Атырау облысында мемлекеттік балабақшада бір бүлдіршінді қасындағы балалар соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Фото видеодан алынған

Оқиға Махамбет ауданы Бейбарыс ауылындағы "Балдырған" балабақшасында болған. Түскі демалыс уақыты кезінде бақылаусыз қалған балалар ұйықтап жатқан бүлдіршінді тұрғызып алып, бірнешеуі жабылып, ұрып-соққан көрінеді. Жылаған баланың дауысын біразға дейін ешкім естімепті. 

Видеода балалардың түскі ұйқының кезінде емін-еркін жүргені көрінеді. Олар үш жасар Әлібиді оятып алып, келесі бөлмеге алып шығады. Кейін орнына жатқызып, жан-жақтан ұра бастайды. Тіпті біреуі үстіне шығып секірген. Бұл жағдай жарты сағатқа жуық созылған. Тек біраздан соң ғана көрші топтың күтушісі келіп, тәрбиешіні шақырған. Әлібидің өзі сөйлей алмайды. ЗПР-Р диагнозымен ем алып, жақында балабақшаға қосылған екен.

"25 сеанс күніне қалмай басына тоқ алған бала, кмсы бар, микрополяризациясы бар, БАК терапиясы бар бәрін алған бала. Тоқ алған баланы келеді де төпетіп, 4-5 бала ұрады, ал не қалды баламның миынан не қалды, ішкі органдарына секіріп жатыр, одан не қалды. Мынаған кім жауап береді. Мен анық-қанығына жеткізуіңізді талап етемін”, – дейді Әлібидің анасы Мөлдір Отарбаева.

Тәрбиеші 1 сағаттай топта болмағанын мойындады. Беті сәл қызарып тұрған соң, медбикені шақырмай, өзі жақпа жаққанын айтты. 

"Балалар ұйықтағасын келесі топқа бір жарысқа баратын болып, соның қағаздарын сұрайын деп үлкен топқа бардым қыздармен ақылдасайын деп. Сонда отырып қалдым. +Өзімнің кінәмді білемін. Күнде шықпайтын, сол күні шығып, жарысымның қағазын сұрайын деп кетіп едім”, дейді тәрбиеші Марита Есенғазиева.

Жағдайдан балабақша меңгерушісі де хабарсыз. Барлық камера қосылған экран алдында тұрса да көрмеген.

"Педагогым іште болмай қалып тұр. Оны мен өзім білмедім. Ол кісілер маған ескертпеді. Мен төменде отырамын ғой, сол жерде отырғанда мені ескертпей , кеше тек ата-ана соғып тұр. Осындай жағдай болды деп. Мен ата анадан естіп отырмын”, – деді балабақша меңгерушісі Ләззат Орынбаева.

Аудандық полиция тергеп-тексеруді бастады. Жағдайға байланысты ата-анасы мен балабақша қызметкерлерінен түсінік алып, балаға сараптама тағайындалды.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.