Аида Ибрагимова есімді астаналық келіншек осыдан 10 жыл бұрын жетімдер үйінен төрт баланы асырап алып, бауырына басты. Жалғыз басты ананың Анастасия, Иван, Анастасия және Александр деген балаларынан бөлек Эмирхан, Әділхан есімді ұлдары да ер жетіп келеді. Аида Қазақстанда бала асырап алудың еш қиындығы жоқ, тіпті қазір құжат жинаудың өзі көп уақытты алмайтынын айтты. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында төрт баланы қалай асырап алғаны туралы айтып берді. 

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Бала асырап алу – кейіпкеріміздің бала кезіндегі арманы. Ол жетімдер үйінде жұмыс істейтін анасына еріп жүріп ата-ананың махаббатына зәру балалардың мұң-мұқжатын ерте жастан түсінген. 

“1991 жылы Жаңаөзен қаласында балалар үйі ашылып, анам сол мекемеге музыка пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрды. Мен анамның жұмыс орнына жиі баратын едім. Сонда жетім балаларды көргенде аяп кететінмін. Анам да қолынан келгенше оларға көмектесіп, менің артық киімдерім болса сол балаларға таратып беретін. Кішкентай кезімнен анамның істегендерін көріп өскен менде ата-анасыз өскен балаларға деген махаббат сезімі пайда болды. Мектеп оқып жүргенде сабақтарына көмектесетінмін, бірге ойнайтынмын. 3-4 жастағы балаларға қарасатынмын, тамағын беретінмін және бұл маған ұнайтын”, – дейді Аида.

“Өзіме өскенде жетімдер үйінен бала асырап аламын деп уәде бердім”

Ол жасында жетімдер үйіндегі балаларға көмектесетін еріктілер қатарына қосылады. Жасөспірім мекемедегі қыздардың шашын өріп, балалардың киімдерін үтіктейді, оларға қолында бар кітап сыйға тартады.

“Кішкентайымнан жетімдер үйіндегі балалармен тіл табысуды үйрендім. Ондағы балалар әртүрлі. Мінезі ауыр жасөспірімдер мен кішкентай сәбилер бірге тәрбиеленетін. Ата-анасы, жақындары, қолдауы мен тіреуі жоқ балаларға қаншалықты қиын және ауыр екенін олармен сөйлесіп, араласып жүріп ерте түсіндім. Соған қарағанда Құдай мені жетім баланы бауырыма басу үшін бала кезден дайындаған секілді. 4 баланы бауырыма жайдан-жай баспадым. Анама кішкентайымнан бала асырап алайықшы деп айтатынмын. Бірақ ол кездері халықтың әлеуметтік жағдайы қиын болды, анам оларды баға алмай қаламын деп қатты қорықты. Сол кезде өзіме “Өскенде жетімдер үйінен бала асырап аламын” деп уәде бердім”, – дейді кейіпкеріміз.

Аида есейіп, ақыл тоқтатқан жаста жетімдер үйінен асырап алған 8 бала асырап алған Жанар Байжолдинова есімді келіншекпен танысады. Тағдырласы Аидаға жасөспірім балаларды асырап алуға кеңес береді.

“Бұл шешімнің үлкен жауапкершілік екені анық, бірақ Жанар еш қиындық болмайтынын айтып, маған қолдау көрсетті. Расымен қажетті құжаттарды жинап жүргенде қиналмадым. Егер ниетің мен пейілің дұрыс болса, саған ештеңе кедергі болмайды. Балаларымды жаныма алғаныма 10 жылдай уақыт өтті. Қазір оларға қарап отырсам, біз бір-біріміз үшін жаралған сияқтымыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Балалар кәмелет жасқа толса да бірге тұрып жатырмыз. Болмаса, “ер жеттім, есейдім, бөлек тұрамын” деуіне де болады. Бірақ олардың кеткісі келмейді, мен де балалармен қоштасқым келмейді. Болашақта бәріміз бір үлкен әулет боламыз деп үміттенемін. Бұл менің арманым”, – дейді кейіпкер.

