Тақырыбы: «Мейірімділік – ізгі қасиет»


II БОПАЙ ХАНЫМ - ҚОҒАМДЫҚ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ



жүктеу 485.98 Kb.
бет2/3
Дата18.09.2017
өлшемі485.98 Kb.
1   2   3

II БОПАЙ ХАНЫМ - ҚОҒАМДЫҚ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ
2.1 Бопай ханша мен патшайым Елизавета
Осыдан он шақты жыл бұрынғы Қоғамдық ғылымдар академиясында болған бір оқиға еске түсіп отыр. Бірер ай білім көтеруге барғандардың семинар сабақтарында ойындағысын ірікпей еркін көсілетіні бар ғой. Кәдімгі Раиса Максимовнаның Михаил Горбачевтан екі елі қалмай тұштаңдап алды-артын орап жүрген кезі. Бұрын бірде-бір ел басшысының зайыбын соңынан қалдырмай ертіп жүретінін көрмеген басымыз осы бір ерсілеу қылықтың себебін сұрамаймыз ба?! « Жұбайын ертіп жүрудің еш ерсілігі жоқ, бұл- өркениетте елдерде бұрыннан бар әдет. Азияттық пиғылдан арылатын уақыт жетті енді!» – деп Мәскеулік ғалым өзімізге дүрсе қоя берсін. Астам сөйлеп « азиялық» деп кемсіткісі келген соң намысқа шаппай қалай щыдарсың. Дәл осы заманның өзінде Индира Ганди, Беназир Бхутто сияқты шығыс әйелдерінің ел басқарып отырғанын, түптеп келсе, томирис пен Зарина сияқты массагет, сақ падишалары, грузин Тамарасы ежелгі азия тумалары болғанын еске салып, екі сөздің бірінде аузынан тастамай жүрген Елизавета мен Екатеринаның есімі олардай ғасырлар қойнауын жарып шығары екіталай екенін, ал өзіміз ақырғы ханының міндетін әйел атқарған халықтың азаматы екенімізді айтып, біз де біраз жерге барғанбыз.

Осындай өркөкірек астамшылықтың салдарынан шығыс, оның ішінде қазақ әйелдері туралы еуропалықтардың түсінігі әлі күнге дейін теріс. Ерге ердей, серіге серідей мінез танытып, кіммен болсын терезесі тең серіктей сөйлесу қазақ қыз-келіншектерінің қанымен біткен қасиет екенін олар қайдан білсін. « Хан-бас, ханым- мойын», мойын қайда бұрса бас солай қозғалады» дейтін қарапайым қағиданың өзінде қаншама шындық жатыр. Қазақ әйелдері, әсіресе ханымдары ері алдында ешқашан бүгежектеу, бүркеншіктену дегенді білмей, орынды жерінде ақыл қосып, шаруасын қашанда оңға бастырып отырған. Солардың бірі атышулы Әбілқайыр ханның әйелі Бопай ханым. Ол ханның меймандарын қол қусырып қарсы алып, құрақ ұшып күтумен қатар, олардың халық тағдырын қозғаған пікірлеріне де құлақ түріп, арасында ой сабақтап ел басқаруға да ат салысып отырған өз заманының зерделі де зерек, ақылды да алғыр адамы болған.

Танымал қаламгерлер Тахауи Ахтанов пен Әбіш Кекілбаевтың тарихи туындыларында Бопайдың тегі туралы әртүрлі пікірлер бар. Біреуі оны алты ата Әлімнің ең дүмді байы Достанның отыз ұлдың ортасындағы ерке тотайы десе, екіншісі адай Сүйіндік батырдың аруақ қонған, ақылы толған жалғыз қызы еді дейді. Қалай болғанмен де, ол әйтеуір төре емес, қарапайым қазақтың қызы. Былайша айтқанда, өз жұртының лүп-лүп соққан жүрегіндей, оның тіршілік тынысын, мұң-мүддесін ел есіне жеткізіп отыратын қара мен төренің арасындағы дәнекер сияқты. Ханды билеушіден гөрі халықтың қызметшісі деп білетін елдің өкілі ретінде ол төресін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізгеніне және дау жоқ. Бірақ соның бәр-бәрін ол әдептен озбай ақылмен атқарған сыңайлы.

Әбілқайыр хан опат болар алдында 1748 жылғы маусымның аяғына таман Ордада бригадалық генерал Мәмет Тәуекелов мырза арнайы жіберген Сақмар казагы Көбек Ор бекінісіне қайтып оралады. Қасында Әбілқайыр хан мен Бопай ханым қосып жіберген ханшаны қатты қадірлейтін кісісі Есіркеп батыр мен Байбек төлеңгіт бар. Көбек – ақ ордадан не көріп, не қойғанын, не естігенін түгел дәріптеп берді. Хан Мәмет мырзаның шабарманы барысымен-ақ қазақтардың күллі ру басылары мен билерін шақыртып алып бригадирдің хатын бәрінің алдында дауыстап оқып береді. Жиналған қалың жұрт бас киімдерін қолына алып, ұлы мәртебелі патшайымның құрметіне тағзым етеді. Баяғыда бодандыққа ант алу үшін падишадан арнайы жіберілген ол кезде полковник, қазір генерал-майор болып жүрген Тәуекеловтың өзі тағы да бір келіп, мән-жайын жақсы білетін тарпаң мінез қазақтың қыңырын жөнге, тентегін тезге салып беріп кетсе деген тілек айтылады. Бопай ханша қатысып отырған сол жиында Әбілқайыр ханның өзі сөйлеп, қамқорлық аясына алып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай отырған биік мәртебелі патшайымға мың да бір алғыс айтып, осынау мархабат мейірімге әлі де еркін түсінбей отырған, тарпаң тағы қылығы ара-тұра қылаң беріп қалатын қыр халқының ерсі мінезін бетіне басты. Патша үкіметіне балаларымды алма- кезек аманатқа беріп отырғанымның өзі осы ел тыныштығының қамы деп салмақты халыққа салды хан,-деді Көбек көп жайдан мағлұмат беріп.

