Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа “Оператор ӨКМ” ісі жайлы баяндады. Сонымен қатар "СК "Фармация" ЖШС бойынша талдлау жұмыстары аяқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz

"ӨКМ" операторы" ЖШС-не қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өтті”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Бұдан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандандырылған ХҚКО-ларда автокөліктерді тіркеу кезіндегі қулық жасау жолдарын анықтады. Мемлекеттік баж салығы мен автомобильдерді тіркеуден түскен төлемдердің басым бөлігі ақпараттық жүйелердің жұмысындағы олқылықтарға байланысты бюджетке түспеген екен. 

Асхат Жұмағалидің дерегінше, агенттіктің ұсыныстары бойынша кемшіліктер жойылғаннан кейін 2023 жылы бюджетке түскен түсімдер (2022 жылмен салыстырғанда) 9 есе ұлғайып, 91,4 миллиард теңгеге жетті. Осы ретте екі жылда да тіркелген автокөліктердің саны бірдей болған.

Агенттік төрағасы спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатқанын, тексеру барысында бюджет қаражатының тиімсіз бөлінуіне, соның ішінде сыбайлас жемқорлық сын-қатерлеріне байланысты әрекеттер анықталғанын айтты. Тек осы жылдың өзінде агенттік аталған саладағы жымқыру фактілері бойынша 18 қылмыстық істі тіркеген.

  • Шенеуніктер мемлекеттік сатып алу сайтына тендерді жеңіп алу нұсқаулығын жариялап жіберген – Іс бойынша тергеу басталды

  • 2023 жылдың басынан бері Қазақстанның білім беру саласында 13 млрд теңге залал келтірген 192 іс тергелген

"Бұдан бөлек, "СК "Фармация" ЖШС қызметін талдау жұмыстары аяқталды. Мұнда да медициналық препараттар мен жабдықтарды сатып алуға қатысты айтарлықтай жемқорлық тәуекелдері анықталды. Әлеуметтік маңызы бар проблемалы объектілердің құрылыс барысын қадағалау нәтижесінде бүкіл ел бойынша 32 ғимарат пен нысан салынды. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы аясында сомасы 2 миллиард теңгеден асатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеру тәуекелдеріне жол берілмеді, 10 мыңға жуық азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілді", – деді Асхат Жұмағали.

Ұлттық банктің "Цифрлық теңге" жобасы арқылы "ақшаны бояу" тетігін енгізу мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта цифрлық теңге пилоттық режімде Алматыдағы мектептердің бірінде іске асырылып жатыр.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.