“Туысқандары баланы бермейтінін айтты”

6 баланың анасы Аида бала асырап алу жолында ата-ананың қиындыққа тап болуы немесе еш кедергісіз өту ересектердің өзіне байланысты екенін айтады.

“Егер құжат жинау барысында қандай да бір кедергілер болса, ата-ана қиыналып жатса бұл олардың әлі бала асырап алуға дайын емес екенін білдіруі мүмкін. Өйткен сен расымен бұл іске бар ынтаңмен, шынайы ниетіңмен кірісіп, баламен барыңды бөлісуге дайын болсаң ешқандай қиындық болмайды”, – дейді ол.

Осы тұста Аида да өз оқиғасымен бөлісті.

“Құжат жинап жүрген кезімде бір баламның туыстары оны өздері алып кетуі мүмкін екенін айтты. Сөйтсем оның туған анасы хабар-ошарсыз кеткен. Ал оның атында бір жер учаскесі бар болып шықты. Анасы табылмаған жағдайда жер баланың атына өтеді. Туысқандары баланы бермейтінін айтты. Бұл мәселе шешілмейінше мен баланы алып кете алмайтын болдым. Сонда қатты жыладым. Өйткені сол кездері ұлым Иванмен кездесіп, бір-бірімізге бауыр басып қалған едік. Бірақ оның анасы табылып, балам туысқандарына керек болмай қалды. Сөйтіп Иванды басқа балалардан қарағанда жетімдер үйінен бір айға кешіктіріп алып кеттім. Алайда мен мұны қиындық деп айта алмаймын. Барлығы өз ретімен шешіліп кетті”, – дейді кейіпкер ағынан жарылып.

Оның айтуынша, қазір тиісті қағаздарды жинау осындан он жыл бұрын құжат жинағаннан әлдеқайда жеңіл. Қазір негізгі құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе eGov.kz порталынан үйде отырып-ақ алуға болады. 

“Ата-ана не себепті кішкентай балаларды алғысы келеді?”

“Ер жетіп балаларды іздеп келетіндер аз. Өйткені көбі генетикадан, мінез-құлқынан қорқып, алмайды. Өз баламыздың генетикасын білетініміз шамалы. Туған баламызды да бар кемшіліктерімен, қыңыр мінезімен қабылдаймыз ғой. Асырап алған баланы да дәл сол қалпында, бар болмысымен қабылдауға дайын болыңыз”, – дейді ол. 

Аида ата-аналар мектебін де қажет деп санайды. Өйткені онда асырап алушыларды баламен кездесуге дайындайды, тренинг өтеді. Неден бастау керегін, қалай қарым-қатынас құруды және баланың жанында өзіңді қалай ұстауды түсіндіреді. 

Кейіпкер жетімдер үйіндегі балалармен тіл табысудың өзі көп еңбекті қажет ететінін айтады. Бұл жағдайда ол анасының ақылына жүгінген.

"Анам – педагог. Ол мұғалімнің бойында барлық баламен тіл табыса алатын қасиет болу керегін айтып отыратын. Мен балаларымды жетімдер үйінен алып кеткен соң олардың әр қайсысымен тіл табысудың жолдарын іздедім. Өзімді мінсіз, жуас, тым мейірімді ана болдым деп айта алмаймын. Керек кезде дауыс көтеріп, ұрсып аламын. Бірақ балаларымның кей тентектігіне түсіністікпен қарайтынымын. Басында бәрін айтып түсіндіруге тырыстым. Мен сендерге ұрысқым келмейді. Сендерге дауыс көтерсем өзімді жайсыз сезініп, мазам қашады. Одан да бір-бірімізге көмектесейік. Сендерден бас тартқым келмейді дедім”, – деп балалармен түсінісуге барын салғанын айтады.

“Балалар үйіне өткізуге қорықтым"

Аида бауырына басқан төрт бала да алғашында анасын өзінше сынақтан өткізген.

“Қолымнан келмейтін шығар” деген күдік пен қорқыныштың болғанын да жасырмаймын. Бағып, асырай алмағандықтан олардың бірін балалар үйіне қайта өткізгім келмеді. Олар да өз кезегінде мені сынады. Тентектік жасағанда не істер екен? Мені қаншалықты жақсы көреді екен? Өз баласын менен артық жақсы көреді ме екен?” деген сұрақтарға жауап алу үшін олар мені жан-жақты тексерді. Мен бұл сынақтан сүрінбей өттім. Қандай жағдай болса да әділетті болуға тырыстым. Туған балам болсын, асырап алған балам болсын бұзықтық жасағаны кінәсін мойындап, жауап беретін. Бөліп-жармайтыныма көзі жетті. Сұрағыма шынайы жауап беріп, маған сенім артқаны үшін барлық балама алғыс айтқым келеді” – дейді Аида Ибрагимова.

“Балаларым туған ата-анасымен кездесуге дайын емес"

Келіншек балаларынан туған ата-анасы туралы қазбалап сұрай бермейді. Мұның өз себебі бар дейді ол.

"Асырап алған балаларымның көзінде бір мұң тұрады. Себебі олар өзін ең жақын адамы тастап кеткенін біледі. Туған ата-анасы туралы сұрай қалсаң көзі жасқа толып кетеді. Осыдан кейін мен олар туралы қазбалап сұрамайтын болдым. Қайта өмірде кез келген жағдай болатынын, туған әке-шешесінің мұндай қадамға шарасыздықтан барғанын түсіндіретінмін. Арасында ішкілікке салынып кеткендері бар. Балаларға ішімдік ішетіндердің бәрі бірдей жаман емес екенін, жәй ғана сендерді асырауға шамасы келмегенін айтып, түсіндіруге тырысамын. Сол кезде осындай даналық көрсеткенім үшін өзіме де алғыс айтамын. Олардың жан жарасын жазуға тырысқаныммен, ол ұшты-күйлі жоқ боп кетпейді. Бірақ тым болмаса, ол жара бұрынғыдай қатты сыздамайтын болды. Бұл балалардың әке-шешесі оларды дүниеге әкеліп, белгілі бір жасқа дейін асырап, бағып, барынша махаббатын берді деп білемін. Осылайша, туған ата-анасына деген сыйластығын сақтап қалғым келді”, – дейді ол.

Фото: Видеодан скрин

“Қызымның туған анасы қайтыс болғанда шіркеуге барып шырақ қойды"

Балалар ата-анасы туралы білгісі келеді. Бірақ әлі кішкентай болғандықтан ба оларды көруге асықпайтын көрінеді.

“Қызым анасы қайтыс болғанын білгенде қатты жылады. Мен барынша жұбатуға тырысып, анасы туралы сұрастырдық. Қызымның ұлты орыс болғандықтан шіркеуге бірге барып, анасына шырақ қойдық. Қалағанын істеуге тырыстым. Бәрібір жүрегінің түбінде ата-анаға деген махаббат болады. Сондықтан қандай жағдай болмасын кез келген адамды кешіруге болатынын айтып отырамын. Әсіресе, бір кездері шалыс басқан ананы. Балаларым туғандары туралы қызығушылық танытып жатса мен қарсы болмаймын, керісінше, қолдау көрсетіп, көмектесемін. Әрине, ана ретінде өз балаларынан бас тартқан ересектерді түсіну мен үшін түсіну қиын. Бірақ адам ретінде менің ешкімді сөгуге құқығым жоқ”, – дейді Аида. 

Егер балалар есейгенде туған әке-шешелеріне көмектесетін жағдайға жетсе бұл менің оларға дұрыс тәрбие бере алғаным деп түсемін.

“Балаларымды бір-бірімен келісімге келуге үйреттім"

Осы тұста ол асырап алған балаларын қабылдап, түсіністік танытқан өз балаларына да алғысы шексіз екенін айтты.