Көбектің сөзін Есіркеп те құптап, оған Бопай ханымның арнайы сәлемін жеткізді. Қамқоршы қадірмен қайнаға деп көпшік қоя дұғай сәлем жолдай отырып, ханша Мәмет мырзадан аманатта жүрген Қожахмет сұлтанды елге қайтаруын өтініп, жорықтан оралған соң орнына Айшуақты жіберетінін хабарлапты. Ханмен де, қарамен де, жатпен де, жақынмен де тіл табысып, үйіріп алып кететін ханымның осы мінезін үлкен де, кіші де қадір тұтып, ұдайы құрметтегені сөзсіз. Сол арқылы ханның да беделін биіктетіп, абыройын асырып отырған ол. Демек, оның бодандыққа кіргізгеннен кейін алғыс жаудыртып, Анна Ионовна патшайымға хат жазған хан-қара, би-шораларға қосылып, дербес сәлем жолдауы да тегін емес.

« Жаратқанның жарық нұрына бөленген жарқын жүзді ел иесі, Ресей мемлекетінің шығысы мен батысын ұластырып жатқан елдердің ұлы билеушісі, патшайым Сіздің биік мәртебеңізге бас ие отырып, ақ жүзіммен табаныңызға тәу етіп, қатеріңізге жеткізейін дегенім мынау еді», -деп жазды ол 1731 жылдың қаңтарында.

« Биік мәртебелі сіздің жарлығыңыз бойынша ұлық даражалы Мәмет мырза біздің қазақ жеріне келіп, күллі қазақ хандарын, сұлтандары мен бектерін бүкіл қарашаларымен бірге өзіңізге бодан етті. Барлық қожайындар, хандар мен сұлтандар сіздің биік мәртебеңіз үшін өз қарауындағылардан зекет жинап, түлкі, қарсақ терілерін ұлы құзырыңызға жеткізетін елшілер аттандырады. Ұлық мәртебеңіздің құлақкесті құлы біздің еліміз, барша хандардың ең басы Әбілқайыр хан өзінің бүкіл балаларымен бірге бодандығыңызға енді. Сол үшін де, биік мәртебелім императорлық ұлы мейіріміңізден біздей құлдарыңызды қағыс тастамауыңызды өтіне отырып, бұрын бастан кешкеніміздей қисапсыз көп қиындықтар енді қайталанбас деп сенеміз. Биік мәртебелі өзіңіздің бізді дұшпандардан қорғайтыныңызға сенім артып, әзір қауіп-қатерден арылғандаймыз. Құдыреті күшті құдай тағаладан сізге көп жыл жасар ұзақ ғұмыр бер деп тілейміз. Биік мәртебелім, құлақкесті құлыңыз Әбілқайыр ханның ханшасы Бопай ханым ең ізгі ілтипатпен құттықтай келіп, өзіңізге тарту ретінде он түлкі жіберіп отыр». Хат соңына өзінің, яғни ханшаның аты жазылған мөрі сиямен басылған.

Ханға Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ сияқты бақандай бес ұл тауып берген абыройы асқақ абзал ана Бопай ханымға патша ұлықтарының өзі де баса-көктеп кіру былай тұрсын, батып тіл де қата алмаған тәрізді. Оны Орынбор губернаторы Иван Неплюевтің Сыртқы істер алқасына Әбілқайыр ханның өлімі жайында жазған хабарламасынан да аңғаруға болады.

Әбілқайыр ажалының өзі де аяқ астынан болады. Жұмыс ыңғайымен қарақалпақ жұртына барған хан ойламаған жерде Барақ сұлтанмен ұшырасып қалады. Батыр сұлтан парсы шахының қолдауыменм Хиуаға хан болған баласы Қайыпқа Барақтың қызын айттырып құда түскен екен. Батырдың айдап салуымен беттескен жерде хан мен сұлтан қақтығысып қалады. Даудың басы Барақтың Азия саудагерлерінің ерсілі-қарсылы жүргенде оның ұлысына соғып отыруы талабынан туады. Керуендер онсызда көп тоналып жүрген соң бұған хан қарсылық білдіреді. Осыдан жанжал шығып, жігіттері басымдау Барақ ханды сойылға жығып, Әбілқайыр опат болады. « Алайда оны Бопай ханымға естірте алмай отырмыз» деп жазады генерал.

Әрине, бір жағынан сүйінші сұрағандай бірден естіртуге батпаса, екіншіден, ел дүрлігіп Барақ пен Батырдан кек аламыз деп дүркірей атқа қона ма деп те қауіп ойлайдыь ұлық. Барақ болса, Орта жүздің ең ірі тайпасы- исі Найманның тізгінін бекем ұстап отырған ірі тұлға. Оны тарпаң тағы қыр ғұрпының кегіне құрбан етсе, қазақтың үлкен бір бөлегінен айырылып қалуы кәдік. Сондықтан да алды артын өлшеп-пішіп, бәрінде жан-жақты ойластырып жасау керек. Сол үшін де ол алдымен ханның үлкен ұлдары Ералы мен Нұралыға сөз салып, ымыраға шақырды. Тіпті ағасын әке орнына таққа отырғызу жөнінде үкімет сенатына хат түсіргенінде жасырған жоқ. Ал хан қашанда халық тыныштығының кепілі болуы шарт.

Осылай алдын ала әзірлеп алып, ағайын-туғанның алдынан өтіп барып естірткенде Бопай ханымда қайғыдан қайрат шыңдап, мәрттік таныта білді.

- Елім-ай, маңдайың неткен тар еді, екі арыстан сыймаған,- деп толғанды ол. - Еліне тұлға екі арыс бітісер жолын таба алмай, бір-біріңнің түбіңе жеттіңдер. Қағусыз өскен қиын елдің салмағын бір әйелге тастап кеттіңдер. Белім талды ғой, дағдарған елді тар қиядан алып шығар ұл бар ма ? Қайдасың, азамат ?

Жылағанды жұбатып, құлағанды тұрғызатын, күйрегенде қуат, күйзелгенде қайрат беріп, ел анасын тар қия, тайғақ кешуден алып шығатын азаматты жұрт Нұралы деп білді. Әбілқайырдың өзі-ақ көзі тірісінде орнын басып, тақ иесі болар баласы тұла бойы тұңғышы осы Нұралы екенін губернаторға талай айтқан да көрінеді Сондықтан халық тақ иесі туралы талас туғызбай, оны бірден-ақ хан көтерді. Бірақ халық қанша қалап сайлағынымен, патша ағзам бекітпесе, ол заңды хан болып табылмайды. Осы арада Бопай ханымның абырой беделі тағы да кәдеге асады. Ол 1748 жылғы қазанның 5-ші жұлдызында ұлы патшайым Елизаветаға хат жазады.

