Эстрада мен дәстүрлі ән өнерін қатар алып жүрген әнші Қарақат Әбілдина алдағы жоспарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

фото: https://www.instagram.com/karakat_a/

Өнер иесі шығармашылық жолындағы жақсы жаңалықтарға тоқталды.

“Биыл “Қарақат” мектеп-студиясына – 15 жыл. 20 қалада мектебіміз бар. Әр мектептен 700 мыңға жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Наурыз мерекесі қарсаңында республикадағы барлық шәкірттерімді жинап, үлкен концерт береміз. Қайбір жылы “1000 домбырашы” деген жақсы үрдіс пайда болып еді. Соны жалғастыру мақсатында “1000 жетігенші” қыздарымды сахнаға алып шығамын. Міне, қазақтың өнері деп ауыз толтырып айтатындай, музыканың үнін естігенде делебең қозатын керемет кеш болғалы тұр. Әзірге бас қалада қоямыз. Кейін республикаға гастрольге шығамыз. Ел аралау туры міндетті түрде болады”, – деді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі жары, продюсер Қыдырәлі Болмановтың 60-қа толатынын жоққа шығарды. 

“Биыл Қыдекеңнің де үлкен тартуы бар. Ел айтып жүрген мерейлі 60 жасқа биыл толмайды. Жеке куәлігінде қате кеткен. Ол бөлек әңгіме. Оны толығырақ жазып жатқан кітабынан білетін боласыздар. Қазір ол кісі кітап жазудың қызығына кіріп кеткен. Жатса да, тұрса да ойлайтыны сол. Кітап желісімен фильм де түсіргіміз келеді. Ол енді болашақтың еншісінде. Жаңа жылға жоспар көп”, – деп жан сырын ақтарды әнші-ұстаз. 

Еске салайық, әншінің ене болуға дайын екенін жазған болатынбыз. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.