Махаббат пен ғашықтық тақырыбындағы өлеңдер харам ба деген сұраққа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жауап берді. Мүфтият өкілдері адамды азғындыққа, әдепсіз іске үндейтін әндерді тыңдау шариғатқа қайшы дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay

Айтуынша, еліктіретін әндерді тыңдауға болмайды.

“Адам баласының нәпсісін қозғайтын, оның дене мүшелерін қимылдатқызатын және Аллах Тағаланың зікірінен тосатын, ешқандай мән-мағынасы жоқ, өмірдің рахатына, махаббатқа, ғашықтыққа, зинаға итермелейтін кез келген музыка түбегейлі харам”, – деді наиб имам Нұрсұлтан Қасымов.

Бұл – Сарыағаш ауданындағы Қоңыр ата мешітінің наиб-имамы Нұрсұлтан Қасымовтың сабақ өту барысындағы сұрақ-жауап кезінде айтқан пікірі. Ол өз сөзінде ата-ана туралы, отан, мемлекет тақырыбындағы, жалпы патриоттық сезімді оятатын әндер не харамға, не халалға жатпайды деген. Оның орнына барабанды даңғырлата отырып, орындалатын нәшидтер, яғни діни өлеңдер, дастандар және Аллаға құлшылық етуді насихаттайтын әуендерді тыңдау халал деп айтқан. Оның сөзі желіні шулатып, түрлі пікірлерді тудырды.

Нұрсұлтан Қасымов сөзін біреулер түсініксіз түрде қысқартып,желіге жүктеп жіберген дейді. Жауаптың мәні мен мағынасы басқаша деп отыр. 

“Кез келген Аллах Тағаланың шариғатынан ұзақтататын, Алладан ұзақтататын, адамды азғындыққа алып баратын жын ойнақ музыкалардың дұрыс емес іс екеніне ешкімнің күмәні жоқ”, – деді имам.

Наиб имамның сөзін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да қолдады. Музыкалық аспаптар мен одан шығатын әуендер харам емес. Бірақ адамды азғындыққа үндейтін әндерді орындаудан да, оны тыңдаудан да аулақ болу керек дейді.

“Қазіргі таңда ән айту, музыкалық аспаптар жайлы сұрақтар көп. Музыканы ашық харам деген хабарлар сахих емес, ал ол жайында келген сахих хадистерде ашық харам деп айтылмаған. Дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Адамды пасықтыққа, жаманшылыққа, азғындыққа, шәһуатты оятатын, т.с.с. шариғатымызда тыйым салынған амалдарға итермелесе оған рұқсат жоқ”, – деп мәлімдеді ҚМБД шариғат және пәтуа бөлімі.

Музыкасы көңілді көтеріп, көпшілікті биге тартатын немесе керісінше, жүрек мұңын тербетіп, махаббат пен сезімді жырлаған әуендер жетерлік. Ғашықтық лирикасы атам заманнан айтылып келеді және айтыла да беретіні айқын. Дегенмен жаман ой тастайтын дүниелерден бойды алыс ұстаған жөн деп кеңес береді мүфтият өкілдері.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.