Тіршілік нәрі саналатын ауыз су ағзадағы барлық процестің жүзеге асуына әсер етеді. Мамандардың сөзінше, ауыз судың сапалы болуы тек денсаулыққа ғана емес, адамның ішкі жай-күйіне де әсер етеді. Сондықтан нутрициологтар минералға бай суды тұтынуға кеңес береді. Мұндай сулардың қатарында Miglior да бар. Stan.kz тілшісі еліміздің шығысындағы жарты ғасырлық тарихы бар зауытта болып, ағзаға пайдасы мол судың жер астынан шығып, бөтелкеге құйылуына дейінгі кезеңді өз көзімен көріп қайтты. 

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің көрікті аймақтарының бірі. Алтай тауының баурайындағы елді мекендер бүгінде таудан аққан бұлақ суымен сусындап отыр. Сондай-ақ 1970-жылдары республикалық сипат алған қуаңшылықпен күресу үшін бұл аймақта жер асты сулары анықталып, ұңғымаларға орнатуға түрткі болды. Деректерге сәйкес сол кезде көлеңкенің өзінде ауа температурасы +45 градусқа жеткен екен. Ал 1981 жылы зерттеу аяқталған соң Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен мұнда алғашқы артезиан ашылды.

Су қоры әлі таусылмаған

Шығыс Қазақстанға сапар барысында аймақтың тарихы туралы білу үшін тау инженері, ауданның қадірлі тұрғыны Бахытбек Бұлақбаевпен тілдестік. 

Қария аймақтағы алғашқы артезианның ашылуына тікелей қатысқан екен. Сөзінше, жерасты суларын іздеу жұмыстарының басты мақсаты – елді мекендер мен шаруашылықтарды сумен қамту. ХХ ғасырдың 80-жылдары Зайсан ауданында 5 қой өсіру шаруашылығы болған. Зерттеу нәтижесінде Дайыр мен Ақбұлақ жер асты сулары анықталыпты. 

Бахытбек Бұлақбаев

"Содан бері 50-60 жыл өтті, ал су қоры әлі таусылған жоқ. Себебі мұндағы қор қалпына келеді. Жер асты сулары еріген қар мен жауын-шашын әсерінен толығып отырады. Соңғы кездері де су көздерін іздеу жұмыстары қайта жаңғырды. Таза ауыз су – денсаулық кепілі. Ал біздің су тау жыныстарынан бастап табиғи сүзгілеуден өткендіктен өте таза, құрамы ерекше", – деді қария. 

Бүгінде артезиан орнына үлкен зауыт салыныпты. Кәсіпорында жер астынан шығатын табиғи минералды су бөтелкелерге құйылып, дүкен сөрелеріне жіберіледі. Ал тұрғындар арасында минералды су Miglior атауымен белгілі. 

"ARNNA MINERALS" ЖШС директоры Мадий Оралханов зауыт салу идеясы президенттің "елді мекендерді ауыз сумен қамту" туралы тапсырмасынан келгенін тілге тиек етті. Сондықтан артезиан орнына үлкен кәсіпорын ашуды қолға алып, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тартқан екен. 

Мадий Оралханов

"2019 жылы біздің компания құрылып, 2020 жылдың маусымында зауыттың құрылысы басталды. Зауытты салу барысында Қытай, Италия және Ресей Федерациясымен тығыз байланыста болдық. Себебі су құятын техникалық жабдықтарды осы елдерден алуды жоспарладық. Жұмыс аясында Италиядан мамандар келді, себебі зауыттың сызбалары италиялықтардың сызба жұмыстарына қарап жасалған еді", – дейді ол. 

Зауыт салынғанға дейін артезиан суы 40 жылдан астам уақыт ағып жатқан екен. Тексеріс нәтижесінде ауыз судың құрамы мен сапасы бұл уақытта еш өзгермегені анықталыпты. Сондай-ақ Еуропалық зертхана су сапасын жоғары бағалап, нәрестелерге алғашқы айдан беруді ұсынған. 

Miglior Қазақстанның түпкір-түпкіріне жіберіледі

"Құрылыс кезінде италиялық мамандар келді дедім ғой. Олар біздің судың дәмін татты да "Miglior" деді. Басында бұл сөзді түсінбедік, сөйтсек "ең таза, жақсы" деген мағынаны білдіреді екен. Сондықтан минералды суды осылай атауды жөн деп санадық. Зауытымыздан шыққан өнімдер 2021 жылы жаппай қолданысқа енді. Бір жыл өткен соң Miglior бренді ШҚО бойынша "Ең үздік өнім" номинациясын жеңіп алды. Қазіргі таңда артезианнан шыққан су зауытта бөтелкеге құйылып, Қазақстанның түпкір-түпкіріне жіберіледі", – деп қосты кәсіп иесі. 

Аудан халқы жұмыспен қамтылып отыр 

Бүгінде зауыт минералды су ғана емес, лимонад, дюшес пен тархун сынды алкогольсіз өнімдерді де шығарады. 

 

"Кәсіпорында жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Азаматтардың жоғарғы білімі болмаса да, зауытта қызмет ете алады. Мәселен, техникаларды сатып алғанда ресейлік мамандар біздің қызметкерлерді арнайы оқу-даярлық курсынан өткізді. Сондықтан жергілікі тұрғындар келсе, 1 ай көлемінде өзіміз оқытамыз. Осы тұста айта кетейін, зауыт өнімдерін шетелдік нарыққа шығару ойда бар. Қазір Өзбекстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөз жүріп жатыр", – деп сөзін аяқтады Мадий Оралханов.

Зауыттың өндіріс бойынша директоры Дәурен Рамазановтың сөзінше, жер астынан 220 метр тереңдіктен шығатын артезиан суы бөтелке құйылмай тұрып ультракүлгін залалсыздандырудан өтеді. Мұндай әдіс су құрамының мүлдем өзгермеуіне әсер етеді екен. Сәйкесінше өндіріс барысында кері осмос пен жасанды минералдау технологиясы қолданылмайды, дейді Дәурен Рамазанов. 

"Мен мұнда зауыт ашылғаннан бері су құю операторы болып жұмыс істеймін. Басты міндетім – бөтелкені жуу, су құю және қақпақтың дұрыс жабылғанын қадағалау. 3 жылдың ішінде кәсіпорын айтарлықтай дамыды, алғашқыда мұндай үлкен аппараттар болмайтын. Жұмысым өзіме ұнайды, ұжым ұйымшыл, ал басшылар еңбекті лайықты бағалайды", – деді жергілікті тұрғын Сатжамал Бурганбаева.

Бұл – өзгеріске түспеген бірегей су

Зауыттағы зертхана маманы Перизат Смаилова айтуынша, "Miglior" минералды суы ағзада зат алмасуды жақсартып, токсиндерді шығаруға көмектеседі. Ал құрамында калий, магний, гидрокарбонат, сульфат пен кальций, кремний бар. Айта кетері, кремний тек тау суларында ғана кездеседі. 

"Суды таңертең, аш қарынға ішуге кеңес беріледі. Кез келген су бөтелкеге құйылмай тұрып белгілі тазалау кезеңдерінен өтеді. Біздің судың ерекшелігі ешқандай өзгеріске түспеуінде, яғни құрамындағы пайдалы бөлшектер сақталады. Айта кетері, микробиологиялық тұрғыдан тазартылмаған судың кесірінен ағзаға кері әсер ететінін естен шығармаған жөн", – деп түсіндірді зертхана қызметкері. 

Бүгінде артезиан суы Зайсан ауданындағы бірнеше елді мекенді ауыз сумен қамтып отыр. Ал той-томалақ Miglior суынсыз өтпейді, дейді Дайыр ауылының ақсақалы Бақытқан аға.

"Ауданымыздағы зауыттың ашылу салтанатына өзім де қатыстым. Қазір біздің минералды суларға жететіні жоқ, бәсекеде шетелдік сусындарды басып озды дей аламын. Ауылда той-тілеу болса, өзіміздің зауыттан шығатын суды үстелге қояды. Оның үстіне кәсіпорында 80 адам жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің артында отбасыдағы 5 адам тұр дейік. Сонда зауыт 400-500 адамды асырап отыр", – деп аяқтады қария. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.