"Қазақтелеком" мен Salem Entertainment компаниясы бірігіп "Ізгі ниетпен, алаяқ" атты тағы бір керемет туындыны жарыққа шығарды. Аружан Жазылбекова, Санжар Мәди және басқа да отандық ең танымал кино жұлдыздары түскен туынды отандық продюсерлік компаниялардың бірлесіп әзірлеген сәтті контентінің жалғасы болмақ. Шытырман оқиғаға толы жаңа телехикаяны TV+ платформасынан 14 наурызда бастап тамашалай аласыздар.

Бұған дейін де "Қазақтелеком" АҚ мен Salem social media компаниялары бірлесіп "Қара аула", "Қарға", "Шеше" және "1286" отандық телехикаяларын көрермендеріне ұсынған еді. Бұл туындылар 2023 жылы TV+ платформасында көпшіліктің көңілінен шығып, нағыз бестселлерге айналды. Осыдан кейін былтыр платформаны жүктеудің жалпы саны 3,7 есеге өскен. Қаңтардағы 376,4 мыңнан 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 миллион жүктеуге жеткен. Осылайша “TV+”-ке жазылымдар да он есеге артқан.

Деректерге сай, бұл қызықты сериалдардың көрерменін тартқаны соншалық, оны көру үшін платформаға қосылушылардың саны артқан. Мәселен 2023 жылы пайдаланушылар 588 мыңға, ал ақылы жазылу 131,9 мыңға жеткен. Бұл үрдіс биыл қаңтар-ақпан айларында да жалғасын табуда. 2024 жылдың алғашқы екі айында TV+ платформасын тағы 98 мың пайдаланушы жүктесе, жаңа ақылы жазылушылар саны 5,4 мыңға өскен.

Наурыздың басында Salem social media продюсерлік компаниясы ребрендингтен өтіп, "Қазақтелекомның" негізгі серіктесі ретінде Salem Entertainment деп аталды. 

Енді 14 наурызда "Қазақтелеком" TV+ платформасының жазылушылары "Ізгі ниетпен, алаяқ" туындысын тамашалай алады. Шытырман оқиғаға толы сериалға Аружан Жазылбекова, Санжар Мәди, Мэрим Атантаева, Гүлнар Сильбаева, Алмагүл Қазихан-Сағындық, Олжас Әлжанов, Шәріп Серік, Гүлнар Дусматова сынды әйгілі жұлдыздар түскен.

"Қазақтелеком" АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, компания бүгінде бірегей контент жасауға бар күш-жігерін салуда.

"Біз аудиторияның оң баға бергеніне қуаныштымыз. Себебі барлық сюжеттің шынайы өмірге барынша жақын болғаны көрермен көңілінен шығатынын түсіндік. Біздің TV+ платформасы әр тұтынушының талғамын қанағаттандырып, оған жанр мен форматтардың кең спектрін ұсыну үшін жасалған. "Ізгі ниетпен, алаяқ" атты жаңа драмалық сериал жүректің түбіндегі сезімді оятып, кейіпкерлердің жан дүниесін ақтаратын туынды болатынына сенімдімін", — деді Қуанышбек Есекеев.

Айта кетейік, өзінің даму векторын түбегейлі өзгерткен жаңартылған Salem Entertainment үшін де "Ізгі ниетпен, алаяқ" жобасы 2024 жылғы маусымды ашқан туынды болды. Продюсерлік орталықтың басшысы Игорь Цай Salem-нің өткір әлеуметтік тақырыптары арқылы қазақстандық телехикаялар өндірісі саласында көшбасшы орынға ие екенін алға тартты.

"Жобаларымыздың ерекшелігі – елімізде болып жатқан құбылыстардың болмысын ашып көрсетеді. Сонысымен де ТМД елдерінен көрермен назарын жаулап үлгерді. Біз жобаларымыздың сапасын одан әрі арттырып, әлемнің басқа елдерінен одан да көп көрермен тарту үшін қозғалған тақырыптардың ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз. Қазақстанның креативті қоғамдастығы үшін қолдау көрсету және TV+ сияқты индустрия қалыптастырушы платформалармен серіктестікте болу өте маңызды. Өткен, 2023 жыл аймақтық контентке, атап айтқанда көп сериялы шығармаларға сұраныстың артып келе жатқанын айғақтады. Биыл TV+ көмегімен кино түсіруде ішкі нарық қана емес, көрші елдер аудиториясына да оннан астам жоба шығару жоспарымызда бар", — деді Игорь Цай.

"Ізгі ниетпен, алаяқ" телехикаясының сюжеті атышулы алаяқ Тимур мен оған ғашық болып қалған Гаухар есімді қыздың оқиғасын көрсетеді. Ғашық ару қарызға белшесінен батқан, өтірікші жігіт Тимурдың арбауына түсіп қалады. Нақсүйерін іздеп жүрген бойжеткен, өзі сияқты алданып қалған басқа қыздермен байланысқа шығып, өз қаржысын қайтарып, алаяқтан кек алу үшін ұйымдасқан топ құрады. 

Картина режиссері Аян Найзабеков сериалды түсірер алдында шынайылық үшін көптеген жұмыстардың жүргізілгенін атап өтті.

"Ізгі ниетпен, алаяқ" сериалын түсіру кезінде адами қарым-қатынас пен қыз-келіншектер арасындағы адал достықты зерттеуге тура келді. Сюжет арқылы біз көрермендерге шынайы сезімдердің құндылығын жеткізгіміз келді", — деді Аян.

Еліміздің ірі телеком-операторы өз платформасында сериалдар шығарып, дамытуда. Жоғары сапалы контенттің арқасында TV+ былтыр түрлі рейтингте көшбасшылық орынға шықты. Ал қосымшаны жүктеу саны биыл наурызға дейін 1,5 миллионға жеткен. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.