"Олар менімен бірге жүріп құжат жинады. Тіпті тұрмысымды тексеруге комиссия келетін кезде үйді жинап, көмектескен де сол балаларым. Арасында әрине, балалар бір-бірімен келіспей, бір нәрсені бөлесе алмай қалады. Сол себепті оларды бір-бірімен келісімге келуге үйреттім. Олардың кемшіліктеріне емес, жақсы қасиеттеріне, артықшылықтарына баса назар аударуға тырысамын. Әр күнді көңілді өткізіп, бәліш пісіріп, жаңа киім сатып алып беріп, отбасындағы жылулық пен махаббаттың қандай екенін сезіндіргім келді”, – дейді кейіпкер.

4 баланы жетімдер үйінен алып кетіп, аналық махаббат сыйлаған Аида алдында тағы бір сынақ күтіп тұрғанын білмеді.

"Балаларды өз қолыма алғанда материалдық жағдайыма бас ауыртпадым. Қол-аяғым сау, жұмыс істеймін, асыраймын деп өзіме сенімді болдым. Бірақ араға уақыт салып мені жұмыстан шығарып жіберді. Білмеймін, мүмкін бұл маған берілген сынақ болған болар, бәлкім мен үшін қайырлы іс болған шығар. Сол кезде балаларымды ойлап қатты уайымға салындым. Осындай жауапкершілікті алғанда жұмыссыз қалғаным жаныма батты. Сөйтіп отырғанда құрбыларым хабарласып, тәттілермен балаларды қуантқысы келетінін айтты. Сол кезде Алла мені жалғыз қалдырмайтынын түсіндім. Солайша уайымға салынуды қойдым. Жұмыссыз болғандықтан балаларыммен көп уақыт өткізетін болдым”, – дейді келіншек. 

Сондай-ақ ол неміс тілін меңгергендіктен кейде аудармаларға қатысты ұсыныстар түсіп отырған. 

"Осылайша, әр күні түрлі мүмкіндіктер мен ұсыныстар түсетін болды. Менің ойымша, бұл балалардың несібесі, Құдайдың маған осылай көмектесті. Мүлдем ақша болмай қалған кезде азық-түлікті қарызға алып, ақша болғанда қайтаратынмын. Мұндай сәтте де қайырымды жандар бетімнен қақпады”, – дейді Аида. 

“6 баламның бақытты өмір сүруі – олардың маған айтқан алғысы"

“Болашақта балаларым есейіп, жүрегінің жартысын тауып, бақытты өмір сүреді деп үміттенемін. Менің көп немерелерім болады деп ойлаймын. Бір әулет болып үлкен дастарханның басында бас қосып, бірге әлем араласақ деп армандаймын. Біз бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, қуанышты да, қайғыны да бірге өткереміз. Олардың бақытты өмір сүруі – балаларымның маған айтқан алғысы деп білемін. Бір-бірінен алыстамай, ауызбірішілікте өмір сүрсе екен, бір-бірін сыйлап, бағаласа екен деймін”, – дейді көпбалалы ана.

Аиданың айтуынша, кейбір адамдар жетімдер үйінен шыққан балаларды шеттетеді. Мұндай жағдай өзінің басынан да өткен. Ол білім саласында болған бұл жағдайды сотқа дейін жеткізбек болған. Алайда қолында еш дәлелі болмағандықтан жылы жауып қоюға мәжбүр болғанын айтады. 

”Балаларымнан ондай адамдардың сөздерін көңілге алмауын сұраймын. Себебі олар адамдардың ойланбай айтқан сөздерінен сынып кетуі мүмкін. Қандай жағдай болмасын мен оларға тіреу боламын. Балаларымды ренжітуге жол бермеймін”, – дейді келіншек.

Аида бір кездері Африка мемлекетінен бала асырап алмақ болғанын айтып қалды. Алайда әуелі өз балаларын аяққа тұрғызудың қамын ойлау керегін түсініп, бұл ойынан бас тартқан. 

Қазір Аиданың үлкен қызы тұрмыста. Осыдан он жыл бұрын бауырына басқан қыздары бой жетіп, ұлдары кәмелет жасына толған. 

@aida_luxxl #женщины #казахстан #дети #нурсултан #астана #aktau #приемныйребенок #приемныедети #приемнаямама #детскийдом ♬ Зымыран — Жугунусов Мирас

Қазақстанда қалай бала асырап алуға болады?

Осы орайда ұлттық бала асырап алу агенттігінің аймақтық директоры Күнсұлу Булекпаевадан сұхбат алдық. Ол баланы асырап алу жолдарын айтып берді.

Баланы кәмелет жасқа толған Қазақстан азаматы асырап ала алады. Бала асырап алмастан бұрын ата-ана әуелі білікті маманнан кеңес алғаны жөн. Ол үшін жергілікті білім басқармасындағы қамқоршылық және қорғаншылық бөліміне немесе “Ана үйі” қорына хабарласып тегін кеңес алса болады.

Сертифиткатты алғаннан кейін бала асырап алушы ата-ана eGov.kz порталы арқылы асырап алуға үміткер ретінде тіркелу үшін құжат жинайды:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Неке куәлігі (бар болса);
  • Арнайы формада толтырылған денсаулық туралы анықтама;
  • Наркологиялық, психоневрологиялық, тубдиспансерлерде есепте жоқтығы туралы анықтама;
  • Сотты болмағаны туралы анықтама;
  • Тұрғын үй туралы анықтама (жалдамалы үй болса, келісімшартын көрсету керек);
  • Айлық табысы туралы құжат;
  • Жақын туыстарының келісімі. 

Ұлттық бала асырап алу агенттігінің аймақтық директоры бала асырай алмайтын адамдардың тізімін айтты. 

  • Жалғызбасты ер адамға;
  • Сотпен іс-әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі адамдарға;
  • Ата-ана құқығынан айырылғандар немесе шектелгендер;
  • Тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтар;
  • Наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрғандар;
  • Сотты болған азаматтарға бала асырап алуға рұқсат жоқ.

Бала асырап алу процесі сот шешімі арқылы жүзеге асады. Процестің ұзақтығы асырап алушылардың құжатты жинауына байланысты. Шамамен, 6 ай, 1 жыл уақыт кетеді. 

Ата-ана барлық құжаттарды жинап, eGov.kz порталына тіркелген соң қамқоршылық, қорғаншылық органы құжаттарды тексеріп, ата-анаға жетім балалардың деректер база балалардың құқықтарын қорғау комитетінің базасына рұқсат беріледі. Бұл базада бүкіл Қазақстан бойынша жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың анкеталары бар. Сол жерден асырап алушылар балалардың анкеталарын қарап, олармен танысып, сөйлесе алады. 

Күнсұлу ханым ұлттық бала асырап алу агенттігінің тек қазақстандық азаматтарға ғана қызмет көрсететінін атап өтті. Шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап алуды жоспарласа шетелдегі агенттіктердің көмегіне жүгінеді. 

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от АГЕНТСТВО ПО УСЫНОВЛЕНИЮ| KZ (@nau_usynovlenie.kz)

Осы тұста “Шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап алғаны үшін мемлекетке белгілі мөлшерде қаражат төлейді ме?” деген заңды сауал туады. Бұл сауалға “Шетелдегі қазақ балалары” тележобасының авторы Жанар Байсеміз жауап берді.

“Шетелдіктер бізден баланы асырап алмас бұрын халықаралық агенттікке жүгінеді. Онда бала асырап алғысы келетіні жайлы өтініш жазып, қажетті тексеруден өтеді. Агенттік асырап алушылардың тұрмыстық жағдайын бағалайды. Сол тексеруден өткеннен кейін ғана шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап ала алады. Олар халықаралық агенттікке құжат тапсыру барысында Қазақстанға ұшып келу-кету, мұндағы құжаттарды реттеу, қонақ үй, сот процесіне қажетті шығындарды ғана төлейді. Оларға Қазақстанға белгілі бір мөлшерде жарна төлеу міндеттелмеген”, – дейді Жанар Байсемізова.

Асырап алушылардың жасына қатысты шеткеулерге келетін болсақ, ата-ананың жасы туралы заңда шектеліп, бекітілмеген. Алайда 60 жастан асқан адамдар бала асырап ала алмайды. 

“Ата-аналар мектебі”

2020 жылдың маусым айында Бала асырап алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліді. Заңнамаға сәйкес, отбасына бала қабылдауға ниетті үміткерлер міндетті түрде ата-аналар мектебінен өтіп, сертификат алу керек.

“Мектептегі сабақтар аптасына 1 рет онлайн және оффлайн форматта өтеді. Жалпы сабақтар саны 14, әр сабақ 2 жарым сағатқа созылады. Оқу ұзақтығы үш жарым ай. Ата-ана мектебінен ерлі-зайыптылар бірге өту керек. Сабақта ата-аналар асырап алатын баланың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін түсінеді. Баланың жас ерекшеліктері, әр жастағы қиындықтар мен артықшылықтары туралы ақпарат алып, баланың тұлғалық дамуындағы қажеттіліктерінің рөлін қарастырады. Мұнда ата-аналарға баланың өткеніне қатысты сезімдерімен бірге күресуге үйретеді”, – дейді Күнсұлу Булекпаева.

Асырап алушының жиі жіберетін қателіктері көбіне ата-ана мектебіне қатысты болады. Асырап алушылардың басым көпшілігі ата-аналар мектебінен өтуді қажет деп санамайды.

“Мен өз балаларымды оқытып, аяғына тұрғыздым. Тәрбие жағынан ешқандай қиындық болмады. Енді сондай тәжірибеммен бұл балаларды асырай алмайды деп ойлайсыздар ма?” дейтіндер де бар. Алайда агенттіктің аймақтық директоры толық отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген бала мен жетімдер үйінде өскен баланың психологиясындағы айырмашылық көп болатынын айтады.

“Мекемеде тәрбиеленген балалар бір кездері отбасында қиындық, зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін. Олар ересек адамдарға сенімін жоғалтқан. Сол себепті ең бірінші асырап алушы ата-ананың кез келген жағдайға дайын болғаны абзал. Ата-аналар мектебінде баланы өзіне баурауды, сенім білдіруді үйретіп, жақсы өмір сүруге болатынын, дұрыс қатым-қатынасқа түсудің жолын көрсетеді. Сабақ барысында ата-ана бала асырап алуға қаншалықты дайын немесе дайын емес екенін түсінеді”, – дейді ол.

“Балаларды мекемеге жиі қайтарады”

Күнсұлу ханымның айтуынша, тіпті ата-аналар мектебінен өткен асырап алушылар да кейде жауапкершілікті алуға дайын болмағандықтан балаларды жетімдер үйіне қайтаратын көрінеді.

“Бір отбасы екі баланы асырап алды. Екі баланың біріне диагноз қойылған. Ата-ананың айтуынша, бала тым белсенді. Асырап алғаннан кейін арада алты ай өткенде ата-ана баланың айтқанды тыңдамай, тіл алмайтынын, мазасыз екенін айтып шағымданды. Сөйтіп балаға жауапкершілік ала алмаймын деп мекемеге қайта өткізді. Бұл арнайы мектепте оқыса да ата-ананың бала асырап алуға дайындығының жоқтығын көрсетеді”, – дейді агенттік директоры.

Ол асыранды баланың жағымсыз мінез-құлық танытуының өз себебі барын айтады. Ата-ана бұған түсіністікпен қарап, бәріне дайын болу керек деп түсіндірді.

“Жетімдер үйінде өскен, психологиялық жарақаттары бар бала жаңа отбасыға барғанда өзін қауіпсіз жерге келгенін түсінеді. Сол себепті ол әр түрлі мінез-құлық (бұзықтық, ұрлық жасайды, өтірік айтады) шығарады. Көп жағдайда балалар өзінің жаңа ата-анасын тексереді. Көп жағдайда ересектер баланың мұндай қылықтарына шыдай алмайды. Яғни, олар әлі бала асырап алуға дайын емес. “Өзім білемдікке” салынып ата-аналар осындай қателіктерге ұрынып, соңында балаларды мекемеге қайтарып жатады”, – дейді Күнсұлу Булекпаева.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от АГЕНТСТВО ПО УСЫНОВЛЕНИЮ| KZ (@nau_usynovlenie.kz)


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.