесім тапқан табиғи тұтастықты көреміз.

Абай мұрасын тұтас қамтып зерттеу нысанын алғанда хронологиялық желіне қолдану мақсаты – Абайдың ақындық өнері мен дүниетанымындағы өзгерістер мен толысудың, іштей түлеп рухани қорлаудың эволюциялық даму жолын көрсетуде.

Еңбектегі назар аударарлық ерекшелік – Абайдың мәдени мұрасын тұтас қамытылып, ақындық мәдениеті мен көркемдік шеберлігінің даму жолдары, дүниетанымы мен рухани өсуінің эволюциясын хронологиялық желіге сүйене отырып, әрі ақын творчествосындағы өзгерістер мен бетбұрыстардың себебін сол дәуірдің тарихи шындығы мен сабақтастыра қарап, сырын ашып саралауда жатыр.

Елуінші жылдар ішіндегі зерттеулерде М.Әуезов Абай мұрасы жайында кейбір талас тудырған күрделі мәселелерге көңіл аудара бастады. Әсіресе, Абайдың әдеби мектебі немесе Абайдың шәкірт ақындары туралы қолдан қоздырылған, бірақ ғылыми ойдан тыс, саяси идеологиялық мақсат көздеген теріс бағыттағы ой-танымдары мен пікір таластырып, өз көзқарасын қорғау жолында күреске түсті. Ұтыстар да ұтылыстар да болып жатты. Бұл салада күресте ақыры шындық жеңді. Бірақ кешігіп келді ...

Бұл тұста кейбір зерттеушілер тарапынан Абай ақындығының алғашқы жылдарындағы шығармалары ешбір ғылыми дәлелсіз сыңаржақтылықпен терістеле бастады. М.Әуезов бұл мәселеге де ерекше көңіл аударып, алғашқы жылдардағы ақын шығармаларының сыры мен қырын ғылыми тұрғыдан тереңдей аша отырып, пайдасынан зияны басым ғылыми ойға жат нигелистік пікірдің жалғандығын батыл әшкереледі.

Ұлы ақын мұрасы жолындағы ізденістері мен жиырмасыншы ғасырдың ұлы туындысы аталған «Абай жолы» эпопеясы – қазақ елінің өткені мен бүгінгі дәуірінің рухани көпіріне, яғни дәстүрлер жалғастығына айналуда. Енді Абай мұрасының сыры мен қырының мән-мағынасын М.Әуезовтың абайтану саласындағы ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» эпопеясы арқылы танып білетін рухани ғажап құралға ие болудамыз.

М.Әуезов- ұлыларға тән көп қырлы дарын иесі. Оның көркемдік әлемі мен жарты ғасырға жуық Абай мұрасы туралы ғылыми зерттеу еңбектерін танып білу жолында ғалымдар тарапынан атқарылар көп салалы аумағы мол арналы міндеттерді алға тартады. Айтулы дарын иелерінің творчестволық өмірінде құлай берілген әрі ұзақ ізденуден туатын жан сыры ретінде жазылатын бас шығармасы болмақ. М.Әуезовтың мұндай туындысы – «Абай жолы» эпопеясы.

М.Әуезовтың жиырма томдық шығармалар жинағында абайтану саласында жазылған еңбектері түгелге жуық беріліп, олардың бәріне де арнайы ғылыми түсініктемелер жазылды.

«Абай» энциклопедиясында да М.Әуезовтың абайтану саласындағы еңбектері мен зерттеулері өз көрінісін толық тауып, оқырманға келгелі отыр.

М.Әуезовтың абайтану тарихындағы орны мен сол жолда жазылған ғылыми зерттеу еңбектері жайында осы жолда автор тарапынан 1982 жылы «Ғылым »баспасына «М.Әуезов және абайтану проблемалары» деген көлемді монографиясында қамтылған болатын. Абайтану тарихы саласында М.Әуезов атқарған тарихи еңбектің желісін танып білуді қалаған оқырманының назарына сол басылымды ұсынады. Осымен абайтану тарихындағы М.Әуезов дәуірі аяқталады. Ол кезең 1965 жыл мен 1995 жылдар аралығын қамтып, ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойын қамтумен шектеледі.


Бекіту сұрақтары:

  1. М.Әуезов мұрасын зерттеу барысында қандай мәселелерге тоқталды?

  2. Әуезовтың қандай ғылыми еңбектері абайтанудың қалыптасуына жол ашты?

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.С.Мұқанов «Таңдамалы шығармалар» 16-том жарқын жұлдыздар Алматы, 1980 жыл

2. М.Мырзахмет «Абайтану тарихы»




Тәжірибелік сабақтарының қысқаша сипаттамасы

1 тәжірибелік сабақ: Абай өмір сүрген дәуір болмысы ХІХ ғасыр ІІ жартысы қазақ халқының тарихи жағдайы. Ел билеу ісі



Сабақтың мақсаты: Абай мұрасын танытуда орын алған еңбектер мен зерттеулерге кеңінен тоқталу

Сабақтың жоспары:

  1. Абай мұрасын танытудағы еңбектер мен зерттеулер

  2. Абай ақындығының алғашқы және толысу кезеңдері

Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген өнімді саласының бірі. Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ, оның бүгін 100 жылдан астам тарихы бар. Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы ой-пікірлердің жарық көруі де осы ғасырдың бас кезінен басталады. Бірақ Абайды алғаш зерттеушілердің аты-жөні менен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып, Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді. Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайын да ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды.

Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші ғылыми ой айтқан адам - Әлихан Бөкейханов. 1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақтың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеуде ол «Қырғыз поэзиясындағы жаңа бағыттың өкілі есебінде Құнанбаевты атауға болады, ол поэтикалық түр мен мазмұны жағынан көптеген әсем өлеңдердің авторы. «Евгений Онегин» мен Лермонтовтың көп өлеңдерін жақсы аудармаларын жасаған да сол»-деп жазған. 1905 жылы «Абай Құнанбаев» атты мақала жазған. Мақалада автор Абайдық шыққан тегі, өмірі, шығармашылығы жөнінде тұңғыш мәліметтер береді. Ақынның шығармашылық ізденісінің негізгі бағыттарына, көркемдік табыстарына тоқталады. Сөйтіп, ол «өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай аса талантты поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы бола білді. Халықтың рухани шығармашылық қасиетін осынша биікке көтерген Абай сияқты қазақ ақынын осы кезге шейін болған емес, жылдың төрт мезгіліне арнаған тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қояды»- деп қорытынды жасайды.

Абайдық ақындық өнерін айрықша сөз етіп, ұлылығын мойындап, алғашқы пікір айтқан адам – Ахмет Байтұрсынов еді. Ол «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»-деп түйін айтты. Ахмет Абайдың «Сөзі аз, мағынасы көп, терең» жырларының шығуы жайларында әлеуметтік сырына, көркемдігіне үңіледі. Жеңіл ойлап, ашық айта салатын жағдай халық жырларына Абай сөзін қарсы қоя отырып, ол сөздің ішкі мағынасын түсіне, терең оқудың қиыншылығы Абайдан басталатынын атап көрсетеді.

Тағы да Ахмет «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек.Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған »- деп жазады.

Ахметтен кейін Абайтану саласында бағалы ой айтқан адам – М.Дулатов. Оның «Абай » атты мақаласы ақынның қайтыс болуының 10 жылдығына арнап жазылған. Ол да Абайдың жаңа мазмұнды ұлттық әдебиет жасаудағы орнын айрықша атайды. «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып, оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол»- дейді.

Бұл әрине Абайға дейінгі ұлттық әдебиетті жоққа шығару емес, ақынның дүниежүзілік биік үлгіге сүйенген жаңа әдебиет жасаудағы еңбегін бағалау. Оның жырларының халықтың жүрегіне «Сәуле беріп», «Алғашқы атқан жарық жұлдыздай» еткен әсерін Міржақып айрықша атайды.

Сонымен қатар мақалада Абай өлеңдерінің қолжазба күйінде тарауы тарихынан мәлімет беріледі. 1904 жылы мұндай жинақты Ахмет Байтұрсыновтың көріп оқығанын Ә.Бөкейхановтың оны бастыру жөніндегі талабын Петербург басылымының жайында әңгімелейді.

Әдістемелік нұсқау: Қаламыздағы кітапханалардағы әдеби қорымызда сақталған газет, журналдарды қарастырып, саралауды нұсқадым. Сондай-ақ осы тақырыпқа байланысты «Абай » журналының сандарын қарау.

Әдебиеттер тізімі

. Абай Құнанбаев: Библиографиялық көрсеткіш (екі тілде). - Алматы: ҚР-ның Ұлттық кітапханасы, 1995. - 302 б.


2. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Абай. - 1992. - №3. - 23 - 28 б.
Әуезов М. Абайдың лирикасы // Сөзстан. 7 - кітап - Алматы, 1996. - 39-58 б.
3. Әуезов М. О. Абайдың туысы мен өмірі // Абай. - 2003. - №3. – 28 - 34 б.
4. Бэйхай Су Қазақтың ұлы ақыны – Абай // Абай. - 2003. - №1. - 1 - 4 б.
5. Борбасов С., Ізтілеуова С. Ұлы ақын тәлімі және ұлттық рухани келбеті // Семей таңы. - 1994. - 4 қазан.
6. Құнантаева К., Халитова И. Абайдың қара сөздеріндегі педагогикалық ой-пікірлер // Ақиқат. - 1994. - №4. - 70 - 73 б.
7. Сұлтанбеков М. Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?: Абайдың Зұлқарнайы туралы поэмасы хақында // Семей таңы. - 1990. - 16 қазан. - 4 б.

2 тәжірибелік сабақ: Абай Құнанбайұлының өмірбаяны



Сабақтың мақсаты: Абайдың шығармашылығы мен өмірі жайлы толық мәлімет бере отырып, студенттерді ұлы ғұламаның отбасы, өскен ортасымен кеңінен таныстыру.

Сабақтың жоспары:

1.Абайдың өмірі

2.Абайдың шығармашылығы

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады.
Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез.
Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды.
Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді.
Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты.
Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді.
Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады. Мұны оның мына өлеңінен көруге болады:

...Кедейдің өзі жүрер малды бағып,


Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,


Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Жасы отыздан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды. 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді.


Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.
Абайтанудың білгірі М. Әуезовтің атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды.
Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді.

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.


Абай өлеңдері бай философиялық, курескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.
«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.
Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.
Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.
Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.
Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.
Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.
Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті - өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.


Ақынның өз кіндігінен он бала тарады. Бәйбішесі Ділдәдән: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Райхан, Күлбадан, кенже баласы Мағауия. Екінші әйелі Әйгерімнен (Шүкіман) – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже. Абайдың үміт күткен талантты балалары: Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл. Әкелерінің өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан, әнші, домбырашы болған.
Абай есімін еске қалдыру мақсатында көптеген шаралар жүзеге асты. Ең алдымен, Жидебайдағы Абай қыстауы қалпына келтіріліп, ол Семейдегі Абай қорық мұражайының филиалына айналдырылды. Ақын жерленген зиратқа гранит пен мрамордан құлпытас орнатылды. Семейде және Қарауылда ескерткіш орнатылды.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет