Жамбыл облысында мыңдаған тонна пияз қоймаларда шіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Шаруалардың айтуынша, көкөністің бұл түріне сұраныс азайған. Сондай-ақ өңірде пиязды бүлдірмей сақтайтын тоңазытқышпен жабдықталған қойма жоқ. Енді жаз бойы еңбектенген шаруалар тау болып үйілген өнімдерін қоқысқа тастауға мәжбүр.

Биыл 20 гектар жерге пияз еккен жамбылдық кәсіпкер Нұрмамед Зулупов мың тоннадан астам өнім жинаған. Биылғы науқанда пияздан пайда көрмей, кеткен шығынды да ақтай алмадық дейді. Шаруалар тіпті жалға алған қоймалардың да қаражатын таба алмай отыр. Өйткені құны түсіп кеткен көкөністі 10-15 теңгеден де ешкім сұрамайды.

“Пайда түгілі, шығынның өзін шығара алмай отырмыз. Кредиттен- кредит, қарыздан-қарыз. Сөздің ашығы сол, не істерімізді өзіміз білмей жүрміз. Егуге қорқып қалдық. Немен егесің, қойманың ақшасын бере алмай жатырмыз. Әлі химикаттың ақшасын бермеген жерлер бар. Олар ақшасын талап етіп жатыр”, – дейді кәсіпкер Нұрмамед Зулупов.

Биыл елімізде миллион тоннадан астам пияз жиналған. Оның басым бөлігі Жамбыл облысынан. Ал ішкі сұраныс орта есеппен 315 мың тонна. Қазір Жамбыл облысында 138 мың тонна пияз өтпей тұр. Ал қазақстандық пияздың басты тұтынушысы саналатын Пәкістан да биыл сұранысты күрт азайтқан. Енді ауыл шаруашылығы министрлігі шығынға батқан шаруаларға көмектесудің амалын қарастырып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың Алматы облысы Шенгелді ауылында да 500 тонна пияздың қоймада шіріп жатқанын айтып, ауыл шаруашылығы министрлігін сынағаны туралы жазған едік. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.