Тақырыбы: «Мейірімділік – ізгі қасиет»



жүктеу 485.98 Kb.
бет1/3
Дата18.09.2017
өлшемі485.98 Kb.
  1   2   3

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Тарих және құқық факультеті

«Қазақстан тарихы» кафедрасы



Тақырыбы: « Бопай (Бәтима) ханым (1690-1780) »


Орындаған: Кощжанова Ш.У.

050203 «Тарих» мамандығының

07411- топ студенті
Ғылыми жетекші: Байболсынова А.С.

ОРАЛ-2011


Мазмұны


Кіріспе.....................................................................................................................3

I. КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН..................5

1.1. Әбілқайырдың таққа отыруы........................................................................5

1.2. Әбілқайырдың әйелдері және Бопай ханым................................................7

II. БОПАЙ ХАНЫМ - ҚОҒАМДЫҚ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ.......................14

2.1. Бопай ханша мен патшайым Елизавета ....................................................14

2.2. Сүйегі өзге елде қалған қайран ана ...........................................................20

2.3. Әуенімен әйгілі Әбілқайыр-Бопай әулеті .................................................27

Қорытынды..........................................................................................................30

Пайдаланылған әдебиеттер ...............................................................................32


Қосымшалар.........................................................................................................

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі.

Адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ сүтінен жаралып, күннің нұр шапағынан нәр алып бүр жаратынын атам қазақ атам заманнан-ақ білген. Алаш баласының ананы айрықша ардақтап, есімін асқақ ұстайтыны да сонан болса керек. « Алып-анадан» деп, алыптың алыбы- халықты анаға теңейтіні де тегін емес. Шынында да ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, аузын айға білеген ақын да, семсерін кекке суарған батыр да, ой кенін қазған ғалым да,әлемді аузына қаратқан дарын да анадан туған ғой. Туған халқының атақ-даңқын дәуірлетіп, дүйім дүниеге танытатын да солар. Ал олардың ананың ақ сүтіне жүгінбей, ақылына жығылмай кеткені кемде-кем. Демек, бұл дүниеде анадан асқан жан иесі жоқ.

Арғы-бергі көшпенділер тарихына көз салып, ой таразысына тартар болсақ, белгілі хандардың көбінің-ақ ханымдары отбасындағы оңаша тірлікпен ғана шектелмей ел ісіне араласып, алдағыны болжайтын қайраткер болғанына көзің жетеді. Қазақ ханымдарының да біразы сол ұлы аналарының ұлағатты үлгісін еншілеп, ерге ердей, серіге серідей серік бола білген.

Қазіргі таңда әйелдерге ХІХ ғасырдың аяғы - ХХІ ғасырдың басында бостандық беріліп отыр делінеді. Қате ұғым. Қазақ қыздары әу бастан тең, еркін. Оған мыңдап мысал келтіруге болады. Халық эпосындағы Сақтардың ханшайымы Тұмар ханым, Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, бергі дәуірдегі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қолбастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыз сол әйелдердің шоқ жұлдыздай бір шоғыры.

Енді ата-баба ұстанған салт-дәстүрге үңіліп көрелік. Мұнда да әйелдерге деген ұстаным шариғаттан алшақ жатқан жоқ. Кемсітушілік, қорлау, мүсіркеуден ада. Қызын еркелетіп әлпештеп өсірген халық, Айғаным, Зере Ұлпан секілді аналарында көкке көтерген. Билігіне бағынып, бітіміне көнген. Бірақ осы аналарымыз тайраңдап төске өрлемеген. Ер азаматтарды бағалап, қадіріне жете білген.

Ал бертін келсек, 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында мұз құрсауында алау болып жанып, әділдікті талап етіп, әміршіл жүйеге қарсы шыққан жастарымыздың дені – қайтпас, қайсар, қаршадай қазақ қыздары болды. Қазақтың қызы – адалдықтың, пәктіктің, тазалықтың символы. Арам ойлылардың айтқан анайы сөздері ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан «алтын жіпті» үзе алмасы анық. Қыздар тұрғанда, қыздарды тәрбиелейтін аналар тұрғанда.

Бар тірліктің бастау көзі, әрі ұйытқысы, әрі тұтқасы осы ана, қарлығаштай қанатымен су сеуіп, қашанда өз отбасының ғана емес, күллі отандасының тыныштығын қорғайды. Ел басына қатер төнсе, ерлермен бірге атқа қонып, өз халқының бейқұт өңірі, бейбіт өмірі үшін шыбындай жанын қиып, қасықтай қанын төгуге де әзір. Үй ішінің алаңсыз тірлігін ғана емес, ұлысының ынтымақ -бірлігін ойлап, жоғында ерінің орнын басып, елінің қамын жеген аналар да адамзат тарихында аз ұшыраспайды. Солардың бірі де бірегейі Әбілқайыр ханның әйелі Бопай ханым.

Курстық жұмыстың мақсаты: Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ел билеу ісінде тек ерлер ғана емес, сонымен қатар әйел-аналарымыздың да саяси билікке араласып, белгілі бір шешімдер қабылдауда беделінің зор болғандығын ашып көрсету менің осы курстық жұмысты жазудағы басты мақсатым болып табылады.

Қарға тамырлы халқымыз әрқашанда нәзік жанды әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған.Ұлт басына күн туған замандарда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген де әйелдер, қаһарман қазақ қыздары. Егер тарихқа үңілсек, аналар қандай ауыртпалықты да халқымен бірге көтерген. Жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алса, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қыздарын даналық пен көрегендікке, ізет пен ілтипатқа баулыған.



Курстық жұмыстың міндеті:

− Әйел тек жанұя ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге ел тізгінін де ұстай алатын, бүкіл елді басқаруға қабілеті бар тұлға екенін айқындау;

− Ерінің даңқын шығаратын әйел-анамыздың бейнесін сомдау;

− Билікке араласқан Бопай ханым бейнесі арқылы қазақ әйелінің асқақтығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету;

− Кіші жүздегі саяси билікке Бопай ханымның қосқан үлесін деректер негізінде ашып көрсету.

Курстық жұмыстың құрылымы: Курстық ғылыми жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Сонымен қатар тақырыптың мазмұнына сай қосымшалар берілген.

I КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН
1.1 Әбілқайырдың таққа отыруы
Әбілқайыр хан — Кіші жүз ханы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, айқас-шайқастарды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды. Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темірден тарайтын — Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы, Шыңғыс ханның он бесінші ұрпағы.

1710 ж. Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты Бөгенбай батыр тағайындалды.

ХҮІІІ ғ. қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды.

1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді. Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды.

1726 ж. үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ал, Әбілқайырдың хандық дәрежеге қалай жеткендігін 1736 ж. оның Ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль былайша түйіндейді: Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ. Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін… Кіші орда оны хан сайлады. Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды.

1728 ж. қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіліске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады.

1730 ж. көктемде Балқаштың оңтүстік-шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды. Алайда дәл осы кезеңде Болат хан қаза табады. Сондықтан да басқа ханды тағайындау төңірегінде сауал туындайды. Қат-қабат келген жағдайларға байланысты, Болат ханның жас ұлы Әбілмәмбет хан сайланды.

Билік басына келген жаңа ханды Әбілқайыр құптамай, бас сардар атағынан бас тартып, өз әскерімен Кіші жүзге келеді. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады. Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бұл кезеңде Кіші жүз тұрғындары өте ауыр әскери жағдайға тап болды, төрт жағынан бірдей қоршаған жаудың қыспағында қалды.

Тығырыққа тірелген Әбілқайыр Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Ресейдің қоластына еніп, жан сақтап қалу үшін Әбілқайыр 1730 ж. күзінде елші жібереді. 1731 жылы Ресей сыртқы істер министрлігінің М. Тевкелев бастаған елшілігі Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе деген жерде отырған Әбілқайырдың ордасына келіп, қазақ ұлысын Ресей құрамына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 ж. қазанның 10 Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Бұл антты 1738, 1740, 1742 жж. қайталады. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, орыс қарамағындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ жеріне шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғарлар басып алған жерлер мен қалаларды қайтып алуды көздеді.

Осылай өзінің беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды жүзеге асырмақ болды. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен қатар халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербор сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Ивановнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады.

Орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (пэренмен) астыртын байланыста болды. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 ж. Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шахынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды.

Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш — Әбілқайырдың қызы.

Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды (1735) өзі ұсынды. 1737—38 жж. башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді.

Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі — Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды «орысшылдығы» үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп «қарақшылық» іске барған еді.

Әбілқайырдан көптеген ұрпақ қалған. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Өлкейекке құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 км жерде. Кейін бұл жер «Хан моласы» аталды.

1.2 Әбілқайырдың әйелдері және Бопай ханым
Ішкі және сыртқы саяси қызмет процесінде көптеген қиындықтарды бастан өткерген Әбілқайыр ханға өзінің жанұя мүшелері және ататегіне жататын көпжылдық сынақтан өткен кейбір адал достары мықты тірек бола білді. Жалпы қазақ ханының жеке өмірінде сол дәуірдің көшпелі қазақтарына тән неке-отбасылық мәдениет өзіндік орын алғанын байқауға болады. Орталық Азияның мұсылмандық мәдениет әлеміндегі көптеген лауазымды билеушілері тәрізді, Әбілқайырдың да өмірінде бір емес, бірнеше әйелдері болды, алайда сол уақыттың еуропалық-христиандық түсінігіне сәйкес тек Бопай ханым ғана ханның заңды әйелі болып есептелді.

Әбілқайырдың бірінші әйелі ( немесе бәйбішесі) аты белгісіз қазақ қызы болды, яғни оған хан жас кезінде белгісіз бір себептермен үйленген. Ол туралы ең алғашқы мәлімет 1731 жылы 5 қазандағы Әбілқайырдың Ырғыз өзені бойындағы жазғы ордасында орыс елшісімен алғаш кездесуі туралы сипаттайтын А.И.Тевкелевтің « Журналында» кездеседі. Хан бұл кезде елшіге жоңғар басқыншылығы мен Түркістан қаласын басып алу кезінде қонтайшы оның өгей шешесі мен әйелін тұтқынға алғандығы жөнінде және оларды әлі күнге дейін жоңғар тұтқынынан босата алмай жүргенін айтқан болатын. Кейін Әбілқайырдың аты белгісіз бұл бәйбішесінің өмірде болғандығы жайлы нақты деректі Орынбор губернаторы және сыртқы істер Коллегиясының мүшесі Неплюев келтірген болатын. Ол 1749 жылғы мәліметінде ханның бірінші әйелінен туған Кіші жүз сұлтаны Жәнібекке тұрмысқа шыққан қызы туралы айғақ келтіреді. Осыдан ханның бұл әйелі 1731 және 1736 жылдары жоңғар тұтқынында қаза тапқандығын көруге болады. 1731 жылдары шамасында Әбілқайыр ханның бірінші некесінен жоғарыда айтылғандай Жәнібек сұлтанға күйеуге шыққан ересек қызы болған. Оның анасы Бопайдан бұрын болғандықтан, осыған сәйкес, хан алғаш рет 20 жыл бұрын, яғни шамамен 1709 немесе1710 жылдар шамасында үйленген болу керек. Жас Әбілқайырдың бәйбішесі өз қалауымен таңдаған жары емес, керісінше үлкен ағасы Тоқтамыс сұлтан қаза тапқаннан кейін әмеңгерлік салты бойынша келген көрінеді.

Әбілқайырдың бірінші әйелінің әлеуметтік тегіне қатысты деректерде ешқандай мәлімет келтірілмеген, бірақ олардың кейбіреуінде ханның жақын туыстары арасынан оның « туған балдызы», Кіші жүздің байұлы тармағынан таралған адай руынан шыққан Мырзатай батыр аталады. Мұның өзі ханның үлкен әйелі қазақ элитасының « қарасүйек» тобынан шыққан деп болжауға негіз береді. Негізінен осы некеге қатысты деректерге сүйене отырып, оның Кіші жүз билеушісінің жеке және саяси өмірінде ешқандай із қалдырмады деген қорытындыға келуге болады.

Қазақстан тарихнамасында ерекше белгілі сұлу Бопай ханыммен болған Әбілқайырдың екінші некесінің XVIII ғасырдың 30 жылдарының ортасында дүние салған бәйбішесімен некесіне қарағанда біршама айырмашылығы болды. Бұл неке өмірінің соңына дейін сақтап қалған екі жас ғашықтардың бір-біріне деген үлкен және ұлы сезімінің лайықты нәтижесі болды.

Болашақ ханша Бопай өзінің жұбайы сияқты төре тұқымына жатты және Кіші жүз сұлтаны Дербісәлінің туған қарындасы болды. Оның Шыңғыс тұқымынан шыққандығы жөнінде қосымша мәліметті ағылшын саяхатшысы Джон Кэстль береді. Ол өзінің қазақ еліне саяхат «Журналында» Әбілқайырдың басқа да әйелдерінің ішінен жалғыз Бопайды ғана « ханша» деп көрсетеді.

Бәтима ( Бопай) - Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан димломат қайраткер, төре тұқымынан шыққан. Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен. Оны ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Иоановнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизаветта Петровнаға, әруақытта Орынбор әкімшілігінің басшыларына жазған хаттарынан айқын көруге болады. Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай өзінің ұстанған бағытынан танбайды. Әбілқайыр саясатының өз жалғасын табуы баласы Нұралының орнын басу екендігін терең ұғынған Бопай батыл, ойлап пішілген қадамдар жасайды. Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана Бопай патшайым Елизаветта Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал Тевкелевпен Орынбор губернаторы Неплюевке қисынды өтініш хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін екі жүздің сегіз беделді биі Орынборға, одан кейін Санкт – Петербургке аттанады. Нұралыны « қазақ-қырғыз ханы» етіп бекіту туралы Елизаветта Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.Бестужев – Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы- ханым саясатының жеңісі еді. Бопай Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орынсыз қантөгіс болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қалады. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алу үшін Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты. Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін, тірлдігін ат үстінде өткізген халықтың болашағы бұлдырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өзені бойында қала салдыртуға үгіттейді. Бопай орыс-қазақ қарым-қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келеді. 1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоановнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж. Кэстльдің Әбілқайыр ордасынла болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. Тарихи құжаттармен жақсы таныс А.Левшин XIX ғасырдың 30 жылдарында: « Бопай...өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті» деп жазды. Ол Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғары жағасындағы қорымда жерленген.

Бопай ханшайым 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болып, күйеуінен кейін 32 жыл ғұмыр кешеді. Бопай ханшайымның мавзолейі болған,қаншама адам барып табынып отырған. Бопай анамыздан жаны қысылған да, жәбірленгенде, қиындықта барып жалбарынып, құран оқып отырған. Кейін патша үкіметі құлаған кезде мавзолейдің кірпіштерін алып адамдар үй тұрғыза бастаған деп айтады.

Кіші жүз қазақтарының тарихи шежіресіне сәйкес, Әбілқайыр хан өзінің болашақ әйелімен Жәнібек батырмен бірге болған жорықта танысқан. Олар жолда өте көп табын-табын малы бар бір бай ақсақалдың ауылына бірнеше күнге аялдайды. Сол жерде Әбілқайыр кәрі ақсақалдың көрікті жас қызын алғаш көрген деп есептелінеді, Қыз оның жүрегін бірден жаулап алады және оның тарапынан да өзіне деген сондай ыстық махаббатты оятуды аңсайды. Тапқыр сұлтан белгілі бір себептерді сылтауратып Жәнібекпен бірге қайта жолға шығудан бас тартады және Бопайдың ата-анасынан өзінің ақсүйек тұқымынан екенін жасырып, өзін баураған қыздың әкесіне малшы болып жалданады. Ержүрек, ұзын бойлы, келбетті және қол-аяғы балғадай Әбілқайыр ақылды және өткір мінезді Бопайдың көңілінен аз уақыт аралығында шыға алды. Бопай да оның албырт сезіміне ілтипатпен жауап берді. Аз ғана уақыттың ішінде жастардың арасындағы сезім шынайы махаббатқа ұласады және Бопай одан сәби күтіп жүрген кезінде, Әбілқайыр сүйген қызының менменсіген және қырсық әкесінен олардың некесіне рұқсат беруін сұрауға шешім қабылдайды. Шежіреде айтылғандай, қарт Әбілқайырдың Бопайға үйлену ниетін білгеннен кейін, өзінің жалғыз қызын кедей, атағы шықпаған және жетесіз отбасының тексіз сұлтанына күйеуге бергісі келмейді. Сол себепті де ол алдындағы бөгеттерден өте алмай, қыздан өзі бас тартады деген оймен Әбілқайырға өте көп көлемде қалың мал әкелуді бұйырады. Әбілқайыр қарттың қойған талабына келіседі және оның әйелі, Бопайдың анасына бір ай аралығында « қалай болса да белгіленген қалың малды әкелемін» деп ескертеді. Шөл далада нәтижесіз көп күндерді өткізген ол ойламаған жерден үйір-үйір жылқыны айдап жүрген Жәнібекке кез болады және осы атақты батыр өзіне ұнаған жас төреге болашақ қайынатасының қалың малын өтеу үшін табынынан ең жақсы деген 150-ге жуық айғырды таңдап береді. Әбілқайыр Бопайдың ата-анасының ауылына жылқыларды айдап әкелді, іле-шала оның артынан Жәнібек батыр да келеді. Ол жалғыз басты жас сұлтанмен ере келген құда саналды және тіпті оның тойдағы барлық шығынын көтеруді өз мойнына алды. Қырсық ақсақалдың өзінің сүйікті қызын бірбеткей Әбілқайырға тұрмысқа беруден басқа амалы қалмады, бірнеше күннен кейін ғашықтар қосылады.

Халықтық шежіренің аңызға айналған мифологиялық сюжетінен Әбілқайыр мен Бопайдың жас кезі олардың кейінгі бүкіл ғұмырына тарихи алғышарт болғанын көре аламыз. Екі жас ғашықтың бір-біріне деген ұлы сезімін барлық әлеуметтік теңсіздіктен, сенім мен дәстүрден жоғары қоюы; кедей және жалғыз басты сұлтанның әлеуметтік жағдайы, осыған орай некеге деген қарсылық; сондай-ақ ғашық жұптың өздерінің бақыты мен ортақ тағдыры үшін табандылықпен күресуі осылардың ішіндегі ең бастысы болып табылады. Сұлу ханшайымның жүрегі мен қолы Әбілқайырға дәстүрлі салт бойынша емес, керісінше оның ұлы сезімде көрсеткен табандылығы үшін марапат есебінде қыздың өзінен сыйланды.

Сыртқы келбет пен зияткерлік-ақылдылық қасиеттің бірге тоғысуы жиі кездесетін тұсынан алсақ та, тұлғалық еркі мен өзінің күйеуіне, тіпті старшындар тобына да мықты ықпалы болу тұрғысынан алсақ та, Бопай ханым ортағасыр және жаңа заман кезеңі дәуіріндегі қазақ әйелдерінің ішіндегі ең атақтыларының бірі екені даусыз. Араларындағы ыстық сезімнің нәтижесінде оның Әбілқайырмен некелік одағы және бір-бірін толықтырып тұруы, сондай-ақ әлеуметтік мәні жағынан Кіші және Орта жүз қазақтарын басқару ісін Юлий Цезарь мен Клеопатра, князь Игорь мен Ольга, Әмір Темір мен оның бірінші әйелі Бибі ханым, Бабыр сұлтан мен оның жұбайы Сұлтан-Нигар ханым және т.б. сияқты өз дәуірінің үйлесімді жұптары ретінде кеңінен танымал үлгілермен салыстыруға болады. Сол себепті де Бопай ханшаның көрнекті тұлғасы мен саяси қадамдары XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихының көптеген жазба деректерінде аз орын алмайды.

Орынбор өлкесі шенеуніктерінің пікіріне және Кіші жүз қазақтарының тарихи шежіресіне сәйкес, Бопай ханша әйел адамға тән емес ерекше терең ақылмен, іс-әрекеті және саяси қимылының күштілігімен ерекшеленді. Өмірінің әр кезеңінде Бопай ханым қазақ старшындарының арасында үлкен құрметке ие болды және кейде Кіші және Орта жүз қазақтарын басқаруға да атсалысып отырды.

Хан әйелінің ерге тән парасаттылығы мен күш-қуаты оның сұлу келбеті және тартымдылығымен ерекше үйлесім тапты. Бұл туралы тек қазақ халқының ауызша шежіресінде ғана емес, сонымен қатар ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің Кіші жүз қазақтарына саяхат « Журналында» айтылады. Дж.Кэстль 1736 жылы маусымда Әбілқайырдың жазғы ордасына барған сапарында Бопайдың суретін салады, бұл тұста оған ханның отбасымен жақын танысуға және оның басты әйелінің суретін салуға мүмкіндік туады.

Көшпелілердің қоғамдық жиналыстарында Әбілқайыр мен Бопай әсерлі және үйлесімді жұп ретінде көрінді. Хан мен оның әйелі өмірлерінің көптеген жауапты сәттерінде қазақ сұлтандарының жиналыстарына бірге келуді қалады.

Бопай Әбілқайырдың өмірдегі тек адал жары болып ғана қалған жоқ, сонымен қатар қоғамдық істерде ақылды кеңесшісі мен сенімді серігі болды. А.И.Тевкелевтің, П.И.Рычковтың және И.И.Неплюевтің бірқатар пікірлеріне қарағанда, ол Әбілқайырдың негізгі саяси қимылдары мен әлеуметтік қайта құрудағы жоспарларына көмектесті, бірақ жұбайының кейбір жаман қасиеттерін біле тұра оған тоқтау айтып, ашуын басып, қажет болған кезінде түзеп те отырды. Тіпті ханша кейбір кездерде қолына қаруын алып, жауға қарсы шапқан сәттеріде болды. Алайда ол күйеуінің саясатын үнемі қолдап, жақтап отырмады. Жоңғарларда өзара ішкі талас болып және оларға Қытайдан үлкен әскери қауіп төнген мезгілде осы қазақтардың ең басты жауы жоңғар қонтайшысы Әбілқайырдан көмек, пана сұраған болатын. Ол кездері бітім туралы одақ некелік қатынастар арқылы жүзеге асатын. Әбілқайыр жоңғар қонтайшысының бұл ұсынысына келісіп, оның бір баласына өзінің қызын бермекші болады. Алайда Бопайдың бұл мәселеге қатысты ойы мүлдем өзгеше еді. Осы мәселені шешуге байланысты жиналған құрылтайда ол ханға қарсы шығады. «Әлі күнге дейін жүрегіміз қан жылап жүр, жоңғарлардың көрсеткен қорлығы ұмытылмады, әрбір отбасында қаза тапқандарды жылап-сықтап жатыр, көптеген қазақ батырлары жоңғар тұтқынында отыр»,- деп Бопай құрылтайда сөз сөйлеген болатын. Сол себепті де ол бұл одаққа үзілді-кесілді қарсы болады. Бұл жолы халық жиналысы Әбілқайырды емес, Бопайды қолдап шығады. Осының өзі-ақ Бопайдың көрегенділігінің, ақылдылығының мысалы іспеттес.

Бопай ханша өзінің күйеуінен кейін бірнеше уақыт өмір сүрді және құжаттық мәліметтер бойынша 1780 жылы 31 мамырда 100 жас шамасында дүние салған. Оның Әбілқайырмен некесі барлық жағынан да сәтті болды, жұбайлардың алты баласы болған: бес ұлы – Нұралы (шамамен 1710/11-1790), Ералы ( шамамен 1721-1794), Қожахмет ( шамамен 1722-1749), Айшуақ ( шамамен 1723/24-1810/1811), Әділ ( 1724-1750) және әкесінің өлімінен 2-4 жыл бұрын туылған қызы Зүлейха еді. Бұл кезде хан шамамен 60 жаста болатын.

Бопайдан басқа Әбілқайырдың екі кіші әйелі болған: алғашқысы шыққан тегі жағынан – қалмақ-торғауыт, одан Шыңғыс есімді баласы ( 20 ж.-50 ж. аяғы/60 ж. басы) және екі не үш қызы; ал екіншісі – башқұрт қызы, бұдан ханның Қаратай деген баласы ( 1738-1830 ж.ж.) болды. Бұл екі некелік одақ Әбілқайыр хан үшін башқұрт және қалмақ көршілес мемлекеттерімен пайдалы қарым-қатынас орнату мақсатында ғана қажет еді, сол себепті де оның жеке өмірінде де, санасында да ешқандай орын алмады. Оның үстіне қалмақ әйелімен отбасылық өмірінде ханның деспоттық қасиеті байқалып отырды, яғни бұл әйелін тек күңі ретінде ғана қабылдады. Әбілқайырдың қалмақ тоқалына деген мұндай қатыгездігі әйелінің оған адал болмауынан туындауы әбден мүмкін. Бұл туралы мәліметті озінің күнделігінде ағылшын Джон Кэсть келтірген болатын. Алайда қандай болса да, бұл белгісіз әйелдің Әбілқайырмен некесіндегі отбасылық өмірі тіпті төзгісіз ауыр жүкке айналады, 40 ж. ортасында ол Орынбор үкіметіне бұл некені бұзуды өтініп бірнеше рет көмек сұрайды.

Әбілқайырға өзінің әйелдері мен балаларынан басқа, Қазақстан территориясындағы ішкі және сыртқы мәселелерді шешуде оған көптеген туыстары мен немере ағалары да көмек көрсетті. А.И.Тевкелевтің мәліметінше, 1748 жылдың аяғында Кіші және Орта жүз көшпелі қазақтарының әртүрлі бөліктерін Әбілқайырдың 11 жақын туыстары басқарды: 5 баласы ( Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Шыңғыс), 2 туған немере інілері ( Тоқтамыс сұлтанның баласы Қылышқылы султан және Бұлқайыр сұлтанның баласы Досалы сұлтан) және 2 күйеубаласы ( Жәнібек сұлтан мен Абығай сұлтан). Сонымен қатар, қазақтар арасындағы саяси басқаруда хан немере ағасы Нияз сұлтан мен оның балалары – Қарабаш, Досмұхамед, Орыс сұлтанға; Бопай ханша жағынан туған балдызы Дербісәлі сұлтанға, қазақ элитасының « қарасүйек» тобына жататын жақтастарына арқа сүйеді.

Әбілқайыр үлкен ұлы Нұралыны өзінің басты жауы Барақтың туған немересі және қазақ ханы Күшіктің қызына; ал екінші ұлын- Хиуа ханының қызына; ең кіші ұлы Әділді- бұрынғы Арал иелігінің ханы Шах Темірге үйлендіреді. Бірінші әйелінен туған үлкен қызын Кіші жүз сұлтаны- Жәнібекке; ал тағы бір қызын со лжүздің сұлтаны- Абығайға күйеуге береді; қалмақ әйелінен туған қызын Бұхар ханы Әпілпайызға атастырады, алайда бұл күйеужігіттің өлуіне байланысты хан қызын әйелдікке Жоңғар ханы Цэбан доржыға беруге уәде етті. Осындай одақтардың нәтижесінде ол өзінің саяси үстемдігін нығайтқысы келді.

Әбілқайыр хан мен оның ханшасы Бопайдың ең басты арманы - өмірлерінің соңында балаларынан, немерелері мен шөберелерінен көп ұрпақ сүю болды және олардың бұл армандары орындалды деуге болады. Оның жеті ұлының ішінде балалар саны ең көп болғандары бұл Бопай ханшадан туылған – Нұралы, Ералы, Айшуақтың балалары еді; Қаратайда – төрт бала болды; ал қалған екі ұлы – Қожахмет пен Шыңғыс жас кезінде дүние салады да, бұлардан ешқандай тұяқ қалмайды; ал ең кіші ұлы Әділ де өмірден ерте озғанымен, оның артында екі баласы- Тұрсын мен Ағын сұлтандар қалды.

Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның ең көп немересі үлкен ұлы, хан титулының тікелей мұрагері – Нұралы ханнан болды. И.Г.Георгидің мәліметінше, оның 12 әйелі ( А.И.Левшин-16) болған. Олардың төртеуі атақты Шыңғыс тұқымына жатты, ал қалған сегізі қарапайым қазақ шаруасының немесе тұтқынға түскен қалмақ қыздары еді. Бұл әйелдерінен Нұралы ханның 75 баласы ( по Левшину – 66), олардың 40-ы ер бала болған: Есім, Бөкей, Ғизалы, Қожахмет, Бабық, Шошқара, Бөлке, Бердығалы, Перәлі, Беғалы, Елтай, Есенәлі ( Есентай), Жалтыр, Ишалы, Қаратай, Қондырау, Жиналы, Құлтай, Мыңдалы, Сейдалы, Сығай, Көпи, Жорас, Қорқылта, Әйтөре, Артықғалы, Шоқа, Мұхаметғалы, Абылай, Арслан, Бердалы, Орман, Өзбекғали ( Жақсарт), Жүсіп, Дербісәлі, Фазылбек.

Ералы мен Айшуақ сұлтандардан да біршама ұрпақ қалды. Жазба деректерден Ералының бес ұлы – Темір, Жантөре, Ақап, Бөлекей, Бабы сұлтандар; ал Айшуақта – 16 ұл – Сығалы, Сапақа, Жантөре, Аймұхамбет, Серғазы, Байхұхамбет, Қыдыр, Өтебәлі, Қатана, Шайбақа, Тоққожы, Жақшылық, Қадырғали, Алғазы, Нұрмұхаммед, Тәуке және Жақып сұлтандар болғандығын білуге мүмкіндік туды. Олардың көпшілігінде өздерінің балалары мен немерелері болған.

Әбілқайырдың көптеген ұрпақтарының арасынан Кіші жүз территориясында хан титулын белгілі бір уақыт аралығында оның үш ұлы – Нұралы ( 1748-1786), Ералы (1791-1794), Айшауқ (1797-1805); тоғыз немересі – Есім ( 1795-1797), Пірәлі (1770-1815), Жантөре (1805-1809), Серғазы (1812-1824), Бөкей (1812-1815), Қаратай (1806-1824), Сығай (1816-1824), Бөлекей (1780-1808) және Темір (1817-1824); бес шөбересі – Қасым ( 1808-1827), Мәті (1817-1824), Жәңгір (1824-1845), Қайыпқали (1830-1850), Сауқым (1837/38-1843/44) иемденді.

Әбілқайыр тұқымының көптеген әйелдері Бопай ханым секілді керемет сұлулығымен ерекшеленді және ең беделді ақсүйек топтарының ішіндегі шыңғыс ұрпақтарының қалаулы келіндеріне айналды. Әбілқайыр балалары мен немерелерінің күйеубалалары қатарында Батыр сұлтанның баласы Қарабай сұлтан және Әбілмәмбет ханның баласы, наймандардың белгілі билеушісі - Әбілпейіз сұлтан, Кіші жүздегі әлімұлы руының ханы Арынғазы, Хиуа хандары Елтүзер, Мұхаммед Рахым, Аллақұл және Мұхаммед Әмин болды.


Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет