14 жастағы сириялық бала Ла-Манш арқылы үрлемелі қайықпен бұғазды кесіп өтіп, Ұлыбританияға заңсыз өтпек болған. Алайда жасөспірім сапар барысында суға батып, көз жұмыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ағайынды Обада мен Айсер және тағы үш адам елдерінен қашып, шетелді паналамақ болған кезде Францияның солтүстігіндегі жағалаудан бірнеше метр жерде суға батып кетті. Олар 14 қаңтарда шағын қайықпен Ұлыбританияға өтпек болып, жолға шыққан.

ВВС баланың қалай шекара асқан оқиғасын зерттеді. Обада Сирияның оңтүстігіндегі Даръа қаласынан. Оны соңғы бірнеше ай бойы оннан астам ер адам жолға дайындап, шымыр болуға бейімдеген. 

Әдетте, бұл сапарға тек ерлер аттанады, өйткені олар соғыс боп жатқан Ливия арқылы өтеді. Бірақ сол түні екі ана да жасөспірім балаларымен бұғаздан өтпек болған. Үрлемелі қайыққа 60-тан астам адам мінгісі келді, алайда барлығына орын табылмады. 

Обаданың ағасы, 25 жастағы Нада әкесіне қарсы шығып, бұрын дәл осылай шекараны заңсыз кесіп өткен екен. 

Баспана іздеген адамдарға арнайы заңгерлік кеңес беретін Asylum Aid қайырымдылық ұйымының айтуынша, Сирия азаматтарының Ұлыбританияға жеке келмей-ақ пана сұрауына іс жүзінде ешқандай мүмкіндік жоқ.

Пана алу үшін виза болмағандықтан, басым көпшілігі шекарадан заңсыз өтуге тырысады. Аздаған сириялыққа ғана қоныс аудару бағдарламалары арқылы кіруге рұқсат етілген. Ұлыбританияның ішкі істер министрлігінің статистикасына сәйкес, 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қазан айына дейін шамамен 325 сириялық елге осы жолмен кіре алды. Ұлыбританиядан пана сұраған сириялықтардың 90%-дан астамына елінде қақтығыс әлі де жалғасып жатқандықтан қалуға рұқсат етілген.

"Күткенімізге 12 жыл болды, бірақ соғыстың бітетін түрі жоқ. Қауіпті. Ал Ұлыбританиядан пана сұраудың басқа жолы болмады", – деді Нада.

Дамаскте Нада үкіметке опасыздық жасады деп айыпталып, оған қоқан-лоқы көрсеткен. Сонымен қатар әскерге мәжбүрлеп жібермек болған. 

"Сирия – өте қауіпті жер. Әскерге барсаңыз, 10 жыл сонда қаласыз. Сіз адам өлтіруіңіз керек немесе өзіңіз өлесіз. Біз мұны қаламаймыз", – деді ол.

Өткен жылы Надаға босқын мәртебесі және Ұлыбританияда бес жыл қалуға рұқсат берілді. Ол Уэмбли маңындағы қоймадан жұмыс тапты. Ер адам қазір ағылшын тілі курсын оқып жатыр және жақын арада әйелін Сириядан алып кетуге ниетті.

Нада Даръада тұратын бауырларын да осында шақыртқан. Ол інісі Обаданың Ұлыбританияда білім алғанын қалапты.

Обаданың ата-анасы да оның шетелге заңсыз аттануын қалаған. Отбасының жағдайы жақсы болмаған, оның әкесі Әбу Айзердің денсаулығында кінәрат болып, ол Ұлыбританияда емделгісі келген. 

2023 жылдың қазан айында Ливияға жетіп, сонда бірнеше ай күткеннен кейін ағайынды Триполиден жіберілген контрабандашының қайығымен Жерорта теңізін кесіп өтпек болды. Алайда қайықты Тунис патрульдік қайығы ұстап алған. Ағайындылар Ливияға қайтарылып, жергілікті жасақшылардың қолына түскен. Айтуларынша, оларды түрмеде бір ай ұстап, азаптаған. Жалаңаш еденде ұйықтап, күніне бір рет кішкене ыдыстағы макарон жеген. Алайда Дубайдағы ағасы әр адамға 900 доллар төлеп, босатып алды.

Осыдан соң олар Италияға апаруға дайын басқа контрабандашыны тапқан. Обада қатты қорқып, Сирияға қайтқысы келген.

Италияға жеткен соң оларды жағалау күзеті Лампедуза аралынан алып кетті. Италиядағы босқындар лагерінен кейін топ Болоньядан Миланға, сосын шекара арқылы Францияға жол тартты.

Ұлыбританияда пана іздеушілерге қатысты ережелер күшейтілгендіктен, Нада олардың Германияға немесе Италияға баруын сұраған. Ұлыбританияның 2023 жылы шілде айында күшіне енген жаңа заңы бойынша енді Обада пана сұрай алмайды.

Наданың бауырлары пойызбен Парижге аттанған. Алайда 14 жастағы Обада Ұлыбританияға ағасының қасына барғысы келген.

Осылайша, қаңтардың басында Обада, Айзер және тағы он шақты сириялық Кале қаласына келді. Олар полициялардан жасырынып шатыр құрды. Каледе Обадаға пана ұсынылғанымен, ол ағасымен бірге қалғысы келетінін айтты. 

Қайырымдылық ұйымы өкілінің айтуынша, контрабандалар ұлдардың өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік бермей, қысым жасаған. Бала оларға қоңырау шалып, қорқатынын және өз еркінен тыс шекара асқанын айтқан көрінеді. 

Ұлыбританияға келу үшін олар адам басына 2000 еуро төлеген. Алайда кешке қайықпен сапарға аттанған кезде олар батып кетті.

Жақын жерде француз полициясы патрульдеу жүргізді. Оқиға орнына әскери-теңіз күштерінің тікұшағы мен патрульдік катері келді. Құтқарушылар гипотермиядан зардап шеккен 20 мигрантқа көмек көрсетті. Бірақ олардың арасында Обада болмады.

Кейін Айзер мен Обаданың денесі жағаға шығарылды. Екеуі де жүзе алмай, батып кеткен. Нада осы жағдайға өзін кінәлі санайды.

Келесі күні кешке Каленің 100-ге жуық тұрғыны мен бірнеше мигрант бес құрбанның құрметіне қала орталығына жиналып, бір минут үнсіздік жариялады. 

"Ең үлкен тосқауыл – босқындардың өмір сүруіне жол бермейтін еуропалық заңдар. Оларға ешқандай құқық бермейді. Олар Каледе және шекараларда бастарын қатерге тігуге мәжбүр. Бұл – Еуропа заңдарының кінәсі", – деді жергілікті тұрғын.

Обада мен оның ағасының денесі жақын күндері Каледе жерленеді. Француз билігі оларды Ұлыбританияға тасымалдау мүмкін емес екенін мәлімдеді, ал Наданың айтуынша, мәйітті Сирияға тасымалдау құны тым жоғары.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.