« Жаратқан иенің сүйіспеншілігіне бөленген нұр сипатты, шарапатында шек жоқ, мейірбанды падишамыз, бүкіл Ресейдің билеушісі, мархабатты ел басшымыз Елизавета Петровна, - деп басталады ол хат. – Қырғыз-қазақ кіші ордасының ханы Әбілқайырдың ханымы Бопай ханша сіздің назарыңызға мынадай өтініш- тілегін салғысы келеді.

Біріншіден, императорлық ұлы мәртебеңізге адал берілген менің ерім Әбілқайыр хан бұл жарық дүниеден баз кешті. Төменшік күңіңіз мен – жесір, шиеттей бала-шағасы жетім қалды. Биік мәребелі алдияр падишам, қоғары құзырыңызға жан-тәнімен адал берілген Әбілқайыр ханның көзі тірі кезіндей бізді қажет кезінде мархабат мейіріміңізден тыс қалдырмауыңызды өтінемін. Құдайға шүкір, балаларым- Нұралы, Ералы, Қожахмет, Әділ, Шыңғыс ( Әбілқайырдың аяқ салған қалмақ қызынан тауып, кенжесі Әділмен бір емшекті тел емген) – бәрі де тілімді алып айтқанымды екі етпейді. Ал Айшуағым өз ұлысыңызда Орынборда тұрып жатыр.

Екіншіден, ерім Әбілқайыр ханның орнына біздің жағдайымызды жетік білетін, өзіңіздің ұлы құзырыңыздаңы құпия кеңесшіңіз әрі сардар Неплюев пен бригадир Тәуекеловтың және өзіңіздің күллі қырғыз-қазақ халқының ақылымен мұрагер ретінде менің үлкен ұлым Нұралыны хан етіп сайлады.

Үшіншіден, халқымыз аталмыш ұлым Нұралыны хан етіп сайлағанымен, биік мәртебелі патша ағзам, өзіңіздің ұлы жарлығыңызсыз оның басты хан боларлық жағдайы жоқ.

Солүшін де биік мәртебелі алдияр патша, аталмыш ұлым Нұралы сұлтанның әкесі Әбілқайыр ханның орнына нағыз басты хан болуына жарлық етіп, оның хандығын жоғары құзырыңызбен алтын мөрі бар сенімхатпен марапаттауыңызды сұраймын.

Мейірімі шексіз мархабатты мемлекет басшысы, сіздің патшалық биік мәртебеңізден риясыз берілген құлыңыздың өтінішіне мейірбан қолыңызды қоюыңызды өтінемін.

1748 жылғы қазанның 5-ші жұлдызы.

Осынау өтініш мәлімдемеге Әбілқайыр ханның Бопай ханшасының мөрі басылды. ( XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. Алматы. 1961. Деректердің дені осы жинақтан алынды).

Сарыны дәл осы секілді өтініш хатты патшайымға сол күні кіші және орта жүздің бір топ билері мен батырлары да жіберген. Ал Бопай ханым бұнымен де тынбай келесі күні бригадалық генерал А.Тәуекелов ( бұл кезде ол башқұрт мырзасы шоқынып, Алексей Иванович деген ат алған) пен Орынбол губернаторы И.Неплюевке де хат жолдайды. Тарихи дерек үшін екеуін де толық жариялаған артық болмас.

« Аса мархабатты ұлық мәртебелі, бізге шынайы да шексіз мейірбандық көрсетіп жүрген жарылқаушымыз, жомарт жанды бригадир мырза сіздің ұзақ ғұмыр жасап, игілікті де бақытты өмір сүруіңізді тілеймін.

Өзіңіздің келініңіз Бопай ханша мына мен сіз жіберген ғизатлу хаттарды алғанымды қаперіңізге саламын. Тілмаш Яков Гуляев арқылы жіберген хатыңыз сияқты кейінгілер де қуанышым қойныма сыймай құмарта оқып шықтым. Мазмұнына қаныққан соң осындай жазуыңызды үзбей бізді ұдайы қуанышқа кенелте беруіңізді тіледім.

Осымен бірге сіздің қаперіңізге мынаны салғым келеді. Өкініші өте күшті әрі төзгісіз болса да, Барақ сұлтанның дұшпандық зұлымдықпен ханымызды мерт еткені сізге мәлім шығар. Алайда жүрегіңнің қалқанын қайғының жебесіне қарсы ұста деген ақылыңызды алып шыдап отырмыз. Сіздің ақыл-кеңесіңізбен күллі халқыңыз бірауыздан қылаусыз бірігіп, орат жүздің де, кіші жүздің де белгілі билері пәтуаласып менің ұлымды хан сайлады. Әйткенмен оның халық меселін қайтарып, хандық биліктен бас тартпақ ойы болмағанымен, биік мәртебелі патша ағзамның айрықша бұйрығынсыз хан тағына отырып, басты ханның билігін жүргізе алмайтыны анық. Сол үшін де билер биік мәртебелі алдияр тақсырдың өзіне өтініш айтып, өз адамдарын аттандырды. Сондықтан сіздің үкіметіңізден әрі өз мархабатыңыздан сол кісілерді қабылдап және оларға өз адамдарыңызды қосып менің ұлымды әкесінің орнына бас хан етіп қойып, өкілеттігін мәртебелі алтын мөр басылған сенімхатпен бекіту үшін жоғары жаққа жіберуіңізді сұраймын.

О, тақсыр, бригадир мырза, бізді алғаш өзіңіз ақ-адал жолға салып, сіздің қам-қарекетіңіз арқылы қыруар игілік көргендіктен өзіңізден өзге біреу бар деген ойға келмейді. Сіз Орынборға келсеңіз, одан қия басып ешқайда шықпайсыз. Егер Айшуақ сұлтанмен осында келіп, арамызда біраз болсаңыз ғой, дұшпаннан ханның кегі қайтқандай сезер едік. Ал өз атыңыздан сөйлеуге мұрсат бергеніңіз біз үшін керемет бір сүйсінерлік іс болды. Оның үстіне жоғары мәртебелі генерал Иван Ивановичпен келісіп, қоян-қолтық жұмыс істеп жатқаныңызға күллі халқымыз адам айтқысыз қуанышты. Өйткені сіз өзіңіздің асқақ ақыл-парасатыңызбен қашанда халқымыздың есіндесіз. Құдай берген қабілетіңіздің арқасында барлығымызды ақылға салып, әдет-ғұрпымызды сыйлап, бұрыс жолымызды дұрыс арнаға түсіріп, олқылығын толтырып отырушы едіңіз. Қазір бәріміз де Сізге құдайдай сеніп, тәңірден денсаулығыңызды зор етуін тілейміз. Бүгінгідей жағдайда тәлім-тәрбие беріп терісімізді түзеп жөн сілтер отырғаныңыз үшін жоғарыдағы жаратушы жалғыз иенің шарапаты тиіп халқымызды сүйсінтіп жасаған жақсылығыңыз өзіңізге де жұғысты болсын дегім келеді.

Осыдан артық асыра сілтеп, тым көп сөйлеп кетпейін. Оның үстіне генерал мырза Иван Иванович маған жолдаған хатында сіз жіберген сәлемдеріңіз туралы бригадир мырзамен хабарласып, ақылдасып отырамыз деген еді. Оған әжептәуір марқайып қалдық. Ал енді бізге ханның асын беру үшін бір түйеге тиеп бидай ұнын жіберуіңізді өтінемін. Келесі көктемде ханның бұрынғы ордасына жабу үшін жасыл немесе көк шұға қажет боп қалар. Бізге деген достық пейіліңізге сенгендіктен шұға жібер деп сізді қинағалы отырмын. Ол үшін ғафу етіп, өтінішімізді аяқсыз тастамассыз. Сонымен бірге мені қапа қып өкінішке қалдырмассыз деп ойлаймын. Жақсы кезде де ұдайы қол ұшын берген сіз өзіміз айтпай-ақ қамқорлық жасар деп үміттеміз. Сізге сол үшін де дән ризамыз.

Сөзімді түйіндей келіп өзіңізге әмісе игілік тілейтін Бопай ханшаңыз болып қала беремін дегім келеді. Бәрі жайында сізге өзіңіз бек сенетін тілмаш Яков Гуляевтан ауызша айтып жібердім.

1748 жылғы қазанның 6-шы жұлдызында Қайыңды-Ырғыз жерінде жазылды.

Аталмыш хаттың сенімдірек болуы үшін екі бірдей мөр: бірі-ханшаның екіншісі- Нұралы сұлтанның мөрі басылды.

Сонымен қатар сізден қалампыр, бұрыш және пияз жіберуіңізді сұраймын. – Қажеті болып тұр.

Нұралы сұлтанның сәлемі: Мен, зіңіздің жиеніңіз Нұралы сұлтан жоғарыда жазылғанның бәріне қосыла отырып, сіздің үкіметіңізге, қадірмен нағашым- мархабатты бригадир мырзаға тек қана жақсылық тілеуші болып қала беремін. Алда да мейірім шапағатыңыздан сырт қалдырмауыңызды сұраймын. Егер бір бұйымтай бұйрығыңыз болса, төбеммен жүріп орындайтыныма сеніңіз.

Иә, сонымен бірге сізге Жәнібек сұлтан мен өз адамдарымыз Байбек және кіші жүздің бес руынан бір-бір кісі жіберіп отырмыз. Осыларға өз адамдарыңызды қосып, әрі қрай аттандырасыз. Ал Қосқұлақ пен Түгелді өзімізге қайтарыңыз».

Ал енді губернатор Иван Неплюевке жолдаған хаттың мәтіні мынадай:

« Бек мархабатты әрі биік мәртебелі құпия кеңесші, Сардар мырза, Орынбор губерниясының губернаторы Иван Иванович, сіздің мызғымас абзал әулетіңізге барша жақсылықты тілеймін.

Сіздің жазғаныңызды осында тілмаш Яков пен өз адамымыз арқылы алдым. Оқып шығып ізгі ниетіңізге мейлінше риза болып қуанып қалдым. Менің ерім, сіздің досыңыз Әбілқайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруі бізді қандай қайғыға батырғаны өзіңізге белгілі шығар. Қанша қапаланып, қабырғамыз қайысып, қайғыға тұншықсақ та, достық ақыл- кеңесіңізді ізгілік деп қабылдап, жүрегіміздің қалқанын қарсы ұстап, қасірет жебесін кері майырып, сабыр етіп отырған жайымыз бар. Оның үстіне халқымыз бас құрап, татулық танытып, ұлым Нұралыны әкесі Әбілқайырдың орнына хан сайлауға өзара келісті. Соған сәйкес менен, Нұралыдан, орта және кіші жүздің күллі билерінен биік мәртебелі патша ағзамға өтініш хат жолданды. Сіздің жоғары мәртебеңізден сол жолдау хатты бік мәртебелі патшайымның сарайына өз адамдарыңызды қосып, жеткізіп, ұлымның әкесінің орнын басып, басты хан болғаны туралы алтын мөр басылған сенімхат берілуіне жәрдем жасауыңызды сұраймын. Онан да гөрі аталмыш залым Барақтан кек қайтаруға ұлы мәртебелі алдияр тақсыр падишаның рұқсатын сұрауыңызды, олай болмағанда біздің қырғыз- қазақ халқына оның сазайын тартқызуға мұрсат етуіңізді сұраймын. Бұл әне басқа мұқтаждарым өнінде биік мәртебелі патша ағзамнан өзіңіз арқылы шарапат көретініме кәміл сенемін.

Сізге жақсылық тілейтін

Бопай ханша.

Сенімді болу үшін оңына ханның мөрі басылды.

1748 жылғы қазанның 6-шы жұлдызында Ырғыздағы Қайыңды өзенінен жазылды».

Бұл хаттарда қаншама сыр, қаншама мұң, қаншама ой-пікір, ниет-пиғыл жатыр десеңізші. Патшайым ізін суытпай Орынбор губернаторы Иван Неплюевке жарлық береді. Онда ол: « Қырғыз-қазақтың ханы Әбілқайырдың қаза табуына байланысты оның ханымы Бопай мен үлкен ұлы Нұралы сұлтаннан және оны әкесінің орнына хан сайлаған күллі халықтың атынан елшілер келгенін, олардың басшысы хан тұқымының күйеуі Жәнібек сұлтан мен серіктері губернаторға қайтарып жіберіліп отырғанын, оларға көрсетілген сый-сияпат, тарту-таралғының жарлықта барлығы жазылады.

Губернаторға Жәнібек сұлтан барысымен Орынборға Нұралыны шақыртып алып, ханның таққа отыру рәсімін жасауды тапсырады. Адлдыққа ант берген соң ханға семсер сыйлап, торқа тон мен алтындаған бөрік кигізіп, той-томалақ жасап, жұрттың ризашылығын алуды жүктейді».

Бір қызығы бұл ат-шанадан басқа көлік, шабарманнан басқа байланыс жоқ кезде небәрі алты-ақ айдың ішінде шешілген мәселе.
2.2 Сүйегі өзге елде қалған қайран ана
Қазақтың өмір сүруі қиынға айналған XVIII ғасырдың аласапыранында ел-жұртының қамы үшін жанкештілік қимыл көрсетіп, ақырында отаршыл губернатордың саяси қапақылының құрбанына айналған Кіші жүз ханы Әбілқайырдың саяси-қайраткерлік бейнесі әлі танылмай жатыр. Кеңестік қалыппен қаланған тарихи баға Әбілқайырды қазақ жерін Ресейге қосып берген хан деген шеңберде әлі шиырлап жүр. Көшпенділер рухы құламай тұрғанда, дала демократиясының пәрменімен ханы қараның көңіліне қарап әрекет еткен кезеңде Әбілқайыр тұлпарының тұяғы көбірек тиген топырақ – Ақтөбе мен Орынбор арасы. Бүгінде ала шекара сызығымен екі түрлі мәдениетке қарс айырылған аймақтағы тарихи ес те екіге жарылып қалғандай. Дегенмен, жер-су атаулары, көшкен жұрттың қоныстары, тартысты күндердегі ширыққан оқиғалар ізі қалды. Басқыншы мәдениет отар елдің отына май құйған 300 жылғы өрт, өліара уақыт Әбілқайыр мен оның төңірегіндегі тұлғалар шоғырының ізін өшіріп жібергендей.

Абылай хан мен Әбілқайыр аруақтарын салыстырып, даңғаза « дерек» іздеген бүгінгі тірі пенделердің күйкі тірлігі де өсер елдің ісіне ұқсамайды.

Тарихи ес тірісінде де, өлісінде де нақақ жала мен негізсіз айыптаулардан құтыла алмаған Әбілқайырды аршып алуды сұрап-ақ тұр.

Цензурадан сүзгіленген мұрағат ақтарсаңыз, Әбілқайырдың іс-әрекеті мен димломатиялық қадамдарынан бәйбіше Бопай ханымның қолтаңбасы сығалайды. Себебі, Әбілқайыр тұсындағы Батыс Қазақстандағы кез келген сыртқы, ішкі мемлекетаралық қимылдар Бопай ханымның қатысуынсыз іске асырылған емес. XVIII ғасырдағы қазақтың айтулы әйелдерінің бірі Бопай ханым туралы тарихи әдебиетте, орыс зерттеушілері естеліктерінде көбірек жазылғанымен , оның үш ғасыр бұрын жүріп өткен жолдарын анықтауды Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жоспарға кіргізді. 2008 жылдың шілдесінде басшысы Еркін Құрманбековтің бастауымен мұражай қызметкерлері Орынбор облысы Илецк ауданындағы Бопай ханым жерленген орынға барды. Ресейлік қазақтардан дерек жиналды.

Қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражай қоры Бопай ханым, Әбілқайыр ұрпақтарына қатысты жәдігерлермен толыға түсті. Мұражай қорының бастығы Зада Мұқашева Бопай экспедициясына қатысты төмендегі жайттарды хабарлайды:

- 1990 жылдың ортасында Орынбор мұрағатынан алынған « труды ОУАК ( Орынбор ғылым комиссиясының мұрағаты) 27 фотокөшірмеде келтірілген Ресей императоры геология комитетінің мүшесі Д.Н.Соколовтың 1906-1907 жылдардағы « Из поездок по степи», « Наблюдения и Заметки» деген жазбасында Орынбордан бері қарай Орал уезінің қорғандарын, ірі Қобда, Елек, Орал маңындағы қорғандарды зерттеп, жаза келіп, осының ішінде Бопай жерленген жерді былай деп көрсеткен: « Раскопки Красногорского кургана на Кузнечной горе в стороне от крупных рек ( Илек, Урал) на горе острый Шихан у речки Черной, где как говорят при раскопке нашли (хищнической раскопки) железные вещи и обрывки парчевой одежды, несколько верст от ниже пос. Черновского, впадает в речку Черную ручей, которого русские называют Пупай. На 10 верстной карте Оренбурского военного топографического отдела около этого ручья, на левой его стороне на высоком Холме показана « Папая, Ханьшина могила». На рукописной обноверстной карте Оренбурского казачьего войска среди местных жителей этот холм называется « Мечетка», -деп жазылған.

Патша заманындағы көптеген карталарда Бопай атауы бар, кейбірінде

« Мечетка» деп жазылыпты. Орынбор әскери-топографиялық картасында « Пупая-ханьшина могила» деп белгіленген.

Соколов Бопай ханым мазары Әбілқайыр хан мазарына өте ұқсас, сұрғылт кірпішпен конус пішінді етіп өрілген, төбесінде айдың кесіндісі тұр деп сипаттаған патша шенеунігі П.И.Рычковтың дерегіне сүйенген. Қасында түрлі шүберектердің қиындылары байланған. Қабырға мен Өлкейек өзендерінің қиылысында тұрған Әбілқайыр мазарының биігіндегі ойықта найза, ұстанған қару-жарақтары кесе-көлденең тұр, жұрты ас берген мкезде найзаны алып, оның орнына ет, басқа тағамдарды табағымен қояды деп суреттейді.

Бопай мазары тұрған жерге Екатерина императрица кейіннен немістерді көшірген. Қасында орыстардың Черновский деген елді-мекені болған. Сол жердің тұрғындары Соколовқа « Мечетка» атауынан басқаны айтып бере алмапты. Соған қарағанда, жергілікті жұрт мазарды бұзып, кірпішін пеш салуға пайдаланған деп болжам жасады Соколов тарихшы. Тоналған ханым бейітінің маңында шашылып, жыртылған парша көйлектің жұқаналары да қарақшылықтың куәсі. XIX ғасырда басқа жұрттың қолымен жасалынған ұрлық пен тонау, қиратып-жоюды бастан өткерген Бопай анамыз жатқан биіктіктің тек « Мечетка» атауы қалды. Ханым мазарын да осылайша отаршылдық орағы қиратып түсірген.

Әбілқайыр-Бопай дәуірінен соң бұл жақта қазақ көші бұрынғысынша ұзақ аялдамайтын болды.

Бүгінгі Орынбор даласы қандай сырды бүгіп жатыр ? Жергілікті

қазақтар не дейді ?

Экспедиция мүшелері Бопай зиратына бара жатқанда Орынбор облысының Ақбұлағынан, әрі қарай Соль-Илецк ауданына кіреді. Орынбор қаласын айналып, Илецк ауданы « Димитров» совхозының жеріне өтеді. Ақтөбеден төте тартқанда, Оралдың Шыңғырлауынан тікелей құлдиласаңыз, Орынбордың Елек ауданындағы Бопай ана жатқан жерден бір-ақ шығасыз. Бөтен мемлекеттің жері болғасын, қазірде айналып жүруге мәжбүрміз.

Бұрында атақты жылқы зауыты орналасқан « Димитриев» совхозы 3-бөлімшесінде тұратын Лұқпан Есжанов оларды Бопай сайына алып барды. Ол кісі 1936 жылдан бері осы өңірде тұрып жатыр. Өз көлігімен мұсылмандардың ескі зиратына бастап әкеліп, осы жерде Бопай ханымның бейіті тұрғанын үлкендерден естігенін жеткізді. Ескі зираттың бейіт тастары құм болып езіліп, ақтастары шығып жатыр. Бұл жерде 1947 жылы ең соңғы рет екі қазақ жерленген. Екі құлпы тастың да сапасы төмен, тек сұлбасы қалған. Ескі зират қасындағы Бопай сайына алып барды. Ар жағы әскери полигон. Полигонның дәл түбінде тұрған биік төбеге бара алмады. Себебі, сол мезгілде Ресей армиясының әскери жаттығулары жүріп жатқасын рұқсат бермеген. Дегенмен, жергілікті Лұқпан жылқышының Бопай ханым жатыр деп жобалап айтқан жазықтағы ескі бейіттің орны көңілге қонбады. Үш ғасыр бұрын « Мечетка» атандырған айрықша мазар не болса да әскери полигонға айналған жазықтықтың бергі жағындағы алыстан көзге түсетін жалғыз төбеде қалған болар.

Лұқпан ақсақал өзі ес білгелі ханымды іздеп келген екінші топ екендерін айтқан. 1995 жылы осы жерге Әбіш Кекілбаев тұңғыш рет аяқ басқан. Оралдың Шыңғырлау ауданы басшылары да Әбішпен ере келіпті. Осыдан өзге бұрын-соңды Бопай мекенін іздеген жан болмапты. 1906-1907 жылдары саяхатшы Соколовтың жазбалары мен картасында белгіленген Бопай жері оларды араға 300 жыл уақыт сала көңілсіз қарсы алғанын айтады. Олар аяқ басқан төңірек- аумағы 35 шақырымдай елсіз жер.

- Әбілқайыр ханның саяси қайраткерлік тұлғасы күрделі әрі терең. Енді оның қасындағы Бопай ханымның бейнесі қандай! Бұл жөнінде қорда қандай деректер бар!

- XVIII ғасырдағы қайраткер қазақ әйелдерінің тарихта аты жазылып қалса, солардың көшбасында Бопай тұр. Оның шын есімі- Бәтима Сүйіндікқызы, руы- Адайдың Табынайы. Тарихта ол 100 жасады, Әбілқайыр қазасынан кейін де балаларына басшы болып, әсіресе баласы Нұралы ханның билігіне көп ықпал еткені айтылады. Өмір сүрген жылдары 1690-1780 жылдар. Кейбір деректерде 100 жыл өмір сүріп, 1790 жылы қайтыс болды деп те жазылады.

Жалпы, Әбілқайыр ханды көп зерттеп жүрген тарихшы Ирина Ерофеева екені барщаға мәлім. Ол ханның өзінен бастап, бүкіл әулетін жазды. Орыс зерттеушілері Бопай ханымды көбірек сипаттаған. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы жазбалардың 400 беттейі тек Бопай ханымға қатысты жиналған дүниелер.

Бір ақиқаты- жұрты Бопай атандырған Бәтима Сүйіндікқызы Әбілқайырдың зайыбы ғана емес, ханның рухани-саяси көмекшісі бола білген. Ел тағдырына байланысты қиын-қыстау уақытта ханның саяси шешімдер қабылдауына ерекше ықпал еткен. Өте саясаткер, күрескерлік қабілеті мықты, қайсар да алғыр әйел болған. Ханмен келіспейтін жерлерін кеңесте ашық айтып, кейбір мәселелерде түзету жасап отырған.

Бопай- Әбілқайырдың екінші қосағы. Бірінші әйелі өлгеннен кейін Бопайдың әкесі Сүйіндікке құда түсіп, қызын алған. Әбілқайырдың Бопайдан

басқа үш әйелі болғанмен де, олардың есімдері жазбаларда ұшыраспайды.

Бопай- Кіші жүздің көк найзалы адай руының Табынай тармағынан. Бұл тұқымнан батырлар көп тараған. Әкесі- Сүйіндік батыр. Бопайдың інісі- есімі тарихта қалған Мырзатай батыр, Әбілқайырдың жанашыр серіктерінің бірі, әскерін басқарған айтулы тұлға. 1748 жылы ханды Барақ өлтіргеннен кейін Мырзатай батырдың Орынбор губернаторы Неплюевке жазған хатында осы жауыздықтың қасақана, мұқият ұйымдастырылғанын, Неплюевтің де басына осындай өлім келетінін ескерткен. Мырзатай хатындағы осы жолдардың өзі-ақ оның XVIII ғасыр ортасындағы шиеленістердің арасында жүрген, болып жатқан жағдайдан толық хабардар тұлға екенін айғақтайды. Әбілқайыр өлімінен кейін кек қайтару оқиғасына Бопайдың ағасы Қонай батыр белсене қатысқан.

Бопайдың Адай руынан екенін тарихшы Витевский « Н.Неплюев пен Орынбор губерниясы жайындағы» монографиясында ашық жазған.

Жалпы, Ресей архивтеріндегі патша карталарында қазақтың қонысы, жер-су атаулары сол күйінде қалған. 2007 жылы Орынбор мұрағатынан Бопайдың әкесі Сүйіндікке қатысты 1895 жылғы дереке кез болғанын жазады. Орынбор облысының қазіргі Адамов ауданы- Сүйіндіктің қонысы, қыс-қыстауы. Сол маңда Сүйіндік өзені ағып жатқан. Сүйіндіктің қоныс еткен жері ме, әлде қызының сыйға берген жері ме, белгісіз. Әйтеуір, орыс картасында Сүйіндік болысы делінген. Бұл 1912 жылы Орынбордағы Яковлевтер баспаханасынан шыққан. « Материалы по киргизскому землеиспользованию, собранные и разработанные статистической партией Тургайского-Уральского, пересенленческого района» деген кітабында « Суюндукская волость зимовка у реки Суюндук»деп көрсетілген.

Сондай-ақ осы Сүйіндік өзеніне қатысты жасы 80-нен асқан ақтөбелік Бағила Сарсенованың қызық дерегі де бар екен. Бала кезінде Сүйіндік өзеніне шомылып өскен екен, жақын жерде Елубай, Қоскөл деген ауылдар болғаны есінде. Сүйіндік- суы көп, балығы мол өзен болса керек. 1930 жылдары ата-анасыз қалған Бағила жетімдер үйіне жіберіліп, туған жерден қол үзген. Кейіннен Иреклинская су электр стансасы салынғасын, өзен бірте-бірте тартылып қалыпты. Бұл- қазіргі Орынбордың Адамов ауданы.

Бопай ханымның Ресей елшілерімен қарым-қатынасын, балаларының тәрбиесіне қатысты деректерді, өкінішке қарай, тек бірыңғай орыс зерттеушілерінің жазбаларына ғана қарап, танимыз. Сол себептен де Әбілқайырға қатысты мағлұматтар орыстық отаршылдық көзқарасқа еріксіз ауысып кете беретін сондықтан секілді ғой...

Шындығында, Бопай- ел анасы, оның қай ұлы да осал болмағаны тарихтан белгілі. Нұралы, Ералы, Айшуақ, Әділ, қыздары бар. Ұлдарының, одан тараған ұрпаққа тағылымды тәрбие берген аналары емес пе ? Бопай- жаңаны тез қабылдауға ұмтылған, мәдениет пен өнер, ғылымға жанашыр болған көрегенді ана. Мәселен, орыс патшайымы Екатерина Петербургте алғаш ұйымдастырған мұражайға қазақ халқының мәдениетіне, этнографиясына қатысты дүниелерді тауып беріп, ел ішінен жинастырған. Оның бәрі де қазақты танытуға деген ұмтылыстан туған. Мұның өзі-ақ Бопай ханымның алдағыны ойлайтын көрегендігін, парасаттылығын дәлелдеп тұр емес пе ?

Сұлулығы мен ақылдылығы өзіне сай, ерекше парасаттылық дарыған жан екені ірі әдебиеттерде баса айтылады. Жас кезінен сынықшылық қасиет дарыған. Ағылшын суретшісі Джон Кэстль 1736 жылы Хан Ордасына келгенде, 40- тан сәл асқан Бопай ханымды аса қызығушылықпен әдемі суреттегені бар. Әбілқайырдың ұлдары бірінен соң бірі Санкт-Петербургқа аманатқа жіберілді. Иператор сарайында жас Ералы мен Әділ ел бетін көрместен, 6-7 жыл үзіліссіз аманатта ұсталынды. Джон Кэстль Ералының суретін салып әкеліп Бопайға көрсеткенде, сағынышын ішене сақтап, сыр бермеген ханым баласының суретінен көз алмайды. Ұзақ қарап болғасын, көзінің жасын сүртіп, ризашылық белгісі ретінде үнсіз ғана тостағанға құйып шымылдық астынан Кэстльге қымыз ұсынған. Баласын ұзақ уақыт бойы көрмеу ана үшін ауыр қасірет. Бейтаныс шетелдіктен ұлының суретін қолға ұстағанда, жылдар бойғы жүрегін басқан зіл салмақты қозғап жібергенде де жан күйзелісін ішене бүгіп, өзін бақылап отырған шетелдіктің алдында Бопай ана сыр бермейді.

Орыс елінде ұсанатын жағымды да жылы тәрбиені, әрине, Бопай ханым балаларына бере білген. Ол- қайтсе де ерінің атын оздыруға ұмылған, ар мен ибаны қатар ұстанатын дала мәдениетін өз бойына жинақтаған қазақ әйелі.

Бопайдан тараған қыздар да өз заманында айтулы тұлғалар еді. Мәселен, Бопай немересі, Нұралының қызы Тойғараның елден асқан сұлулығы сондай, Орынбор өңірінде оған тең келер жан болмапты. 1796-1799 жылдары Орынбордың әскери губернаторы болған Осип Игельстром Тойғараға өлердей ғашық екен. 1854 жылы Санкт-Петербургтен шыққан Павел Небольсиннің « Рассказы проезжего » деген кітабында мынадай жолдар бар:

« Княгиня Тойкара настойчиво просила Игельстрома за своих близких родственников о восстановлении ханской власти. В Оренбурге он пленился Той-Карой женщиной умной и красивой. Тойкара была замужем за киргизом, чиновником в должности заседателя в пограничном суде, Нурмуханбетовым Хожею, жила постоянно в Оренбурге. Бывала и в Петербурге, усвоила сведкость, но одевалась всегда в национальный костюм. Поэтому непоследовательность в распоряжениях Игельстрома по киргизским делам объясняется влиянием на него Тойкары.

За ласки Тойкары выхлопатал ей титул княгини, пастбищное место для ее стад в окрестности Оренбурга и право, из уважения к ее породе ездить цугом».

« ... Тойкара, дочь Нурали-Хана, жена Хаджи Нурмухамедова, умерла в 1805 или в 1806 году. Она была женщиной умной, пышной и красотою свою с ума сводила многих. Самым жарким и горячим ее обожателем был барон Игельстром. Императрица Екатерина Великая подарила ей великолепную карету и пожаловала по смерти, землю в какую-то губернии. Тойкара была в таком уважении у всех киргизов, что даже братья ее и прочие султаны ни в чем не смели ей противоречить и слушали ее с почтением, с подобострастием. Часто она их журила, бранила, и с сожалением покачивая на них головою, частенько говорила: « Эх, не родись я бабой, а родись мужчиной, я бы показала вам себя! Я бы вас выучила! Да не словами, а делом, чтобы и вы, глядя на меня, делали тоже, что и я делаю!

Тойкара иначе не выезжала, как в карете, цугом в шесть лошадей. Муж ее человек хороший, но смирный, служил в комиссии, был надворным советником, носил медаль. Пожив в Петербурге, Тойкара возвратилась оттуда в 1797 году и с тех пор, по самою смерть безвыездно жила в Оренбурге, напротив одноэтажной казармы.

Она ужасно любила, чтобы ее, ни того, ни сего за то только, что отец ее был хан Нурали, звали почаще « Ваше сиятельство». Жила она совершенно на европейскою ногу: одевалась чрезвычайно богато, одна кожа в немногу как по киргизкси. Самолюбива была ужасно и важничала до смеха, благо рука была у барона Игельстром.

Примерно сказать, когда гости приедут с визитами, она не сядет по людски в кресло, заберется на диван поставленный на возвышении. По вечерам у Тойкары бывала обыкнавенная музыка, частенько самая жалкая. Пожила так и она в свое время! Схоронена она за Оренбургскими Миновым Двором, а после нее мужа там же похоронили».

Тойқара 1806 жылы патша императорының қолынан жер иеленуге рұқсат алған қыз. Орынбордан 12 шақырым жатқан Жайық өзенінің жағасынан шалғыны мол, нулы да сулы да жер бөлінген, осында имениесі болды. 6 атты қатар жеккен күймесімен Орынбор көшесіне шыққанда, жұрттың бәрі жапырылып жол берген. XIX ғасырдың басында осындай сән-салтанатпен көшеге шығуға тек орыс императорының ғана рұқсаты керек еді. Өкінішке қарай, Тойқара жөнінде дерек тым сараң. Суреті де жоқ. Бізге белгілісі- Орынбор губернаторының өзіне деген әлсіздігін қазақ-орыс қатынастарына, әсіресе, қазақтың пайдасына қарай бұра білгендігі.

Бопайдан тараған ұрпақ- Нұралының немересі Хұсни Жамал 1894 жылы Бөкей ордасында қыздар мектебін ашқан. Қазақта тұңғыш рет мектеп ашып, бала оқытқан қыз. Қазақ балаларының сауатын ашап деп жүріп қолы босамағандықтан, күйеуге де 40 жасқа келіп қалғанда шығыпты.

Әбілқайыр мен Бопайдың шөбересі Пірәлі қызы Жақсы ханым өз заманында Сыр бойындағы Кіші руларын бірлікте, татулықта ұстауға, басқа да саяхаттарға араласқан ақылды әйел. Жақсы ханымның күйеуі Арынғазы хан. Патша өкіметі демократиялық ұстанымдары үшін Арынғазыны Калугаға жер аударды. Елге қайтуға рұқсат бермеді, сонда қайтыс болған. Жақсы ханым орыс императорына күйеуінің артынан іздеп баруға рұқсат сұрағынымен, тыйым салынды. Арынғазы қайтыс болғанда, « ең болмаса сүйегін алып келейін» деп жазған өтініші іске аспады. Арынғазының мекені Ақтөбе қаласының түбіндегі Қарғалының бойы еді.

1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны, « үштіктің» үкімімен атылған жалғыз қазақ әйелі- Шахзада Аронқызы да Бопайдан тараған ұрпақ. Нұралының баласы Қаратай сұлтаннан өрбиді. Шахзаданы Телжан Шонанбаевтың әйелі үшін ғана емес, жеті атасынан бері тексергенде, Әбілқайыр- Қаратай хан тұқымы екенін анықтады. Үш жоғары оқу орнынан қуылған білімді, қайсар Шахзаданы ақыры халық жауы деп атып тынды.

Атақты Мұхит әнші, Дәулеткерей күйшінің ата-тегі де Нұралы әулетінен шығады. Әбілқайыр-Бопай ұрпақтары отаршылдық дәуіріндегі ұлтымыздың мәдени-рухани өмірінде өшпес іздер қалдырды.

Қуғын-сүргінге ең алғаш болып іліккендер - Әбілқайыр тұқымы. Ахмет Жұбанов Алматыда қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрін құрғанда, Өзбекстанда бас сауғалап жүрген Қамбар Медетовты Алматыға шақыртқан. Ол Әбілқайырдың нұралы тармағынан. 1934 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениетінің онкүндігінде Сталиннің алдында өзінің 24- бабасы Шыңғыс хан жөнінде « Ақсақ құлан» күйін орындап берген. 3 жылдан соң Қамбар Медетов халық жауының қатарына ілігіп, атылды. 1932 жылы Голощекин Мәскеуге бара жатып Ақтөбеге аялдағанда, 80-нен асқан Бақытжан Қаратаев ат арбасымен вокзалға жетіп, Голощекинге « кеңес өкіметінен осындай сұмдықты көреміз бе» деп айқайлаған ерлігін, сыбырлап айтудың өзі мұң болған заманда, кез келген қазақ қайталай алар ма еді ? Голощекин кідіріп тұра алмады, жергілікті партия белсенділері жым болды.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында Әбілқайырға байланысты жинақталған деректердің дені орыс тарихшылары мен әскерилерінің жазбаларынан құралды. Олар орыс отаршылдығы көзқарасынан келеді, кеңес өкіметінде негізгі деректер құртылды. Сондықтн да өлкетанушылар жер-су аттарына үңіліп, тұрғылықты адамдардың әңгімесінен іздейміз.

Осы экспедициядан кейін Ақтөбенің Торғаймен шекараласатын белдеуіндегі « Хан моласы» қорымы зерттелді. Әбілқайыр мазарының орны анықталса кесене тұрғызу жоспарланды. Осындай ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқан кезде, аласапыран уақытта ел билеген тұлғаның серігі Бопай ханымды іздегендері орынды. Ресей жерінде сүйегі қалған, зираты айуандықпен тоналған Бопай анамызды біз іздемегенде кім іздейді ?


Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет